Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4002 30 пікір 11 Сәуір, 2022 сағат 11:14

«Хат жаздым, қалам алып...»

Қазақстанның Бас министрі
                                                  Ә.А.СМАЙЫЛОВ мырзаға

Құрметті Әлихан!

Дәрежеңнің көтерілуімен құттықтап, Елімізге, Халқымызға қызметің баршамызды риза ететін болуын тілеймін!

«Сен» дегеніме ренжімегін, өзімнен жасы кішілермен сөйлескенде, ол кім болса да, «сіз» деп сызылмайтын әдетім бар.

«Бас министр» дегенімді де түсінгейсің. «Премьер» – француз сөзі, мағынасы – «Басшы», «Бірінші». Жаңа спектакльдің бірінші рет көрсетілуі де «премьера» делінеді ғой. Яғни өз тілімізде «Бас министр» деу қисынды. Ал «министэр» – латын сөзі, мағынасы – императордың, патшаның, корольдің... қызметшісі; мұны қазақ тіліне тықпалауға болмайды.

Сонымен, Әлихан, бұл хатымда айтпағым:

1. «Жаңа Қазақстан құру» ойымыздың аясында көптеген игі істерді жоспарлаушы басшыларымыздың бірісің. Қайсысы қалай орындалғанын уақыт көрсетер, ал менің әзірше аңғарғаным – бірінші кезекте халықтың әл-аухатын көтеруге күш салып жатқандарың. Дұрыс! Алайда, рухани өміріміздің оңалуын мүмкіндікке қарай ілестіре ойластыру қажет. Бұл тұрғыдағы «әттеңдерімізден» бір мысал: теле-радиоарналарымызда беріліп жатқан   қазақ концерттері соңғы 15 жыл әлетінде берекесізденіп кетті. «Ескірмес ескі  әндерімізге» ұқсас және біріне бірі ұқсас әнсымақтар, лирикалық нәрі жоқ әнтекстісымақтар көбейді. Ғашық қызымен хабарласа алмай, көре алмай, сағынып-сарғайып, «әнін арнап» жүрген, өміріндегі армандарына қолы жетпей жүрген жас ақындар аз емес екен.

Бала кезімізден құлағымызға құйылып, санамызға сіңген ескі әндердің әуенін де, түпнұсқа өлеңдерін де бұрмалап айтатын да «әнер» пайда болды. Әуенін бұрмалаушылықты хат бетінде жеткізу мүмкін емесі түсінікті. Дегенмен, біреуінен хабардар етіп көрейін. Бір радиоарнамыз (қайсысы, қашан екені есімде қалмапты, бастан-аяқ тыңдауға менің де уақытым жоқ, дем алуым керекте ғана қол созамын): «Ендігі тыңдайтындарыңыз – халық әні «Дударай» деді. Әлдебір аспаптар даңғыр-дұңғыр етті де, ол тына қалып: «Дуда-а-ар» деген созылыңқы дауыс естіліп, содан кейін шиқылға ұқсастау бір жіңішке дауыс шығып, ән басталды.  Мәриям Жагорқызының сағыныш сазды әні  көңілді әнге айналып жүре берді. Қайырмалары құбылтыла үш рет қайталанды. Иә, бүгінгі әншілерімізде ескі әндердің де, «жаңа» әндердің де «таңдаулы» бір сөзін он шақты рет, қайырмаларын ойнақы үнмен кемінде төрт рет айтатын «мода» бар. Оған іліккендердің бірі – «Балқадиша». Бір әнші «қарағым Балқадиша» деуден танбайды (Ақан сері айтпаған болса да) және жас  әншілер: «...Кетті деп Балқадиша естігенде, құшақтап аттың жалын жылағаным»; «...құшақтап құсжастықты жылағаным»; «...құшақтап қара жерді жылағаным»; «...құшақтап құз-жартасты жылағаным» деп, сондай-ақ: «Айналдым Балқадиша», «Жаным Балқадиша» деп  «жаңалап шырқай» береді.

Иә, ән өнерімізде «заманауи жаңалық» асқынды. Сонау мұхиттың           арғы-бергі жағынан, іргелес Ресейден жетіп жата ма, әйтеуір, баж-бұж       еткен, тақпақша тақылдаған, шыңғырған-шаңқылдаған «жаңа әндерімізді»: дүңкілдеген, тоңқылдаған, таңқылдаған, тарсылдаған, күрсілдеген, әлденені түйгіштегендей дүңкілдеген даңғаза аспаптар «сүйемелдейтін» болды. Домбыра, қобыз, сырнай-кернейімізді жеке әнші-күйшілердің ғана қолынан көріп жүрміз.

Әнші, биші, күйші қыз-келіншектердің шаштарын алды-артына жайып тастап, тіпті бетінің жартысын жаба жалбыратқаны аздай, қаудыраған сабан шаштылардың көбейгенін  көріп жүрген боларсың. Шаш сарғайған заман келгені ме?

Бұрында сахналарымыздың төрлері табиғаттың небір тамаша суреттерімен безендірілетін еді, ол дәстүр жоғалды, үлкен-кіші сахналардың бәрі тіпті не екенін аңғару қиын айбақ-сайбақ, жалт-жұлт, опыр-топыр, айқыш-ұйқыш сапырылысты бейнекөрініске толды. Электршамдар (прожекторлар) сахнаны да, залды да осқылайтын болды, - ол жүйкесі мен көзінде кінәрат барларға өте зиянды.

Сондай-ақ, «халық әндері» мен «халық күйлері» көбейіп барады. Радиоконцертті жүргізушілердің қайсыбірі: «халық әні «Қараторғай», «халық әні «Гауһартас», «халық күй» Ақсаққұлан»... деп жайбарақат хабарлай салады. Мұндай «жаңалық» етек алып кетсе, алдағы жылдары бізде:  Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Мұхит, Сегіз сері, Естай, Кетбұға...  болмаған сияқтануы ғажап емес. Менің ойымша, құрамында қазіргі   көрнекті сазгер, әнші-күйші және бұл өнерді зерттеуші ғалым бар (4-5 кісі) комиссия құрып, олар асықпай, байыптап сараптаса, «халық әндірінің» көбінің авторын анықтауға болар еді. Кезінде авторы селқостықпен еленбей қалған соң «халық әні» болып кеткен ғой, әйтпесе ешбір халық жиылып ән шығарған емес.

Телеарналарымыздың бірнешеуінде үнемі көрсетілтін би атаулыны дені дұрыстар орындап жүр деуге болмайды. Қалауынша киінген қыз-келіншектер мен жігіттер секектеп-секіріп, ыржалаңдап шыға келіп, ары-бері жүгіріп, тоқтай қалып бұраңдап, еңкеңдеп-шалқақтап, дірілдеп-қалшылдап, бірін бірі көтеріп алып иіріп, одан соң отыра қалып, жата кетіп аунай ма-ау... үстінде «төсайылы» мен «шапайылы» ғана бар кейбір қыз-келіншек сахнаның зал жақ  шетіне секеңдеп барып, денесін дірілдете шалқаяды, сыртбұрыла тоңқаяды... Ондай сұмдық «өнердің» шеті қылт еткенде  басқа арнаға көше қоятын болдық. Сірә, ол арналардың иелері шетелдіктер шығар да, бізде оларға: «Бұларың бізге ұнаңқырамайды» дер лаж жоқ шығар.

«Бұл шаққан мұңым», құрметті Әлихан, – «Руханият» атты айдын дарияның бір иірімі. Басқалары: ана тіліміз, ата дініміз, салт-санамыз, әдет-ғұрпымыз, ұлтжандылығымыз, тіршілік дағдымыз, айналамыздың ажары...

Сан сала. Әр салада өмір үйлестірген кәсіби ұжым болды да, олар Шығармашылық одаққа айналып, жеке-жеке шаңырақ көтеріп, болашағымыз сүйінішті бола түсуі үшін еңбек етті. Әлі есімде: 1996-жылы Сәулетшілер одағының мүшесі Қойшыбаев Нұрбақыт деген жігітпен ойда жоқта танысып, ашық әңгіме барысында: «Алматының құрылысында Шығыс сәулетін танытқан ештеңе жоқ. Опера және балет театрымыз бен Орталық мұражайдың маңдайалды болмаса, өзгелері іріпанель қабырғалардан құрастыра салған тұрбалар мен қораптар дерсің. Оларды Еліміздің ендігі бас қаласы болмақ Ақмолаға ала бармаңыздаршы, осында қалсыншы! Астана көргеннің көңілін көншітетін шығыстық сәулет ордасы болғай!» дедім. Нұрбақыт сәл жымиып, басын изеп: «Сіз көргеніңізді айттыңыз. Дұрыс. Қарсы сөзім жоқ. Алматы қаласының ең бастапқы жобасымен танысу ойыңыз болса, біздің Одаққа келіңіз, көріңіз. Ол жобамыз, амал не, құрылыс кезінде өзгеріске ұшырайды. Мысалы, анау сорайған «Қазақстан» мейманханамыз, Абай даңғылы басталған тұстағы жапырайған Мәдениет сарайымыз, тағы басқалары. Мәскеуде жылара сәулетшілердің одақтық конкурс болады, сонда өтпей қалған ғимарат жобалары республикаларға тықпаланады» деді. «Кім тықпалайды? Кім қабылдайды?» дедім. «Мәскеу мен Ленинградтың сәулетшілері  тықпалайды, жолын тауып. Димекең, Қонаев жолдас, қабылдаттырады. Астанада да солай болады-ау, кім білсін».

Нұрбақыттың күдігі бекер болмады. Президент Н.Назарбаевтың құзырындағы Астана құрылысына да Шығыс сәулеті керек болмады.

Ол ол ма... 1994-жылдың көктемінде болар, Н.Назарбаев АҚШ-қа алғаш барып келгенен кейінгі бір сөзінде онда Шығармашлық одақ деген жоқ, мысалы, жазушылар гәзет-журнал корпорацияларымен байланыста екен, өз күндерін өздері көреді» деді. Бірер айдаң біздің: Жазушылар, Журналшылар, Суретшілер, Сәулетшілер, Сазгерлер... одақтары мемлекеттік бюджеттен шеттетілді. Басқасын білмеймін, өзім 30 жылымды өкінішсіз өткізген Жазушылар одағымыз содан беріде «өз күнін өзі көріп», аты бардың аз-ақ алдында. Қарамағындағы гәзет-журналдары қалт-құлт халде.

Руханиятымыздан әлпеті, міне осындай.

2. Халықаралық сионимнің күшімен ыдыратылған Совет Одағында билік пен халықты тұрақты байланыстыратын қарапайым тәртіптің бірі – қай мекемеге, кімге болсын келген хатқа аптадан асырмай жауап беру еді. Оны, мысалы, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») гәзеті редакциясына жұмысқа орналасқанымда (1958-жылы) білдім. Редакцияның «Хат бөлімі» өзі тіркеп тапсырған хатқа жауап қайтаруды 4-5 күн өте бере талап етеді екен. Ал гәзетте сын мақала жарияланған күні облыстық партия комитетінің Үгіт және насихат бөлімінен қоңырау шалынып, мақаланың тиісті тексеру орнынға жіберілуі қадағаланады екен. Сол тәртіптің нәтижесінде гәзеттің беделі күшті болды. Басшылардың салғырттығы, немкеттілігі, орашолақтығы салдарынан колхоздың, совхоздың, өнеркәсіп-құрылыс тораптарының қай шаруасы шатқаяқтап жатқан жөнінде қаққан дабылы жетуі тиіс құлақтарға тез жеткеніне, ойы орындалғанына хат иелері де разы болады. Ал тәуелсіздік бұйырысымен, өкінішке қарай, ол тәртіп керек болмай қалды.

Сәл шегініс жасап айтайын: бүгінде керауыздар жамандайтын Кеңес дәуірінде Мәдениет министрлігінде «Көркемдік кеңес» болды да, ешбір жаңа ән, би, күй, спектакль оның құптау шешімінсіз сахна бетін көре алмайтын. Шығарманың көркемдік сапасы жоғары, жаңа лебі болуы талап етілетін. Ол Кеңес те таратылып, сахна мен теле-радиоарналарымыз ашық-шашық жағдайға тап болды. Министрлікте «тәуелсіз әнөңдегіштер бригадасы» құрылған секілді.

Рухани өміріміздегі осынау өкініштерді дәлелдеп мақала жазумен қатар: Мәдениет және спорт министрлері А.Мұхамдиұлына (2014-жылы), А.Райымқұловаға (2018-жылы), Бас министр А.Маминге (2020-жылы) хат жолдадым. Хабар ошарсыз кетті. Оны айтамын-ау,  былтыр шілде айының     13-і күні: президент Қ.Тоқаев, премьер-министр А.Мамин, Парламент сенатының төрағасы М.Әшімбаев, мәжіліс төрағасы Н.Нығметуллин мырзаларға хат аттандырдым. Мазмұны: Петропавл мен Павлодар қалаларының әу бастағы қазақша аттарын қайтару, Ақмола қаласы атын бұрынғы қалпына келтіру тарихымызды силаудың бір нышаны боларын ескеру. Ол көне қалаларымыздың қашан, қалайша аталғандарын дерекпен дәлелдедім. Бірақ, не шара, ол хатым да құмға құйылған су болды. Төртеуінің ең болмаса біреуінен «сәлем» келмеді.

Н.Назарбаевқа да 30 жылда он шақты хат жазғанмын. Өзіме ештеңе сұраған емеспін. Халық мүддесіне, қоғам сипатына кереғар істер болып жатқанын хабарлап, түзетуін өтіндім. «Сізге арнап жазсам да, жауап қайтарылмаған  алдыңғы хаттарымның мазмұндары мынадай еді, - деп қысқаша мәлім етіп: - Бұл – соңғы хатым. Енді мазаламаймын» дедім. 2017-жылы жаған ол хатым «Кешірімнің кінәсі не?» деп аталған. Семей полигонын жабуды семейліктердің атынан талап ете М.Горбачевқа 1989-жылы ақпанда жеделхат жолдаған, полигонның жабылуына бірден-бір себепші болған Азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Кешірім Бозтаевтың тарихи еңбегін Кешірім қайтыс болған соң мансұқтай бастаған атаққұмар ақын Олжас Сүлейменовтің теріс қылықтарын атап: «Кешірімнің кім болғанын сізден жақсы білетін ешкім жоқ. «Полигонды біз жаптық! Мен жаптым!» деп жүрген досыңызға: «Шындықты бұрмалауыңды тоқтат!» демейсіз бе?» дегенмін. «Соңғы хатым» деген соң ба, әйтеуір, президент аппаратынан жауап келді. Кім қол қойғаны есімде қалмапты. «Нұрекең сіздің хаттарыңызды оқып, құптап отырады» деп бастап, «алай ғой да былай ғойлап», маған керегі жоқ сөздерді сусылдатыпты.

«Қайда өтініш, ұсыныс, арыз-шағым жазсам да, жауап келмейді» дегенді жиі естимін. Меніңше, қала әкімдігінен президент кеңсесіне дейін жоғары лауазымдылар аппарат бар да, жеткен хаттар одан арыда солардың бағыттауымен  таратылады. Тікелей президенттің, министрдің танысуы қажет болса да, төменге сырғытыла салатын секілді. Ондай тоңмойындықтан  арылудың жолы бар ма? Ал жұртшылықтан келген хатқа бір апта ішінде жауап қайтаруды баршаға міндеттейтін үкіметтік ресми шешім қажет.

3. Тұрмыстық қызмет туралы. «Жекеменшік пәтерлер кооперативі» (ЖПК – КСК. Кооператив собственных квартир) таратылатын, көпқабатты әрбір үй тұрғындарының ұйғаруымен 1 кісі  басшы етіліп, айлықақыны тұрғындардан алатын, оған сол үйдің тұрмыстық қызмет көрсету туралы талап-тілегін өтеуді ұйымдастыру жүктелетін болыпты. Министрлік деңгейінде мақұлданған ол мәселе үкіметтің  бекітуіне тапсырылыпты, шілде айында іске асады, дегенді естідім. Сенгім келмейді. Неге? Тұрмыстық қызмет көрсету мамандары ЖПК-ның штатында болды. Мысалы, менің пәтерімде жылу батареясы, немесе суық су, ыстық су крандары, электр тетіктері, т.б. бүліне қалғанда ЖПК-ға телефон шала қоятынмын да, көмек дереу келетін. Егер сан-техник, электрик алдыңғы шақырумен басқа үйге кеткен болса, ЖПК кезекшісі оған қалтателефоны арқылы менің әдрісімді айтатын. Жеке үй басшысы енді ол мамандарды қайдан іздейді және  жөндеуақысын кім төлейді? Пәтер иесінің қалтасын еселеп қағу болмай ма? Меніңше, ЖПК-ні жабу пәтер иелерінің жүйкесін шабақтайтын «реформа» болады. Бұған да көңіл аударуың керек, деп білем.

Сәлеммен,

Ғаббас Қабышұлы, қарт жазушы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413