Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 3287 16 пікір 11 Сәуір, 2022 сағат 13:33

Шешуші шайқас басталады...

Украина мен Ресейдің арасындағы соғысқа бір жарым айдың жүзі болды. Соғыс позициялық сипатқа ауысты деуге толық негіз бар. Ресей әскері Киев пен Чернигов облысынан толық шығып кетті. Ресей тарапы «келіссөздерді жақсарту үшін, Киев облысынан әскерді шығаруды бастадық», дейді. Әрине, бұл шындыққа сай келмейді. Киевті 48 сағатта алуды жоспарлаған әскердің араға бір жарым ай салып, аталмыш мақсатынан бас тартып, шығып кетуіне сену қиын. Бұл Украина әскерінің қатаң қарсылығы мен Ресей әскерінің жанармай және азық-түлік тапшылығынан зардап шегуі, біршама әскери бөлімшелердің үлкен шығынға ұшырауынан болғаны анық. 

Ресей әскері Киев облысынан шыққан сәтте әскери қылмыстар жасағаны айтылуда. Буча мен Бердянск, Ирпень маңында қырғын салып, бейбіт тұрғындарды жаппай атып тастағаны әлемге белгілі болды. Бүгінде бұл қанды қырғынды зерттеу, оған халықаралық құқық тұрғысынан баға беріп, кінәлілерді жазалау мәселесі де көтеріліп отыр. Аталмыш оқиғаға байланысты БҰҰ Адам құқығы туралы кеңестен Ресейді шығарып тастауға қатысты дауыс беру өтіп, Ресей 2023 жылға дейін шеттетілді. Ресей ол кеңеске 2021-2023 жылдар аралығында үш жылға қабылданған болатын. Дауыс беруде Ресей кеңесте қалсын дегеннің бірі Қазақстан еді...

Ресейдің Украинаға шабуылынан екі елдің де ІЖӨ көрсеткіші айтарлықтай төмендейді дейді Дүниежүзілік Банк. Арнайы есептеулер бойынша Украинаның ІЖӨ көрсеткіші биыл - 45 пайызға, Ресейдікі -11 пайызға, Беларусь елі -6,5 пайызға, Қырғызстан -5 пайызға төмендейтіні айтылуда. Қазақстан жоғарыда айтылған елдер іспетті минусқа кетпесе де, биылғы ІЖӨ көрсеткіші 2,8 пайыз болмақ дейді, өткен жылы бұл көрсеткіш 4 пайызды көрсеткен болатын. Яғни, санкциялардың салқыны бізді де тоңдыратыны анық.

Украинаға қару беруді Еуропа мен АҚШ көбейтті. Нақтылап айтқанда Словакия С-300 жүйесін табыстады. Аустралия Bushmaster бронды көліктерін жіберсе, Польша мен Чехия Т-72 танктерін аттандырды. Украинаға танкке қарсы құрылғылар мен әуе кеңістігін қорғау жүйелері де жіберіліп жатыр. Ұлыбритания өз кезегінде Украина жағалауын қорғауға арналған зымыран кешендерін табыстайды. Германия ауыр гаубицалар, ал АҚШ «Стингер» мен «Джавелиндер» санын арттырмақ. Ресей «Украинаға қару беру соғысты ұзаққа созады» деп мәлімдеп, Батыс елдерін айыптады.

Сарапшылар Ресейдің мақсаты айқындалғанын айтады. Ресей Донбассты толық басып алып, Мариупольді уысында ұстап, сол арқылы келіссөздер жүргізуді ойластырса керек. Алайда Украина әскері де шешуші шайқасқа дайындалып жатыр. Басқыншы әскері мен Украина жауынгерлері арасындағы кескілескен ұрыстар осы аптада басталуы мүмкін.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5418