Абзал Құспан. Жаңаөзен оқиғасы: Полицейлер соты
Алматыда "Жаңаөзен мен Шетпе қасiретi: қантөгiстiң себептерi мен салдары" атты тақырыпта өткен қоғамдық тыңдауда адвокат Абзал Құспанның "Жаңаөзен" оқиғасы бойынша өткен полицейлер ісіне қатысты жасаған баяндамасы.
"Abai.kz"
Істің қысқаша анықтамасы:
Сот процесінің қаралған уақыты, судья: Ақтау қалалық сотының судьясы Г.Х.Әділсұлтанимен 2012 жылдың 27 сәуірмен 28 мамыры аралығында қаралды.
Жәбірленушілер: тергеумен анықталғаны 74 адам, оның 68-і полиция атқан оқтан әртүрлі деңгейдегі жарақат алса, 12-і өлген.
Сотталушылар саны: 5 жоғарғы шенді полиция қызметкері, К.Утегалиев, Б.Багдабаев, Е.Бақытқалиұлы, Н.Есбергенов, Р.Жолдыбаев.
Тағылған айып: ҚР ҚК-нің 308 бабы, 4 бөлігі, «Б» тармағы, қызмет өкілеттігін асыра пайдалану.
Апелляция: 2012 жылдың 19 шілдесінде судья Ғ.Х.Шаровтың төрағалық етуімен Ақтау қалалық сотының үкімі өзгеріссіз қалдырылды (сотталушыларға қатысты қолданылған мүлкін тәркілеуді алып тастағаннан басқа).
Кассация: 2012 жылдың 29 тамызында, кас.алқасымен Д.Әмірровтың төрағалық етуімен, құрамында А.Молбаева, Н.Тұржанов бар, Ақтау қалалық сотының үкімі және апелляциялық алқа Қаулысы өзгеріссіз қалдырылды.
Алматыда "Жаңаөзен мен Шетпе қасiретi: қантөгiстiң себептерi мен салдары" атты тақырыпта өткен қоғамдық тыңдауда адвокат Абзал Құспанның "Жаңаөзен" оқиғасы бойынша өткен полицейлер ісіне қатысты жасаған баяндамасы.
"Abai.kz"
Істің қысқаша анықтамасы:
Сот процесінің қаралған уақыты, судья: Ақтау қалалық сотының судьясы Г.Х.Әділсұлтанимен 2012 жылдың 27 сәуірмен 28 мамыры аралығында қаралды.
Жәбірленушілер: тергеумен анықталғаны 74 адам, оның 68-і полиция атқан оқтан әртүрлі деңгейдегі жарақат алса, 12-і өлген.
Сотталушылар саны: 5 жоғарғы шенді полиция қызметкері, К.Утегалиев, Б.Багдабаев, Е.Бақытқалиұлы, Н.Есбергенов, Р.Жолдыбаев.
Тағылған айып: ҚР ҚК-нің 308 бабы, 4 бөлігі, «Б» тармағы, қызмет өкілеттігін асыра пайдалану.
Апелляция: 2012 жылдың 19 шілдесінде судья Ғ.Х.Шаровтың төрағалық етуімен Ақтау қалалық сотының үкімі өзгеріссіз қалдырылды (сотталушыларға қатысты қолданылған мүлкін тәркілеуді алып тастағаннан басқа).
Кассация: 2012 жылдың 29 тамызында, кас.алқасымен Д.Әмірровтың төрағалық етуімен, құрамында А.Молбаева, Н.Тұржанов бар, Ақтау қалалық сотының үкімі және апелляциялық алқа Қаулысы өзгеріссіз қалдырылды.
Кіріспе
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық (Конституция 3 бап 1 бөлігі).
Әркімнің өмір сүруге құқығы бар (Конституция 15 бап, 1 бөлігі).
Құрметті дөңгелек үстел отырысына қатысушылар!
Бүгінгі тақырып сөз жоқ өте ауыр тақырып, ол - Қазақстанның, бірінші кезекте қазақ халқының, өркениетті деп есептелетін 21 ғасырдағы трагедиясы, жалпыұлттық қасіреті.
Осы баяндамаға мен әуелі бір Құдайдың, одан кейін халықтың, тарихтың алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып дайындалдым. Менің бұл баяндамадағы сөздерім, тұжырымдарым тек қана сот процесі барысында белгілі болған, анықталған және заңгер ретінде өзім көз жекізген фактілер мен дәлелдерге ғана негізделеді.
Сот процесіне жәбірленуші тараптың қорғаушысы ретінде бастан-аяқ қатыстым, жәбірленушілердің, куәлердің сотқа берген көрсетпелерін, сотталушылардың өз әрекеттерін ақтап берген жауаптарын мұқият тыңдадым, сотта зерттелген заттай дәлелдемелер, әсіресе бейнежазбаларды толық көріп, ондағы маңызды деген жерлерін жазып алып отырдым.
Сот тергеуі әуелі жәбірленушілерден және куәлерден жауап алудан басталып, ең соңынан сотталушыларды жауаптап, одан кейін істегі заттай дәлелдемелерді зерттеумен аяқталды.
Сонымен осы сотта нақты не болды және не анықталды?
1. Жәбірленушілер.
Біріншіден, тергеу барысында және сотта жауап берген жәбірленушілер
мен олардың өкілдерінің көрсетпелері мен куәлердің жауаптарынан белгілі болғандай, жәбірленушілердің ешқайсысының жаппай тәртіпсіздікке, ал көпшілігінің тіпті ереуілдеп тұрған мұнайшыларға да қатысы жоғы анықталды.
Нақты мысал, алаңның қасынан автокөлік ішінде алаңсыз кетіп бара жатып пистолет оғынан қаза тапқан, кәмелетке толмаған Рахат Көшеров, алаңның маңайына да жоламаған, мектеп жанындағы банкоматтан жалақысын алмақ болған кезде автомат оғынан қаза тапқан мұғалім, 4 баланың анасы, Жанар Әбдікәримова, әкімнің тапсырмасы бойынша оқушыларын алаңға шеруге алып келіп, оқтан қаза тапқан, ереуілшілерге еш қатысы жоқ, мұғалім Атаберген Хасанов немесе алаңға әйелін қасына ертіп, 1,6 және 3 жастағы екі баласын қолына көтеріп тұрған кезде, аяғынан оқ тиіп жараланған Егізбаев т.б. Қайталап айтайын, бұл азаматтардың өздерінің немесе жанұя мүшелерінің алаңда ереуілдеп тұрғандарға, жалпы мұнайшыларға еш қатыстары жоқ.
Соған қарамастан, полиция тарапынан атылған оққа негізінен осы қарапайым адамдар іліккен, олардың барлығы дерлік өз жауаптарында осы жағдайдың аяқ астынан орын алғанын, полицияға өздері немесе алаңдағы басқа адамдардың қарсылық көрсетпегендерін айтты. Одан басқа, ерекше назар аударатын жәйт - полиция атыс қаруын қолданатыны туралы халыққа ешқандай ескерту (мысалы дауыс зорайтқыш арқылы) жасамағаны! Жәбірленушілерге сұрақтар негізінен мемлекеттік айыптаушылар және менің тарапынан қойылып отырды, сотталушылар немесе олардың қорғаушылары тарапынан сұрақ қойылып, нәтижесінде жәбірленушілердің жауаптарын теріске шығаратындай жағдайлар сот барысында мүлдем орын алған жоқ. Яғни, полицейлер ереуілге еш қатысы жоқ, бейбіт тұрғындарға қарсы ескертусіз атыс қаруын қолданған.
1/2. Жоғарыда атап кеткенімдей, іс бойынша барлығы 74 адам жәбірленуші
деп танылған. Осылардың ішінен сот тергеуі барысында 4 адам, өздеріне дене жарақаты айыптау қорытындысында көрсетілгендей алаңдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде емес, кешкісін алғандарын көрсетті. Олар, 02 мамырда жауап берген Таңатаров Сәкен, Алтыбаев Арманбек, 03 мамырда жауап берген Дәукенов Нұрлан және 08 мамырда жауап берген Бегалиев Тоқтар есімді жәбірленушілер. Олардың біреуі жұмыстан келе жатып, біреуі кешкі ауысымға жұмысына бара жатып, ал енді бірі үйінің кіреберісі алдына темекі шегуге шыққан жағдайда оққа ұшқандарын нақты уақытын көрсете отырып айтып берді. Бұл өте маңызды! Өйткені, бұл жәбірленушілердің жауаптары іс бойынша тағылған айыптың шеңберінен шығып кетеді, себебі бұл азаматтардың жауаптарына сенетін болсақ, ал жеке менде оларға сенбейтіндей немесе олардың жауаптарын теріске шығаратындай еш негіз жоқ, белгісіз біреулер кешкісін бейбіт тұрғындарға қарсы әдейілеп, көздеп оқ атқан болып шығады! Олардың кім екені сотта анықталған жоқ. Бірақ, алаңдағы жаппай тәртіпсіздік түскі сағ.12.30 бен 13.00 шамасында болғаны нақты белгілі. Сол күні кешкісін, қалада коменданттық сағат енгізіліп, полиция қаланы өз бақылауына алған болатын. Өкінішке орай, сот аталған фактілер бойынша ҚР Бас Прокуратурасы атына жан жақты тексеру жүргізіп, ҚР Қылмыстық Кодексінің басқа баптарымен қылмыстық іс қозғату туралы, ҚР Қылмыстық істер жүргізу Кодексінің 371-бабының 5 бөлігі, 3 тармағына сәйкес, жеке Қаулы шығару жөніндегі менің өтінішімді аяқ-асты қалдырды. Жалпы, менің және жәбірленушілер тарапынан жарияланған бірде-бір маңызды өтініштер сот тарапынан қанағаттандырылмаған болатын, бірақ ол туралы сәл кейінірек тоқталып кетемін. Яғни, сот айыптау шеңберінен шығып кететін, басқа қылмыстық іс құрамы сот тергеуі барысында анықталып отырса да, оған ешқандай құқықтық баға берген жоқ.
2. Куәлер.
Сотта куә ретінде жауап бергендерді екіге бөліп қарастыруға болады; 1. Сол күні алаңда болған жай адамдар, 2. Полиция қызметкерлері, яғни қолдарына автомат, пистолет алып құрама саппен алаңға келген 97 полиция қызметкерінің 5-і қылмыстық жауапкершілікке тартылса, қалған 92-і куә деп танылған.
Сол куә ретінде сотта жауап берген полиция қызметкерлерінің көрсетпелері жалпы мынаған саяды, олар кім бұйрық бергенін естімеген, көрмеген, оларды ешкім сапқа тұрғызбаған, өздері тұрған, сапты кімнің басқарып барғанын білмейді, алаңдағы халықтың бұзақылығын, не деп айқайлағанына дейін естісе де, қастарында, яғни саптағы басқа полиция қызметкерлерінің атыс қаруын қолданғанын көрмеген, кейбіреулері тіпті оның дауысын да естімеген, өздері ескерту ретінде ауаға атқан т.б. Осы бағытта жауап берген куә полициялардың көптігі әрі жауаптарының өзара ұқсастығы сонша, олардың әрқайсысының жауабына жеке тоқталып, талдап жатудың өзі артық.
Полиция қызметкерлерінің жауаптарына сенетін болсақ, олар алаңның жанымен жәй ғана өтіп бара жатқан, сол кезде алаңдағы халық полиция жасағына өздері тиіскен, тас лақтырған, одан соң полиция атыс қаруын аспанға атуға мәжбүр болған. Ал, алаңдағы халықтың жарақат кімнен, неден жарақат алғанын ешбір полиция қызметкері көрмеген болып шықты!
Ал, осы кезде алаңда болған, ереуілдеп тұрған мұнайшыларға еш қатысы жоқ жәй куәлер мен жәбірленушілердің жауабы куә полиция қызметкерлерінің жауаптарына мүлдем қарама-қайшы келіп отырды. Айта кететін бір мәселе, бірде-бір куә немесе жәбірленуші алаңдағы болған оқиғаға ереуілдеп тұрған мұнайшыларды кінәламайды, полиция кінәлі деп санайды. Барлық жәбірленуші өзіне келтірілген дене жарақаты немесе адам шығынына байланысты полицияны кінәлі деп есептейтінін көрсетті. Оның себебі түсінікті, алаңда болған халықтың, мейлі ол қыдырып келсін, сол жерде ереуілдеп тұрғаны болсын, қолдарында қару немесе суық қару болмаған және олар тарапынан ешбір бұзақылық әрекеттер жасалмаған. Одан басқа ескере кететін маңызды жәйт, сол күнгі оқиға барысында сапта болған полиция қызметкерлерінің бірде-бірі дене жарақатын алмаған!
Бір сөзбен айтқанда, сотта жауап берген куә полицейлер, сотталушы полицейлерге көмектесу мақсатында жалған жауап берді деп есептеймін. Нақты мысал; 08 мамыр күні сотта жауап берген А.Жорғынов есімді полиция қызметкері өз қолында қару болмағанын, саптағы полиция қызметкерлерінің ешқайсысының қолынан қару көрмегенін айтты, алаңға саппен барған кезде атыс қаруының дауысын естімеген, оның себебін, басында каска болуымен түсіндірді, алаңда жараланған адамдарды көрмеген, бірақ, әкімшілік алдына барған кезде кейін қалалық ішкі істер басқармасына шегіну туралы бұйрықты естіп қойғанын айтты. Өздерің ойлаңдаршы, қайта-қайта тарсылдап атылып жатқан калашников автоматының дауысын каска киіп алғандықтан естімейтін адам, шегініңдер деген бұйрықты естуі мүмкін бе? Оның көру қабілеті туралы айтпай ақ-қояйын, себебі, ол сапта алдында келе жатқан полиция қызметкерінің арқасынан ғана қарап келе жатқанын айтқан болатын.
Мен өз басым соттағы жауап бергендерден, полиция емес, басқа куәлердің жауабына сенемін, себебі, жәй адамдарды алдын-ала мынадай сұраққа былай жауап бересің, мынаған жауап бермейсің деп ұйымдастыруға ешкімнің мүмкіндігі жоқ. Ал, полицияның жөні бөлек, олардың басшылары бар, басшыға сөзсіз бағыну Қазақстандық полицияда қалыптасқан тәжірибе екендігі ешкімге дау тудырмайды деп ойлаймын. Оның үстіне сотталушы полиция қызметкерлерінің ешқайсысының да бас шарасы қамауда емес, үй қамағында, қанша жыл бірге істеген кез-келген полиция қызметкерін үйлеріне шақырып алып «сөйлесуге» толық мүмкіндіктері бар. Одан басқа, сотқа келіп жауап берген куә полицейлердің ешқайсысы да оқиға болғаннан кейін, полициядан жұмыстан кетпеген, қызмет ауыстырмаған, кейбіреулері осы оқиғадан кейін қызметтері өсіп кетті, мысалы, Жаңаөзен ІІБ сол кездегі бастығы Қожаев, оқиғадан кейін, ҚР ІІМ-нің департамент бастығы, ал, Маңғыстау ІІД бастығы болған Қабылов ҚР ІІМ-нің орынбасары қызметіне жоғарылатылған. Бұдан шығатын қорытынды, куә полицейлер 1. Басшыларына қызмет бабында тікелей бағынышты адамдар болса, 2. Болған жағдай өздеріне де әсері тиіп кетуі мүмкін болғандықтан, жеке мүдделері де бар. Себебі, тергеу тобы әліде жұмыс атқарып жатыр, олармен сотталушылардан басқа да, жауапты полиция қызметкерлері іздестірілуде. Яғни, куә полицейлер сот алдында көрінеу жалған жауап берді.
3. Заттай дәлелдемелер.
Сотта заттай дәлелдемелерді зерделеу барысында бұрын белгісіз болған біраз маңызды жағдайлар анықталды. Сіздер барлығыңыз интернеттен халыққа оқ жаудырып жатқан, құлаған адамды ұрғылап жатқан полиция қызметкерлерінің әрекетін көрдіңіздер, мысалы, «Сауле540» -деп ат қойылған видео т.б. Айта кететін мәселе - тергеу тобы бұл видеоматериалдарды түсірген адамдарды анықтап, олардан куә ретінде жауап алып, сараптама жасап, аталған материалдарды іске заттай дәлелдеме ретінде жалғаған. Яғни, сіздердің интернеттен көрген біраз дүниелеріңіз қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме деп танылды.
Қылмыстық іс құжаттарында олардан бөлек, интернетке шықпаған видеоматериалдар да жалғанған. Атап айтқанда, оқиға орын алмай тұрып, яғни 16 желтоқсанға дейін, облыстық ІІД-нен үш бірдей полиция қызметкері видеоаппараттарымен Жаңаөзен қаласына іссапарға келген. Істегі бар құжаттар бойынша олар, 15 желтоқсаннан бастап болған жағдайларды видеоға түсірген. Яғни, бұның аса маңыздылығы сол, оқиға қалай, неден басталды, кім бастады, кім қостады деген сұрақтарға берілетін дайын жауап еді. Онда, алаңда тұрған мұнайшылар, олармен полиция арасындағы кикілжіңнің басталуы, полицияның Жаңаөзен ІІБ алдында сапқа тұрып, қаруланып жатқаны және халыққа атыс қаруынан оқ ату сәттері бейнеленген. Мысалы, сот алдында кәмелетке толмаған Р.Көшеровты атып өлтіргені үшін айыпталған Р.Жолдыбаев, сол полицейлер түсірген видеода нақты адамдарға қаратып тапаншадан оқ атып жатқаны бейнеленген. Ал, ол өз жауабында тапаншадағы оқтың бәрін аспанға қаратып атып жібердім деген болатын (тапаншадағы екі магазин оқты тауысып атқан). Видеоматериалдардан және түсінгенім, ереуілдеп тұрған мұнайшылар алаңда бейбіт тұрды, бірақ оларды полиция алаңның бір шетіне қарай тықсырып, тар шеңберге қысып тастады. Осы жағдай олардың ашу-ызасын тудырып, ішінара айқайлар болғанмен полицияға күш қолданбады. Осы видеоны көру барысында менде мұнайшыларға бірінші қысым көрсетіп, оның арты қақтығысқа ұласуына себепкер болған полиция қызметкерлерінің өзі деген пікір қалыптасты. Үлкен өкінішке орай, сол видеоматериалдар ең маңызды деген жерлерге келген кезде үзіліп қалып отырғаны. Оған себеп болған істегі құжаттар бойынша, Маңғыстау облыстық ІІД-і тергеу Бас Прокуратураның тергеу тобына олардың сұратуы бойынша берген кезде, видеоны толық кетіріп тастап берген. Яғни, сол әрекеттері арқылы тергеу жұмысына кедергі келтіруге тырысқан. Кейіннен сараптама арқылы ондағы бейнебаян ішінара қалыпқа келтірілген-мыс. Бұл жағдайлардың қаншалықты шындыққа сәйкес келетіні маған әрине беймәлім. Яғни, бұл жерде ереуілшілер мен полиция арасындаға кикілжіңге полицияның өзі себепкер болғандығы анықталды.
4. Қанағаттандырылмаған өтініштер.
Сот сот тергеуінде белгілі болған, жоғарыда аталған кешкі уақытта жарақат алған 4 жәбірленушіге қатысты фактілер бойынша прокуратура органдары атына ҚР Қылмыстық Кодексінің «Адамзатқа қарсы қылмыс» немесе «Кісі өлтіруге оқталу» деген бабымен қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу туралы жеке Қаулы шығаруы тиіс еді деп есептеймін.
Менің тарапымнан бұл туралы апелляциялық сатыдағы сотқа берген шағымымның негізгі нұсқасы да осы болатын, алайда, бірінші сатыдағы сотта, апелляциялық саты бұл өтініштерімді қанағаттандырмады.
Одан басқа менің тарапымнан келесі өтініштер жарияланған болатын;
Сот алдында 14 мамырда куә ретінде жауап берген Байұзақов Қ.Т.,
жауабында 16 желтоқсан күнгі құрама жасақ қатарында болғанын, сапта өзінің алдында сотталушы Ренат Жолдыбаевтың келе жатқанын, өзі ұстаған тапанша номері есінде екенін айтып берді. Осы кезде сотталушы Р.Жолдыбаевтың қорғаушысы «Өзіңіздікінен басқа тағы кімнің тапаншасының номерін білесіз?» - деген сұрағына орай, ол Ренат Жолдыбаевтың тапаншасының номерін білетін болып шықты. Яғни оның айтуынша, Р.Жолдыбаев сол оқиға болған кезде тағылған айыпта көрсетілгендей, №5031 санды тапаншаны емес, №8426 санды тапаншаны ұстаған. Алайда, тергеу кезінде аталған азамат сотталушы Жолдыбаевтыкі тұрмақ, өзінің ұстаған тапанша номерін есінде емес екенін айтып көрсеткен еді. Ол туралы сотқа төрағалық етуші ескерткен кезде куә не айтарын білмей қалған болатын. Осы әрекеті арқылы, куә Байұзақов өзінің әріптесі (екеуі де жедел қызметкер), жерлесі (екеуі де Шығыс Қазақстаннан келген) Р.Жолдыбаевқа көмектесуге әрекет жасағаны анық байқалды. Сол себепті мен апелляциялық сатыдағы соттан аталған куәге қатысты жалған куәгерлік бергені үшін қылмыстық іс қозғау мәселесін шешу туралы өтініш білдірдім.
Осыған ұқсас негіздермен Жаңаөзен қалалық ІІБ-ның бастығы қызметін атқарған Қожаевқа және Маңғыстау облыстық ІІД-нің қызметкері Шинбаевқа қатысты да шара алу туралы өтініштер берілді.
Аталған өтініштердің маңыздылығы сол, бейбіт халыққа қарсы оқ атқан полицейлердің жалпы саны 97 болса, солардың 5-не ғана қатысты іс сотқа жетті. Қалған полиция қызметкерлеріне қатысты іс негізгі істен бөлектенген, яғни бұл дегеніміз аталған бес полиция қызметкерлерінен басқаларының ісі де болашақта сотқа жолдануы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сол кезде куә ретінде тергеуде және сотта жауапталатын полиция қызметкерлерінің өздерінің бұрынғы әріптестеріне «көмектесуге» деген ниеттерін болдырмау үшін де маңызды еді. Сот бұл өтініштерді мәні бойынша қараған да жоқ.
Одан басқа, мен және бірнеше жәбірленуші соттан, Жаңаөзен ауруханасынан 16 желтоқсан күнгі ауруларды тіркеу журналын, аурухана ішіндегі мәйітхана журналын, сол күні кезекшілікте болған аурухана және мәйітхана қызметкерлерін де шақырту туралы өтініштеріміз қанағаттандырылмады. Менің және жәбірленушілердің, олардың өкілдерінің бұл жерде анықтамақ болғанымыз - сол оқиға салдарынан нақты қанша адам жарақат алды, қаншасы өлді, тергеу органдарымен анықталған адамдардан басқа да жәбірленушілер шығып қалуы мүмкін бе, деген мәселелерді анықтау мақсаты болған еді. Ол мүмкін болмады. Сотты былай қойғанда, біздің мүддемізді қорғап жатқан прокурор да, біздің барлық өтінішімізге «тергеудің аясынан шығуға болмайды»-деген негізбен қарсылық білдірумен болды.
Яғни, менің, әріптесім А.Нұрғазиеваның және жәбірленушілердің сотқа берген өтініштері сот тарапынан қаралмақ түгілі, мәні бойынша қаралған да жоқ.
5. Тұжырым.
Осы жерде полицияның мақсаты сонда не болды деген заңды сұрақ туындайды? Полиция алаңға адамдарды атып кету үшін ғана келген бе? Іс материалдарынан көргенім, олар адамдарға оқ атып кеткеннен басқа еш әрекет жасаған жоқ. Тіпті өздері атқан оқтан жараланған адамдарға жедел жәрдем шақыртып немесе басқалай жолдармен медициналық көмек көрсетпеген, ол былай тұрсын, соңғы бейнежазбада жараланып жатқан адамдарды резиналық таяқпен ұрғылап жатқанының куәсі болдық бәріміз. Сотталушылардың қорғаушылары біздің осы бағыттағы сұрақтарымызға орай, куә полиция қызметкерлеріне «Сіздер жараланған адамдарға медициналық көмек көрсетуге тиістісіз бе»-деп сұрақ қойып, соңғылар «Жоқ, тиісті емеспіз»-деп жауап беріп жатты. Аталған жағдай куә полиция қызметкерлерінің құқықтық тұрғыдан сауатсыздығын көрсетеді, әйтпесе өздері қолдануға тиісті, «Құқық қорғау органдары туралы» ҚР Заңының 62 бабының 1 бөлігінде, атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданудың барлық жағдайларында қызметкер жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қолдануға міндетті - деп, тайға таңба басқандай анық көрсетілген.
Осы жерде мен 2011 жылы бірқатар Европа елдерінде орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге және оған қатысты жергілікті полиция күштерінің қолданған амалдарын салыстыру ретінде мысалға келтіре кеткім келіп отыр. 01 шілде Афины, 30 қыркүйек Германияның Штутгарт, 16 қазан айында Рим, осы айда қайтадан Афины қалаларында жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, адамдар полицияға қарсы тас кесектер, Молотов коктейлі құйылған бөтелкелер лақтырып, ғимараттар мен көліктерді өртеу нәтижесінде өте үлкен көлемде материалдық шығын келтірген. Бірақ, полиция тарапынан халыққа қарсы бірде-бір рет атыс қаруы қолданылмаған, негізінен жарық және шу гранаталары (СШГ), көзден жас ағызатын газ, ал Рим қаласында соларға қоса су шашатын машиналарды пайдаланған. Болды. Полиция әрекетінен Германияның Штутгарт қаласында 1 адамның көзіне тиген газдан ауыр дене жарақатын алуы - үлкен резонанс туғызып, қоғам тарапынан полицияның қатыгездігіне байланысты мәселе көтеруге негіз болды.
Ал біздегі жағдай ше? Сотталғандардың барлығы - қатардағы қызметкерлер емес, жоғары білімді, жоғары шенді полиция офицерлері. Сот процесі аяқталған сәтке дейін сотталушы Бағдабаевтан басқалары жәбірленушілерден кешірім сұрауға, олармен татуласуға еш әрекет жасамады, со залында балаларынан айырылған ата-аналардың көз жасының куәсі болдық, тіпті кейбірінің эмоциясын игере алмай, талып қалып, жедел жәрдем шақыртуға да мәжбүр болдық, бірақ, менің бір байқағаным, сотталушылар осының бәріне бір селт етпеді.
Менің өз тұжырымым сотталған полиция қызметкерлері өздерінің ең басты міндеттерін ұмытып қалған деп есептеймін, ол - халықты қорғау! Ату, қорлау емес, қорғау болатын!
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметі - «Ішкі істер органдары туралы» ҚР Заңымен реттеледі. Аталған Заңның 3 бабында ішкi iстер органдары қызметiнiң принциптерi бекітілген, оған сәйкес;
Iшкi iстер органдарының қызметi заңдылық, дара басшылық, iшкi iстер органдары жүйесiнiң бiрлiгi, жариялылық, құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдармен, лауазымды тұлғалармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара iс-қимыл жасау принциптерiне негiзделiп құрылады.
Яғни, бұл әрбір полиция өкілінің өз қызметінде басшылыққа алатын негізгі қағидалары болып табылады. Бұл қағидаларды сақтамау - заң талаптарынан ауытқу болып танылады. Дәл осындай нормалар «Құқық қорғау органдары туралы» ҚР Заңымен де көзделген.
Енді осы принциптер Жаңаөзен оқиғасында қаншалықты сақталғанын саралап көрейік;
Бірінші мәселе - атыс қаруын қолдану қаншалықты заңға негізделген?
«Құқық қорғау органдары туралы» ҚР Заңының (бұдан былай Заң) 59 бабында қару қолданудың мақсаты былай түсіндірілген;
Атыс қаруы, арнаулы құралдар мен дене күші қоғамға қауiптi әрекеттерді тоқтату, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуал ескерiле отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткiзу мақсатында қолданылады.
Әрі қарай, 60 бапта қандай жағдайда - арнайы құралдар мен жауынгерлік күшті, ал, 61 бапта - атыс қаруын қолдануға болатындығы ретімен көрсетілген. Осы жерде бір ескеретін жайт - 61 баптың, 1 бөлігі, 2 тармағына сәйкес, полиция қызметкерлеріне немесе олардың жанұясына шабуыл жасалса олардың атыс қаруын қолдануға құқылы екендігі бекітілген. Алайда, дәл осындай жағдайда, 61 баптың 1 бөлігі, 5 тармағына сәйкес, арнайы құралдар мен жауынгерлік күшті қолдануға болатындығы да көрсетілген. Бұдан шығатын қорытынды - полицияға бір жағдайда екі түрлі тәсілді таңдау құқығы берілген.
Бірақ, жоғарыда атап көрсетілгендей құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуал ескерiлуі тиіс еді.
Осы айтылғандардан қорытынды пікірім - Жаңаөзен жағдайында атыс құралын қолдануға берілген бұйрық және оның орындалуы негізсіз. Себебі; біріншіден, бейнежазбалардан көргеніміздей халықтың қолында ешқандай қару немесе атыс құралдары жоқ. Екіншіден, полицияға арнайы құралдарды қолданса да жеткілікті болатын. Мысалы, осындай жағдайда полицияға қолдануға рұқсат етілген арнайы құралдар қатарына су атқыштар (водомет) да жатқызылған, Жаңаөзен жағдайында қақаған қыс айында ереуілшілердің үстінен сумен атқыласа, олардың екпінін басуға сол да жеткілікті емес пе? Бұл жерде полиция өкілдерінің қолында арнайы құралдар болмады дейтін болсақ, ол келесі негіздермен мүмкін емес нәрсе, 1. Ереуілшілер көшеге аяқ астынан шыққан жоқ, жеті ай болды, яғни полиция болуы мүмкін оқиғаға алдын-ала дайындалуы шарт 2. Жоғарыда аталған «Ішкі істер органдары туралы» Заңының 7, 10, 11 баптарына сәйкес, қажеттілік болса полиция өрт сөндіру құралдарына да билік ете алады. Өрт сөндіру машинасы іс жүзінде су атқыш машинаны алмастырады. Үшіншіден, тағы да сол сотта зерттелген бейнежазбада полиция өкілдерінің қашып бара жатқан адамдарға оқ жаудырып жатқанының және жараланған адамдарды резина таяқшаларымен ұрып жатқанының куәсі боламыз.
Осы бейнежазба және сотта нақты анықталған дәлелдемелерге сараптау жасайтын болсақ, онда полицияның атыс қаруын қолдануы негізсіз ғана емес, заңсыз да болып табылмақ. Себебі, атыс қаруын қолдануға бірден-бір шарт - адамдардың оларға (полицияға) шабуыл жасағаны, өмірлеріне қауіп төндіргені іс құжаттарымен жоққа шығарылып отыр.
Қорытынды: сот Үкіміне сәйкес, сотталушы Утеғалиев 7 жылға бас бостандығынан айыруға, Есбергенов 6 жылға бас бостандығынан айыруға, қалған сотталушылар 5 жылдан бас бостандығынан айыруға, жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуге сотталды. Жәбірленушілердің бірде-бірі сот Үкіміне разы болған жоқ.
Керісінше, менің қорғауымдағы жәбірленушілерде, бұндай қылмыстық іс не үшін, кім үшін қозғалған?, неге сот жәбірленуші тараптың өтініштерін қанағаттандырмады?, неге бейбіт халыққа полиция тарапынан оқ атылды, оған бұйрық берген кім?, неге атыс қаруы «жаппай тәртіпсіздіктер» ұйымдастырғандарға емес, қарапайым халыққа, оның ішінде әйел, бала-шағаға қолданылды?, неге «жаппай тәртіпсіздік» аяқталған соң, кешкі уақытта адамдарға қарсы оқ атылды, оны кім атты, не мақсатпен атты?, неге прокуратура мен сот «айыптау шеңберінен» шығып кетуден соншалықты қорықты?, неге, неге, неге деген басқа да көптеген сұрақтар қалды? Сот бітті, үкім заңды күшіне енді, бірақ бұл қаптаған сұрақтар жауапсыз қалды...
Құрметті қатысушылар, мен заңгермін. Өз көзіммен не көрдім, ненің куәсі болдым, Сіздермен сонымен бөлістім. Заңгер тұжырым жасаған кезде нақты дәлелдерге сілтеме жасай отырып, кесіп айтуға тиісті. Мен «Жаңаөзен қырғынын» ұйымдастырғандар кімдер, ол оларға не үшін керек болғанын айта алмаймын, мен жалпы Сіздердің көп сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын ба деп қорқамын, себебі, «полицейлер сотында» оған мүмкіндік болған жоқ. Жәбірленушілер ғана емес, өзімнің көкейімдегі көп сұрақтар жауапсыз қалды.
Мен қазіргі таңда бір ғана нәрсені кесіп айта аламын, ол - егер ең жоғарғы деңгейде тиісті түрде тапсырма берілер болса, онда құқық қорғау органдарында, осы оқиғаға қатысты дәлелдер толық жеткілікті.
Қазақстан Республикасы
Батыс Қазақстан адвокаттар
алқасының мүшесі, адвокат
Абзал Құспан
"Abai.kz"