Жаңаөзенде жұмысшылар наразылығы артуда
Жаңаөзенде “Өзенмұнайгаздың” мұнай ұңғымаларын жуып тазалап, жөндеумен айналысатын “ТрубРемЦентр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 150 жұмысшысы екі күннен бері жұмысты тоқтатып тұр. Ереуілдеген жұмысшылар жұмыс жағдайын жақсартуды, жалақыны 60%-ға өсіруді талап етеді.
Жұмысшылар қолдарына “Мекемеге модернизация жүргізілсін”, “Кәсіподақ мүшелерін қудалау тоқтатылсын”,”Мерекелік күндерге 100% төленсін”, “Жалақы 60% көтерілсін талап орындалсын!”, “ГПХ жұмысшылары штатқа алынсын” деген плакаттар көтеріп шықты. Олар 19 сәуірде Қазақстан президентіне, Маңғыстау, Жаңаөзен әкімдеріне бағытталған видео жолдау жасап, талаптарын мәлімдеген.
Биыл Маңғыстауда жалақыны көтеруді, жұмыс орындарын ашуды талап еткен ереуілдер жиіледі. Ақтау қаласында да ArcelorMittal Tubular Products Aktau акционерлік қоғамының жетпістен аса жұмысшысы жалақы көтеруді талап етіп, бір аптаға жуық уақыттан бері жұмысты тоқтатып, ереуілдеп тұр.
Жаңаөзен жұмыссыздарының екі айға созылған ереуілін құқық қорғау органдары таратқан. Жергілікті билік 400-ге жуық адамды жұмысқа орналасқандарын айтқанмен, жұмыс талап еткендер қатары азайған жоқ.
Abai.kz