Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 3809 2 пікір 26 Сәуір, 2022 сағат 09:49

Рухани келісім

Қазақстан – дінаралық келісімді биік тұғыр ретінде ұстанып келе жатқан ел. Діни бірлестіктердің өзара ынтымақтастықта қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік жасап отырған поликонфессиялы мемлекет ынтымақтастық идеалын ұстануда. Еліміздің рухани-мәдени саладағы саясатының негізгі басымдықтарының бірі – этносаралық және конфессияаралық келісім, соның негізіндегі мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы сындарлы диалогты дамыту болып табылады. Бұл диалог олардың өзара қарым-қатынастарының барлық тараптарын реттейтін заңнамалық-құқықтық негізде құрыла отырып, қоғамның тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

Қоғамдағы тұрақтылық мемлекет үшін ғана емес, діни бірлестіктер үшін де маңызды. Шынайы төзімділікке, толерантты мәдениетке бірлесе ғана қол жеткізуге болады. Жан Жак Руссоның «мемлекет үшін әр азаматтың өз міндеттерін жақсы көруге итермелейтін діні болуы маңызды» деп атап кеткеніндей, діндардың Құдайға деген сүйіспеншілігінен басқа Отанға деген адалдығы, патриотизмі болуы керек.

Қазақстанда конфессияаралық келісімді нығайтуда еліміздің тарихи қалыптасуында, мәдениетінде басымдылыққа ие ханафилік ислам дінің ханафи мазхабы мен христиандықтың православиелік тармағының өзара қарым-қатынасы маңызды рөлге ие екені даусыз. Олардың бейбіт қатар өмір сүруі әлеуметтік және рухани өмірдің тұрақтылығының кепілі болып табылады. Бұл өзара түсіністік сүйіспеншілік, мейірімділік, сенім, адамдар арасындағы бір-біріне құрмет, лайықты мінез-құлықты дәріптейтін ислам мен христиандықтың маңызды құндылықтарына негізделген. Қазақстан халқының тарихы мен мәдениетіндегі аталған дәстүрлі діндердің орнын ұлықтау мақсатында еліміздің мерекелік күндерінің ресми күнтізбесінде Құрбан айт және православиелік Рождествоның бекітілуі рухани келісімнің бірден бір айғағы деп түсінілу керек.

Қазақстанда жоғарыда аталған діни бірлестіктермен қатар, иудейлердің, католиктердің, лютерандардың және басқа да жаңа діни бағыттардың бірлестіктері жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы әлемдік діндердің жетекші орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Қазақстандықтардың Мекке мен Мединаға қажылық жасауға толық мүмкіндерінің еркін ашылуы, Қазақстанның Мәскеудегі православ шіркеуін қалпына келтіруге өз үлесін қосуы, 1999 жылы Нью-Йорктегі еврей қауымдастығына қасиетті қолжазбалардың сыйға тартылуы секілді тәуелсіздік жылдары жасалған игі шаралар еліміздегі рухани келісім мәдениетінің жоғары деңгейде көрініс тапқанын айғақтай түседі.

1992 жылдан бастап 18 қазан Қазақстанда Рухани келісім күні болып жарияланды. Бұл күні әрбір діни конфессияның еліміздегі рухани келісімді нығайтуға қосқан зор үлесі атап өтіледі. Рухани келісімге қол жеткізудің нақты бір дәлелі деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысымен басталған «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін» атай аламыз. Бұл съезд Қазақстанның діни жағдайды зерделеу ісінде көшбасшы болып табылатынын және әр түрлі діни ұстанымдағы адамдардың бір алаңда бас қосып, адамзатқа ортақ мәселелерді шешуге мүмкіндіктері бар екенін көрсетті. Шынында да, біздің елде мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы қатынастардың өзіндік моделі қалыптасты: серіктестік, өзара құрмет және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген конфессияаралық келісімнің бірегей моделі әлемдік деңгейде мойындалды.

Әлемдік діни ахуалды және көптеген шет елдердің тәжірибесін талдау мұндай модельдің неғұрлым оңтайлы және қолайлы болып табылатынын көрсетті. Мұны елеулі жетістік және одан әрі ілгерілеудің маңызды шарты деп атауға болады. Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында Тәуелсіздік жылдарында «біз қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық келісім, қазақстандық біртұтастық пен жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастыруды қамтамасыз ете алатын өзіндік модельді жүзеге асырдық. Бұл біздің қазақстандық «ноу-хау», біз оны мақтан тұта отырып, мұқият қорғауға міндеттіміз» деп атап кеткен еді.

Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс істеуде, бес мыңнан аса Үкіметтік емес ұйымдар мен 200-ден астам этномәдени орталықтар бейбіт қатар өмір сүріп, қоғамдағы рухани келісімнің жалғастығына үлестерін қосып келеді. Республикадағы діни алаң аясы да сан алуандығымен ерекшеленеді: 18 конфессияға тиесілі 3600-ге жуық діни бірлестіктер, олардың діни ғимараттары мен баспа басылымдары заң аясында қызметтерін жүргізуде.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап біздің біртұтастануымыздың қағидаты  ретінде қазақстандық патриотизм идеясы басты орынға қойылды. Патриоттық тәрбиенің тиімділігі Қазақстан тарихын, әдет-ғұрып, дәстүр, тіл, Республика халықтарының мәдениетінің еркін дамуына жол салынды. Қазақстандықтардың бір-бірін түсінуіне ұлты, әлеуметтік және діни айырмашылықтары да кедергі болған жоқ және болмауы тиіс қағидасы берік орнықты. Қазақстандық патриотизм – аға буынның арқасында қалыптасқан қоғамда қиын дағдарыстық жағдайларға төтеп беруге көмектесетін моральдық тұғыр, қазық болды десек артық емес. Оның өзіндік бет-бейнесі мен менталитеті бар, оның негізгі белгілерінің бірі – Қазақстанға өз Отаны ретінде деген сүйіспеншілік, қонақжайлылық пен риясыздық, өзара көмек, елде атап өтілетін мерекелердің интернационализмін атап кетуге болады. Дәл осы халықтық отансүйгіштік Қазақстанды әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің біріне айналдыруға көмектесті. Осы қол жеткен жетістіктер Съезд жұмысының өміршеңдігіне негіз болып келеді және алдағы уақыттағы жоспарланып отырған «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі» аясында жан-жақтан келетін діни көшбасшылардың тарапынан атап өтілетініне сенімдіміз.

Халық, ең алдымен, жастар, патриотизм дегеніміз бұл тек бір ұлтты ғана мадақтау, көтермелеу емес, мәдениеттер, діндер мен дәстүрлердің бейбіт өзара іс-қимылы арқылы ғана Қазақстанды дамытатын қуатты ресурс екенін білуге тиіс.

Қазақстан Республикасындағы бітімгершілік саясаттың нәтижесінде Қазақстан Орталық Азиядағы қауіпсіздік режимін сақтаудың бірден бір кепілі болып отыр. Бейбіт қатар өмір сүру үлгісі, өңірлік қауіпсіздікті тұрақтандырушы және еліміздің экономикалық реформалардың көшбасшысы ретіндегі мәртебесі біздің елімізге геосаяси, геоэкономикалық және геоақпараттық сипаттағы жаһандық және өңірлік құрылымдарда салмақты рөл атқаруға мүмкіндік береді. Басым бөлігінде халықаралық ұйымдардың біздің елімізге сенім артуы этносаралық және конфессияаралық келісім моделінің арқасында мүмкін болды деп айта аламыз. Еліміздегі рухани келісім мәдениетінің жоғары деңгейі – Қазақстанның кемсітушілікке, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес ісіне, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қолдаудың жалпы әлемдік процесіне қосқан үлесі болып табылады. Қазақстанда барлық діндердің тең құқығына кепілдік беріле отырып, конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуге толық бейімділік танытып келеді. Елімізде исламның, басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық дәстүрлерін құрметтеледі және дамытуға қолдау көрсетіледі. Дегенмен осы заманғы зайырлы мемлекет орнату саяси бағдар болып табылады. Қазақстан Республикасы жалпыадамзаттық құндылыққа негізделген рухани келісімді баянды етуге мүдделі және сол бағытта дами бермек.

А.Д. Құрманалиева,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297