Бір жапырақ қағаз Тәуелсіздікке кепіл бола ма?
Барша адамзат баласының тарихи кезеңдеріне қарасақ, ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін халықтар арасында саяси дипломатиялық, сауда-экономикалық, мәдени әлеуметтік қарым-қатынастар болған, әлі де бола береді. Бірақ ол дәуірде халықаралық қатынастар көп жағдайда тең құқылы келіссөзбен емес, күш қолдану, соғыс ашумен теңсіз шешімін тауып отырған. Осылайша ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін қуатты армия ұстауға мәжбүр болды.
Өткен ХХ ғасырға оралсақ, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс халықарада келісімнің құны жойылған тұста шықты. Келісімнің құны жоғалған жерде соғыс болатыны ақиқат. Соғыстан соң жеңген жақтың мүддесіне сай тағы да келіссөз болады. Жеңгені ұтады, жеңілгені ұтылады.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін халықтар арасында достықты, татулықты арқау етіп, қауіпсіздік пен бейбітшіліктің кепілі болудың басты мақсатымен 1919-1920 жылдардағы Париж конференциясының нәтижесінде 44 мүше мемлекет бар «Ұлттар лигасы» құрылды. Бірақ, «Ұлттар лигасы» екінші дүниежүзілік соғыста ештеңе істей алмады. Ұйымға мүше мемлекеттер келісімді бұзды. Тіпті 1940 жылы «Ұлттар лигасы» халықаралық шиеленістерді шешпек түгілі, өз жұмысын тоқтатты. «Ұлттар лигасының» орнына 1945 жылы соғыстан кейін құрылған БҰҰ өз жарғысында: «бүкіл әлемде қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауды» басты мақсат етті.
БҰҰ алғашында әлемдік аренада өте үлкен беделді күшке айналып, халықаралық мәселелерге араласып, шиеленістердің бейбіт түрде шешілуіне атсалысып, келіссөздерді біршама жандандырып, құнын арттыра түсті. Яғни осы кезеңдерден бастап жаңадан құрылған немесе тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттер мойындалғандығының басты белгісі ретінде ең алдымен БҰҰ тануы керек болды.
БҰҰ өз кезегінде 1947 жылы 29 қарашада Палестина жерінде араб және еврей мемлекеттерін құру жөнінде шешім қабылдаған күннен бастап екі халық арасында соғыс оты тұтанды. БҰҰ анықтап берген шекара сызығы өз күшіне енбеді. Палестина мен Израиль арасындағы соғыс әлі күнге дейін жалғасуда.
1947 жылы Үндістан мен Пәкістан арасында Кашмир мәселесі орын алып, соғыс басталды. Бұл іске БҰҰ араласып, ұйымның Қауіпсіздік Қеңесі 5 мемлекеттен құралған арағайындық комиссиясын құрды. 1949 жылы екі мемлекет арасында келісімдер жасалып, соғыс тоқтатылып, шекара сызығы белгіленді. Бірақ, бұл келісімнің де құны ұзаққа бармады. Екі ел арасында одан кейін де талай мәрте соғыс болды. Өткен ғасырдың екінші жартысында АҚШ пен КСРО-ның қырғи-қабақтығы дүниежүзінің әр жерінде соғыс отын тұтандырды.
1949 жылы мамырда Германияның Америка, Франция, Ұлыбритания ықпалындағы батыс аймағында Герман Федаративтік Республикасы құрылды. 1949 жылы қазан айында Германияның КСРО ықпалындағы шығыс аумағында Герман Демократиялық Республикасы құрылды. 1950-1953 жылдары корей соғысына АҚШ, Қытай, КСРО қатарлы елдердің араласуының нәтижесінде біртұтас Корей мемлекеті екіге бөлінді. АҚШ, КСРО, Қытай қатарлы алпауыттар 1957-1975 жылдары орын алған Вьетнам соғысына да қатысты. Нәтижесінде, екі Вьетнам мемлекеті пайда болды. БҰҰ бұл жолы да АҚШ, КСРО, Қытай қатарлы алпауыт елдердің алдында қауқарсыздығын көрсетті.
БҰҰ 1974 жылы екіге бөлінген Кипр Республикасындағы қақтығысты тоқтатуға үндегенімен, мәселе толық шешілмеді. БҰҰ Бас ассамблеясы 1975 жылы Батыс Сахараға қатысты қарарын қабылдап, Испания күштерінің елден шығуына ықпал еткенімен, Батыс Сахараның кейінгі тағдыры Марокко, Мавритания, Алжир қатарлы елдердің таласына түсті.
1979-1989 жылдары КСРО мен Ауған соғысы, 1980-1988 жылдардағы Ирақ пен Иран соғысы БҰҰ-ның бейбітшілік туралы жарғысын өрескел бұзу болып табылады.
Бірақ БҰҰ шешкен жанжалдар да бар. Мысалы, 1990 жылы Кувейт территориясына Ирақ қарулы күштері басып кірді. БҰҰ бірден қатаң наразылық білдірді және ұйымға мүше мемлекеттерден құралған халықаралық коалициясы 100 сағаттық соғыста Ирақ әскеріне соққы беріп, Кувейтті азат етті. Десек, БҰҰ алпауыт елдердің мүдделері тоғысқан соғысты емес, кішкене мемлекеттер арасындағы мәселелерді шешуге ғана қауқарлы екендігін аңғартты.
АҚШ бастаған НАТО елдері Югославия, Ауғанстан, Ирақ, Ливия қатарлы елдердегі жанжалға араласуы әлемде тәртіп орнатуға ұмтылғандай көрінгенімен, қақтығыстың салдарынан зардап шеккен бейбіт халық өте көп болды. Ал, Сириядағы ішкі қақтығыс сыртқы күштердің араласуына ықпал етіп, Сирия жері соғыс майданына айналды.
1991 КСРО ыдырағанда РФ, Қазақстан, Украина, Беларусь аумағында ядролық қару болды. 1992 жылы 23 мамырда Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, Лиссабон хаттамасына қол қойды. Міне осылайша, 1991-1994 жылдар аралығында Қазақстан, Беларусь, Украина ядролық қарудан бас тартып, ядролық арсеналын Ресейге сыйға тартты. Қалдық материалдарды Америкаға берді.
1994 жылы 5 желтоқсанда Будапештте ЕҚЫҰ саммитінде АҚШ, Ресей, Ұлыбритания «ядролық қарудан бас тартқан елдердің қауіпсіздігіне кепілдік» туралы шартқа қол қояды. Оған Қытай мен Франция да қосылады.
Ресей армиясының 2008 жылы Грузияға, 2014 және 2022 жылы Украинаға басып кіруі, Ресей үшін 1994 жылғы Будапешт келісімінің көк тиындық құны жоқ екені белгілі болды. БҰҰ-ның жарғысы жайынша қалды. БҰҰ Ресейді айыптаудан ары асар емес. Керісінше, БҰҰ-нің рөлін НАТО мен Еуроодақ атқарып жатқандай көрінеді. Мынандай жағдайдан соң БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар еліміз және әлем елдері егемендігінің тұрақты кепілі бола алмайтыны аңғартады. Сондықтан да келісімдердің құны қашып бара жатқан мына дәуірде, соңғы үлгідегі қарумен жабдықталған күшті армия керек-ақ! Көршілеріміздің бәрі жақсы, бірақ, жау жоқ деме, жар астында деген өмір тәжірибесінен алынған аталы сөз бар. Империалистік ұстанымдағы алпауыттар тұрғанда, халықаралық, мемлекетаралық келісімдердің күші әлі талай жойылатын түрі бар. Мемлекетіміздің тұтастығын, еліміздің егемендігін, халқымыз бен жеріміздің амандығының келісімге сеніп бар бір жапырақ қағазбен ғана емес, қуатты армиямен қорғайтынымызды түсінейік.
Ертай Жомарт
Abai.kz