Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ел іші... 2327 0 пікір 10 Наурыз, 2022 сағат 17:16

«Birgemiz» ұранының самғауы

Елімізге жаппай еніп жатқан жаһандану өзгерістері, нарықтық заман, капиталистік қоғамның кейбір қағидалары (өзін ғана ойлау, табыс табу, қаржылық қажеттіліктер т.б.) дәстүрлі қазақ қоғамына да өзінің кері әсерін тигізіп, қанымызға сіңген өзгеге көмектесу, қайтарымсыз жақсылық жасау сынды ұлттық құндылықтарымыздың қадірін кетіре бастағанын жасырып жабуға болмайды.

Мемлекет басшысы БАҚ-ты ақпарат алаңында волонтерлік қызметті белсенді түрде насихаттауға шақырды. Бұған еліміздің барша БАҚ өз үндерін қоса білді. Соның нәтижесінде волонтерлік қозғалыс кең көлемде жұрт арасында насихатала бастады.

Қазақтың кең қолтықтығымен тығыз байланыстылықтағы волонтерліктің батыс елдерінде пайда болу тарихы көбінесе саяси, діни мақсаттардан, пайда табу, өзгенің әлеуетін өз мақсатына пайдалану сынды түп негізден пайда болды. Ал қазақ жеріндегі асар, үме жинау, ағайынгершілік, жылу, қызыл көтеру, өлі сыбаға сынды ұғымдардың барлығы шынайы игілік жасау, адамгершілік, татулық мақсатында пайда болғанын да атай кеткен жөн.

«Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген екен Дени Дидро. Ерікті волонтер болу дегеніміз риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау, төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да əсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, қолынан келгенше сүйеу бола білу деген сөз. Ол екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ерікті волонтерлер болу үшін адамдарға ниет білдіру, жаны ашып, есіркей білу, ашуды  ақылға  жеңдіре  білу,  командада жұмыс жасай білу ғана емес, адалдық, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттер керек.

Осы қозғалыстың еліміздегі дамуын саралайтын болсақ. Қазақстанда волонтерлік 1991 жылдан бастап БҰҰ Еріктілер қозғалысы бағдарламасының пайда болғаннан кейін дами бастады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының еріктілер қозғалыс қарарына қаржылай демеуші болды. 1997 қараша айында Қазақстан 100-ге жуық дүние жүзі елдерімен қатар A/RES/52/17 қарарына қол қойып, 2001 жылды Халықаралық Еріктілер жылы деп аталды. Сондай-ақ, Қазақстан Индонезия, Лаос, Маврикия мен Нигер мемлекеттерімен бірігіп 2002 жылдың желтоқсан айында A/RES/57/106 қарарына демеуші болды. Онда былай делінген: «...волонтерлік принципі кез келген стратегияның маңызды компоненті, кедейшіліктің азаюы, тұрақты дамуы, денсаулық, төтенше жағдайлардың алдын алу жəне басқару, əлеуметтік интеграция жəне əлеуметтік эксклюзивті жеңу жəне дискриминация».

Ең алғашқы ҮЕҰ Қазақстан тəуелсіздік алғаннан кейін құрылды, міне солар алғашқы болып қоғамдағы волонтерлік идеясын көмектің жаңа формасы ретінде, қоғамдық өмірде азаматтық қоғамның араласуы жəне одақ мəселелерін сол одақпен шешу ретінде таратты. Қазіргі уақытта да волонтерлік сферасы көптеген жетістіктерге жеткеніне қарамай, ол пайда болу кезеңінде, өзіне қызығушылық танытқан барлық мұдделі жақтарды көңіл бөлуін қажетсінеді: ҮҮЕҰ жəне халықаралық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер жəне бизнес құрылымдар. 2006 жылы 25 шілде Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстандағы азаматтық қоғам 2006-2011 жылдарға арналған дамуының концепциясына» қол қойды. Бұл концепция азаматтық қоғамның ұйымдасуы мен дамуын түрлі коммерциялық емес ұйымдардың ашылумен, мысалға ҮЕҰ секілді ерікті əлеуметті белсенді халықты тартуын қолдайды. Концепция азаматтық қоғам дамуының маңыздылығын көрсеткен. «Волонтер» немесе «Ерікті» сөздері концепцияда көрсетілмеген, тек қана ортақ бағыт берілген, ол «Елімізде азаматтық қоғамның дамуының жоғарғы сатысы ретінде волонтерлік институттың дамуын алу». Еріктілер – демократиялық елдердегі ең үлкен жұмыс күштері саналады. Соңғы уақытта Қазақстанда көптеген еріктілер ұйымдары құрылды. Алайда көпшілігі тек қағаз жүзінде жұмыс  жасайды. Əзірше əлеуметтік жобалар бойынша жұмыс жасайтын бұл ұйымдарды білім, экология немесе мемлекеттік органдар ұйымдастыратын шаралар толғандырмайды.

Қазақстанда Ұлттық волонтерлік желісі жұмыс жасайды, оның құрылған уақыты: 2010 жылғы 30 сəуірі. БҰҰ Еріктілер Бағдарламасы жəне Қазақстанның Азаматтық Альянсының жобасы. Волонтерлік ұйымдарды, волонтерлермен жұмыс жасайтын ҮЕҰ-ларды, сонымен қатар, волонтерліктің дамуына қызығушылық білдіретін жеке тұлғаларды біріктіреді. Мақсаты: еріктілік бастамалардың əрі азаматтық қоғамның толыққанды жəне үдемелі дамуы. ҚР-да волонтерлік мəдениетті дамыту. Желінің дамуы: ҰВЖ мүшелерімен жұмыс: ақпарат алмасу, білім əрі машықтарға үйрету, қолдау көрсету жəне т.б. (қазіргі уақытта желіге бүкіл Қазақстан бойынша 18 волонтерлік ұйым кіреді). Білім беретін волонтерлік лагерлер/мектептер: 2010 жылдың қараша айында волонтерлермен жұмыс істейтін ҮЕҰ-ларға арнап, Бурабай жерінде халықаралық волонтерлік лагерь өткізілді.

Ұлттық қозғалысына жаңа серпінді 2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бере алды.

Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 тамыздағы № 135 Жарлығымен 2020 жыл «Волонтер жылы» болып жарияланды. Осыған орай, еліміздегі волонтерлік қызметті дамытуға арналған талай ауқымды жұмыстар атқарылда. Соның нәтижесінде халқымыз «Волонтерлік қызмет» дегеніміз не, волонтерлік қызметті дамыту үшін қандай шараларды қолға алғанымыз жөн деген сияқты сауалдардың шын мәнісін ұғына алды.

БАҚ журналистеріне берген сұхбаттарының бірінде Мемлекет басшысы: ««Волонтер жылы – кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек. Бұл – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеген жөн. Волонтерлердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін...

Бұл үдеріс Волонтер жылында атқарылатын іс-шаралардың арқасында азаматтарымызды одан әрі біріктіре түсетініне сенімдімін. Игі істер біздің мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым бар. Онда 50 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді...

Жастар жылын қорытындылау жиынында қоғамның нақты мәселелерін шешуге арналған бірқатар жобаларды айтып өттім. Ауыл жастары, балалар үйінің тәрбиеленушілері, ардагерлер мен зейнеткерлер қолдауды қажет етеді. Әсіресе науқастарға жәрдемдесудің маңызы ерекше. Волонтерлердің күшімен құқықтық сауат, экология салаларын жетілдіріп, Қазақстанның мәдени мұраларын қорғап, еліміздің батырларын еске сақтау салаларындағы түйткілдерді шешуге мүмкіндік мол...

Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам волонтерін біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық «World Clean up day» науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілік бағдарламаларына және басқа да халықаралық бастамаларға атсалысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік береді»,- деді.

Осы орайда «Волонтерлік» ұғым-түсінігінің басын ашып алып, оның әлемдегі және Қазақстандағы даму үдерісіне ден қойғанымыз жөн. Волонтер сөзінің этимологиясының шығу тарихы XVII ғасырдағы Еуропа елдерінен бастау алады және латынның voluntarius, яғни ерікті деген сөзін білдіреді. Орта ғасырдағы кейбір билеушілер тұрақты жалдамалы әскерге жұмсалатын қаржы көлемі көп болғандықтан халық арасынан еріктілерді жинап, олардың әлеуетін өз мақсатын іске асыру жолында пайдаланғандығынан тарихтан жақсы білеміз. Осылайша, волонтерлік алғашқыда әскери сипатта пайда болғанымен уақыт өте келе қоғамның өзге де салаларына тарай бастаған игі дәстүрге айналды.

Тарих бетін парақтайтын болсақ, Англияда 1844 жылы «Жастардың христиан қауымдастығы» бүкіләлемдік ұйымы құрылды. Бұл ұйымға кірген адамдар «жанын, тәнін және ақылын» аянбай христиан дінінің ілімдерін насихаттауға жұмсауды мақсат етті. 1851 жылы аталған ұйымның филиалы Америкада пайда болып, азаматтық соғыста зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетумен шұғылдана бастады. Осы сияқты діни, идеологиялық мақсатта пайда болған және үлкен танымалдыққа ие болған волонтерлік ұйымдар өте көп.

Шындығын айтқанда волонтерлік негізінен ақысыз еңбек етуге негізделген. Дегенмен қазіргі таңда ұйымдастырушылардың белгілі бір көлемде ақы төлеуі арқылы іске асырылып жатқан волонтерлік жобалар аз емес. Сондай-ақ, тәжірибе жинау, өзін жетілдіру, белгілі бір саланы игеру немесе әр түрлі салаларда еңбек етіп, жаңа кәсіптерді бағындыру мақсатында ақысыз еңбек етуші волонтерлер де жиі кездесетіндігін де жоққа шығаруға болмайды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше, қазір Қазақстанда 200-ден астам волонтерлік ұйым тіркелген. 2017 жылы олардың саны 100-ге жетер-жетпес болатын. Бұдан өзге жекелеген бастамашыл топтар да бар. Волонтерлік қозғалысқа 50 мыңнан астам адам тартылған.

«Волонтер жылының» бюджетіне зерттеу жүргізген сарапшы-экономист, Zertteu Research Institute ұйымының директоры Қуаныш Оңалбаев елімізде волонтерлікті дамытуға мемлекеттік бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінгенін еске салады. Қаржының басым бөлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» (632 млн теңге) мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (598 млн) еншісінде.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5613