Халық 25 жыл қан қақсады!
Шекаралық аудандардың мәселесі – шетін мәселе. Әсіресе, жаны саны миллиардтан асып, батыс өңірін игеруге өңмеңдей ұмтылып келе жатқан Қытаймен арадағы шекараның қауіпсіздігі, шекаралық аймақтарда тұратын елдің тұрмыс-ахуалы, шаруашылық жайы, халықтың табиғи өсімі, көбеюі, топтасуы Үкіметтің үнемі назарында болуы керек. Бірақ қазақ Үкіметі күні бүгінге дейін шекаралық елдімекендерге шекесінен қарап келді. Тіпті, ол жақта не болып жатқанына мүлде көңіл бөлген де жоқ.
«Халық 25 жыл қан қақсады» деп, жазды Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Фейсбуктегі жеке парақшасында. Ерлан Бияхметұлы – Мәжілісте шекаралық аудандарды қалпына келтіру туралы тұрақты мәселе көтеріп жүрген депутат.
– Маған жаңа облыстардың ашылуына байланысты, сол облыстардағы Қытаймен шекаралас, кезінде жабылып қалған аудандардың тағдыры жөнінде көптеген азаматтардан сұрақтар түсіп жатыр, – дейді депутат. – Осы мәселе бойынша менің позициямды білгісі келетіндер де көп.
Облыстарды біріктіріп, территориялық оңтайландыру саясатын депутат саяси волюнтаризмге теңеді.
– Өмір көрсеткендей, 1997 жылғы территорияны оңтайландыру саяси қателік болған. Бұны саяси волюнтаризм десе де болады.
Арқалық қаласы ойсырап қалды, Семей мен Жезқазғанның дамуы тежелді.
Ал шекаралық аудандарда, әсіресе ШҚО-ның Қатон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай сияқты елдімекендерінде гуманитарлық тоқырау болды. Бұл аудандардан халықтың 60 пайызы көшіп кетті!
Халық 25 жыл қан қақсады! Биліктің өз халқына жасаған әлімжеттігі деп осыны айтады!
Депутат Мемлекет басшысының науырздағы жолдауында бұрынғы тарап кеткен облыстардың қайтадан ашылатынын, өз кезегінде оңтайландырудың орамында кеткен аудандардың да қайтадан қалпына келетінендігіне сенім білдірді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы тарихи әділеттілікті қалыпқа келтірді!
Енді қайтадан ашылған облыстарда (өңірлерде) тіршілік қайтадан басталады.
Бұл өз кезегінде еліміздегі халықтың тепе-тең орналасуына, сол өңірлерге инвестицияның келуіне, халықтың қайта көшуіне септігін тигізері анық.
Қытай Халық Республикасымен шекараласатын жерлеріміз – ШҚО-да –Қатон-Қарағай, Марқакөл, Абай облысында – Мақаншы, Жетісу облысында – Үйгентас, Қапал. Бұлар бір кездері бірнеше шаруашылықтардың басын қосқан, малды, жанды аудандар еді. Сол аудандар облыс орталықтары қызметіне кірісіп, әкімшілік территориялық бөлініс анықталған соң, екінші кезекте қайтадан қалпына келеді. Әрине, бұл мәселені шешуге біраз уақыт керек болады. Біз оны істейміз.
Бізде осынау күрделі мәселеге бизнесті тиімді араластырудың практикада іске асқан бағдарламасы бар.
Бүгін, орта бизнес мемлекеттік мәселені шешуге өзінің көмегін беруге дайын.
Өйткені мемлекетке шектен тыс экономикалық ауыртпалық салуға болмайды.
Сондықтан, аудандарды ашудың біраз экономикалық-қаржылық салмағын бизнес өкілдері өздері көтеруі керек.Біз олармен жұмыс істеудеміз.
Шекараны шегендей түсудің қажеттілігіне назар аудартқан Мәжіліс депутаты Фейсбуктегі жазбасында Қытай қауіпін де ескерте кетіпті.
– Бүгінгідей күрделі геосаяси кезеңде Қытаймен арадағы шекараны қалт жібермей күзетіп, шекаралық аудандардағы халықтың тұрмысын көтеру өте маңызды!
Ол жақтан үлкен қысым келеді. Ол қысымды біз әлі сезінген жоқпыз.
Аудан, облыстарды бөлу – бюджеттен көп қаражатты талап етпейтіндігін көрсетті. Керісінше бұл адам капиталын дамыта отырып, сол өңірлердің әл-ауқатын жақсартып, экономикалық дамуының локомативі болады.
Сондықтан, осы бағытта жұмыс жалғасады.
Біз сол үшін жұмыс істейтін боламыз.
Өйткені, бұл – мемлекетіміздің болашақ тағдырына тікелей қатысты мәселе!
Abai.kz