Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3026 0 пікір 10 Қазан, 2012 сағат 15:29

Жұмағали ИСМАИЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:Аймақтың денсаулық саласында айтулы өзгерістер бар

- Елімізде халық денсаулығын жақ­сарту­ға арналған «Саламатты Қазақстан» мем­ле­кет­тік бағдарламасы жүзеге асырылу­да. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да қан­дай жаңалықтар бар?

- Елімізде халық денсаулығын жақ­сарту­ға арналған «Саламатты Қазақстан» мем­ле­кет­тік бағдарламасы жүзеге асырылу­да. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да қан­дай жаңалықтар бар?

- Оңтүстік Қазақстан - еліміз бойын­ша халық ең көп шоғырланған аймақ. Бү­гінде тұрғындар саны - 2622,1. Өмір сү­ру ұзақтығы жағынан оңтүстік­қазақ­стан­дықтар респуб­ли­калық орташа көр­сет­кіш - 69 жастан озық тұр. Яғни 69,8 жасты құрап, «Саламат­ты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасында айтылған­дай, орташа өмір сүру деңгейіміз 70 жасқа жақындап қалды. Сондай-ақ тұр­ғындардың сәбилердің дүниеге келу жағы­нан да же­тіс­тігіміз жетерлік. Респуб­ликалық көр­сеткіш - 22,6 болса, Оңтүстік Қазақ­станда - 30,7. Соған қарамастан жал­пы өлім-жітім аз - 5,9. Бұл көрсеткіш рес­пуб­ликада - 8,6 екенін айта кетсем, артық бол­мас.
- Оңтүстік Қазақстан облысының хал­қына медициналық көмек көрсетудің ­ жақ­сарту және оның қолжетімділігін қам­та­масыз ету мақсатында облыстың ден­сау­лық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту жайын­да не айтасыз?
- Денсаулық сақтау басқармасы басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, нысан­дардың жағдайын, қосымша нысандарға қажеттілікті анықтау үшін түгелдей денсау­лық сақтау нысандарында түгендеу және паспорттау жұмыстарын жүргізді. Барлық денсаулық сақтау нысандарының элек­трондық базасы құрылды. Демографиялық ахуал мен ауру-сырқаулық, басты басым­дықтар мен нысандардың жай-күйін есеп­ке ала отырып, облыстық денсаулық сақ­­тау басқармасы күрделі жөндеу жұмыс­тарын жүргізу және құрылыс салу үшін денсаулық сақтау нысандарын іріктеу кри­те­рийлерін әзірледі. Нәтижесінде 2016 жылға дейінгі кезеңге ауыстыруға, жаңадан салуға, күрделі жөндеуге жататын нысан­дар тізбесі анықтал­ды.
Оңтүстік Қазақстан облысының ден­сау­лық сақтау жүйесін 122 дербес меди­циналық ұйымдары, барлығы 959 нысан құрайды. 2010 жылға дейін 16 денсаулық сақтау ныса­ны салынды, 2010-2011 жыл­дары 134 ден­сау­лық сақтау нысаны іске қосылды. 2010 жылы 3,2 млрд теңгеге 75 денсаулық сақтау нысаны салынды, 2011 жылы - 3,4 млрд тең­геге 59 нысан салын­ды, оның ішінде «сақалды» денсаулық сақтау нысандарының құрылысы аяқтал­ды: 2 туберкулезге қарсы диспансері, 2 емхана, Созақ аудандық пер­зентханасы, облыстық клиникалық балалар ауруханасы бар. 2012 жылға жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге 59 денсаулық сақтау ныса­нын салу жоспарланған (оның ішінде 4 ауыс­палы), оның 51-і жергілікті бюджет қа­ражаты есебінен 2,01 млрд теңгеге салына­тын болады. Сонымен бірге бүгінде Ден­сау­лық сақтау министрлігімен бірлесіп, ме­дици­на ұйымдарының құрылысын салуда мемле­кет­тік-жекеменшік серіктестіктің тетіктері жасалуда.
Денсаулық сақтау нысандарының жағ­дайын айтарлықтай жақсартуға кезең-кезеңмен күрделі жұмыстарды жүргізудің арқасында қол жеткізілді. Бірінші кезекте күрделі жөндеу көп бейінді қалалық және ау­дандық ауруханаларда, балалар аурухана­ларында және перзентханаларда, одан кейін қалалық және аудандық емхана­ла­рында, ту­беркулезге қарсы мекемелерінде жүргізіл­ді. Кезең-кезеңмен жүргізілетін жұмыс жал­ғас­тырылатын болады.
2009 жылдан 2012 жылға дейін об­лыстың аудандары мен қалаларының 111 медицина­лық ұйымдарында күрделі жөн­деу жұмыс­та­ры жүргізілді. Ағымдағы жы­лы 22 денсау­лық сақтау нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөндеудің арқасында денсаулық сақтау нысан­да­ры­ның ғимарат­та­ры мен үй-жайларының ресурстары ұзартылды, оларды ұстау анағұрлым үнемді болады. Алдағы уақытта әлі 50-ден астам денсаулық сақтау нысан­дарын күрделі жөндеуден өткізу қажет.
Денсаулық сақтау нысандарын салу және күрделі жөндеуден өткізу бойынша негізгі салмақ облыстық бюджетке түседі. Тек соңғы 3 жыл ішінде облыстық әкімдік пен мәслихаттың қолдауымен бұл мақсатқа 17 миллиард теңгеден астам қаражат бөлін­ді.
- Материалдық-техникалық ресурс бо­йынша серпіліс беретін жобалар жүзеге асты ма?
- Сәулелі диагностика мәселелері ше­ші­ліп, облыстық клиникалық аурухана мен Шымкент қалалық жедел медици­на­лық кө­мек көрсету ауруханасына спираль­ды ком­пью­терлік томографтар сатып алынды. Об­лыстық клиникалық балалар аурухана­сын­да магнитті-резонансты то­мо­граф іске қосылды. Облыстық кардио­ло­гиялық орта­лықта электрофизиоло­гия­лық зерттеуге ар­нал­ған жүйе пайдалануға берілді. Жеке­меншік инвестицияны тарту есебінен 6 ге­модиализдік орталық ашылды. Телемеди­цина­лық байланыс 12 ауданда орнатылды, 805 телемедициналық кеңес берілді. Теле­фондандыру 98 пайыз орын­далып, 2011 жылы қосымша 300 нөмір бөлінді.
- Медициналық көмектің сапасын жақсартудың негізгі тетігі - бұл кадрлардың біліктілігін арттыру ғой. Сондықтан кадр мәселесі жөнінде не дейсіз?
- Бізде заманауи технологияның тілін білетін білікті кадрларға тапшылық бар. Құнды құрал-жабдықтарды қолдана білу осы мамандарға келіп тіреледі. Сондықтан осы тұрғыда жүйелі түрде жұмыс жасауда­мыз. Атап айтқанда, 2011 жылы мейірби­ке­лердің қосымша 680,75 штат бірлігі бөлінді, оның ішінде 260 - терапевтік учаскелерге, 335 - педиатриялық учаске­лер­ге, 85 мейір­би­ке жалпы тәжірибе дәрігерлері үшін, әлеуметтік қызметкер­лердің 174,25 штат бірлігі, психолог дәрі­герлердің 35 штаты бөлінді. Ауылдық жер­лерге 108 жас маман жіберілді, облыс әкімі Асқар Мырзахметов­тің тапсыр­ма­сымен жас мамандарға әлеу­меттік пакет беріліп, жергілікті бюджет­тен 98,9 млн тең­ге бөлінді, 2012 жылдың 9 айы ішінде 83 маман ауылдық жерге жіберілді.
Республикалық орталықтарда білік­ті­лікті жоғарылату мақсатында ҒО және ҒЗИ Оңтүстік Қазақстан облысына келіп, мастер-класстар өткізілді. Сонымен бірге Ресей, Украина, Белоруссия, Литва, Поль­ша, Түр­кия, Израиль сияқты халықаралық орталық­тармен ынтымақтастық орна­тыл­ды. ДДҰ және ЕО, СДС, ЮНИСЕФ, ЮНФПА жоба­лары жүзеге асырылуда. Ли­твамен жасалған 3 жылдық меморандум жалғасын табуда. Неонатальдық хирургия, балалар кардио­хирур­гиясы бойынша ше­берлік сабақтары (Ресей, Литва, Польша, Израиль) ұйымдас­ты­рылды. ДДҰ және ЕО ОҚО-дағы «Қа­зақ­станда ана мен бала денсаулығын қолдау» 2009-2011жылдарға пилоттық жобалар аяқ­тал­ды.
- Қазіргі уақытта жүрек-қан тамырының аурулары, туберкулез, жұқпалы сырқаттар, жарақаттар, ел ішінде әлі кеңінен кездесетіні жасырын емес. Соған байланысты қандай жұмыстар жасалуда?
- Бұл ауруларды жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, пайда болуының қауіпті фактор­ларын жою арқылы алдын алуға болады. Атап айтқанда, қан айналымы жүйесінің аурулары бойынша облыста 2 ангиогра­фия­лық зертхана тәулік бойы жұмыс істейді, 2012 жылдың 9 айы ішінде - 1565 КАГ жүргізілді, стенттеу - 636 науқасқа жасалды. Сондай-ақ тромболитикалық терапия 306 науқасқа жүргізілді, 48 пайыз жедел меди­цина­лық көмек жағдайында госпитальға дейінгі деңгейде жүргізілді. Ашық жүрекке 287 операция жасалды. Об­лыстық клини­калық аурухана мен Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруха­насында 2 инсульт орталығы ашылды.
Бұдан басқа туберкулезге қарсы 15 дис­пансерден 11 ауданаралық ТҚД құрыл­ды. Қайта құрылымдау барысында 6 тубер­кулезге қарсы мекемелердің стационарлық бөлімшелері жабылды. Туберкулезге қар­сы санаторий (Балықшы), хоспис (Қазы­ғұрт) ашылды. Қазір «Саумал» пилоттық жобасы іске асырылуда, кешенді емдеуге «Саумал» шипалы сусыны кіргізілді.
«Таза су» бағдарламасының орында­луы­на байланысты А типті вирустық гепатитпен, жіті ішек инфекцияларымен науқастану­шы­лықтың төмендегені байқа­лады. Балаларға гемофильдік инфекцияға, пневмококтік пневмонияға қарсы вакци­на­ция жасау ендірілді. Жалпы, жіті ішек инфекциясының алдын алу бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмысы кеңінен жүргізілуде.
- Елбасының Қазақстан халқына Жол­дауында онкологиялық аурулардың алдын алуға басымдық берілгені белгілі. Енді осы жайында толығырақ айтсаңыз.
- Қазір онкологиялық аурумен ауыра­тын науқастардың орташа жасы - 58,7. Оның 36 пайызы - ерлер болса, 64 пайызы - әйелдер. Көрдіңіз бе, әйелдер еркектерге қарағанда екі есе жиі ауырады. Сондай-ақ науқастардың 49 пайызы қалада, 51 пайы­зы ауылдық жерлерде тұрады. 29 пайызы жұмыс істемейді, 18 пайызының перзент­тері жоқ. Яғни әрбір бесінші науқас өзінің репродук­тивті функциясын орындауға қауқары жоқ. Бұл, әрине, еліміздің демогра­фиялық жағ­дайына да әсерін тигізеді. Әрі науқастардың 37 пайызы көпбалалы отбасында өмір сү­реді. Сонымен қатар 64 пайызының әлеу­меттік жағдайы төмен.
ТМД елдерінің ішінде біздің облыста алғаш рет скрининг-орталық ашылды. Қа­зақстанда тұңғыш рет қалқанша бездің обырын және жуан ішектің обырын ерте диагностикасын анықтау басталды. Об­лыс­тық онкологиялық диспансерде ра­дио­логиялық корпус іске қосылды. Көрі­нетін жерде орналасқан қатерлі ісіктердің анықталуы 77,7 пайызға өсті, онкоауру­лар­дың 5 жылға дейін тірі қалушылық көрсет­кіші 48,4 пайызға артты.
- Бүгінде санитарлық авиация қызметі қарқынды түрде дамып келеді. Өйткені шал­ғай жерлерге жетіп, дәрігерлердің сапа­лы медициналық көмек көрсетуін барынша жеделдетуге мемлекетіміз мән беріп отыр емес пе? Бұл қызмет оңтүстікте қаншалықты өз деңгейінде жүргізілуде?
- Санитарлық авиация бөлімшесі GPRS навигация жүйесі орнатылған 10 санитарлық автомашинамен жабдық­талған, олардың 2 кювездерімен балалар реанимобилі болып табылады. 2011 жылы санитарлық авиация желісі бойынша 4077 шақыруға қызмет көр­сетілді (оның ішінде облыстық меке­ме­лерге тасымалданып ем­деу­ге жатқызылғаны - 775 пациент), Республикалық санитарлық авиа­ция желі­сі бойынша 5 науқас респуб­ли­калық медициналық ұйымдарына ауысты­рыл­ды. Ал 2012 жылдың 9 айында 2859 шақыруға қызмет көрсетілді, республикалық клини­каларға 9 науқас ауыстырылды. Шымкент - Самара трассасында Төтенше жағдай министрлігінің трассалық медици­налық-құтқару пункт орналасқан. 2012 жы­лы 9 айында шұғыл жауап кайтару брига­да­сы жұмыс істейтін бригада 52 шақыруды орын­дады. Қазір әуе-көліктік санитарлық авиа­цияны жүзеге асыру басталды. Мақта­арал, Бәйдібек, Отырар аудандары мен Шолақ­қор­ғанда аэропорт салу қажеттілігі туын­дау­да.
- Оңтүстікте бұдан былай «жедел жәр­дем» қызметі әлемдік стандарттарға сай қыз­мет көрсететін болады деп естідік. Ал­ғаш рет облыстық денсаулық сақтау басқар­масының ұйымдастыруымен «жедел жәр­дем­нің» қыз­метін жетілдіруге арналған ше­берлік сабақ­тары ұйымдастырылуда екен. Осыған тоқтал­саңыз.
- Облыс тұрғындарына жедел меди­циналық көмек көрсетуде сапалы қызмет атқару мақсатында жергілікті «жедел жәр­дем» қызметкерлеріне литвалық мамандар шеберлік сабақтарын өткізуде. Курстың ерекшелігі сол, оқытылып жатқан барлығы 527 дәрігер мен фельдшердің ішінен үздік көрсеткішке жеткен 10 маман алдағы уақыт­та шетелдерде біліктілігін арттыру курстары­на жолдама алады. Осылайша ере­­сектер мен балаларға жедел медицина­лық көмек көр­сету­дің халықаралық стан­дарт­тарын толық меңгерген мамандар өзі­міздің жергілікті әріптестерін оқытатын болады. Оқу-үйрену курстары 10 қыр­күйекте басталған. Аталмыш іс-шара 18 қазанға дейін жалғасын табады. Сондай-ақ өзіміздің жергілікті дәрігерлер­дің ара­сы­нан тренерлерді дайындау бюджет есе­біне де аса салмақ түсірмейді. Себебі бір­неше елден арнайы мамандарды ша­қырт­қаннан гөрі жергілікті дәрігерлерді сол курстарға жіберген әлдеқайда тиімді. Әрі олар алдағы уақытта өз әріптестеріне оқу-үйрену курстарын өздері өткізе ала­ды.
- Жұмағали Қазыбайұлы, сіздер осыған дейін де литвалық мамандармен бірлесе жұмыс жүргізіп келесіздер. Әсіресе, ана мен бала денсаулығын жақсартуда оң нәтижелер бар. Атап айтқанда, 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы соңғы жиырма жылда болмаған ана мен бала өлімінің ең төменгі көрсеткішіне қол жеткізіпті. Енді биылғы көрсеткіштеріңіз жөнінде не дейсіз?
- Біз биыл литвалық әріптестерімізбен үшжылдық меморандумды аяқтағалы отыр­мыз. Басында перинатальдық көмек көр­се­ту­дің жаңа әдістерін меңгеру бойын­ша бір­­қа­тар жұмыстар жүргізілді. Біздің Оңтүс­тік Қазақстан облысы елімізде ал­ғаш­қы өңір болып ALSO бағдарламасы бойынша қар­қынды оқуды өткізді. Нәти­жесінде ана мен нәрестелер өлімінің көр­сет­кіші өткен жылы республикалық дең­гей­ден төмен болды. Бұл тәуелсіздік жыл­­да­рындағы бұрын-соңды болмаған жағдай. Ал енді осы деңгейімізді кемінде үш жыл ұстап тұрсақ, жүйелі түрдегі жұмы­сы­мыздың нәтижесі көрінеді. Cөз реті кел­генде айта кетейін, ана мен бала ден­саулығын қорғау облыс әкімі Асқар Мыр­зах­метов пен мәслихаттың үнемі назарын­да.
Қазір ай сайын ана өлімі біртіндеп тө­мен­деп келеді. Ал ағымдағы жылдың алғаш­қы тоғыз айының қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 5,7 пайызға төмен­деген.
- Бірақ биылғы жылы қыс айларында ана өлімі ушығып, елді елең еткізгені бел­гілі...
- Иә, қыс айларында вирустық пнев­мония бойынша жүкті әйелдер арасында өлім-жітім орын алғаны рас. Бұрын тұмау­ға қарсы вакцинация жасалмайтын және әйел мен оның іштегі шаранасына тұмау­дың қан­шалықты қауіпті екендігі жөнінде ресми мәлімет те болмайтын. Тек өз қа­лауы бо­йын­ша бірен-саран жүкті әйелдер ғана тұ­мауға қарсы вакцина қабылдайтын. Қазір осы күзден бастап бізде бірінші рет жүкті әйел­дер арасында вакцина жасау қолға алынуда. 40 мың доза вакцина осы мақсатта сатып алынды.
Айта кету керек, әлемде жүкті әйел­дер­ге вакцинация баяғыдан қолданылады. ДҰҰ еуропалық бюросының өкілдері түсіндір­ген­дей, жүктіліктің екінші және үшінші үшайлықтарында (триместр) вакцина жасау ешқандай қауіп төндірмейді. Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы жылы жүкті әйелдерді иммунизациялауға жататын кате­гория қатарына қосты.
- Жасыратыны жоқ, жүрек-қан тамыры жүйесі аурулары, жалпы, Қазақстан халқы­ның аурушаңдығына, мүгедектігіне және өлім-жітіміне әсерін тигізіп отыр. Облыстық кар­дио­логиялық орталықта кардиохирургия іске қосылғалы біраз уақыт өтті. Бірақ неге ауру саны азаймайды?
- Бұл патологияның таралуының өң­ір­­лік ерекшеліктері көбінесе кардио­ло­гия­лық диагностиканың сапасына, өңірде заманауи диагностикалық аппаратураның, дайындал­ған мамандардың бар-жоғына байланысты. Бала туу санының өсуіне және туа біткен жүрек ақаулары диагнос­тикасының жақса­руы­на байланысты об­лыс­та жыл өткен сайын туа біткен жүрек ақау­лары бар бала­лар саны көбейіп жатыр. Жыл сайын туа біткен жүрек ақаулары бар 480 бала туылады, оның ішінде, 350-370 бала операция жасауды қажет етеді. Қазіргі уақытта 15 жасқа дейінгі туа біткен жүрек ақауы бар 1811 бала есепте тұрса, оның 470-і - бала бір жасқа толмаған­дар.
2010 жылға дейін біздің өңірдің бала­лары кардиохирургиялық көмекті тек Аста­на, Алматы қалаларындағы респуб­ли­калық орталықтарда ғана алып келді. Туа біткен жүрек ақауларын түзетуге мұқ­таж балалар­дың көптігіне байланысты 2010 жылдың та­мызынан Шымкент қа­ласындағы облыс­тық кардиология орталы­ғының кардиохи­рур­гия бөлімшесінің базасында туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға операция жасала бастады. Кар­диоорталықтың маман­дары Польша, Израиль, Новосибирск, сондай-ақ рес­пуб­ликалық орталықтар базасында дайын­дықтан өтті. 2010 жылы облыстық кардио­логия орталығының ма­ман­дары туа біткен жүрек ақауы бар 25 ба­лаға операция жаса­ды. 2011 жылы наурызда балалар кардио­хи­рургиясы бөлімшесінің ашылуына бай­ланысты жасалған операция­лар саны 153-ке жетті. Туа біткен жүрек ақауы бар балаларда жүрек қуысына катетер қою басталды.
Салмағы 10 келіге жетпейтін жас бала­ларда күрделі жүрек ақаулары бойынша (Тетрадо Фалло, магистральды тамырлар­дан екі есе ағу, атриовентрикуляр канал және басқалар) операция жасау қажет­ті­лігіне байланысты 2011 жылы Польша маман­дарымен бірге балалар кардио­хи­рургиясы бойынша 2 мастер-класс өткі­зіл­ді. Осы кезеңде Польша мамандарымен бірге туа біткен жүрек ақаулары бар ере­сектер мен балаларға 127 операция жасал­ды. 2012 жылы мамыр-маусым айларында польшалық әріптестермен бірлесіп 87 балаға және 27 ере­сек­терге ашық жүрекке операция жасал­ды.
Ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінен бастап, екінші мастер-класс өткізілуде. Осы кезеңде күрделі жүрек ақаулары бар және салмағы 10 келіге жетпейтін 60-70 балаға операция жасау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Польшадан келген маман­дармен бірге туа біткен жүрек ақаулары бойынша 16 операция жасалды.
- Бірінші рет Оңтүстік Қазақстан облы­сында науқастардың әлеуметтік портреті жасалыпты. Осы жайында айтсаңыз...
- Науқастардың әлеуметтік портреті халықтың хал-ахуалынан хабар береді. Онкология әйелдерде 2 есе жиі кездеседі, науқастардың 18 пайызының балалары жоқ, жартысынан көбісінің табысы күн­көріс­тік табыстан аз отбасы бар. Сондай-ақ тубер­кулезге шалдыққандардың орташа жасы - 36 жас, алғаш рет анықталғандардың 65 пайызы - жұмыссыздар, әрбір 5-отба­сы көпбалалы, әлеуметтік қамсыздан­ды­рылу деңгейі төмендер - 64 пайызды құрайды. Міне, осылардың барлығын өңірдің әлеу­меттік-экономикалық даму бағдарламасын жасақ­та­ған­да ескеру керек деп ойлаймын.
- Жалпы, жергілікті дәрігерлер іштен кемтар болып туылған сәбилерге ота жасау­ды да жете меңгерген секілді. Естуімізше, өзге облыстың балалары да сіздерге келіп емде­леді...
- Иә, соңғы жылдары осындай опера­циялардың көлемі бес есеге өсіп отыр, опе­рациядан кейінгі жақсы нәтиже 75 пайызға жетті. Осыны ескере отырып, Ден­саулық сақтау министрлігінің бұйры­ғымен біздегі балалар ауруханасы үш об­лысқа - Қызыл­орда, Жамбыл және Оң­түстік Қазақстанға жаңа туылған балалар хирургиясынан көмек береді. Облыстық балалар ауруханасының материалдық-техникалық жағдайы, ондағы компью­терлік томография, сәулелік диаг­нос­ти­ка, бәрі толығымен шешілген. Қорыта айтқан­да, облыс әкімінің басшылығымен аймақта ел денсаулығын жақсарту жолында үлкен жұмыстар жүргізілуде.
- Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052