Қуандық Шамахайұлы. Реформадан көз ашпаған сала
Ұлы ойшыл дана Абай айтқандай «Жартасқа бардым, күнде айғай салдымның» кері. Тағы да сол баяғы жоғары білімнің жырын айтуға тура келіп тұр. Бірақ, бұрын айтылып, жазылғандарды қайталаудан аулақпыз. Сондықтан да, бұл жолғы әңгіменің түп төркіні бұрынғыдан өзгерек болмақ.
Тәуелсіздік жылдарында реформадан көз ашпаса да, қарыштап дамып кете алмаған бір сала болса, соның дәл өзі жоғары білім беру мен ғылыми зерттеу жүйесі шығар. Қазіргі Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін қалай реформалауды қарастырмас бұрын алдымен елдегі аталмыш саланың тарихына бір сәт зер салуымыз керек сияқты.
Еліміздің жоғары білімі Ресей жүйесінің негізінде пайда болып, әлі күнге дейін солардың ықпалымен келе жатқаны баршаға мәлім. Теориялық негіздемелерге басымдық беретін профессорлық дәрісті, орыс тілінен аударылған, тікелей көшірілген немесе өңін айналдырып, қазақшалаған оқулықтарды әлі күнге дейін пайдаланып келеміз. Даму жолдарымызда өмірмен үйлесімі аздау, тәжірибеден алшақтау дәрістерді көбірек малданғанымыз да рас. Соның салдарынан Кеңес одағы тұсында мүлдем шикі болмаса да дүмбілездеу мамандарды көбірек дайындап жіберген де шығармыз. Дегенмен, сол «дүмбілездеу» мамандардың өзін кеңестік жүйе оқу бітіріп, өмірге араласа бастаған кезінде «бір қайнатып пісіріп» алатын.
Ұлы ойшыл дана Абай айтқандай «Жартасқа бардым, күнде айғай салдымның» кері. Тағы да сол баяғы жоғары білімнің жырын айтуға тура келіп тұр. Бірақ, бұрын айтылып, жазылғандарды қайталаудан аулақпыз. Сондықтан да, бұл жолғы әңгіменің түп төркіні бұрынғыдан өзгерек болмақ.
Тәуелсіздік жылдарында реформадан көз ашпаса да, қарыштап дамып кете алмаған бір сала болса, соның дәл өзі жоғары білім беру мен ғылыми зерттеу жүйесі шығар. Қазіргі Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін қалай реформалауды қарастырмас бұрын алдымен елдегі аталмыш саланың тарихына бір сәт зер салуымыз керек сияқты.
Еліміздің жоғары білімі Ресей жүйесінің негізінде пайда болып, әлі күнге дейін солардың ықпалымен келе жатқаны баршаға мәлім. Теориялық негіздемелерге басымдық беретін профессорлық дәрісті, орыс тілінен аударылған, тікелей көшірілген немесе өңін айналдырып, қазақшалаған оқулықтарды әлі күнге дейін пайдаланып келеміз. Даму жолдарымызда өмірмен үйлесімі аздау, тәжірибеден алшақтау дәрістерді көбірек малданғанымыз да рас. Соның салдарынан Кеңес одағы тұсында мүлдем шикі болмаса да дүмбілездеу мамандарды көбірек дайындап жіберген де шығармыз. Дегенмен, сол «дүмбілездеу» мамандардың өзін кеңестік жүйе оқу бітіріп, өмірге араласа бастаған кезінде «бір қайнатып пісіріп» алатын.
Жоспарлы экономиканың заңы бойынша жоғары оқу орнын бітірген барлық түлек міндетті түрде үкімет жолдаған жерге барып, жұмысқа орналасуы кепілдендірілген болатын. Жас түлек практикалық машығын сол жұмыс орнында қалыптастырып, теориялық білімін өмірмен ұштастырып, қоғамның сұранысы мен талабына жауап беретін білдей маман болып шыға келетін. Ал, қазір ше? Жаңадан оқу бітіріп келген түлекті «стажың жоқ» деп кері итереді. Егер оқу бітірген жастарды қамқорлыққа алудың орнына бәріміз осылай есіктен қаратпай қойсақ, ол стажы түскір қайдан болсын.
Тәуелсіздік алғаннан кейін жоғары білімге еркіндік берілді. Екінің бірі қалаған жерінен университет ашып алуға мүмкіндік туғандай-ақ жекеменшік ЖОО атаулы жауыннан кейінгі саңырау құлақша қаптады. Оның бәсекелестік жағынан келгенде қажет тұстары бар еді.
Бірақ, материалдық базасы талапқа сай келмейтін, жоғары білім беруге мүмкіндіктері аз жекеменшік университеттер кейбір аудан орталықтарының өздінде ашылғанын қайтерсің. Ірі қалаларда тұрғын үйлердің бірінші қабатын оқу орнына айналдырғандар қазірдің өзінде пайда болып жатыр. Әйтеуір, жертөледен университет ашып жібермегенімізге шүкіршілік демеске лажы жоқ. Соның салдарынан еңбек нарығында бәсекеге түсе алмайтын, қолдарында күректей дипломдары ғана бар білімі таяз, іске қабілетсіздеу түлектердің қатары көбейді. Жалпы тәуелсіздік жылдарында бұл сала білім беруден гөрі диплом мен ғылыми атақ-дәрежені үлестіруге басымдық бергендей күйде болды. Соның салдарынан дипломнан да, ғылымнан да қадір қашты.
Мұндай келеңсіздік бізде ғана болған жағдай емес, әрине. Постсоциалистік және ТМД елдерінің көбінің айналып өтпеген жолы осы болды. Айталық, Грузия айналасы екі-ақ жылдың ішінде 200-ден астам жекеменшік университет ашқан көрінеді. Бәрімізде де жоғары білім беру турасындағы мемлекеттік саясат дұрыс жолға қойылмағандықтан нарықтың заңдылығына сай студенттің саны жарық жылдамдығына көшкендей-ақ күрт өсті деуге болады.
Тоқсаныншы жылдардан кейін заңгер, экономист, менеджер мамандықтары бойынша диплом алғандардың саны бұрын болмаған жоғарғы көрсеткішке жетсе, 2000 жылдан кейін ғана инженер, техникалық мамандықтарын таңдайтындардың қарасы көбейе түсті. Гуманитарлық, әлеуметтік сала мамандықтары бойынша да жоғары білім алушылардың саны толассыз өсіп, дипломды жұмыссыздардың бүкіл бүтін «армиясы» қалыптасты. Сөйте тұра мұнай, газ, құрылыс саласының мамандарын шетел инвесторлары сырттан алып келіп жатты. Бұл да өз кезегінде үкіметтік жүйелі саясат белгіленбегендігінің салдары болатын.
Қазіргі таңда ЖОО студенттерінің саны елімізде арнайы кәсіптік білім беретін лицей, техникалық оқу орындарынан әлдеқайда көп. Негізі, осы сала бойынша мемлекеттік саясат әу баста дұрыс белгіленсе, кәсіптік білім беретін лицейлердің саны көбейіп, жұмыссыздардың саны азайған болар еді.
Қазақстандағы жоғары білім беру саласының дамуында Батыстың өркениетті елдеріндегіден мүлдем өзгеше ерекшелік болды. Аталмыш саланың Кеңес одағы тұсында негізі қаланған кезден бастап, ЖОО атаулы оқыту үдерісіне басымдық беру бағытта қалыптасты. Ал, ұлттық ғылым академиясын одан бөліп алып, ғылыми-зерттеу саласының дербес ұйымына айналдырды да қаржылық саясат соған негізделді. Соның салдарынан университеттерде ғылыми-зерттеудің базалары талап деңгейінде қалыптаспады. Оқытушылар азын-аулық оқулықтар жазып, қажеттілігі болсын-болмасын ғылыми жұмыстармен айналысатын. Соңғы жылдары одан да қалып барады. Өйткені, білім саласындағы ұшы-қиырсыз қағазбастылық пен ұсақ бюрократтық оларды әбден қажытқан.
Ұлттық ғылым аңкадемиясы таратылып, оған қарасты институттар білім және ғылым министрлігіне қаратылғаннан бері қаржы жағынан біршама қиындықтарға тап болған жайы бар. Оның үстіне диссертациялық кеңестер жаппай таратылып, ғылыми мектептің дәстүрі үзілді. Бұрын жаман-жақсы болсын, әйтеуір, оның өзі көңілге медеу, орнында бар дүние еді. «Орнында бар оңалар» дейтін қазақпыз ғой, енді мүлде құрып кеткен дүниені не демек керек.
Қазір қалай десек те ғылыми әлеуетіміз төмендемесе артып кеткен жоқ. Студенттің саны артқан сайын сапа да төмендеп барады. Университеттер педагогикалық жүктемемен оқытушы, ғалымдарын еңсе көтертпейтін жағдайға жеткізуі еліміздің экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосатындай ғылыми-зерттеулер жүргізулеріне мұрша бермей жатыр.
Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сәйкестіру, студенттердің өз бетімен ізденулеріне қолдау көрсету, пәндерді таңдауға мүмкіндік беру, білім деңгейлерін балл бойынша бағалау секілді бастамаларды қолға алуы жоғары білім беруді дамытуға бағытталған игі шаралар болатын. Алайда, ұстаздар еңбегін лайықты бағалау ісі әлі жолға қойылмай келеді. Оның үстіне алатын жалақыларының сын көтермейтіні, тіпті, «жығылғанға жұдырық».
Жоғары білім беру саласына мемлекеттен қаржылық қолдау жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Обалы нешік, аянып қалып жатқан жоқ. Бірақ, сол қолдаулары нақты иесін таппай ай далаға кететіні болмаса. Ұлттық мәртебесі бар университеттерде өкінішке қарай барлық бастама атаулы артта қалған көне көзқарастағы азғана басқарушы топтардың қолына көшіп алған. Олардың рухани әлеуеті асып-тасып тұрса мақұл дерсің-ау. Өкінішке қарай, нағыз «өздері білмес, білгеннің тілін алмастардың» керін келтіріп жүрсе не шара. Соның салдарынан жас ғалымдарға қолдау табылмайды, тың идеялар мен инновациялық тәсілдер игерілмейді. Бұл дегеніміз, жоғары білім берудің сапасы төмендеп, рухани күш-қуатымыз әлсірей түседі деген сөз.
Бүгінгі таңда қаласақ та, қаламасақ та жоғары білім саласын түбірімен өзгертіп, әлемдік стандарттың деңгейіне жеткізу қажет. Бұл туралы ел Президенті де үнемі айтып жүр. Жалпы бұл бағыттағы мемлекеттік саясат дұрыс. Мемлекеттен қаржыландырылатын классикалық үлгідегі ұлттық университеттің санын Қазақстанда 10-нан көп асырмаса, қалғанын әлемдік деңгейдегі ірілендірілген жоғары оқу орны етіп жекеменшік нысанда қайта құруға болатын секілді. Қалай болғанда да кеңестік кезеңдегі салалық бағытқа бейімделген институттардан бас тартатын уақыт жетті. Біріктіру, ірілендіру туралы айтып жүрген министр Бақытжан Жұмағұловтың сөзінде де жан бар.
Көрші Ресей де қазіргі таңда бұл салада бұрынғы дәстүрінен бас тартып, ЖОО ұжымдарын біріктіруді, федералдық деңгейдегі университеттер құруды қолға ала бастағанға ұқсайды. Бізде де арнайы білім беру мектептері мен жергілікті колледждерді көбейтіп, ел экономикасының дамуына қажет мамандардың қатарын кеңейту қажеттілігі туып отыр.
Қазақстанда біліктілікке негізделген экономиканы қалыптастыру үшін жалпы білім бойынша теориялық терең мағлұмат алған, қарым-қатынастың биік мәдениетін игерген, өз ұлтының дәстүрі мен ана тілін қастерлейтін, ХХІ ғасырдың технологиялық, ақпараттық талаптарына толықтай жауап бере алатын жоғары білімді маман дайындауды іс жүзінде қолға алуымыз керек.
Дегенмен, белгілі бір мамандықтар бойынша түлектерді дайындап шығарғанда ең алдымен саннан бұрын сапаға ден қоятын кез келді. Ол үшін бастысы, сол маманға деген сұранысты, оны дайындап шығаратын университеттің әлеуетін, базасын негізге алуымыз қажет. Неғұрлым саны шағын, сапасы жоғары мамандарды өзімізде дайындап, ал, бізде негізі салынбаған күрделі мамандықтар бойынша ғана шетелде оқыту бағытын ұстанғанымыз абзал. Негізінен әлемде мойындалған салаларымыз бойынша маман дайындауымызға артықшылық берілсе. Айталық, бізде агро немесе тау кен, медицина саласында сапалы маман дайындайтын жақсы тәжірибеміз бар шығар. Олай болса, неге өзге елдердің жастарын біздің елдің университеттері оқытып сапалы мамандар дайындап бермеске.
Бүгінде көп елдерде университет кампусын құру туралы жиі айтылып жатыр. Жалпы жоғары оқу орындарын қаланың шетіне шығарып жеке қалашық құру мәселесі көңілге қонымды мәселе. Мұндай тәжірибенің бір мысалы ретінде Алматыдағы «КазГУград» студенттер қалашығын айтуға болады. Жарайды, оның бәрі белгілі бір оқу орнының жеке шаруасы деп қарауға болатын шығар.
Ғылыми-зерттеудің белгілі бір саласы бойынша әлемде көшбасшы боларлық зертханалар ашу мәселесі қолға алынса. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан шетелге жіберіп оқытудың «Болашақ» бағдарламасын қайта қарап жетілдіру, оған тек қана шын қабілетті жастарды таңдап алып, әлемнің ең үздік ЖОО-на ғана жолдама берген абзал. Мысалы, Ресейдің университеттеріне жіберу үшін арнайы мемлекеттік бағдарламаның қажеті қанша? Мұндағы басты мақсат Оксфорд, Гарвард, Кембридж секілді әлемге әйгілі, дүниежүзіне мойындалған оқу орындары арқылы ғана елімізге қажетті ғалымдары, зерттеушілерді дайындауымыз керек. Оның өзінде мұндай игілікті шара барынша ашық жариялы, әділ түрде жүзеге асырылуға тиіс.
Сөз соңында айтарымыз, университеттердің басқару жүйесін демократиялық принциптерге сай жетілдіру заман талабы. Оған бір ғана саяси партияға немесе жекелеген тұлғаға қаншалықты адал берілгендігіне қарап тағайындау қисынсыз. Керісінше, басқару ілімін жетік меңгерген, өз университетін әлемдік деңгейге көтере алатын көшбасшы жас ғалымдарды бәсекелестік негізінде ұсынып, ғылыми кеңесте әділ түрде сайлаған абзал. Университет басшыларын әр 5-6 жыл сайын ауыстырып отыратын демократиялық үрдісті қалыптастыру ауадай қажет-ақ.
Алайда, ол қазіргідей министрдің ұсынысымен президент тағайындайтындай болмауы керек. Шын мәнінде, оны үкіметтен бейтарап, рухани әлеуеті мықты басқару кеңесі ғана жүзеге асыруға тиіс. Дәл осындай басқару кеңесі құрылған жағдайда ғана университеттің іс-қызметіне бақылау жасап, күнделікті бағыт-бағдар сілтейтін іскер құрылым бола алады.
«Abai.kz»