Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 4610 6 пікір 26 Сәуір, 2022 сағат 10:50

Ресейдің «Үлкен Еуразия» стратегиясы һәм Қазақстан

Кеңес Одағы ыдырағаннан соң, 2000 жылға шейін Б. Ельцин билігі Ресейде демократиялық институттардың алғашқы нышандарын - сайлау жүйесін қалыптастырып, саяси өмірді жандандырған-ды. 2000 жылы Кремль билігінің тізгіні В.Путинге өте салысымен, ол елдің ішкі жақтағы қордаланған саяси мәселелерін шешуге кірісті, әрі осы арқылы билігінің іргесін бекемдеуге көшті. Негізгі мақсаты Кавказ аймағындағы шешен халқының ұлттық амбициясын тұншықтыру болды. Оны асыра орындады да.

2001 жылғы АҚШ-тағы 11 қыркүйек оқиғасы әлемде авторитарлық жүйенің асқынуына жол ашты. АҚШ-тың геосаяси стратегиялық бағыты Азия-Тынық мұхит аймағынан Таяу Шығысқа бетбұрып, мұсылман әлемінен «террор» аулауға көшті. Бұл - Ресей, Қытай, Иран, Венесула қатарлы авторитарлы елдер билігінің көздеген мақсаттарына жетуі үшін мүмкіндік болды. АҚШ қатарлы Батыс елдері Таяу Шығыстан «террорист» іздеуден тыс, диктатор елдермен экономикалық мүдделеріне баса мән беріп, арзан энергетика көздеріне қол жеткізуге барын салды да, өздерінің әсілгі «адам құқығы, демократия» атты құндылықтары екінші орынға ысырылды. Міне, осы вакумды, әсіресе, Кремль мен Пекин билігі сәтті пайдаланып, экономикасын дамытты, әрі АҚШ-тың «террор» стратегиясын қолдаған болып, өз елдеріндегі мұсұлман азшылықтарды «террордан» тазартып алды. Яғни, осы 15 жылда Ресей мен Қытай «ет алып, күш жинап», ішкі саяси мәселелерін шешіп үлгерді де, одан арығы кезекте аймақтық, тіпті, әлемдік масштабта өз мүделерін түгендей бастады.

Ресейдің «Үлкен Еуропа» төріне ұмтылуы

1990 жылдардың басында Ресейдің бар аңсары Еуропаға кірігу болған. Яғни, басты сыртқы саяси стратегиялық бағыты Еуропа болып келді. Еуропа да бір кезде Ресейді өз құшағыны алу арқылы қауіптің алдын алуды көздеген болар. 1962 жылы Франция президенті Де Гол «Үлкен Еуропа» жобасын ұсынды. Ресейді Кеңес Одағына бағыныштылығынан айырып, тәуелсіз ел болуын, әрі Еуропа өркениетіне қосылуын көздеген жоба болатын. Яғни, бұрынғы Кеңес одағына бағытталған интеграциялық жоба тұғын. Кеңес Одағы ыдыраған соң, 1990 жылдардың басында Ресей Еуропаға кірігуді көздеді. Интеграция алға ілгерлеп, Ресеймен Еуроодақ, НАТО арасында серіктестік құжаттарға қол да қойылған. Тіпті, Ресей Еуропа кеңесіне мүше де болды. Сол күннен бастап Ресей осы жоба процесстеріне белсенді араласты. Бұл – Ресей үшін Батыстан әртүрлі көмек алудың мүмкіндіктері болып көрінген. Яғни, Кремль Еуропадан мынадай үміт күтті: Ресейдың халқаралық істердегі орнын мойындау, озық технологияларға қол жеткізу, қаржы нарығына ену, Еуропа қауіпсіздік жүйесіне өзгеріс жасау, Еуропада өзіне лайықты орны болу. Ресей Еуроодаққа бірден мүшелікке қабылдауды өтінді. Бірақ, Ресейдің бұл талабы қабылданбады.

1994 жылы қол қойылып, 1997 жылы күшіне енген «маңызды серіктестік және ортақ келісім» атты құжатта: «Еуропа, Ресеймен тек стратегиялық серіктестік бойынша байланысты арттырады. Яғни, экономика, қауіпсіздік, білім-техника және құқықтық кеңістіктерде ғана серіктестік танытады» деп көрсетілген. «Үлкен Еуропа» жол картасы осылай түзіліп, Еуроодақ бұрынғы КО-ға қарай жылжи береді. 2003 жылы, Еурокоммиссия: «Үлкен Еуропа» - Еуроодақтың шығысы мен оңтүстігіндегі көрші елдермен болатын қарым-қатынастардың сұлбасы» атты жобаны ортаға салады. Бұл жоба, Ресей түсінігіндегі «Үлкен Еуропа» жобасының рухына сай емес, керісінше, Ресейге қарай ірге кеңейтетін кесірлі жоба болып көрінеді. Осылайша, Ресей Еуропадан қалаған көмекті ала алмай, күткен үмітіне қол жеткізе алмай қалады. Қысқасы Путин «Үлкен Еуропа» жобасынан үмітін үзе бастайды.

2008 жылы Ресей мен Грузия арасында қарулы қақтығыс орын алып, Ресей Грузияның Оңтүстік Осетины автономды аймағына басып кіріп, тәуелсіз ел деп мойындайды. Нәтижесінде, Ресей Еуропаның санкциясына тап болады. Ресейдің «ақиқатқа» көзі жетеді де, «Үлкен Еуропа» жобасы Ресейдің ұлттық мүддесіне сай келмейді» деген қортындыға келеді. Ақыры, Кремль қожайыны В.Путин «Үлкен Еуропа» жобасын енді жалғастырудың мәнісі жоқ деп шешеді, нүкте қояды.

Путиннің «Үлкен Еуразия» жобасына бетбұруы

Еуропадан күдерін үзген Ресей өзінің дәстүрлі ықпал ету аймағын қорғап қалу үшін дереу СНГ елдерімен болған интеграцияны бастайды. Қазақстанның авторитар басшысы Н.Назарбаевты алдап-сулап, алдыға салып, алдымен «Еуразиялық Кеден Одағын», соңында «Еуразиялық Экономикалық Одақты» құрып үлгереді. Ендігі жерде Кремль билігі салмағын арттырып, ЕАЭО атынан Еуропамен үстел басында тең құқылы болуды көздейді. Ресейдің бұл қалауына Еуроодақ та, АҚШ та мән бермейді. 2014 жылы Ресей Украинның Қырым аймағын аннекциялап, Донбасс өңіріндегі сепаратистерді қолдайды. Ресейдің агрессиясына АҚШ пен Еуропа елдері қатаң санкцияларын енгізеді.

2016 жылдың 17-ші маусымда, Санкт-Петербург қаласында өткен «кезекті Санкт-Петербург халқаралық экономикалық саммиттінде» Ресей президенті В.Путин: «ЕАЭО жалғасты дамып, одан да ірі бірлестікке – «Үлкен Еуразия» серіктестік аймаққа айналмақ» деп мәлімдеді. Әрі аталмыш серіктестікке ЕАЭО елдерінен тыс, Қытай, Үндістан, Иран, Пәкістан т.б. елдер қосылатынын жариялады. Міне, бұл Путиннің «Үлкен Еуразия» жобасының дүниеге келген ресми күні саналды. Қысқасы, Ресейдің геосаяси стратегиялық бағыты – «Батыстан» «Шығысқа», «Үлкен Еуропадан» «Үлкен Еуразияға» бет бұрады. Осылайша, ендігі жерде Путин Еуропа мен АҚШ-тың қабағына қараудан түбегейлі «арылады».

«Үлкен Еуразия» ұғымы геосаясат бойынша, Атлант мұхиты жағалауынан Тынық мұхиты жағалауына шейінгі аумақты қамтитын, Солтүстік Еуразия елдерін – ішінде тұтас Еуропа елдері кіретін, Ресей, Қазақстан елдері мен Кавказ аймағы қамтылатын геосаяси термин.

Путиннің бұл жобасы, яғни, Еуразия аймағы серіктестігінің көздеген межесі мен Қытай төрағасы Шидің «бір белдеу, бір жол» жобасының негізі бір деуге келеді. Қазіргі таңда, Ресей мен Қытай «Үлкен Еуразия» мен «БББЖ» жобаларын ұштастырып, «бір белдеу, бір одақ» жобасын жоспарлап, оны өзара үйлестіру үстінде. Егер бұл екі жоба сәйкесер болса, онда Еуразия құрлығының интеграциялық процессі тездеп, жобаға Еуроодақ пен Үндістан қосылады деген үлкен үміттері бар көрінеді. Ресей мен Қытайдың бұл жобаларын құрудағы түп көздегені – АҚШ-тың «әлемнің жетекші елі» деген титуылды орнын әлсіретуді мақсат тұтатыны белгілі.

Соңғы жылдардағы санақ бойынша, Ресейдің Азия-Тынық мұхит аймағымен болған сауда-саттық көлемі арта түскен. Әрі бұл үдеріс ұлғаю үстінде көрінеді.

Бүгінде, Ресей Еуразия құрлығындағы тиімді географиялық артықшылығын пайдаланып, Қытай, Пәкістан, Иран т.б. елдермен, тіпті, Еуроодақпен серіктестікті кең көлемде іске асыруды көздеп келген. Еуразия құрлығының интреграциясын толықтай жүзеге асыруды, соңында АҚШ-тың әлемдік үстемдік орнына бәсекелесе алар балама күш болуды көздейтіні белгілі. Осы арқылы АҚШ-тың Еуразия құрлығына болған ықпалын әлсіретіпп, әлемнің тұрпатын бір польярлықтан, көппольярлыққа айналдыру Кремльдің көксегені болса керек.

Бұл Путиннің арманы. Яғни, ол – Шығыс Еуропадан шығыста Қытайды, оңтүстікте Үндістанды, батыста Иранды қамтыған географиялық кеңістіктің геосаяси-стратегиялық тізгінін қолына алып, «Үлкен Еуразияның» ұлы қолбасшысына айналуды көздеуі мүмкін. Оның осы ниеті жүзеге асу үшін, Орта Азияның геостратегиялық маңызы тым зор болатын. Путиннің геосаяси қиялы «ұшқыр», амбициясы күшті болғаны сонша, оның тәбетін кім тежей алары белгісіз болып келді.

Кремльдің «Үлкен Еуразия» жобасының ОА-ға ықпалы

«Үлкен Еуразия» жобасының іске асуы үшін Орта Азияның стратегиялық маңызы өте зор. ОА – тұтас Еуразия құрлығының жүрегі саналады. Еуразия құрлығын ОА-сыз жалғау да, тұтастыру да мүмкін емес. Әсіресе Путиннің бұл жобасы ОА-сыз оңтүстіске де, шығыс-оңтүстікке де қадам баса алмайды. Кремльдің имперлік амбициясы үшін ғана емес, тіпті, Ресейдің жәй тыныс-тіршілігі үшін де ОА-ның маңызы зор, әрі ендігі жерде зорая бермек. Қысқасы, ендігі өріс аясы тек Кавказ бен ОА аймағы болмақ.

Жоғарыда айттық: Батыстың бейқамдығы Путиннің «ет алып, күш жинауына» мүміндік тудырды. «АҚШ-тың басты қателігі Орта Азия мен Кавказға баса көңіл бөлмей келуі болды» деген сарапшы Секутаның: «АҚШ санкциялары мықты халқаралық коолиция құрумен бірге, халқаралық тәртіпті күшейтетін табанды, қатаң және креотивті дипломатиямен қатар жүруі керек еді. Әсіресе, мұндай дипломатия дәл қазір Орта Азия мен Кавказ аймағына аса қажет» деген сөзінің жаны бар. Ол «Путиннің агрессиялық амбициясына қарсы тұру үшін, АҚШ күрес алаңына шығып, Украин мен Балтық жағалауы, сондай-ақ, Орта Азия және Кавказ елдерінің тәуелсіздігіне, аймақтың тұтастығы мен қауіпсіздігіне, гүлденуіне қызығушылық танытуы керек» еді деген ойда.

2022 жылғы Ресейдің Украинға шапқыншылығынан туындаған Батыстың құрсауы мен санкциялары Ресейдің барлық саласына күйрете соққы болары анық. Тіпті, Путин тақтан кетпей, Ресей демократияға толық бет бұрмай, ендігі жерде өркениетті елдермен бір сапта бола алмайтыны байқалуда. Санкция салдары Ресейді «3-ші әлемге» құлдыратқанымен, жерінің кеңдігі, шикізат қорының молдығы халықтың тұрмыстық тұтыну қажеттілігінің едәуір бөлігін өзі қамтамасыз ете алу артықшылығы - Путиннің өмірін ұзарта тұруы ықтимал. Егер де Қытай Батыспен «сөзбайласып» кетпеген жағдайда, Ресейдің арқа сүйер негізгі сыртқы таянышы Қытай нарығы болмақ. Кеңес Одағының Үндістанға өтіп кеткен кезіндегі жақсылығы Путиннің тұйыққа тірелген осы қиын күндерінде қарымта болып қайтуы да ықтимал. Орта Азия мен Оңтүстік Азиядағы Үндістанға дейінгі стратегиялық аймақ – Путиннің «Үлкен Еуразиясының» негізгі қанатына жатады. Десе де, осы арқылы Үнді мұхитына шығуды жоспарлаған Путиннің арманы қатаң санкцияның салдарынын әдірем қалар қаупі төніп тұр. Өйткені, Кремль билігі ендігі жерде энергетика ресурснан бұрынғыдай көл-көсір табыс таба алмайды. Саяси, экономикалық, моралдық жақтардан мүмкіндігі әлсіреген елдің әлемдік амбициялы жобасының іске аспасы тағы белгілі. Путиннің Қытай мен Үндістанды ұтымды пайдалану арқылы ұлы жоспарын кәдеге жарату әсілгі арманы - «Ұлы Еуразия» жобасы Украиға жасаған басқыншылығы себебінен құрдымға кетер түрі бар. Ендігі жерде, АҚШ бастаған Батыс қоғамы Ресейдің агрессиясын тек санкциямен тоқтату мүмкін емес екеніне көздері жете бастауы керек. Қысқасы, Путиннен құтылу үшін, Ресейді Қытай және Үндістанмен болған серіктестігінен ажыратып тастауды көздейтіні анық. Сондықтан, алдағы уақытта аймақтағы геосаяси жағдай өзгеріске ұшырып, Еуразия кеңістігіндегі бас ойыншы болуға Үндістан мен Қытай таласып жатса таң қалмаймыз.

Ресей үшін ОА-ның геосаяси салмағының маңызды болғаны сияқты, ондағы жетекші ел – Қазақстанның салмағы да Кремль үшін тым зор. Ресейдің саяси-экономикалық ықпалының тым терең екеніне қарамастан, алдағы уақытта Ақорда өзінің төл мүддесін күйіттей бастаудан басқа жол таппайды. Бірінші кезекте, табиғи ресурстарды экспарттау жүйесін әртараптандыру өте маңызды болып тұрғаны белгілі. Қанша күрделі, әрі қымбат болса да жалғыз жол – Ресейге байланып қалмаудың жолын табу болмақ. Назарбаев құрған кесірлі, кері жобалардың зардабын қазақ елі әлі тартатын болады. Осы барыста Ақорда мен Кремль арасында түсіністік қиындай түспек.

P.S: Путиннің тұмсығы Украинада тасқа тиді. Моралдық, экономикалық һәм техникалық тығырыққы тірелген Путиннің Қазақстаннан айырылмауға барын салуы ықтимал. Дәл осы шақта ОА-да АҚШ пен Түркияның дауысы зорая түседі. Міне, осындай жағдайда, өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағыдай Кремль билігі Пекинмен ымыраласып, Шығыс Түркістан аймағын саудаға салғанындай Қазақстанға белгісіз бір қарекет жасауы ықтимал екеніне күмәнданудың әбестігі жоқ. Ең үлкен қатер міне, осы. Сондықтан да Ресеймен болған қатынасымызда сабырлы да сақ болып, шынайы көпвекторлық сыртқы саясатқа баса мән беру керек. Ресейдің соңғы үміті Қазақстанда үзілмей-ақ, қойсын! Алдағы күндері аймақтағы геосаяси жағдай қазақ елі үшін тағы да тарихи сынақ болмақ.

Бақан Берікжан

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290