Ресейліктер Қазақстаннан есепшоттар ашып жатыр
Ресей-Украина соғысы басталған күн 24 ақпаннан бастап Ресей мен Беларусь азаматтары қазақстандық банктерде 11 940 шот ашқан. Бұл туралы ақпаратты қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген.
«24 ақпаннан бастап қазақстандық банктерде Ресей мен Белоруссияның резидент жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылды. Оның ішінде 10 725 шот қазақстандық банкте өтініш берушінің немесе сенімді тұлғаның жеке қатысуымен, 1 215 шот қашықтықтан ашылды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасының банктерінде шоттары бар аталған мемлекеттер азаматтарының жалпы саны 162 мыңға жетті", - деп хабарлады агенттік.
Агенттіктің хабарлауынша, Ресей Федерациясы азаматтарының заңды тұлға ретінде ашқан жаңа шоттарының өсімі бірқалыпты. Ақпан айының соңынан бастап банктік шоттар 7 ресейлік компания Қазақстаннан шот ашқан. Қазір қазақстандық банктерде шоттары бар Ресейден келген ұйымдардың жалпы саны 805-ке жетті.
Агенттік заңнамаға сәйкес отандық банктер Қазақстанда шот ашқысы келетін шетелдіктерге кешенді тексеру жүргізуі тиіс екенін атап өтті.
«Банктер міндетті тексеру аясында шетелдік жеке тұлғаны, заңды тұлғаны және оның бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру, оның ішінде алынған сәйкестендіру деректерінің дұрыстығын тексеру; іскерлік қатынастардың болжамды мақсаты мен сипатын белгілеу керек ", - деп түсіндірді ведомствода.
Сонымен қатар, банктер шетелдік, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы клиенттердің операцияларына күшейтілген мониторинг жүргізуге міндетті. Мониторинг транзакцияларға жол бермеу үшін және күмәнді мәмілелерді анықтау үшін банктер клиенттің ақшасының қайдан келгенін және оның контрагентінің заңды мәртебесін, жүргізілетін операцияның шарттары мен экономикалық мәнін сараптайды.
Abai.kz