Қазақстан: Гендерлік теңдіктің тарихы
Қазақстандағы отбасылық және гендерлік бастамалардың тарихы тереңде. Қазақ отбасында теңдікті ұстанған халық. Ежелден әйел мен ердің рөлі тең бөлінген еді. Әйел ошақтың иесі, ер отанның иесі деп саналды. Алайда уақыт өзгеріп, қазақ әйелдері саясат пен қоғамдық істерге де араласа бастады.
Тәуелсіздікті қалпына келтіргеннен кейін, саясатқа араласып, жоғары мінберден орын алған әйелдер қатары көбейді. Әйелдер, ана мен балаға қатысты алғашқы мемлекеттік құрылымдар мен жүйелі құжаттар тәуелсіздік алған жылдары қабылданды. Кейінірек Қазақстан БҰҰ-ның әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және қорғау саласындағы бастамаларына қосылып, қолдау көрсетті.
2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдіктің өзіндік стратегиялары болды, оларда ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері бірдей қарастырылды. 2014 жылы Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік даму тұжырымдамасы бекітілді, онда адами капиталдың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру шеңберінде ананы, баланы және отбасылардың осал топтарын әлеуметтік қолдау қажеттілігі жайлы көрсетілген болатын. 2015 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына қосылды: осы мақсаттың бір бағыты гендерлік бағыт пен міндеттер аясында ұлттық бейімделуге қатысты екенін айта кетуіміз керек.
Алда жаңа кезең – халықаралық тұрақты даму тенденциялары, ұлттық стратегиялық басымдықтар және әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттары бар гендерлік саясатты құру тұрды. 2016 жылы Қазақстан Республикасының отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы осылайша пайда болды. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасында, заңға тәуелді актілерде, «Қазақстан-2050» стратегиясында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және тағы басқа да құжаттарда көрініс таба бастады.
Осылайша арнайы тұжырымдама жасалды. Тұжырымдама мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы құжат болып табылады және еліміздегі отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың негізгі тәсілдерін көрсетеді. Отбасы кез келген елде маңызды рөл атқарады және әлеуметтік қорғау объектісі ретінде қарастырылады. Сонымен бірге, гендерлік теңдік деңгейі неғұрлым жоғары болса, отбасы мүшелерінің шаруашылық, адамгершілік, тәрбиелік және басқа да маңызды функцияларды орындаудағы жауапкершілігі, тепе-теңдігі және тиімділігі соғұрлым жоғары болады. Тұжырымдамада сондай-ақ келесі тенденциялар: ажырасулар және некесіз баланың тууы, толық емес отбасылар, азаматтық некелер, әкелердің бала тәрбиесіне әлсіз қатысуы және алимент төлеу мәселесі және зайырлы мемлекет үшін қолайсыз дәстүрлер (күштеп тұрмысқа беру, ерте некеге тұру, тұрмыстық зорлық-зомбылық), әйелдер мен ерлердің ұрпақ сүю қиындығы, түсік жасату және т.б атап көрсетілді.
Гендерлік саясатты жүзеге асыруда гендерлік білім маңызды рөл атқарады. Қоғамның барлық салаларында ерлер мен әйелдердің шынайы теңдігіне қол жеткізудің маңыздылығын қоғам санасында нығайту мақсатында еліміздегі жетекші баспа және теледидар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру, ағарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2018 жылы республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында отбасы құндылықтары мен гендерлік теңдікті насихаттау бойынша 3,1 мыңнан астам ақпараттық-талдау материалдары жарияланды. Ол жыл өткен сайын артып келеді.
Қазақстан азаптаулар мен зорлық-зомбылыққа, әсіресе әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстарға мүлде төзбеушілік саясатын берік ұстанады. Осыған байланысты 2016 жылғы қыркүйекте БҰҰ-ның Азаптауларды болдырмау жөніндегі кіші комитеті делегациясының сапарының қорытындысы бойынша ұсыныстардың көпшілігі ұлттық заңнамаға енгізілді. Сонымен қатар, Қазақстан БҰҰ-ның шарттық органдарымен осы мәселе бойынша белсенді ынтымақтастықты жалғастыруда. 2019 жылы БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің 74-ші сессиясында 5-ші ұлттық баяндама қорғалды, оның қорытындысы бойынша Қазақстанның айқын жетістіктері атап өтілді.
Бұл ретте мемлекет гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласында қабылдап жатқан шараларға қарамастан, елімізде гендерлік саясатты жүзеге асыру бірқатар шектеулерге тап болуда. Атап айтқанда, ерлер мен әйелдер еңбегінің арасындағы гендерлік жалақы айырмашылығын азайту мәселелері өзекті болып қала береді. 2018 жылы әйелдердің жалақысы ерлердің жалақысының 65,8 пайызын құрады. Жалақы төленбейтін үй және репродуктивті жұмысқа тарту әйелдер арасында жоғары болып қалуда. Ол мәселені де реттеу заң аясында іске асуда.
Қазақстан ана мен бала құқығы, гендерлік саясатты берік ұстануды құптайды. Сондықтан да БҰҰ алдындағы міндетін сәтті жүзеге асырып келеді. Қазақстандағы гендерлік саясат әрқашан сабақтастық пен теңгерімділік принциптеріне негізделген. Бәсекеге қабілеттіліктің іргелі факторы ретінде мемлекеттік және қоғамдық саясатта гендерлік теңдікті нығайту елді тұрақты дамудың кепілдіктерін қамтамасыз ете алады. Сол мақсатты іс жүзінде жүзеге асыру үшін Қазақстанда облыс әкімдері, министрлер мен депутаттар және басқа да лауазым иелерінің арасында нәзік жандылардың саны жетерлік.
Abai.kz