Cаентологиядан сақ болыңыз!
Cаентология шіркеуі әу баста халықаралық ұйым ретінде тіркеліпті. Негізін қалаған - 1911-1986 жылдар аралығында өмір сүрген Лафайет Рональд Хаббард есімді АҚШ азаматы. Ол бастапқыда ғылыми-фантастикалық романдар жазып, елге танылды. Атышулы Алистер Кроули бастаған сатанистер сектасының белді мүшесі болған. 1950 жылы «Дианетика: рух саулығы жайлы заманауи iлiм» атты кiтап шығарды. «Саентология» діни ағымы осы еңбектен бастау алады.
Cаентология шіркеуі әу баста халықаралық ұйым ретінде тіркеліпті. Негізін қалаған - 1911-1986 жылдар аралығында өмір сүрген Лафайет Рональд Хаббард есімді АҚШ азаматы. Ол бастапқыда ғылыми-фантастикалық романдар жазып, елге танылды. Атышулы Алистер Кроули бастаған сатанистер сектасының белді мүшесі болған. 1950 жылы «Дианетика: рух саулығы жайлы заманауи iлiм» атты кiтап шығарды. «Саентология» діни ағымы осы еңбектен бастау алады.
Бастапқыда бұл кітап - таза психологиялық зерттеу бағытында жазылған. Бірақ Хаббардтың замандас ғалымдары қағидалары күңгірт дианетиканы ғылым деп танудан бас тартты. Ғылымда олжа салмаған іліміне Хаббард амалсыздан дiннің шекпенін жапты. Бірақ бұл оның шынайы бетпердесін жасыра алмады. 1954 жылы Калифорния штатының бас судьясы Рон Хаббардқа «Ол жаратылысынан өтірікші және екіжүзді» деп баға берді. Оның «Өлім карнавалы», «Адам өлтіргіштер патшасы» секілді кітаптарының аттары-ақ Ронның адами көзқарасын бағалауға мүмкіндік береді. Ал саентология саласында ол ақырғы үрім-бұтағына дейін жетерлік мұра қалдырған. Айталық, бұл мұра - 3000 лекция, 84 фильм, 3 энциклопедиялық сериядан және 40 миллионнан астам сөзді құрайды. Осы жерде Рон Хаббардтың әскер қатарында болған кезінде контр-адмирал Брайсеттің оның қызметке сәйкессіздігі жайында жазған рапортын еске алып өтуге болар. Мұнда «Бұл офицер қалыптасқан жағдайды бақылау, көшбасшылық және біріккен қимылдарға икемділік секілді қасиеттерден мүлдем ада. Ол өз қадамдарының қандай салдары болуы мүмкін екендігі жайында еш ойланбайды» делінген. Әскери «диагноздың» тура екеніне оның замандастары кейіннен көз жеткізді. Дианетика мен саентологияны ойлап шығарғаннан кейін де оның жаны еш тыныштамады. Әлемнің біраз елдері оның келуіне тыйым салса, өз Отаны - АҚШ-та салық органдарының қудалауынан бой тасалаумен болды. Оған көзі тірісінде-ақ «патологиялық суайт, өтірікші, бопсалаушы» деген айыптар тағылып, талай мәрте сотқа шақырылған болатын. Осындай ит тіршілік кешкен Рон Хаббард 1986 жылдың қаңтарында көз жұмды.
Біздің қолымыздағы жазбаша куәлендірілген құжаттар оның жеке басы мүддесі мен билікке жету жолында аранының шектен тыс ашылып кеткенін дәлелдейді. Ол жан-жағындағы адамдарға және өзін қоршаған ортаға тек «менің жолыма тосқауыл» деп қараған. Мүмкіндігінше, оларды ығыстырып тастауға тырысып отырған: Рон Хаббардтың мұндай көзқарасы өзі құрып отырған ұйымның жарғысына әсер етпей қоймайды. Ол өзінің соңынан ергендерді былай деп үйретті: «Сен қол астыңдағыларды бақылау үшін, оған өз дегеніңді жүргізу үшін жаратылғансың. Сенің ақылың, әлеуетің қол астыңдағыларды да сенің дегеніңмен жүруге мүмкіндік береді» Оның өмірлік ұстанымы - «Ақша тап» деп аталатын кітабының 273-бетінде мынадай жолдар бар: «Мүмкіндігінше, ақша тап. Қол астыңдағыларды да ақша табуға көндір» Осылайша арам пиғылын дінмен бүркемелеймін деген оймен «Дианетиканы» «Саентология» деп өзгертті. Алғашқы «Саентология» шiркеуi 1954 жылы Лос-Анджелесте ашылды. Артынша жер-жерде дианетикалық орталықтар мен институттар құрылып, оған Хаббардтың өзі басшылық етті. Ал 1966 жылы «Бүкiләлемдiк күзет басқармасы» атты барлау қызметi жасақталды. Оның негізгі мінде-ті - «Саентология» жауларына күрес жүргізу. 1968 жылы Рон Хаббард тек ұйым мүшелеріне ғана берілетін меморандумға мынадай өзгерістер енгізіпті: «Сенің іліміңе ден қоймағандардың бәрі саентологтар тарапынан қатаң жазаланып, қудаланады. Бізге сенбегендердің бәрі алданып, тіпті көзі жойылуы да мүмкін» Олардың негізгі кодексі өзіне сенбегендерді жазалаудың, ұрып-соғудың 36 түрін белгілеп берген. Ұйым қатарын толықтырғандарға көзқарастары мен ұстанымдары қарсы келетіндердің бәрімен араласуға тыйым салып, бір-бірін аңдуына да жол берген. Тексеру кезінде Офис Гардианы немесе көзі мен құлағы деп танылған жандар өздеріне деген сеніміне «селкеу түсе бастағандардың» бәрін қатаң жазалап, кей жағдайда өлтіріп, денесін өртеп жіберген. Мысалы, «Саентология этикасының кіріспесінде» мынадай жолдар бар: «Біздің ілімнен бас тартуға дайындалып жүргендерді байқап қалсаң, бірден тарпа бас салма, соңынан аңды. Сонан соң этикалық бөлімге, жазалау бөліміне үстінен рапорт жаз». 1977 жылы АҚШ
Л.Р. Хаббардты мемлекеттік құпия мәліметтерді ұрлады деп айыптады. 1978 жылы Франция үкіметі оны төрт жылға сырттай соттады. Австралияда саентологиямен айналысуға тыйым салынып, заң бұзған адам екi жылға бас бостандығынан айырылатын. Ал Лондонның жоғарғы соты «Хаббард мырза кәнігі алаяқ» деп үкім шығарды. Саентологияда құдай, пайғамбар деген ұғым жоқ. Оның орнына Хаббард дәріптеледі: оның уағыздары да оның ел ішіндегі беделін көтеруге бағытталады: Саентологтардың «ілімін» жалғастырушылардың бірі былай деп жазыпты: «Біздің мақсатымыз орындалып келеді. Біз әлемді жаулауға бет алдық. Қазір әлемнің 165 елінде 8000-нан астам ұйымымыз бар. Олардың қатары жыл емес, ай сайын көбейіп келеді» Мұндай сұрқия деректерді оларға қарсы көтеріліп келе жатқан сот істері де дәлелдейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бельгия сотында олар қол астындағы қызметкерлеріне жалақы бермегені, құл есебінде жұмсағаны үшін әшкереленген. Олардың 18 «көшбасшысы» Испан сотының құрығына ілінді: 1996 жылы Германия билігі оларды өздері жиі айтатындай, рухани емес, коммерциялық ұйым деген шешімге келіп, барлық салық жеңілдіктерінен айырды. Бұл шешімді немістің саяси элитасы да қолдап, «оларға біздің жерде орын жоқ» деген шешімге келді. Өздерін жер бетіне жарық сәуле таратамыз деп жариялаған «көсемдер» жасанды салық құжаттарын дайындаумен, заңсыз ақша айналысымымен айналысқан! Қол астындағы жұмысшылары үшін қалыпты, дені сау атмосфера қалыптастырудың орнына бір-бірін аңдып, алдап-арбауға жол беріп, бір-біріне жан алғыштай қарайтын ахуал қалыптастырған! Қазір «Дианетика-Испания» ұйымының екі экс-президенті, «Нарконан» ұйымының бірнеше директоры заң шеңберіне сыймайтын қатігездіктері мен алаяқтықтары үшін 30 жылға бас бостандығынан айырылды. «Саентология шіркеуі» олардың «көшбасшысы» Хаббард өлген соң да жұмыстарын жандандырып, алға жылжытты. Олардың еншілес компанияларының бірі - «Рухани технология шіркеуінің» 1987 жылғы біржылдық табысы 503 миллион АҚШ долларына жеткен, «Бас кеңсесінің» құрылтайшылары Лихтенштейн, Швейцария және Кипр банктерінде 400 000000 АҚШ долларын жасырып қоюға тырысқан. Қазір жер бетіндегі саентологтардың қатары 8 млн-ға жетеқабыл. Қазақстанда саентологтардың 11 шіркеуі жұмыс істейді. Сондай-ақ Нарконан сауықтыру кешені, Перформия, Детоксикация орталығы, Хаббард колледжі, Эсто бизнес мектебі, Студема секілді еншісі бөлінбеген, аты бөлек болғанмен заты бір ұйым-дар бар. Көпшіліктің дианетикамен танысуы, көбінесе «Оксфорд тестінен» басталады. Дианетика мен саентологияның қандай ағым екендігін қазақстандықтар біле бермейді. Гипноз қолданылатын діннің шырмауына бір түскеннен кейін одан арылу өте қиын болатындығы туралы, адам денсаулығына, әлеуметтік жағдайына залал келтіретіндігі туралы Ресей баспасөздері жиі жазып, халықты сақтандырып отырады. Саентологиялық медициналық ұйымдар адам өміріне өте қауіпті, секта кәсіпорындарды банкротқа ұшыратады. Оған кірген адамның толықтай сауығуы үшін шамамен 12 жыл керек. Көптеген саентологтар бұл ағымнан кеткеннен кейін басқа секталарға барып қосылады. Саентология шіркеуінің басқа конфессиялардан өзекті ерекшелігі, ол тарапынан ұсынылған ресімдер мен әдіснаманың барлығы ақылы негізде. Әрбір курстың бағасы қомақты. Алғашқы кезде жаңадан келгендер үшін міндетті «Адам мүмкіндігінің оксфордтық тесті» ғана тегін өтеді (200 сауалдан тұратын сауалнама). Саентологиялық ресімдердің бағасы өңірге қарай, жергілікті халықтың төлем қабілетіне және басқа да жағдайларға қарай әртүрлі болып келеді. Ресімге алған төлемақы шіркеуге көмек ретіндегі мүшелік жарна, қайырымдылық деп аталады. Яғни белгілі бір діни қызметке қатысты «ақша алуға құқығы бар» деген тәрізді. Егер де ақша төлемесеңіз, саентологияны игеру мүмкін емес.
Былтырғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, елдің аумағында саентология шіркеуіне қарасты бес қауымдастық пен топ қызмет етеді. Олардың ішінде төртеуі діни бірлестік ұйымы ретінде мемлекеттік тіркеуден өткен. Бүгінде «Саентология шіркеуі» ізбасарларының саны шамамен 5 000-ға жуықтай дейді ресми дерек. Олар жақында ғана «30 000-ға жуық қазақстандық саентологиямен танысып және оны өз өмірінде қолданады екен деп жар салды. Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз бөлімі «Алматы қаласы прокурорының санкциясымен тексеру жүргіздік. Тексеру кезінде саентологтардың Қазақстандағы мүшелеріне қатысты құпия деректер қолға түсті» деп хабарлаған еді. Бірақ іс сотқа жеткен жоқ. «Саентология шіркеуі» Алматыда сайран салуын жалғастырып жатыр. Бұл тек Алматыдағы немесе Қазақстандағы жағдай емес. Әлемнің әр түкпірінде қолға түскендерінің өзі жеңіл жазамен құтылып кетіп жатыр. Демек, олардың артында мол қаржы және ықпалды күштер тұр.
Сіз де сақ болыңыз!
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ
"Айқын" газеті