Жұма, 22 Қараша 2024
Қоңырау 4005 4 пікір 26 Сәуір, 2022 сағат 12:11

Қытай дамуының үш сатысы

Басы: Дэн Сяопин және Қытайдың дипломатиялық стратегиясы

Жалғасы: Баса билеуге қарсы тұрып, әлемдік бейбітшілікті қорғау

Жалғасы: Қарсыласу - достықтан, одақтасу - елдіктен айырады!

Жалғасы: Дэн Сяопиннің АҚШ-қа сапары

Жалғасы: Кеңес Одағына қарсы күрес...

Ғаламдық бейбітшілік үшін күрес

Көршілермен татуласу, Азия мен Тынық мұхиты аймағына табан тіреу және әлемге бет алу Дэн Сяопиннің әлемдік бейбітшілік үшін күресі мен Қытай дамуының үш сатысы жөніндегі басты ой-жоспары болатын.

Қытайдың осы замандандыру құрылысы бейбіт, берекелі, тыныш халықаралық ортаны қажет етеді. Мұнда, ең алдымен, көршілермен тату-тәтті байланыс болуға тиіс. Қытай таяу заманғы тарихында күшті елдерден қатты қорлық көріп, бұланып-таланған ел. Соның ішінде Қытайға тізесі қатты батқан екі қатыгез көршісі болды. Оның бірі – Ресей, екіншісі – Жапония. Дэн Сяопин көршілермен ара-қатынасты реттеуде дипломатиялық саясаттың басты бағытын мемлекеттің қауіпсіздік мәселесіне бұрды. Мұнда көрші ірі, қуатты елдердің Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздігіне  төндіретін қатерінен сақтанумен бірге басқа да шағын көрші елдердің  ірі, қуатты көршінің жетегіне еріп, Қытайды стратегиялық қоршаудың қаупін арттыруын болдырмау еді.

Көршілермен ара-қатынасты жақсартудың олармен өзара пайдалы экономикалық барыс-келіс жасаудай пайдалы жақтары да жетерлік. Қытайдың көрші елдермен қарым-қатынасы географиялық абзалдықтарға ие. Тіпті, көптеген елдермен мәдени біртектілігі де бар. Табиғи байлық және нарықтық қажеттілік жақтарда өзара толықтырудың үлкен мүмкіндігі бар. Көрші елдерді елемей, қиырдағы Еуропа мен АҚШ-пен ғана достасу тым ақылсыздық болар еді. Көрші елдермен экономикалық, мәдени байланыстарды дамыту - ортақ өркендеуге күш салу арқылы тұтас Азия, Тынық мұхиты елдерінің ортақ гүлдену ғасырын қалыптастырудың таптырмас тәсілі.

Дэн Сяопин Жапониялық саясаткер Коно Ёхэйді қатты сыйлайтын. Әсіресе, оның аты-жөнінің Қытай иероглифтерімен бейнеленгендегі мағынасы Дэн Сяопинді қатты қызықтыратын (Коно – қытай иероглифымен 洋平 деп жазылады да, қытай тіліндегі мағынасы «мұхиттағы бейбітшілік» деген ұғымды білдіретін). 1977 жылы күзде Бейжіңде онымен кездескенде оның есімі Дэн Сяопиннің санасында мәңгі сақталып қалды. Келесі жылы Дэн Сяопин Жапонияға сапары кезінде онымен қайта кездесіп: «Сіз өз атыңызды мәңгі өзгертпеңізші» - деген өтінішін айтты. Коно Ёхэй таң-тамаша болып: «Неге олай дедіңіз?!» - деп сұрағанда Дэн: «Тынық мұхиты аймағының бейбітшілігі - менің ең ұлы арманым»  - деген болатын. Сонда ғана өз атының қытай ұғымындағы бейбітшілікпен байланысты екендігін түсінген саясаткер Дэн Сяопиннің тапқырлығына таңқалыс білдірген болатын. Жапония - Қытай көршілерінің ішіндегі әлемдік деңгейдегі  экономикалық держава. Қытай-Жапон достық қарым-қатынасы Дэн Сяопиннің Азия-Тынық мұхиты аймағының бейбітшілігі үшін күрес жолындағы аса маңызды әріптесінің бірі. Сол себепті де ол осы жолда жан сала еңбек етті, күшін, ісін арнады. 1977 жылы ол билікке қайта орала салып, көп өтпей Жапонияның үкімет делегациясын қабылдап, Қытай-Жапон арасындағы келіссөздерді қалпына келтіріп, бейбітшілік-достық келісімшартын тездетіп жасауға бел байлады. 1978 жылы ол шешуші билікті қолына алысымен шет елдерге бағыттаған тұңғыш сапарын Жапониядан бастады. Ол бұл туралы былай деген болатын: «Қытай-Жапон қарым-қатынасында айтатын әңгімелер айрықша көп. Соны мына бір сөйлемге сыйдыруға болады: Қытай-Жапон халықтары ұрпақтан ұрпаққа дос болып қалуға тиіс». Бұл сөйлемнің салмағы шешуші мәнге ие. Осы сөйлемдегі мақсатты іске асыру жолында Дэн Сяопин барлық орайды  қалт жібермей, Жапонияның әр сала қайраткерлерімен кездесуді әдетке айналдырды. Ресми санаққа қарағанда, ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы 10 жыл бойы ол 365 рет шет елдік қонақтарды қыбылдапты. Соның ішінде Жапониядан келген делегация және жеке тұлғалармен 55 рет кездесу өткізіпті. Дос пейілді, аса ықпалды Жапониялық қайраткерлерді Дэн Сяопин аса мәртебелі мейман ретінде қабылдап, көп рет кездесіп, сұхбаттасып отырады екен. Сол 10 жылда  Дэн Сяопинмен 6 рет кездескен жапондық тұлғалар да бар. Екі ел қатынасында күрделі мәселелер туындағанда ол жапондық қайраткерлермен кездесуді жиілетіп жіберетін. Қытай-Жапония қатынасына көлеңке түсіретін, мысалға, оқулықтарға өзгеріс енгізу, Ясукуни қабірстандығына тауап ету, Жапония мен Тайвань қатынасы қатарлы ақпараттар болса, мұндайларға ерекше сезімталдықпен қарап, байқала қалса, өз пікірін ашық айтып, сынап-мінеп, өз қарсылығын жасырып қалмайтын. Мұндай істер ұлық-аусар кездесіп қалса, оған таңданудың қажеті жоқ. Бірақ, ол үлкен ауқым, беталысқа айналып, Жапония милитаризмінің қайта бос көтеруіне ұласса, мың бір машақатпен қалпына келтірген жапон-қытай достығын құрдымға кетіріп, Тынық мұхиты аймағының тыныштығын күл-талқан етуі мүмкін. Дэн Сяопин қытай-жапон бейбітшілік-достық келісімінде баса билеуге бірлесіп қарсы тұру жөніндегі тармақтың енгізілуін табанды талап етуінің себебі, бірінші кезекте, достық шартына қол қойған екі тараптың баса билеуге ұмтылмау жөніндегі өз-өзін тежеу және жауапкершілік алу борышын айқындау болатын. Ол жапондық қонақтарға үнемі қайталап айтатын сөзі -  «өткенді ұмытпайық, кейінгі ұрпақ ғибрат алсын» деген сөз болатын. Ол Жапонияның Қытайды қырына алатын мемлекеттердің қатарында болмағанын армандады. 1989 жылы маусым айынан кейін Тиан Ан Мын қырғынына байланысты Жапония да басқа да батыс елдеріне ілесіп Қытайға санкция салғанда Дэн Сяопин Жапонияның экономика қоғамының Қытайға сапарлап келген делегациясын қабылдағанда: «Жапония өз жағдайын да ойлағаны жөн. Менменсудің соңы жақсы болмайды. Қытай да өзін ешкімнен кем-қор санамай, құдіретті елдердің қатарына жетуге күш салады» - деген болатын. 1991 жылы тамызда Жапония премьер-министрі Кайфу Тосики Қытайға ресми іссапармен келіп, қытай-жапон қатынасы қалыпқа түсіп, бұрынғыдай достыққа ұласқан соң  ғана Дэн Сяопиннің көңілі сабасына түсті.

Корей түбегі Қытайдың оңтүстік қақпасы саналады. Бір жылдары Жапония Қытайға шабуыл жасағанда, кейін АҚШ бастаған елдер Қытайдың қауіпсіздігіне қатер төндіргенде бәрі де осы бір аймақты өзінің базасына айналдырған болатын. Корей түбегіндегі орнықсыздық Қытайдың шығыс аймақтарына, әсіресе, шығыс-солтүстігінің қауіпсіздігі мен мүддесіне тікелей қатер төндіреді. Сол себепті  Дэн Сяопин Қытай мен солтүстік Кореяның қатынасы ерекше маңыз алатындығын айтқан болатын. ХХ ғасырдың 70-жылдарының соңын ала Қытай мен солтүстік Корея басшылары ауыл үйдің адамындай жиі барысып-келісетін. 80-жылдары Дэн Сяопин тіпті де шынайы, ақылды саясат қолданып, солтүстік Кореямен қанды көйлек достықты жалғасты бекемдеуден тыс, батыс пен шығыс қарым-қатынасын жақсарту мақсатында  капиталистік оңтүстік Кореямен де байланысты қалпына келтіруге күш салды. Ол енді бұрынғыдай қоғамдық түзім мен идеологиялық шеңберден шығып, «солтүстік Корея – досым, оңтүстік Корея – жауым» деген тар шеңберді бұзып, Корей түбегі мәселесін ұлттық тұтастық негізінде бейбіт жолмен реттеуге күш салды. Бұрынғы саясат туысқан бір халықты қасақана қырқыстырумен бірдей болатын. Ол оңтүстік пен солтүстік Кореяның БҰҰ-на қатар мүше болуын жақтап, оңтүстік пен солтүстік келісіміне ара ағайындығын жасау арқылы бейбіт бірігудің жолын іздеуге екі тарапты да үгіттеумен болды. Міне, бұл  өзі де тұтастықты армандайтын, басқалардың да бірлесуіне қол ұшын беретін адал, ақылды дипломатиялық саясат болатын. Мұндағы түпкілікті мақсат та айналаның тыныш болуы, Азия-Тынық мұхиты аймағының бейбіт орнықтылығы үшін жасалған тірлік еді.

Шығыс-оңтүстік Азия елдерімен көршілік достық қарым-қатынасты қалпына келтіру Дэн Сяопиннің көршілермен тату болып, бейбіт халықаралық жағдай жасау ойының маңызды құрамдас бөлігі болатын. Шығыс-оңтүстік Азия аймағы жарты ай іспетті Қытайдың оңтүстік шекарасын айнала қоршап жататын. Бұл аймақтың жағдайындағы өзгеріс Қытайдың оңтүстік шекарасының қауіпсіздігі мен мүддесіне тікелей байланысты. 1978 жылы Дэн Сяопин Жапонияға сапарын аяқтаған соң, оңтүстік Азия елдеріне бағытталған сапарын бастады.

Дэн Сяопин оңтүстік Азия одақ елдерімен арада өзара қолдау, өзара көмек көрсету қатынасының орнағанын қалады. Ондағы өзара қолдау көрсету деген сөз – кез-келген мемлекетпен одақтың оңтүстік Азия елдеріне баса билеу мен өздерінің ықпал-күш аймағына айналдыруға қарсы тұруды көздейтін. Ол Қытай мен оңтүстік Азия одақ елдеріне ортақ қауіпсіздік мүддесіне сай келеді деп есептеді. Ал бір-біріне көмектесу дегеніміз – таяу жылдардан бері оңтүстік Азия елдері экономикасының қарыштап дамуы мен Қытайдың реформа мен есік ашуы арқылы осы замандандыру құрылысының қарқын алуын өзара тоғыстыру мақсатында жоспарланды. 1978 жылы қарашада Дэн Сяопин оңтүстік Азия одақ елдеріндегі Тайланд, Малайзия және Сингапур елдеріне сапар шегіп, аталған үш елге достық құшағын ұсынып, «ізгі көңіл, шынайы тілек, түсіністік пен өзара құрмет» көрсету арқылы әркім өз орны мен көзқарас майданын айқын білдіруін үміт етті. Қытай мен оңтүстік Азия одағы елдері арасында оңтүстік теңіздегі кейбір аралдардың иелік құқығы мәселесінде келіспеушіліктер бар болатын. Бұл келіспеушіліктің қоламтасы сол кезден бері 40 жылдан астам уақыт өтсе-дағы әлі де бықсып жатыр. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Иелік құқықты қоя тұрып, бірлесіп игерейік!» - деген ұсынысы арқылы талас-тартысты уақытша толастатқандай болған. Сол кезде халықаралық ақпарат құралдары Қытай оңтүстік және батыс аралдарға заңды иеленуші құқығын қайта дәріптей отырып, қатысушы тараптар ортақ қаржы топтап, аталған аралдарды игеру ұсынысы сол кездегі «ең ақылды, жасампаз» ұсыныс болды деп бағалаған болатын. Шығыс Азия одағындағы кейбір елдердің көңілінде «Қытай қаупіне» байланысты түрліше алаңдаушылықтар іштерінде шемен болып қатып жатыр еді. Олар Қытай күндердің күнінде құдіретті елге айналса, оларға күн көрсетпейді деп алаңдайтын. Осындай кедергілерді арылту үшін Дэн Сяопин ақыл-қайратын аяған жоқ. ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы 10 жылда ол шығыс Азия одағынан келген қонақтарды 17 рет қабылдап, Қытайдың ізгі ниеті мен шынайы көңілін таусыла түсіндіретін. Оларға күдік-күмәннан арылып, түрлі барыс-келістер мен экономикалық істестікті одан әрі дамытуды жалықпай үгіттейтін. Дэн Сяопиннің бұл еңбектері еш кеткен жоқ. 1990 жылы Қытай Индонезиямен дипломатиялық қатынасты қалпына келтірді. Жаңа Зеландиямен дипломатиялық қатынас орнатты. 1991 жылы Брунеймен дипломатиялық қатынас орнатты. Қазір Қытай күллі шығыс Азия одағы  елдерімен толықтай дипломатиялық қатынас орнатқан.  1992 жылы Қытай тұңғыш рет бір жылда бір өтетін Қытай мен Азия одағы елдері арасындағы диалогқа және Азия-Тынық мұхиты экономикалық-істестік форумына қатысты. Міне бұл шығыс Азиядағы одағы елдірінің Азия-Тынық мұхиты аймағының ірі істері Азияның алып айдаһары Қытайдың қатысуынсыз шешім таппайтындығын түсінгендігі еді.

Оңтүстік Азия елдерінің солтүстігінде орналасқан мемлекеттер мен Қытайдың 5000 км-ге созылып жатқан ортақ шекарасы бар. Бұл жердегі жағдайдың Қытайға тікелей әсері бар. Дэн Сяопиннің бұл елдерге ұстанған бағыты бүліншіліктен сақтанып, тыныштыққа талпыну болатын. Егер көрші елдерде бүліншілік, бұлғақ пайда болса, амалын тауып орнына қою, бейбітшілік жағдай орнаса, барлық күш-жігермен көмек көрсету, мысалға, оңтүстік Азия елдерінде ядролық қарусыз аймақ құру идеясына қолдау білдіру, Непалдың бейтарап, бейбіт аймақ құру идеясын қолдау, Шри-Ланканың Атлант мұхит бейбіт аймағын құру идеясына қолдау білдіру сияқты болып кете береді.

Қытайдың оңтүстік Азиядағы тату әріптестері Мьянма мен Пәкістан болатын. Ал Қытай мен Мьянма отыз жылдан астам уақыт тату көршілік қатынасын сақтап келеді. Дэн Сяопин Қытай-Мьянма қатынасын ерекше бір достық-бауырмалдық қатынас деп бағалаған болатын. 1978 жылы ол Мьянмаға сапарлай барғанда екі жақ бір-біріне ет жақын туыстардай ерекше бауырмалдық танытты. Ал Пәкістанмен ара-қатынаста Қытай мен Пәкістан арасын Дэн Сяопин «ешқандай ала бөтен өкпе-реніш жоқ көрші» деп бағалаған болатын. Әрине, мемлекет аралық ара-қатынаста қыл өтпейтіндей татулық болмайды. Пікір алауыздық болса, келіспейтін түгі де жоқ. Солай да достықтың аты – достық. 1989 жылғы Тиан Ан Мын қырғынынан соңғы дипломатиялық дағдарыста күллі батыс әлемі Қытайдан теріс айланғанда, Пәкістан үкіметі ғана Қытайға «толық түсіністікпен қолдау» білдіріпті. Өмірде сондай да бір демократиялық елдердің билігі болады екен. Дэн Сяопин он жылдан аса Қытайдың іс жүзіндегі билеушісі болған жылдары Бенгалия, Непал,  Шри-Ланка  қатарлы оңтүстік Азия елдірмен дәстүрлі көршілік-достық қатынасын табысты түрде бекемдеп және дамыта алды.

Азиядағы тағы бір ірі мемлекет, Қытайдың оңтүстік Азиядағы көршісі - Индиямен 2000 км-ден асатын ортақ шекарасы бар болатын.  Және ол Қытаймен 2000 жылдан аса үзбей достық барыс-келіс жасап келе жатқан тату көршісі еді. Азиядағы осы екі алып елдің өзара татулығының маңызы айтпаса да түсінікті. Өкінішке орай, ХХ ғасырдың 50-жылдарынан кейін екі елдің тарихтан мұраға қалған шекара мәселесі шешілмес түйін, іштегі шеменге айналды. Осы текетірес тіпті қарулы қақтығысқа дейін ұласқан болатын.  Осы бір түйінді тарқату жолында Дэн Сяопин аянып қалған жоқ, барлық ақыл-парасатын салды. 1978 жылы ол Непалға жасаған сапарында Индияның сыртқы істер министрлігі арқылы  Индияның премьер-министрі Морарджи Ранчходжи Десаиге хат жолдап: «Бізге ара-қатынастарымызды жақсарту қажет» - деген ұсынысын жеткізді. 1979 жылдың басында Индияның сыртқы істер министрі Қытайға сапарлай келді. Дэн Сяопин тағы да: «Қазір бізге уақытты жоғалтпай, екі ел қатынасын жақсарту - маңызды мәселе» - деп достық бағыттағы келіссөздерді бастауға қузау салды. Қалай жақсартады? Дэн Сяопин сол баяғы екі ел арасындағы қайшылықтарды кейінге ысыру әдісімен шекара мәселесі мен мемлекет аралық қарым-қатынасты бөлек қарастыру арқылы ортақ мүмкіндіктерді қарастырып, дауласудан аулақ болуды дәріптеді. Өз әріптесін шекара мәселесін қоя тұрып, басқа жақтардағы қарым-қатынасты қалпына келтіруге үгіттеді. Ол: «Шекара мәселесін жата-жастана, асықпай сөйлесу керек. Бірден шешілмесе – қоя тұрса да болады. Біз экономикалық, сауда және мәдени барыс-келістерді дамытайық. Сол арқылы түсіністік пен достықты арттырайық. Шекара мәселесін шешуден бұрын екі жақ та қазіргі қалыптасқан шекараны сақтау арқылы тыныштыққа қол жеткізейік» - деген пікірін жеткізді. Әрине, шекара дауы иелік құқыққа саятын нәзік мәселе болған соң, ол түптің түбінде шешілуге тиіс. Одан қашып құтыла алмайсың. Дэн Сяопин бұл мәселені бейбіт түрде жата-жастана ақылдасып, кеңесіп шешуді қуаттайтын. Ұрыс-керіс, «білектің күші, найзаның ұшы» мәселені түпкілікті шешпейді деп санайтын. 1981 жылдан бастап екі ел үкіметі шекара мәселесіне байланысты көп рет кездесу өткізді. Бұл  туралы Дэн Сяопин: «Шекара мәселесіндегі алауыздық пен талас-тартыс тарихтан мұраға қалғандықтан, екі ел халықтарының сана-сезімі мен ұлттық намысына тікелей әсер ететін нәзік мәселе. Былай қарағанда, талас аумақтың көлемі соншалықты үлкен де емес болғанымен, мұнда тек бір жақтың шегініс жасауын сол елдің халқы қабылдай алмайды. Сол себепті бір орта жолды таңдауға тиіспіз. Екі жақ та шегініс жасасын. Сол арқылы түпкілікті нүктесін қояйық. Шекара мәселесін шешу мен экономикалық барыс-келісті жақсартуды бірлестіре алсақ, екі жақ өз халықтарымызға олар қабылдай алатындай етіп түсіндіре аламыз» - деген ұсынысын жеткізді.  1988 жылы Индияның премьер-министрі Раджив Ганди Қытайға ресми сапармен келгенде Дэн Сяопин тағы екі ел қатынасын қорытындылай келіп: «50-жылдарда біздің қарым-қатынасымыз ерекше жақсы болатын. Кейінгі жылдарда екі ел қатынасында көңілсіздік пайда болды. Осыны біржолата ұмытайықшы! Болашаққа көз салайық!» - деген жүрекжарды лебізін білдірді. Ол және Раджив Гандиге өз уәждерін айтып: «Қытай мен Индия халқы күллі адамзаттың алдында ортақ жауапкершілікке ие. Ол өз-өзін дамыту мұраты. Елдер келесі ғасыр Азия-Тынық мұхиты ғасыры деседі. Ал Азия-Тынық мұхиты аймағындағы дамыған елдердің күллі жан санын қосып есептегенде 200 миллионнан аспайды. Кеңес Одағы, АҚШ және Канаданы қосып есептегенде бар жоғы бірнеше жүз миллион адамды ғана құрайды. Ал Қытай мен Индия халқын қосып есептесек, 1 млрд 800 млн адам болады» - деген есебін көрсетті. Көрініске бұл өте қарапайым арифметикалық есеп. Бірақ осы есеп арқылы Дэн Сяопин егер Қытай мен Индияның дамуы болмаса, Азия-Тынық мұхиты ғасыры деп атау мүлде далбаса болатындығын құрметті қонаққа соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп бере алды. Индияның жас премьер-министрі Дэн Сяопиннің бұл даналығына  ерекше тәнті болып, екі ел қатынасындағы барлық мәселеде Дэн Сяопинмен келісетіндігін білдірді. Соңында Дэн Сяопин: «Сіздің сапарыңыздан бастап біздің достық қарым-қатынасымыз қалпына келді деп есептеймін. Екі ел басшылары да дос-жаран боламыз, халықтарымыз да достасады» - деп қорытты.

Камбоджа мәселесі ХХ ғасырдың 80-жылдарында Қытайдың көрші елдермен ара-қатынасындағы күрделі түйінге айналды. Бұл мәселе Вьетнам, Лаос және Кеңес Одағымен ара-қатынасты шарпитын. Вьетнаммен арадағы қан-қасап соғыстан кейін Дэн Сяопин Вьетнамнан әскер шегіндіруімен бір уақытта Камбоджа мәселесін саяси жолмен шешуге белсенді атсалысты. Ол бір тараптан Камбоджа халқының баса билеуге қарсы отаншылдық қимылына қолдау білдіруімен бірге Камбоджадағы қырқысқан үш жақ күштерді бірлесуге, ынтымақтасуға, ішкі соғысты тудыратын ықтимал факторларды жоюға, сол арқылы ханзада Нородом Сианук бастаған төрт жақ қатысқан бірлескен үкімет құруды ұсынды. Дэн ханзада Нородом Сианукке дер кезінде былай деп ескертті: «Қытайдың Камбоджағы қырқысқан үш жақтың бірігуіне қолдау білдіруі уақытша әдіс-тәсіл емес. Керісінше, ұзақ болашаққа бағытталған кемелді жоспары. Камбоджаның тәуелсіздігі қалпына келген соң да, оған бірлік пен тұтастық, бейбітшілік пен тыныштық қажет.  Сіздер Ауғанстан сияқты Кеңес Одағы өз әскерін әкеткен соң да, ішкі соғыстың құйғанына батып кетпеуілеріңіз керек» - деп ашығын айтты. Камбоджа мәселесін саяси жолмен шешуде сәтті ілгерлеушілік болғаннан кейін, 1986 жылдың соңында Қытай Лаоспен дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіруге және жақсартуға кірісті. 1989 жылдың қазан айында Лаос басшысы Кейсон Фомвихан Қытайға ресми сапармен келіп, Дэн Сяопинмен 75 минутқа созылған  ұзақ әңгіме де болды. Екі ел бірлескен шекара келісіміне де қол қойды.

1975 жылдан кейін Қытай-Вьетнам қатынасы нашарлап, қарулы қақтығысқа дейін ұласқан болатын. 1989 жылы Қытай мен Кеңес Одағы қарым-қатынасы қалыпты арнаға түскеннен кейін, Вьетнам да Қытаймен ара-қатынасын жақсартуға ниет білдірді. Дэн Сяопин де дереу Вьетнам тарапына Қытайдың ара-қатынасты жақсартуға ниетті екендігін, бірақ шарт  Кеңес Одағына қойылған шартпен бірдей, Вьетнам Камбоджадан өз әскерін ешқандай кедергісіз шығарып әкетуі шарт. Бұл туралы ол: «Біздің басқа талабымыз жоқ. Вьетнам тарабы тек осы шартты орындаса болды. Біз өткен-кеткеннің бәріне салауат айтамыз» - деген талабын жеткізді.  Шынында, екі ел арасында басқа ешқандай кедергі жоқ болатын. 1991 жылдың қарашасында Вьетнамның жоғары дәрежелі делегациясы Қытайға ресми сапармен келіп, «Қытай-Вьетнам бірлескен мәлімдемесіне» қол қойды. Мәлімдемеде «ҚКП мен Вьетнам коммунистік партиясы дербес, өз-өзіне қожа болу, толық теңдік, өзара құрметтеу және бір-бірінің ішкі ісіне килікпеу принципінің негізінде қалыпты қарым-қатынасты қалпына келтіреді» деп көрсетілді. Содан бастап Қытайдың шығыс-оңтүстік көршілерімен ара-қатынасы бірқалыпты дамып келеді.  Өкінішке орай, Си Цзинпинь бастаған Қытайдың қазіргі билеушілерінің солақай саясатының кесірінен көршілермен түрліше  дау-дамайдың қайта өршу қаупі төніп келеді.

Қытайдың  солтүстік шекарасы ұзақ жылдар тынышсыз күй кешті. Мұнда негізінен Кеңес Одағының төндірген қаупі басты рөл ойнады. ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шенінен бастап, батыс-шығыс қарым-қатынасының жақсара түсуі мен әлемдік геосаясаттағы өзгерістің нәтижесінде Қытай-Кеңес Одағы қарым-қатынасында жақсару бет алысы байқалды. Дэн Сяопин орайды пайдаланып, Кеңес Одағымен татуласу саясатын белсенді жүргізді.  Ол Индиямен шекара мәселесін шешудегі әдісті қолданып, Кеңес Одағымен шекара келісімін жасасты. Соңында 1989 жылы Кеңес Одағы Ауғанстаннан армиясын шегіндірді және Моңғолиядан да өз әскерін алып кетті. Және Вьетнамда Камбоджадан шегіндіруге көндіру шарты астында Кеңес Одағымен өзара қатынасты бейбіт реттеуге қол жеткізді. Кеңес Одағымен ара-қатынас қалыпты арнаға түскен соң, Қытай мен Моңғолияның қарым-қатынасы да жақсара түсті. Қытай мен Моңғолия басшылары алма кезек өзара сапарлап, істестіктің көкжиегі кеңейе түсті. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағанда Дэн Сяопин социалистік лагердің күйреуімен санасып жатпастан, мемлекеттің қауіпсіздік мүддесін ойласа отырып, оның Қытайға пайдалы жағын шебер пайдаланды. Кеңес Одағының құлауы Қытайға көрші елдерден келетін ең үлкен қауіптің сейілгендігін әйгіледі. Осыны пайдаланған ол Кеңес Одағынан дербестік алған  достастық елдермен белсенді қарым-қатынас жасап, өзара қарым-қатынасты бейбіт, тиімді арнаға бұруға мүмкіндік жасады. 1992 жылы Ресейдің сыртқы істер министрі Андрей Владимирович Козырев Қытайға сапармен келіп, Қытайдың Кеңес Одағымен қол қойған барлық құжаттарын  Ресейдің мойындайтындығын, Қытай мен Кеңес Одағының халықтық қарым-қатынас негізінде Қытай мен Ресейдің достық барыс-келісте болатындығын жеткізді. Қытай үкіметі осы орайда Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан қатарлы орта Азия елдерімен дипломатиялық қатынас орнатып, сауда-экономикалық байланысын дамыта берді.

Қысқа ғана ондаған жылдың ішінде Дэн Сяопин тату көршілік дипломатиялық қатынас орнатуда таңғажайып табыстарға қол жеткізді. Ол Қытайдың батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі барлық елдермен ара-қатынасты реттеуге мүмкіндік алды. Мұндай таңғажайып жетістік ҚХР құрылған 40 жылдан астам тарихында, тіпті, бағзыдан бүгінге дейінгі Қытай дипломатиясында болып көрмеген айналадағы көрші елдермен түп-түгел тату, орнықты да берекелі дәуірді жасай алды. Бұл Қытайдың өзіндік дамуына пайдалы болып қана қалмастан, Азия-Тынық мұхиты аймағының, тіпті, күллі әлемнің орнықтылығы мен қауіпсіздігіне, бейбітшілігі мен дамуына қосылған қомақты үлес болды.

Соңы.

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297