Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Жаңалықтар 5692 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 13:35

Айтақын Бұлғақов: Өмірдің күнгейін де, көлеңкесін де көрдім

Айтақын Бұлғақов - Алматы облыстық «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы. Аты алты алашқа айтыскерлігімен шыққан. Жұрт журналистігінен бұрын, «хайлайлімін» қаттырақ құрметтейді. Бұған қосымша, Моңғолия Демократиялық партиясының «Моңғолия тәуелсіздігінің, азаматтарының құқығын қорғаудағы ісіне қосқан үлесі үшін» орденімен, Моңғолиядағы Қазақ жастары одағының «Көшбасшы» алтын жұлдыз медалімен марапатталған.«Ақындар жыры - Ақ орда», «Тәуелсіздік - тағдырым», «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына - 10 жыл», «Қазақстан тіл туралы заңының қабылданғанына - 20 жыл» жыр сайыстарының жеңімпазы. Біз бүгін «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» фильміндегі рөлі үшін «бақсы» атанып кеткен журналист, бас редактор Айтақын Бұлғақовты 
сөйлетсек дейміз.

Қыздың «қарғысы»

Айтақын Бұлғақов - Алматы облыстық «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы. Аты алты алашқа айтыскерлігімен шыққан. Жұрт журналистігінен бұрын, «хайлайлімін» қаттырақ құрметтейді. Бұған қосымша, Моңғолия Демократиялық партиясының «Моңғолия тәуелсіздігінің, азаматтарының құқығын қорғаудағы ісіне қосқан үлесі үшін» орденімен, Моңғолиядағы Қазақ жастары одағының «Көшбасшы» алтын жұлдыз медалімен марапатталған.«Ақындар жыры - Ақ орда», «Тәуелсіздік - тағдырым», «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына - 10 жыл», «Қазақстан тіл туралы заңының қабылданғанына - 20 жыл» жыр сайыстарының жеңімпазы. Біз бүгін «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» фильміндегі рөлі үшін «бақсы» атанып кеткен журналист, бас редактор Айтақын Бұлғақовты 
сөйлетсек дейміз.

Қыздың «қарғысы»
- Мен бұрынғы Талдықорған облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында дү­ниеге келіппін. Қазір ойлап отырсам, ба­лалық бал шағым өте қысқа болған сияқты. Өйткені екінші сыныпқа барған жылы әкем дүние салды. Ол кісі мені бес баласының ішінде ерекше жақсы көріпті. Тізесіне отырғызып еркелетіп отыратыны бүгінге дейін есімнен кетпейді. Жанұяда төрт ұл, екі қыз едік. Әкем көз жұмғанда бір жыл бұрын әскер қатарына шақырылып тұңғыш ұлы, яғни үлкен ағамыз Жақып теңіз фло­тында азаматтық борышын өтеп жүрген еді. Ауылға келіп топырақ сала алмады, одан қаралы хабарды жасырып қалдық. Аман-есен туған жерге табан тірегеннен кейін бір-ақ естіді. Өкініштісі, әскерден оралған соң үш айдан кейін үйленіп, жаңа қосыл­-ған жарымен небары алты ай ғана өмір сүрді. Колхозда трактор айдаушы еді, жол апатынан қайтыс болды. Бір жыл бұрын Құдай қосқан қосағынан айырылып, қара жамылып жүрген шешеме баласының өлімі жығылған үстіне жұдырық боп тиді. Басын тауға да, тасқа да соққан шешемді тағдыр тағы да сынаққа алды. Баласының топырағы кеппей жатып, бір жыл өткенде туған бауы­ры өмірден озды. Осылайша бес баламен жесір қалған анамның көз жасын көріп өскен біз ерте есейдік. Колхоздың сиырын сауатын шешемізбен бірге таңда тұрып, қолғабыс жасайтынбыз. Қанша қиналса да анам бізге жамау киім кигізбеді. Оқытты, тоқытты, ел қатарынан қалдырмады. 
Анамыздың қас-қабағына қарап, бала кездің қызығына көп бата қойғанымыз жоқ. Әйтсе де ол кезеңдерде күзгі жүгері жинау науқанында оқушылар сабақты сырып қойып, егістік алаңынан табылатынбыз. Жүгері сорттау кезінде Әсия деген сынып­тасым менің ұшқалақ мінезімді пайдала­нып «Сен жүйріксің ғой, мына көзілдірікті ана беттегі құрбыма апарып бере салшы» деген соң, танауым делдиіп жүгіріп бара жатып сүрініп-құлап, сындырып алғанмын. Сыныптасым жылап, мені қарғап-сілегені бар-ды. Осы оқиға есімде қалып қойыпты.


«Арпа ішінде бір бидай»
- Біздің ауыл - үлкен ауыл, үш мың тұр­ғыны бар. Қазір одан да көп шығар. Жа­сыратын несі бар, мектепте сабақты ман­дытып оқымадым. Математика, физика деген пәндер миыма кіріп-шықпайтын. Әдебиетке өте жақын едім. Түрлі үйірмелер­ге қатысып, көркемөнерпаздардың қата­рын­да жүрдім. «Сен адам болсаң, мұрнымды ке­сіп берейін» дейтін кейбір мұғалімдер. Бірақ та сыныпта ер балалар арасынан жоғары бі­лім алған мен ғанамын. Әкем Мұ­хамади, анам Күлшария екеуі де қара өлеңге жорға болған адамдар. Шешем жиын-тойларда көршіміз Күләш апамен қосылып, қарсыластарымен айтысып отыратын еді. Ата-анамнан дарыған шығар, мектеп қа­бырғасында жүрген кезімде мен де әзіл-оспақтар жазып жүретінмін. Алайда оны ешкімге оқытпайтынмын. Мақала түрткен емеспін. Мектеп бітірген соң, ел қатарлы оқуға барғым келді. Сарқан ауданында көркемөнер училищесіне Әсет Керімбаев деген айтысқа алғаш баулыған ұстазым жетектеп әкеліп, мұғалімдерге табыстады. «Емтихан болатын уақытта келесің» деді. Анамның қасынан ұзап шығып көрме­­ген басым оқуға барғым кел­мей қалды. Шы­­нын айтқанда, оқуға баратын жағдай да жоқ еді. Содан соң ауылда халық театры бар бо­ла­тын, сонда жұмыс істедім. Ең алғаш «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дра­масында Қозы­-ның рөлін сомдадым. Рөлді ойнай алмай, режиссер «Неменеңе жетісе­сің, сен де жа­рымаған жетімсің» деп сілкі­легенде бір 
күн жылап, «енді артист бол­маймын» деп, жұмысқа бармай жатып алғанмын. Алайда ертесі күні сахнаға қайта оралдым. Бұл менің өнер баспалдағындағы сәтті қада­мым болды. Бірнеше басты рөлдерді сом­дап, республикалық халық театрлары бай­қауының лауреаты атандым. Театрда жүргенде 1979 жылы аудандық газетке алғаш рет «Арман» деген өлеңім ба­сылды. Қат­ты толқыдым. Тіпті бірде ау­дан­дық га­зеттің тілшісі арнайы театрға ке­­ліп «өлеңді өзің жаздың ба?» деп сұра­ға-­­ны бар. Содан соң іле-шала мал қырқу нау­қа­ны туралы ақпаратым жарық көрді. Не керек, жиі-жиі жазып тұрдым. Өлең жазған адам­ға мақала жазу аса қиын емес. Облыс ор­талығына қазақ тілі қоғамына қызметке келгенде де «Жетісу», айтыс ақын­дары ту­ралы сол кез­дегі «Жерұйық» облыстық газетіне мақа­лаларым шығып тұрды. Кейіннен облыс­тық телерадиода репортер қызметтерін атқар­дым. Халық емшілері туралы жоспарлы хабарлар жасадым. Қыс­қасы, журналисти­ка саласын арнайы бі­тірмесем де журналис­тикаға кездейсоқ келгем жоқ. Күні бүгінге дейін Журналистер одағына мүшелікке де өт­пеппін. Менің алған жоғары білімім бас­тауыш сынып мұғалімі. Оның өзін сырт­тай бітірдім. 1996 жылы Талды­қор­ғандағы жалғыз оқу орны І.Жансүгіров атындағы институтта отыз қыздың ішінде жалғыз оқыдым. Сессияға келген қыздардың зачет­каларына ақын атымды пайдаланып баға қойғызып бе­ретінмін. Оқуға түскенім тіпті қызық болды. Мен туған ауылда өзен жоқ. Биология пәнінен «балықтың қандай түрлерін бі­лесің?» деген сұрақ келді. «Фа­рель, ит ба­лық» дедім күмілжіп. Бар біле­тінім сол. Емтихан алушы «Ары қарай» деді, басым­ды төмен салып үндемедім. «Кит ба­лыққа жата ма?» деп сұрады. Сасқаным­нан «Ой­бай, ол кемені төңкереді ғой, алып қой, ол балыққа жата ма?» деппін. «Біз сенен сұрап тұрмыз ба десем, сен бізден емтихан алып тұрсың ғой» деген сынақ алушы «Жарайды, елдің намысын қорғап жүрсің ғой» деп оқуға түсіріп жіберген.


Есенқұлмен «ерегес»
- Социализм дәуірінде айтыс көп болмайтын. Бірақ біздің ауылда көркем­өнерпаздар үйірмесі жақсы жұмыс істеді. Осы үйірмеге жетекшілік ететін Әсет Ке­рімбаев ең алғаш қыз бен жігіттің айтысын өзі жазып, оны Жайлаухан деген қыз екеу­міз орындадық. Содан бастап айтысқа аң­са­рым ауды. Әсекең күнде үйіне ертіп апа­рып, жаз­ған өлеңдерімді талдайтын. Бірде дом­быра ұстап отырып, қалжыңдарына өлең­мен жауап бердім. Ол орнынан атып тұрып, «сен суырып салады екенсің ғой» дегені бар. Көп ұзамай аудандық айтысқа қатысып жүлде алдым. Араға бір жыл салып Қалқа Жап­сар­баевтың 100 жылдығына арналған облыстық айтыста бас жүлденi иелендім. 1990 жылы республикалық наурыз айтысында үшінші орын алдым. Одан ке­йінгі өмірім өздері­ңіздің көз алдарыңызда. «Хайлайлім» аты­мен айтыс тарихында қолтаңбам қалды.
«Қайсы бірін айтайын, өңшең ғана ақ сұңқар-ай» демекші, ықылас-қошеметтің арқасында біз де сері болдық, сергелдеңге түстік. Қызды ауылдың маңайында қараң­ғыда жортқан қарсақтай жүгірдік. Қазіргі Құдай қосқан қосағыммен мектеп қабыр­ғасында жүргенде бала махаббаттан бастал­ған ғұмыр, дана махаббатқа ұласып барады. Қазақ «Кіммен ағарсаң, сонымен қарай» демей ме? Ал аруларға өлең арнау жағынан Есенқұлдан кем соққан жоқпын.


«Көп көрдім...»
- Сүйікті ісім көбіне кітап оқимын. Соңғы оқыған кітабым, жазушы Жанат Ахмадидің «Айтұмары». Дінмұхамед Қонаев туралы «Елу жыл ел ағасы» атты естелік кі­тапты қайта бір шолып шықтым. Қолым қалт етсе, көбіне терме-толғауларды жаным сүйіп тыңдаймын. Көгілдір экраннан, не болмаса радиодан қобыздың сарыны естілсе ет-жүрегім елжіреп тұрып қаламын. Қа­зақтың қайғы-қасіретінің барлығын осы қобыз аспабы арқалап жүргендей болады да тұрады маған. Өзім де терме жазамын. Жақында: 
- Көңілдің көрдім көктемін.
Өмірдің кештім өткелін.
Арманым асқақ, көргеннен,
Көрмегенім көп менің. 
Ботасы өліп боздаған,
Інгеннің көрдім шөккенін.
Әкесін тарқан сақалдан,
Баланың көрдім өскенін.
Халықты қойдай иіріп,
Әкімнің көрдім бөскенін, - деген «Көп көрдім» деген толғау жаздым. Сазгер Халық Ризабек деген ұнатып, ән шығармақ ойы бар.
Ал отбасыма келсем, екі балам бар. Үл­кені - Арман. Әлі үйленген жоқ, жоғары бі­лімді. Жаркент қаласындағы шекара отрядында келісімшарт бойынша қызмет атқарған. Қазір басқа жұмысқа ауысып жатыр. Кіші балам - Жандарбек, оны өз­деріңіз жақсы білесіздер. Үйленген, қазір Астана қаласына тұрады. Құдай бұйыртса, жақында немерелі боламыз. Зайыбымның есімі -Жәмила, үй шаруасындағы премьер-министр.

Түйін:
- « Ойын да ойлантады ойнай білсең, 
Ой түбіне жетпейсің, бойлай берсең» демекші, әсілі мен қиялшылмын. Ойға көп шомамын. Қам-қаракет тіршілік, бала-ша­ғаның болашағын ойлағанда, түн ұй­­қым төртке бөлінеді. Шығармашылық, поэзия өкілі болған соң, ұдайы ойға шомып жү­ремін. Қазір «Ақындар айтқан» екен деген кітап дайындап жатырмын. Енді осыны «баспаға қалай берем, кім демеуші бола­ды» деп бас қатырып жүрмін. 
Жалпы, бұл пәниден ұққаным көп. Халал мен харамды, жақсы мен жаманды, дос пен дұшпанды тани білуді мына өмір өзі түсіндірді. Атам қазақ бұл дүниені «бес күн жалған» деген ғой. Сол жалған өмірдің жарығында біреуден кейін, біреуден ілгері дегендей, қоңыр тіршілік кешіп келемін. «Бес күн жалған» демекші, ақын, сазгер Елена Әбдіқалықова Көкшетауға шығар­ма­шылық сапармен барып, халықпен жүз­десіпті. Өзінің әндерін орындап, көрермен сауалдарына жауап беріп тұрып, «Өмірдің жалған екенін бәріміз де білеміз, бірақ бұ­рынғылардың бес күн жалған дегеніне мен түсінбедім» десе, көрермендер арасында отыр­ған айтыскер Құдайберлі Мырзабе­­ков «Әй, Елена, қазақ, сенбі-жексенбіні қос­паған ғой» деген екен. Сол айтпақшы, бес­күн­дік өмірдің күнгейін де, көлеңкесін де көріп, көңілге көп нәрсе түйіп жүрген жайы­мыз бар.

Әңгімелескен 
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1519
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5898