Оның бар арманы - Қызыл тудың желбіреуі...
Ресей билігі Кеңес Одағын қайта құру туралы ойы барын ашық айтпаса да, КСРО-ның тарауын үлкен геосаяси трагедия санайтынын жасырмайды. Ол туралы Ресей президенті Владимир Путин де сан мәрте айтты.
Путин 2005 жылы Федералды Кеңес алдында сөз сөйлеп, алғаш рет КСРО-ның ыдырауына байланысты өзінің көзқарасын білдірді. Ол: «КСРО-ның құлауы XX ғасырдағы ең ірі геосаяси апат болды», - деп атады.
2015 жылы Путин: «КСРО құлағаннан кейін орыс халқы әлемдегі бөлшектеніп, әр елде шашырап қалған ең ірі халықтың бірі болды», - деді. Ресей басшысы Украинаға 2014 жылы соғыс ашқаннан кейін, аталмыш сипаттағы мәлімдемені көбейтті. Жины мен кездесулерде жиі айтатын болды.
2019 жылы Путин «Ресей шақырады!» атты форумда КСРО-ның ыдырауы қате экономикалық саясаттың нәтижесінде болды деп атады. Алайда оның бұл сөзін Горбачев жоққа шығарды. 2021 жылы Путин мақала жазып, былай деді: «Большевиктер орыс халқына таусылмайтын тәжірибе жасаушы материал ретінде қарады. Олар әлемдік революция жасап, ұлттық мемлекетті жоямыз деп ойлады. Олар шартты түрде шекараларды сыза салып, аймақтарды сыйлық ретінде таратып берді. Қорытындылай келгенде большевиктердің қандай шешім қабылдағаны, енді маңызға ие емес. Ол шешімдер бойынша ұзақ дауласуға болады. Бір дүние белгілі: Ресей шартты түрде тоналды.
КСРО құрамындағы мемлекеттерінің арасындағы шекаралары әрине мемлекеттік деп есептелмеді, ол шартты түрдегі дүние еді, ал билік бірорталықтан басқарылып отырды. Бірақ 1991 жылы бұл барлық территориялар, ал ең бастысы адамдар басқа шекараның артында қалды. Және шындығында тарихи отанынан бөлінді.
Бұл сәтте не айтуға болады? Барлығы да өзгеріп жатыр. Қоғам, мемлекет. Әрине халықтың бір бөлігі уақыт өткеннен кейін, тарихи және әлеуметтік жағдайға байланысты өзін жеке ұлт сезінуі мүмкін. Бұған қалай қарауға болады? Бір ғана жауап болуы мүмкін: құрметпен қарауға тиіспіз!
Өз мемлекеттеріңді құрғыларың келе ме? Мархаббат. Бірақ қандай жағдай бойынша құрасыңдар? Осы сәтте Ресейдің көрнекті саяси қайраткері, Санкт-Петербург қаласының мэрі болған А.Собчактың мынандай бағасы бар. Ол жоғары білімді заңгер ретінде барлық шешімнің заңды болуын қалады, сондықтан да 1992 жылы мынандай ой айтты: КСРО құрамында болған мемлекеттер келісімді өздері 1992 жылы жойғаннан кейін, одаққа қай аумақпен кірді, сол аумақпен шығуы тиіс. Қалған аумақтар талқылау нысаны. Басқа сөзбен айтқанда немен келдіңдер, сомен кетіңдер. Мұндай логикамен таласу қиын».
Путиннің «Россия 1» арнасына «Совет одағынан бөлініп шыққан елдер Ресей жеріне қарық болды», - дегені есімізде. «Біздің егемендігімізге қатысты өзге де мәселелер бар ғой. Совет одағы құрылған кезде, келісімшартта оның құрыманын шығу құқы да жазылған. Ал оның (одақтан шығудың) тәртібі жазылмағандықтан, сұрақ туындайды. Егер қандай да бір республика Кеңес одағы құрамына қосылып, өз иеліктеріне ( в свой багаж-ред.) ірі көлемде Ресей жерін, дәстүрлі Ресей территориясын алып, кейін одақ құрамынан шығуға шешім қабылдаса, онда ең құрығанда, орыс халқының «сыйлығын» бірге ала кетпей, немен кірдің, сонымен шығуың керек қой. Осының ешқайсысы жазылған жоқ. Сондықтан, қазіргі Конституцияға өзгеріс енгізуді әбден дұрыс деп есептеймін», - деген еді.
Украинаға соғыс ашар сәтте Путин телеарнадан бір сағаттық дәріс оқып: «Украина деген болмаған, барлығы да Ресейге тиесілі еді, Украинаның пайда болуына тікелей КСРО саясаты әсер етті», - деді.
Украина соғысы Путиннің КСРО туралы ностальгиясын ашық көрсетуде. Украинаға шабуыл жасаған сәтте Ресей әскерінің КСРО туын желбіреткен сәтте болды. Мысалы екі күн бұрын Ресей басқыншыларының қолына өткен Украинаның Херсон қаласында КСРО туы көтерілді.
Ресейлік коммунисттер Зюганов, Рашкин мен Афонин Ресей Мемлекеттік Думасына Ресейдің қазіргі туын КСРО туымен алмастыру туралы заң жобасын ұсынды. Олар халықтың тең жартысы КСРО-ның ыдырауына өкінетінін айтқан.
«Ұлтшылдарға қарсы қызыл туды көтеріп шыққан апаны күллі әлем білетін болар. Дәл осы тумен біз Ұлы Отан соғысында жеңіске жеттік. КСРО осы тумен барлық жетістікке қол жеткізді. Бұл ту біздің жеңісіміз бен жемісіміздің көрінісі, нышаны. Маған тарихшылар көрсеткен суретте ұлтшылдардың үш жолақты қолданғанын байқадым. Сондықтан менің ойымша, әсіресе әскери операция өтіп жатқан кезде бұл өзекті мәселе сияқты. Біз ЛХР мен ДХР тұрғындары біздің әскерді қызыл тумен қалай қарсы алғанын көрдік. Халық дәл Кеңес одағына оралуды қалайды. Менің ойымша жеңіс туы болуы тиіс», - дейді ресейлік депутат Анжелика Глазкова.
Бүгінгі Ресей билігіндегі тұлғалардың бір арманы бар болса, ол КСРО-ны қайта құру. Қызыл тудың желбіреуін көргісі келетіндер саны Кремльде күн санап артып келе жатқандай...
Асхат Қасенғали
Abai.kz