Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6546 0 пікір 30 Қазан, 2012 сағат 09:19

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

 

Бұл майданның әрбір күні жатқан-тұрған пәле-қазасының барлығын егін өнімімен бірге жиын-терін, күшіне жететін. «Жаз бойы істеген еңбектеріңді бағалап, жақсы істегендеріңе жиым-терім бітісімен кеңшілік кешірім жариялаймыз» деп жар салып, күшеп істетіп келгендіктен сол кешірім уәделеріне қарсы кесір дайындамаса, өсиеттері өтірікке шығып қалмай ма. Мына «зор мәдениет төңкерісі» тұншықтыра түспесе өздерінің шынсың деп атаған «жын-шайтандарының» тынысын кеңітпек емес қой. Сондықтан, әсіресе күзгі жиын-теріннің соңы қылмыстың да жиын-теріміне айналып кететін.

«Зор секіріп ілгерілеудің» екпінімен еңбек толқығанда аршылып жатқан тоғанның лайы да, қырманда соғылып жатқан астықтың дәндері мен сабан-топандары да толқымай ма. Жұмыс майданына бізбен бірге барып қыдиып тұрып алатын болған Маужуши мен Лиңфужушидің суреттеріне де шашырайды. Бізге келетін кесірлер көбінесе сол шашырандылардан келеді: «пәлен күні сағат пәленде пәлен деген кері төңкерісші Маужушидің бетіне лай шашты», «Лиң фужушидің бетіне жүгері атты», «...күрек лақтырып құлатты», «топанмен бастырып тастады», «...жүгері соғатын таяғымен артында тұрған көсемнің мұрнын бұзды»  дейтін қанды ауыз қылмыстар дәптерлерге тізіліп жатады.

VI

 

Бұл майданның әрбір күні жатқан-тұрған пәле-қазасының барлығын егін өнімімен бірге жиын-терін, күшіне жететін. «Жаз бойы істеген еңбектеріңді бағалап, жақсы істегендеріңе жиым-терім бітісімен кеңшілік кешірім жариялаймыз» деп жар салып, күшеп істетіп келгендіктен сол кешірім уәделеріне қарсы кесір дайындамаса, өсиеттері өтірікке шығып қалмай ма. Мына «зор мәдениет төңкерісі» тұншықтыра түспесе өздерінің шынсың деп атаған «жын-шайтандарының» тынысын кеңітпек емес қой. Сондықтан, әсіресе күзгі жиын-теріннің соңы қылмыстың да жиын-теріміне айналып кететін.

«Зор секіріп ілгерілеудің» екпінімен еңбек толқығанда аршылып жатқан тоғанның лайы да, қырманда соғылып жатқан астықтың дәндері мен сабан-топандары да толқымай ма. Жұмыс майданына бізбен бірге барып қыдиып тұрып алатын болған Маужуши мен Лиңфужушидің суреттеріне де шашырайды. Бізге келетін кесірлер көбінесе сол шашырандылардан келеді: «пәлен күні сағат пәленде пәлен деген кері төңкерісші Маужушидің бетіне лай шашты», «Лиң фужушидің бетіне жүгері атты», «...күрек лақтырып құлатты», «топанмен бастырып тастады», «...жүгері соғатын таяғымен артында тұрған көсемнің мұрнын бұзды»  дейтін қанды ауыз қылмыстар дәптерлерге тізіліп жатады.

Күз соңына таман бұл дәптерлер сайрай жөнеледі де қойдан қасқыр туғызып, конфет қағазынан бомбы суырады сөйтіп. Шілдеқананы аз жиынына айналдырғандай бағалау жиындарын күрескен тарту-жағалау жиындарына айналдыра салады. «Қыстық тәлім-тәрбие» деп аталып, қыс бойы тоқтамай бас үйітетін нағыз қызылшеке күрес осылай басталатын болған.

Саучыңсау маған қалпақ тауып кигізе алмаған жылдың күзі де осы дәстүрмен түксиіп келе жатты. Түксигенімен түк таба алмай, жұмысқа жым-жырт жүгіртіп, көлге сүңгіте берді. Ал, басқа әтіреттерде күрес құйыны үйріліп, шаң көтере бастағаны естілді. Көрші су құрылысы әтіретінде тіпті үдей көтерілді. Ыңғай оқыған шынсыңдарды соғып жатқаны, оның ішінде Қапас, Асылбек сияқты менің заңшыл белсенді бауырларым алдымен ауланғанын естісем де қарақұйынның әдеттегі амалына санап, қаперсіз жүре беріппін.

Суық хабар естіле берген соң бір күні ақшамда жыңғыл арасымен жүгіріп барып, біреуінен анығын біліп қайтқым келді. (Кешкі тамақ уақыты сәл үзіліп қалған болатын). Жақындап барғанымда су құрылысы әтіреті майданға түгел тізіліп, зыдауянның сөйлеп тұрғаны естілді. Қоршау жыңғыл іргесіне бұғып жетіп жата қалып тыңдадым. Сөз Уаңнымау турасында екен.

«Осындағы кері төңкерісшілер Уаңнымау тамақтан құлайтын болды десіп, күлкілерін жия алмай жүріпті. Айтып қояйын, мен Лизыдауян соның қолында өскен жауынгерімін, бар ахуалын білемін. Уаңнымай шужиды құлататын ешқандай құдірет жаралған жоқ,. Көздеріңді ашып жүріңдер!... Білесіңдер ме оның туысқан қарындасы қандай қызметте тұрғанын?.. Білесіңдер ме деймін, жауап беріңдерші!... І...і... білесіңдер құйрықтарыңды қырт қысып жүріңдер! Уаң бикеш Маужушидің күтушісі, дәл қасында. Ағасына титтей хауіп сезілсе, күндіз болсын, түн болсын ұлы қолбасшысының құлағына сол минутта сыбырлай салатын орында тұр!... Қане, Уаңнымауды кім құлата алмақ! Жын-шайтандар не десе о десін, жауы оның бір тал қылышын да жыға алмайды!... Ұқтыңдар ма, өз бастарыңа сақ болыңдар!...»

Ауру-сырқау шалығынан құлан таза, салауаты сан атқа жүк болғандай жуанбас Ли зыдауянның бұл «философиясынан» жүрегім тіпті айныды. Туфит деп жыңғыл түбіне түкіре сала жөнелдім. Қайта жүгірер уақытым да жеткен екен.

Ертеңінде кешкі тамақты жей салып тағы жеттім. Қоршау шетінен үй алып, жақында ғана ұйғыр әйелмен үйленген, саяси шыдері кеңірек, белсенді бір қазақ жігіттен сұрап, ахуал иелемек едім. Ол әлі аман деп естіген соң аңқалаңдап сыртқы терезесіне жетіп барыппын. (Кешкі тойда осы терезесінен ғана тойлығымды ұсынып, құттықтау айтып қайтқанмын. Тіпті, бірер стакан қағыстырып та жібергенмін ғой. Достармен жамырасып, сол арақ қағыстырған жерімде жан алар жау тұратынын қайдан білейін). Терезе көзінің жарымын далдалап кешегі Ли зыдауяны тұр да бірнеше сақшы жаңа отауды астаң-кестең қопарып, тінтіп жүр! Бұға қалдым да еңбектеп барып бір түп жыңғылды далдалана тыңдадым. Келін үн сала жылады да, інім тоқтау айтты. Үнінің ыңырси естілуіне қарағанда қатты байланған. Бұлай қолға алып, тінту болып жатқан семьяның сыртына күзет қойылатындығы белгілі. Бұл маңнан мен көзге түссем, «кері төңкеріс» түгел қолға түскен болып құритындығым да беп-белгілі. Із тастай жылжып барып, қалың жыңғыл арасына кірдім де бұғыша зыттым. Өз әтіретімнің сырттағы дәретханасынан шықтым сөйтіп.

Әтірет істерімнен маған ешқандай секемді көзқарас сезілмеді. Тіпті кадрлар да көзінің ағын көрсете қойған жоқ. Күрес бұрынғыдай өз нысаналарына қаратылып жүре берді де мен босағаға отыра бердім. Күндізгі жұмыс майданына да аңдысу сезілмеді. Сонда да көрші әтіретке тың салуды тоқтаттым.

Биылғы күреске тартылып жатқан ханзу шынсыңдар қамалмай, белсенді шынсыңдардың режимінде істеп жүреді. Жаңа жылға төрт-бес күн қалған шақта зыдауян аспаз жатағының қатарындағы кішкене кілетті босаттырды да терезесін кірпішпен бекіттіріп мықтап сылатып тастады. Қараңғы абақтыға айналдырғаны еді бұл. Режимде істеп жүргендерді жаңа жыл мерекесінде қамамақ шығар деп мөлшерледік. Қараңғы абақтыға айналдырып болған соң табалдырығына дейін толтыра су төгіп, мұз қатырды. Мұны көріп режимдегілер тіпті сұрланып, сүмірейе бастады. «Бізді бұлай қамайтындай неғып едік?», «мұздатып өлтірмек пе?» деп күңкілдесетін болды. Кадрларға араласып, еркінірек жүретіндер де жауап таба алмады бұған. Бұл таңданысқа қылқараның да қосылып сұқтануынан, оның да бейхабар екендігін сездім. Жұмбақ тажалдың есігі күндіз құлыпталып, түнгі аязда ашық тасталып жүрді.

Ертең жаңа жыл деген күні жұмыстан кешірек қайтып едік. Әр күнгі әдетімізше Маужуши суретіне ісімізді мәлімдеп шығып, жуынбай-ақ тамаққа ұмтылдық. Майдан штабынан екі ханзу, екі ұйғыр кадр келген екен. Асханадан тамақтанып отырғандарында алдынан өте шықтым. Көздерінің астымен үңірейіп, аса суық қарады маған. Бұрынғы көзқарастарына балай салдым. Тамағымды жатаққа апарып, енді жей бастағанымда терезеден әтірет бастығы шақырды: «тамағыңды тезірек жеп, менің бөліміме келіп қайт!» деді. Оның жұп-жуас бұйрығынан секем алмаппын. Жүгері момыны екі-ақ асап, жарты шыны сумен айдай сала жөнелдім. Үрімжіден хат келіп қалды ма екен деген үміт асықтырып еді.

Әтірет бастығының жұмыс орнында әлгі төрт аяз, бір столды қоршай отырыпты. Кіріп барғанымда біреуі ханзуша «тұр солай!» деп зірк ете түсті. Тұра қалдым. Бір ұйғыры боқшасынан бірдемесін шаңғырлатып суыра түрегелді. Жапонша тісті құрсау екен. Екі қолымды артыма айқастыра қайырып алып, құлыбын сақ еткізді. Майдан басшылығының қолға алу бұйрығын сөйтіп байлап алып бірақ оқыды: «Биғабіл Жаппардың кері төңкерістік әрекеті үшін бүгіннен бастап қолға алынсын!» деген ғана сөз жазылыпты.

- Кері төңкеріс?... Қайдағы кері төңкеріс? -төртеуіне кезек-кезек қарап, бірінен де жауап ала алмадым. Жауап орнына ұйғыр кадрдың бірі құрал сұрады.

- Жасырған құрал-жарақ, аспаптарыңды қазір өздігіңнен тапсырғаның жақсы!- деп насихаттайды.

- Бәкі де жоқ!- дегенімше екеуі екі жағымнан тінте жөнелді. Төсқалтамдағы ақшаны алған соң бас киімнен, тіпті, шашымның арасынан бастап, ұлтарағымның астына дейін ақтарды.

- Жүр!- деді сонсоң әтірет кадрлары кіріп, жатағыма қарай жетектеді. Сау зыдауян бастатып алты тінтуші төсек-орнымды әр жаққа лақтырып шашып болған екен. Кіріп барсам, екі-екіден отыра қалып көрпе-төсенішім мен, қалың сым-бешпеттерімді жыртып, мақталарын түтіп отыр!

- Бит іздеп отырсыңдар ма?- деп сұрай сала айқайлап жібердім. - Мақтасын соншалық түтіп, мына қыста киетін киім қалдырмайтындай не құрал іздейсіңдер менен?... Қолға алып тексеру емес, үстіп өлтірудің амалы ғой мыналарың!

Майданнан келіп қолға алушылардан арыз айтуыма ешқайсысы көнбеді. Артыма қайрылып, қолға алған ісханаға қайта ұмтылып едім. Жендеттер жібермей, мұзды абақтыға жетектеді. Айқайлап, қолға алушыларымды шақыра барып кірдім. «Қолға алуды мақсаттарыңыз, тексермей болмаса, қамаған мына абақтыны көріңіздер!» деген сөзді есік жабылғанша анықтап үш рет айқайлап үлгердім.

Қолға алушылардан ешқайсысы көрінбеді. Әтірет бастығы ғана ар жаққа жалтақтап жүгіріп жүріп, үш тақтай әкеліп төседі мұз үстіне. Тақтай үстіне сырмағым мен жыртылған көрпемді жайып жатқанда сырттан оны Саузыдауян шақырып шығарды. Әтірет бастығы онымен біраз қаттырақ күбірлеп сөйлесіп, кілтін әкелді де қолымды артыма қайырып салған қыспақты алдыма келтіріп, қайта бекітіп шықты. Үлкен замокты есік сыртынан Саучыңсаудың өзі салғанын естідім. Киімімді түгел беруін сұрағаныма ешқандай жауап қайтармай зыта жөнелді.

Тағы да айқайладым. Енді есікті шарқылдатып тебе айқайладым. Алғашында қолға алушыларды шақырып, қамалған абақтымның ауруханадағы өлік сақтайтын үйден де қатерлі екендігін көре кетулерін қайталап сұрап айқайлап едім. Дауалдас үйде жатқан аспаз олардың әлдеқашан қайтып кеткенін ұқтырған соң, Сау соқырды шақыра бердім, шақылдата бердім. Әрине одан үн шықпады. Шаршағаныма қарап тақтай үстіне жата қалсам-ақ, лезде сірестіре салатындай, мұз ызғары бүріп барады. Есік тепкілеп тұрып таң атырдым. Сілем қатып, мағдырым құрығанда құлай кеткенімді сезбей де қалыппын.

Шалқамнан, өз үйімде ауырып жатқан сияқтымын. Шешем мен Мақпал екі жағымда маңдайым мен қолымды уқалап отырғандай. Мойнымнан құшақтап Асқар жатыр. «Әке, әке, енді кетпе, кетпе!» деп жалынып жатқандай. «Осындайда қағаздарыңды жиып ал, балам!» деп шешем күбірледі де, Мақпал егіле жылады. Әкемнің үні естілді сырттарынан: «аққа Құдай жақ, құлыным, ештеңе етпес, тұрып кет орныңнан!» деп саңқылдаған дауысынан оянып кеттім. Денем мұздап, аяғым сіресе қалыпты. Орнымнан зорға түрегеліп, зорлап әрекеттендім. «Осы елге не жазығым бар, әке?»- деп қалғанымда көзімнен жас парлай жөнелді. - «Өлсек те өз отанымызда өлгеніміз жөн екен!..» Селкілдеп кеткен иегім мен сақылдап кеткен тісімді басып, шақыр еткіздім де секіре жөнелдім. Мұз үстінде бұлай машықтанғаным аз емес қой, қарғылақтап жүріп аяғыма жан кіргіздім де есікті тепкілей бердім.

Қайырымды аспаз майға қуырып суытып қойған балығынан үйіме бір тегеші, ақ ұннан жасалған момыдан бірнешеуін әкеліп, ойыма тесіктен асыға өткізді. Артылғанын бұрыштағы қазандықтың астына тығып, мықтап жасыруымды тапсырды да, дәретке пеш артындағы қуыста бір шелек тұрғанын айта кетті. Момыны ауыз толтыра асап тұрып тепкіледім есікті. Барлық киім-кешегімді әкеліп бергенше әтіретке де өзіме де маза бермеуге бекідім. Бұл кәсіптен титтей болсаңсысам-ақ өлетіндігім белгілі болды.

Тәулігіне зыдауян бұйырған екі уақыт тамақтың бірін түске жақын әкелген аспаздан басқа ешкім көрінбеді. Анда-санда бір айқайлап қойып, есікті үздіксіз тепкілеу мен кеш батырып едім. Әтірет адамдары түгел жиналып болған шақта бар дауыспен айқайлап тепкіледім. Кадр түгел жүз шақты шынсыңнан да бір жауап жоқ. Бұл маңға келуден бәрінің де шектелгенін түсінген сайын соққыладым есікті. Қалың тораңғы тақтайдан жасалған қима есіктің жоғарғы бөлігі қолымдағы шойын құрсаудың соққысынан жарылып кетті. Бұл жарық ұлғайып, көрініп қалса, есікті енді темірмен қаптатуы мүмкін. Осалдау есікті сақтай тұрудың қажеттігін ескеріп, сонан соң тұтас сом тақтайлы орта бөлігін сақылдата бердім. Менімен бірге жататын Сүн фамилялы бір жуан летчик жүгіріп келді есікке, «не талабың болса да айт, басшылыққа мен жеткізейін! дегенінде аула ортасындағы «үзінді мұнарасының»[1] далдасынан Саучыңсау зекіре шақырды оны. Далдадан тыңдап тұрыпты. Күзетшілерге оны да байлап қамауды бұйырды. «Мына қозғалаңшы бандылар бастығымен не байланысың барлығын айтқаныңша жатасың!» дегенін ести сала мен айқайладым.

- «Қозғалаңшы бандылар бастығы» болсам, үкімет тексеріп анықтау үшін қамады, менен материал алмай өлтірмекші емес. Үкіметке менің қылмыс материалым қажет. Ал, олардың тексеруіне жеткізбей үсітіп өлтірсең, өзің зор қылмыскер болып шығасың, зыдауян! Менің қалың киімдерімді кіргізіп бер! Үкімет  саған өзің өлтіре сал деп бұйырмайды! Мені өлтіру емес, сақтау міндетің бар, саяси қызметкерсің!..

Осы мазмұнда қайталап-қайталап сөйлеп тұрып, үнім біткенде отыра кеттім. Тамағымды ішіп, сәл демалып алып қайта тепкіледім есікті.

Қамалғаныма үш күн өтіп, төртінші күні таңертең әрең ашылды есік. Саучыңсау аша салып шегініп, алыстап барып тұрды да, аспаз дәрет шелегін көтеріп, дәретке шығарды. Қайтып келсем, барлық мүлкім бір-ақ кіріпті мұз қамаққа. Аспаздан естуімше летчик екі тәулік қамалып тергеліп, менің талабымды заңдастырып шығыпты.

Есік қайта құлыпталысымен суыққа далда боларлық ескілі-жаңалы киімдерімді аяғым мен беліме орап әрең үлгердім. Орныма шалқалай беріп қор ете түсіппін. Осы үш тәулік ішінде шаршаудың ең шегіне жетіп болған екенмін. Қалжырасам да қатып қалудың хаупі тез-тез оятып тұрды. Аспаз Ли арқылы ескі киізбен тері тауып, асты-үстіме қабаттай бердім.

Басқа әтіреттердегі хат танитын ұйғыр мен есі дұрыс қазақтың түгел қамалғанын естідім. Қылмысымыздың не екендігінен дерек табылмады.

Түсімде шешемнің «қағаздарыңды жиып ал» дегені есіме түсе берді. Кейінгі, Маузыдұң шығармаларының жол араларына жазғанымды Саучыңсау жиып әкетіпті. Оны ешкім танып оқи алмағанымен қайтарылмасқа кетті. Ал, қоймадағы шығармаларым қазірше қар астында жатқанында хауіпсіз. Бірақ, жер қарая бастағанда топырақтың жұмсауымен шошқа қопарып ашып тастайтындығы қорқытады. Тергеушілердің әліге дейін бір келіп, сұрақ жүргізбегені, әрине менен қолға ілінерлік мәселе таба алмай жатқаны болса керек. Қолдарына сол жазбаларымнан бірдеме іліне қалса, жанымнан айырмай, ол сылтаудан айрыла қоймас. Көсемдерінің қатардағы екі аяқты адам категориясында екендігін жазсаң да бассалып жегелі тұрмай ма!... Сонда да мына тыныштық, барлық қасірет-қайғы, ыза-ашуымнан ауыр тиетіндіктен есіктің жарық саңлауын сәл кеңітіп алып, қатеріне қарамай жаза бердім.

Мұрныма сырттағы ауадан жаз иісі келсе де абақтының мұзы жылт етіп жібір емес. Дала жыли бастағанда абақты алдынан түн бойы күзет кетпейтін болғаны, сол мұз ызғарын күшейте түсті. Тергеу жүргізілетіндей өзгеріс күтіп, сығалай бердім саңлаудан.

Жоғары жағынан мейман келгендегі қошаметшілік өнер көрсету әдетінше жалаңаяқ-жалаңбас зырылдап жүгіріп жүрген Сау зыдауянды көргенде тіпті елеңдей сығалаймын. Өзі қорқатын бастықтары келгенде тіпті сорлы жұмысшы бейнесіне түсіп, балшыққа санына дейін малшынып алып жүгіреді. Қаншалық оқыған бастық келсе де Маужуши суретіне табынар да сол балшығымен өзі «имам» болып, алдыға тұра қалады. Ондай ғибадат жиынында саналырақ басшылар имам болудан әрине арланатын болса керек. «Намаз сүресін» оқығанда біздің соқыр үлкен қарилық салауат тауып, мүлт жібермей, кідіріссіз заулатады да мінажат өлеңін айтқанда режиссор болып тағы да өзі баст айды. Тек, ұран шақырғанда ғана қолын құшынаш кемпірше шошаңдататыны бар. «Маужуши шексіз жасасын, шексіз жасасын, шексіз жасасын» дегендегі дауысы, әлде бір ауруды ұшықтап, жын-шайтаннан аластап» жүрген құшынаша шәңкілдеп кетеді.

Сонан соң асханаға тағы да өзі жүгіріп, қонағасы тамағын тасиды. Тәрелке, сақпы, стакан, шыны, тіпті үлкен-үлкен тегенелерді көтере жүгіргенде қап-қара балшықта аяғы жерге тимейді.

Сол қонақтары талтаңдап-кердеңдеп шығып, көліктеріне беттегенде ғана мені тергейтін міндетпен келмегенін біліп түңілемін. Ендігі үміттенетінім, тек солардан қалған тамақта ғана. Ымырт жабыла арақтан басқасынан, ұрланып маған да жететіні бар.

Ондай қорқынышты қонақ келмейтін күнді Саучыңсаудың өзінің кердеңдеген жүрісінен, киім киінісінен білемін. Әсіресе өзінен әлдеқайда биік, арғымақтың боз байталындай бұғалтыр әйелдің май құйрығына түртіп, оның мүлде жақтырмайтын тепкісіне қарамай қуалап ойнап жүрген күндері маған бейбітшілікті аңғартады. Гримделіп, жасанған келіншектер мен үйірлестік жасап, кір жуғызып жүрген күндері тіпті тыныш өтеді. Мұндай күндерде мен абақтының есік көзінен тері төсеніп отырып алып мүлде алаңсыз жазамын.

Апрель туып, осы абақтыдан басқа жер толық жібігені белгілі болғаннан-ақ даладағы көмулі қағаздарымды жиып, сенімдірек жерге көму қамы алаңдатып еді. Түнгі абақты күзеті жарыместеу ұйқышы хұйзу жігітке тигенін білген соң әрекеттене бастадым. Қолымдағы шынжырлы құрсау, екі қолымды бір-біріне жиырма сантиметрдей алыстатып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазандықтың маңдайшасына қойылған қарғаша темірді жұлып алдым да, онымен астымдағы тақтайдың біріндегі қайрылып қалған жуан көршегені суырып шығардым. Сол екеуімен қима есіктің астыңғы бөлігіндегі тігінен желімделген үш тақтайды бір-бірінен ажыратып, суырылмалы кішкене есікке айналдырып алуға болатын көрінеді. Бақытыма жарай іргелес үйдегі аспазды да, күзетші дүңгенді де ұйқышы қып берген ғой. Бұл екеуі қатар қорылдағанда зеңбірек атсаң да қарсыдағы Саучыңсауға естілмейтіндігін білемін. Жалғыз-ақ қиын мәселе, ағаш желім ұстап қалған тақтайларды күндіз көріп отырып ажыратпаса болмайды. Көршегенің үшін таскірпішпен ұрып жалпайтып егеп, қашауға айналдырдым да тақтай арасына дәлдеп ырғап отырып өткізіп қойдым. Күндіз аспаздың жатағынан шығып кеткен кезін байқап отырып, шегені бір жағына бұрап кеп қалғанымда екі тақтай шарт ете түсіп айрылды. Дауысы не дәуір қатты шықты. Қорқыныштан әсіре сезімтал болып кеткен құлағым қоса айрылғандай сезілсе де сығалап отырып, ешкімнің сезбегенін біліп қуандым. Сөйтіп, қима есіктің астыңғы бөлігіндегі үш тақтайды желімнен бір күнде ажыратып болдым. Ол тақтайларды ұстап тұрған жақтаудың астыңғы бір шетінен жиырма сантиметр дейін өлшеп жарып алған соң желімнен ажыраған тақтайлар есік ішіне қарай бір-бірден суырылатын жасырын есікке айнала қалды. Жақтаудың жарып алынған бөлігін дауалда қалған ұсақ шегелермен қайта шегелеп, іліндіре салдым. Керегінде жұлып алу да қайта сұғындыра салу да оңай. Қараңғы үйде қыли зыдауянның қолшырағына да көріне қоймайтын қылмысы болды.

Ертеңіне іңірде ұйықтау қоңырауы соғылысымен күзетші дүңген Сау зыдауянның терезесінен бір сығалап, қол арба сүйреп келді де соның үстіне құлай кетті. Тұмсығын тон жағасына ол сұғысымен есіктің астыңғы тақтайларын мен суырдым. Еңбектеп шығып алған соң үш тақтайды сыртынан өзді-өз орындарын дәлдеп сүйеп салдым да асхананың күл шығаратын күрегін ала жөнелдім.

Барсам, қойма қойған жерім тап-тақыр. Белгі еткен түпті жыңғылым да, жас тораңғым да жоқ. Өткен күз соңында-ақ су құрылысы әтіреті түгел қырқып алған екен. Дұрыс хауіптеніппін, шошқа, дымды топырақтың қорс-қопасын шығарып тастапты. Қысылыс теріне малшына жүріп мен қопарып, ештеңе таба алмай отыра кеттім. Қайта тұра сала тағы қопарып, жас тораңғының түбін әрең таптым. Қағаз көмген жерімді алғашында-ақ дәл тауып қазған екенмін. Маңайын тағы да қазып, таба алмай, тағы да шоңқидым. Көмген жерімнен табылуынан үміт үзілді. Не болғанымды білмей сенделектеп абақтыма беттеп бара жатып, қайта оралдым. Шошқа қазып үйген топырақтарды ақтарып жүргенімде бар қазынам бумасымен бүп-бүтін күйінде күрек екпінімен домалай жөнелді. Бассалып құшақтап, көкірегіме баса түстім. Мұның ішінде өмірге келгелі өткізген, өзімнен әлдеқайда қымбатты қылмыстарым да бар ғой!...

Абақтыма аман-есен кіргізіп алып, түн бойы құшақтап жатыппын. Таң атып, есікке ала-қарақ сәуле түсісімен есік қалтарысындағы босағаның мұзын ойып алып, іргетас орнына қойылған қарамайлы бөрененің астындағы құрғақ құмға үңілдім. Қоймамды понтамиттің ең түбіне дауалдың дәл астына қойдым сөйтіп. Екі бүйірінен су өтпейтін пластмассамен тағы қымтап, үстінен найза өтпейтін тас кірпіш қойдым да сол жердің өз құмын түйгіштеп отырып қайта көмдім. Саучыңсаудың мұзы өз орнына жайылды.

Сол күнгі ұйқыдай рақат ұйқыны 58-жылдан бері көрмеппін. Өйткені, содан бергі барлық еңбек нәтижемді - мән-мағынамды хайуан шошқасы қопара алмайтын, адам шошқасы өртей алмайтын, хауіп-қатерсіз жерге орналастырдым ғой! Иә, осы еңбегімнің қызулы оты жүрегімде маздап, тоңдырмай ұйықтатты!...

Маусым айы бастала келе Саучыңса кіріп, абақтымды қатты тінтті. Ештеңе таба алмаса да қолымдағы шынжырлы қыспақты алып, орнына майданның өзінде жасалған қарақыспақ салды. Екі қолды дербес қымырлауға келтірмей, білезіктіктен қосып тастайтын, нағыз рақымсыз қыспақ еді бұл. Таспауырлығының үстіне тегеурінін тілсіз-құлыпсыз қатты сымтемірмен сірестіре оратып, бұратып тастады. Бұл тұрғанда киім киюге де, көрпе жамылауға да мұрсат бермейді. Мұнысының өлмей құтылмайсың дегені екенін қыспақпен бірге сіресе жымқырылған қалың ернінен сездім.

Соның іңірде есік алдына ептеп басып біреу келгендей болды да жоғарғы жарығынан бір жапырақ қағаз тастағаны сезілді. «Биған, неғұрлым тезірек кет!» деп күбірледі. Орнымнан тұрып, есікке жеткенімше күзетшіден сескенгендей, зыта жөнелді.

Қағазын ертеңіне күн шыққанда есік саңлауына апарып әрең оқыдым. Еділбайдың шала сауат жазуы: «қамалғандардың көбін өлтіре қинап, бір үлкен өтірікке мойндатып болыпты. Тез кетпесең, ең зор қатер саған төнген екен!» деп қана жазыпты. Қамалуымыздың себеп-факттері әлі көмескі болғанымен салдары айқын ұғылды бұл сөздерден.

Дереу дайындала бастадым. Бір дорбаға сақтық үшін үнемдеген тамақтарым мен сатуға жарайтын жеңіл киімдерімді салдым да, қыспақтың тегеуірініне оралған сымтемірді айналдырдым. Қарғаша темірдің иілген екі ұшынан басқа лайықты сайман да, ыңғайлы қол да жоқ. Кешке дейін тер бұршақтатып тұқжыңдап отырып, сымтемірдің іркілістерінен сәл кеңіттім де, кешкілік тамақ әкелген аспаз кетісімен сол қолымды түкірікпен, мұзбен дымдап сабындап алып, қыспақтан суыра тарттым. Басбармағымның түпкі буынына жақындап келіп, жылжымай тұрып алды. Қиналыстан қара терге түстім. Тағы бірнеше түкіріп дымдап сабындап жіберіп, көз жұма бір-ақ тарттым. Шыңғыруға бергісіз қатты ышқынып қалыппын. Салқ етіп шыға келді. Жансызданып қалған сол бейшара лоңқа жауыр қолымды уқалап отырып, қарғашаны қайта ұстауға әрең көндірдім. Қатты оралған сымтемірдің бір талын соның имек тұмсығына айырып ілуім қиынға түссе де бұрап үзуім оңай болды. Сымтемір сол үзіктен тарқай келе босаған құрсауды оң қолымнан суырып алып, қазандықтың көмейіне сүңгіте салдым.

Суып қалған кешкі тамақты сорғалаған жан теріммен қоса жұтып алдым да шешемнің өз қолымен жасалған сырмағын сипалай түстім: «хош қормал қол, қамқор ана еңбегі!» жау қолына тағы тастап кетіп барамын!» көз жасым парлап-парлап ыршыды. Мүмкін оқ тиер, мүмкін шөлде өлермін, қасиетті-қадірлі анаммен қоштасуым осы-ақ шығар!... Әкем айланып-үйрілетін «бал» тілімді құрт жер, Нұрияшым мен Асқарым кезектесе сүйетін көзімді қарға шоқыр, анам аймалап ұйықтататын сормаңдайлы басымды иен далада қасқыр мұжыр!... Жоқ, жоқ, жоқ, жау тағдырдың ол мазағына оңайлықпен көне қоймаспын да!... Қалай да ана қолынан шыққан аяулы төсенішім, сені қайта төсене алмаспын!...

Мұз абақтыға киген қалың киімдерді сыпырып тастап, қалпақсыз шынсыңдар киетін, жаздық сары бешпет-сым мен сары шақай, сары қалпақ кие сала, жиыны жиырма килодай жүгімді сыртқа шығардым. Күзетші қорылдап жатыр. Түн менің абақтыма қарағанда жылыты бар, жұлдызы бар қараңғы екен. Сурылған тақтайларды үңірейген өзді-өз орындарын далдалап, тағы да сүйей сала жөнелдім.

Өткендегідей Тарым сыртына өтіп, із тастай қашуым қажет. Бірақ, бұл реткі қуғынның өткендегі қуғындардан парқы өте зор болады: ендігі қуатыны, өткендегідей үйін іздеп қашқан бейкүнә тұтқын емес, «нақтылы кері төңкеріс ұйымдастырушы» болып есептелетіндіктен, майданның сақшылары ғана емес, жол бекеттерінің барлық сақшы, жақын маңдағы армия бөлімдерінің барлық әскері түседі соңыма. Бұл жағдайда дәрияның ар жақ беті түгіл Такламаканның құм таулы қойнаулары да ізделмей қалар ма екен!...

Дария мен қашқан абақтыдан төтелеп жүргенде бір шақырымдай ғана жерде болатын. Оған жеткенше қашқынға қолайлы қалың жыңғыл. Соның арасымен зыттым. Дарияның жырым-жырым жыра-шұқанақты құмына кіріп алған соң бірінен-біріне бұға жүгіріп-ақ өтіп кете аламын. Жыңғыл байқұс қараңғы түрмеде алты ай жатып буалдырланып қалған көзіме қарауытып көрінсе де ара арасындағы ақ тікен мен боз шеңгел көрінбей, жыңғыл арасындағы бос алаңқы соқпал жол сияқты көрінгендіктен ұшып барып талайын сүздім. Бет-аузым алдымен жараланды. Құтылу жолында жанынан кешкен адам оны тыңдайма, лезде-ақ жеттім арнаға. Қараңғыда шетсіз-шексіз аппақ «тақыр» көрінді көзіме.

Өзен арнасы мұншалық ақ тақыр емес еді. Көзіме сенбей, шетіне барып сипалап көрсем, тақыр емес, жайылып кеткен су!... Тасқын келіп қалыпты. Сарылы алыстан, арна ортасынан естілді. Аңқия қарап тұрып қалсам да қуанышы осы тасқынша тола кетті көңіліме.

Бұл, мені осы пәле районына құтқаратын тасқын. Ені ең тар жері үш-төрт километр жайылатын Тарымның дүлей тасқыны мені толқынмен орап өткізеді де, қуғыншының жолын кеседі. Тасқын қайтқанша ар жақ - бер жаққа жергілікті халықтың санаулы сушыларынан басқа ешкім қатынаса алмайтын!

Бірақ, осы түнде өтіп кету маған да аса қатерлі көрінді. Қараңғы үй әсіресе көзімді недәуір кемітіп тастапты. Тасқынның өзімен бірге ажал болып соғатын нендей сойқан айдап келе жатқаны көрінбейді. Өзенге түспей жағалап өрлеп жүргеннің өзінде де жердің ой-шұңқырын көре алмай жалп-жалп жығыла бердім. Таң атқан соң өтуге бекіп, тораңғысыз иендегі қалың жыңғыл арнасына келіп жаттым. Бұл өзен тасқынындағы менің ең қорқынышты қатерім - тораңғы тамыры. Тораңғының шырмашату ұзын тамырына толқын ұрып апарып кіргізсе, қаншалық сушыл адам да тұяқ серпи алмайды.

Менің абақтымнан басқа дүние түгел ысып алған екен. Түнде де соққан ыстық самалға денем сүйсініп, қатты ұйықтаппын. Таңертең күн шықпай оянып, алай-дүлей буырқанған дәрияға көз жүгірттім. Тасқын қаншалық құтырғанымен бұл тұста су кеуделеген тораңғы тамыры жоқ екендігі байқалды. Ал, көз жеткісіз арғы жаағалауды барғанда көрермін. Киімімді түгел шешіп, дорбаға тықтым да отыз килаға жете қоймайтын барлық жүгімді төбеме екі қолтығымнан тартып байлап алып, түсіп кеп кеттім. Ала жөнелді сары лайлы дүлей толқын. Жүз метрдей ыға малтап барғанымда аяғым жерге тиді. Алқымымнан, кеудемнен, кейде кіндігімнен ғана келетін суды жалдап өзеннің ағын орталығына жеткенімде тіпті буырқанған қаһарлы толқын көрінді, қарғылақтап секіріп, жұлқынып жұтынып жатыр.

Алты айлық мұзды абақтының мағдырымды қаншалық жегенін судың алғашқы ала жөнелгенінде-ақ байқағанмын. Тұра қалып, алдымдағы шу асау толқынның қаншалық алыпқашатындығын мөлшерледім. Ең құтырық жерінің ені елу метрден оншалық аспайтыны байқалды. Бар қуатымды осы арнаға салсам, ар жағына көп күш кетпейтін тәрізді. Ышқына жүзіп, бұл апаттан да тез өттім. Екі жүз метрдей жерге ғана тықсырыпты. Енді маған қуғыншының оғы да жетпейді!... Тағы да аяқтап жүріп, арғы жағаға сәске түсте әрең шықсам да қуанышпен жайраңдап шықтым. Майға қурылған балықтың қалғанын түгел жеп алып, аптапты жердің ыстық қара сорына тыржалаңаш құлап, қамсыз ұйқыға кеттім. Жел-құз ауруларының бірінші дәрежелі арасаны - дәл осындай ыстық қара сор деп еститінмін.

Күн еңкейе оянып киіндім де жыңғыл аралап күнбатысты бетке алдым. Қазір менің артымдағы шу Үрімжіге жетіп болды. Қуғыншы-тосқауылшылар майданнан ары қарай бар жерге тарады. Қолдарында менің бір-бір суретім де жүрген шығар. Мына жаман атағыммен ол жаққа қия басуым мүмкін емес. Егер Қазақстанға қашып өте алмасам, тіршілігім осы жерлік орынның өзінде тергеліп ақталуды қажет етеді. Ол үшін бүтіндей нахақ дело үстінен арыздануым қажет. Ал, бұл былыққан қоғамда арызымды кім тыңдар? Әкімшілік жағынан осы майданға тікелей жауапкерлікпен қарайтын орын - Ақсу аймақтық сақшы басқармасы. Бізді соттай қалса, Ақсу орта соты бекітеді. Сол орындарға өз аяғыммен барып арыздануым - ең ұтымды амал.

Осы оймен сенделектеп жүре бердім. Артымда қинаудан өлімге еріксіз мойындап жүз нешелеген сорлы жатыр. Зорлап мойындатқан қара күш, сол зорлап тапқан қара факттерімен зорлап жазалата алады. Дәл қазір атып тастай салуы бәрінен оңай. Жапан түзде сергелдең қайыршылықпен мен қанша күн көрмекпін!.. «Үй, мына соқпақпен өзеннен алыстап барамын ғой! Мұндай ыстықта судан жарты шақырым ажырамауым дұрыс!»- соқпақ жолдан шығып, өзен жаққа қиырлай беттедім. - «Иә, алдымен Ақсуға жетуім керек. Қазірше ең абзалы арыздану. Тым болмағанда өзім далдалана жүріп, мына делолас сорлылардың арызын жеткізіп кетейін!...»

Күн бата қойдың маңырағанын естіп, тораңғы арасындағы жыңғыл шарбақтың үстінен түстім. Мұртты жігіт пен ересек бала жалбарақтап қарсы алды. «Тарым майданынан келемін. Ақсу өзенінің қойнауындағы «Көкқұрақ» деген жерден бір қора қойды айдасып қайтуға жіберді» дегеннен басқа сыр білдірмей, сол шарбаққа қондым. Мен айтқан тұста Көкқұрақ деген жердің бар-жоғымен отағасының да менің де ісім болмады. Әйтеуір сәлем орнына Маужушидің қаймана үзіндісін судыратпай, мұсылмандық салтпен амандасуымыз жақындастырды. Дастарқан жасап, бір аяқ айран мен нан әкелді де ішіп болысыммен өсіп кеткен аппақ шаш, қап-қара сақал-мұртыма қарады жігіт. Ұстарасын алып, жанып-жанып жіберді де сабын мен құмған әкелді. «Мүсәпірсіз ғой, сауап болар!» дей сала сыпырды. Менің жайымды білгендігін осы «мүсәпір» деген атауымен ол аңғартты да, оның идеялогиялық жайын сол арқылы мен түсіндім. «Коммунаның бір қора малы қазір өз қолымда дей сала қой сойып, ет асты. Қоғамда болып жатқан мәселеден радио қабылдағыш арқылы естіп жатқанын ірікпей сөйлей берді. Ахуал барлық қалада да өзімнің алдыңғы көріп-естіп білгенімдей екен. Құмның ішкі жағын паналап жүрген қашқындар да көп екенін бір сөзінде білдіре салды. Осы маңдағы қойшылар оларға көмектесіп тұратын сияқты.

Қонағасының бір санын таңертең жүрерімде таяққа асып беріп қоштасты.

Кей бір бейлі нашарырақ қотанның құрметіне көйлек, иә бешпет сатып жетсем де бірнешеуі осылай, бұрынғы мұсылманшылық сауап іздеу жолымен азық беріп шығарып салды.

Қаусап қалған заманалардың иендегі қалдықтарынан көрінетін «жын ойнақ», «албасты оты» дейтіндерден оншалық сескенбесем де шошқа қабаны, ыршып қабатын оқ жылан, тінтіп жатқанда астыдан шыға келетін бүйі, шаян, қара құрт, түнде тораңғы басынан секіріп түсіп, желкеннен, алқымнан жабысатын келардан[2] сақтана жортып, бір апта жүріппін. Малшы қотаны табылмай, мүлде иенде қалған шағымдағы қоналқы орным жалаң жазықтағы қарасор болды.

Ақсу тұсына келдім-ау деген мөлшермен Тарым дәриясынан қайта өтуге дайындалдым. Тасқын әлі аунақшып-дөңбекшіп, құтыра тулап жатыр. Шешіне бастағанымда өзеннен көп адамның даңғырлаған дауысы естілді. Қанша қарасам да ештеңе көрінбеді. Жүгімді төбеме байлап алып жүзе жөнелдім. Қиын ағыстың біріне өткенімнен соң әлгі адам дауыстары қайта естілмеп еді. Аяқтап жалдап келе жатқанымда жоғары тұсымдағы жиырма, отыз метрдей ғана жақыннан қарайған бастар көрінді. Тұп-тура маған қарай жүзіп келеді. Ыға жөнелмек болғанымда төменгі жағымнан да сондай шашты бастардан бірнешеуі жақындап қалған екен. Балыққа салып жүрген ауларын жиып, бір-екеуі иықтарына асып алыпты.

Менің өзеннен өтіп кетпегімді біліп, қоршап ұстау үшін үн шығармай шеп жайғаны белгілі болды. Артыма қайрылып қайта жүздім. «Зәнжу!»[3] деп айқайлаған бұйрық дауыстарынан әскери адамдар екендігін біле сала жанталасып барып әлгі орқашты ағынға қайта түсіп кеттім. Апыл-ғұпыл киініп жатқанымда артымнан алтауы шығып бассалды.

- Қайда барасың?

- Ақсу қаласына.

- Неге қаштың?

- Өзім қашқынмын! - Бар шындығын айта салатын қашқын бола ма екен дескендей бір-біріне қарасып қарқылдасты. - Мен, Ақсу аймақтық сақшы басқармасына аарыздануға барамын!- дедім сонсоң.

Айдай жөнелді. Күн батып қас қарайғанша айдап апарып, тәртіппен салынған таскірпішті бірқанша құрылыстан өткізді де ең шеттегі бір күзет мұнарасының түбіне апарып, жер астына түсетін темір қақпақты ашты. Қолшырақ жағып, ағаш баспалдақпен түсірді де, баспалдақты сыртқа шығарып алып, қақпақты үстінен шақ-шұқ құлыптай салды. Мәңгіріп тұрып қалып едім. Ұйқысырап ыңырсыған бір дауыс естілді. Оның да зынданға түскен тұтқын екендігін сезіп, сипалап барып таптым. «Оң жағыңда орын бар» деген ханзу дауысы шықты. Жылжып барып сипалап, сабан төселген сәкіні таптым да құлай кеттім. Дене мүшелерім түгел қаусап қалғандай, қатты қалжыраппын.

Бұл майдан, өндіріс - құрылыс армиясының бір егіншілік майданы екен. Ертеңіне саяси бөліміне апарып, көзі қып қызыл жігіт пен жалғыз көзді келіншек қуыстарымнан ештеңе қалдырмай тінтіп алып тергеді. Екі мәселені ғана сұрап зіркілдеп-шаңқылдап отырып алды екеуі: «Үндістаннан шпион болып неше рет өттің?» деп бірі, «сен үш аймақтың ұлттық армиясында болған адамсың, неше ханзу өлтірдің?» деп бірі құлағымды мұжи берді. Бұл майданның да есі дұрыс адамдары қолға алынып болғанын түсінген соң несіне өкпелейін, кешке дейін сұраса да Ақсу сақшысына жетуден басқа сөз «ұқпай» өткіздім. Менің «ақымақтығымды» олар да түсінгендей, қайталап сұраққа шақырмады. Өздерінің «қарсы көзқарасындағы» он шақты жас тұтқынына қосып күріш атыздарындағы көлден жиырма неше күн арам шөп жұлғызды.

Таң бозынан қас қарайғанша судан шықпайтын ауыр жұмысқа салғандықтарын есепке алмай, тамақ расхотын сұрады сонсоң. Қараңғы зынданда екі уақыт беріп келген сұйық сары умашының ақысы 22 юан 92 тин болыпты-мыс. Саяси бөлімі тінткенде жанқалтамнан алған екі юаннан басқа бір тиінім жоқтығын айтып едім, тағы тінтті. Ышқырым мен штанымның ауынан да, ұлтарағымның астынан да ештеңе таба алмай түтіккен есепші басын қасып-қасып жіберіп, жүгіре жөнелді бастығына. Жарым сағаттан соң қайта жетті. «20 Юан 22 тиінді «кішкене ұлт» адамы болғандығың үшін кешірдік, бұл қамқорлығымызды ұмытпа!» деп келе тісті құрсау салды қолыма. Жан мылтықты бір мықтысына айдатып, Ақсу сақшы басқармасына жөнелтті.

Дәриядан моторлы қайықпен өткізген айдаушым қызылмия тамыры тиелген жүк машинасына жалынып-жалбарынып, таудай жүк үстіне әрең шығарды. Әйтеуір ең жақсысы, бір қолымды босатып, құрсаудың бір басын темір арқанға құлыптады да өзі көз алмай қарап отырды.

Ақсудың жаңа қаласының шетіне іліне сала түсірді де құрсаудың сол бос басын өз қолына алып, жетектей жөнелді мені. Малша жетектеп үлкен-үлкен көшелерді айландырды. Сақшы басқармасының залына кірген соң құрсауын қос қолыма қайта құлыптап ақырды маған. Аяғымды қағып тік тұрғызып қойып, «саяси бөлімге» киімін түзей барып кірді.

Сөйлескен сайын өрлей шыққан бір жуан дауысты естіп, есікке жақындай түстім: «қамайтын орын қалмады, қайтарып әкет өзің!» дегені анық естілді. Бір-екі аяқ дыбысы есікке қарай беттегенде шегініп, алыстап барып тоқтадым. Сәл еңкіштеу келген ірі денелі қартаң сары офицер маған анықтап үңіле қарады. Мен де түр-тұлғасына қарап, жоғарырақ дәрежелі, көне халық азаттық армия офицері екенін байқадым. Маған қарап-қарап алып, айдап келген офицерге түйіліп, зекіре сөйледі ол.

- Қаймана кетіп бара жатқан жолаушыны ұстамаңдар деп неше айттық біз сендерге?... Бұдан үш күн бұрын екеуін, алдыңғы күні екеуін, бүгін мынаны айдап келіпсіңдер! Ал, мұның киіміне, бұл жаққа өзі өтіп келе жатқанына да, денсаулығының жоқтығына да қарамай тұтқындап, куәйзы[4] салып әкеліп тұрсың!... Осындай адам өлгелі тұрып, сенен қалай қашып құтылмақ?... Бізде мұндай адамды қамайтын орын да, аурухана да жоқ, әкет өзің!... Ұқтың ба, қайт, әкет!

Айдаушым үзіл-кесіл бұйрықтан артына лажысыз бұрылып, маған беттегенде бастық та шыққан есігіне бұрылды.

- Баугау!- деп ізетпен тіктеле қалдым мен. Офицер қайта бұрылып тоқтады. Жақындап барып, ханзуша әлі де одағайлау тіліммен балдырлата жөнелдім. -Мен, Шаяр Тарым лаугай майданының абақтысынан қашып шыққанмын! - Қыс бойы салынған қыспақтан қажалып, көгала, қаракөк болып кеткен білегімді ашып көрсете сөйледім. - Осында - сақшы басқармасына арыз айту үшін қашқанмын. Мына кісілер ұстап, автомобильмен әкелмесе, жолда өледі екенмін..

Жуан офицер айдаушыма «құрсауыңды алып кете бер!»- дей сала бір ұйғырдың атын атап шақырды. Құрсаудан босаған мені бөліміне кіргізіп, есік жақтағы орындықты нұсқады. Шақырған ұйғыры өз тілмашы екен. Ол кірісімен мені ұйғырша сөйлуіме бұйырды.

- Мені сөзім ұзағырақ, сіздің жұмысыңыз асығыс болса да толық тыңдауыңызды өтінемін! Себебі, Тарым майданында менімен байланысты нахақ деломен көп адам қиналып өлім алдында жатыр. Күніне неше рет ұрып талдырып тірілтеді. Егер ақ-нахақты айыру жөнінен сіздерден көмек болмаса, көбіміз өлеміз!..

- Ал, асықпай анықтап сөйлей бер!- деді бастық. -Менің міндетім де осындай іс!

Жақында осы басқарманың қызметін әскери орын өткізіп алғанын, бұл майор, саяси бөлім бастығы болып жақында келгенін ескерте аударды тілмаш. «Тәжірибелі білімді адам» деді соңында. Пейілдеріне қарап қысқаша өмір баяным мен өзімнің қай жерде не қызметте болғандығымнан бастадым сөзді. Үкіметтің жоғары саяси орындарына баяндауға тиісті барлық арызымды бір жарым сағатта сөйлеп шықтым. Әр жерінен естелік жазып отырған бастық дәретке барып қайтып келіп жауап берді. Қалың бурыл шашты басын сипап, маған күлімсірей қарап сөйлеуінен жақсы лепес байқадым.

- Сенің бұл сөйлеген ахуалыңның бәріне сендім!-деді ол алдымен. - Бәрі рас. Жасырған, иә бұрмалаған жерің жоқ! Сен, есің дұрыс, ақылың толық қалпындағы адам. Мақсатың басқа болса, бұл жаққа қашпайсың. Бұрын бір рет қашқаныңды да, жағырапияны шекараны толық білетіндігіңді де жасырмай айттың. Бұл жақтың Совет шакарасынан қаншалық алыс, жолдың қаншалық қиын екендігін біле тұра Ақсуға қашуың, сөзсіз, басқармаға арыз айту үшін ғана қашқандығыңның факты. Осыған қарап кесіп айтуға болады, сенде ауыр қылмыс жоқ. Ауыр қылмысы бар адам сақшының өзіне қашпайды. Егер жаңылыстан өткізген мәселең бар болған күнде де өзің қорықпайтын жеңіл мәселе. Сондықтан, бізден қамқорлық күтіп келгенің рас!... Енді біз сені өз орныңа, ұрмай-қинамай, факт қойып қана тексеретін шартпен қайтарып береміз, бұған қалай қарайсың?

- Бұл заңды шартыңызға ол тергеушілерді көндірсеңіз, әрине разымын!

- Бар мәселең болса, қайтып барған соң титтейін де жасырма, жоқ мәселені мойындама!... Бұл жөнінде біз оларға да мықтап тапсырамыз!..

Осы сөзбен мені артымнан майдан кадры келгенше жата тұру үшін өздеріне қарасты абақтыға өткізіп берді. Бірақ, бұл абақтыдағы айқай мен ойбай тіпті қатты екен: жазаланған қылмыстардың күндіз-түні зар қағып, үздіксіз бебелеген дауыстары мені тағы қорқытты. «Баугау дүйжаң, мен нахақпын, нахақпын!» деп түн бойы жалына боздағанда сай сүйегімді сырқыратады. Ал, бұл абақтыдағы ашаршылықты алпысыншы жылдағы Лоптан басқа жерден көрмеппін... Екі апта өткенде алдыңғы жылы Үрімжіден алып қайтқан ұйғыр кадр тағы келіп шығарды бұл абақтыдан.

- Мұнда қашып келгенің жақсы болыпты!- деді ол бұл жолы, қолыма шынжырлы құрсау сала тұрып күбірледі. - Бірақ,  үстіңнен түсіп жатқан мәселе өте ауыр. Қалай да жоқ мәселені мойындама, барын бар, жоғын жоқ дей бер! - Сақшы басқармасының саяси бөлімі берген пешетті конвертті жанқалтасынан алып, ишарамен көрсетті де өзінің қол сумкасына салды.

Майданға жеңіл «Жип» машинасымен алыпқайтты. Шаярға Тоқсу қалашығынан айланып өтетін тас жол бойына әр шақырым сайын бірден «ұзынды мұнарасы» қаланған екен. Қызыл сырмен жазылған «үзінді» үстіндегі құдіретті Мау суретінің көзі мен мұрыны түгел ойылып масқараланыпты. Адамсыз иендегі қағыр шөл далада да солай. Шаярға, одан Тарым майданына дейінгі неше жүз мұнарадан көзі мен мұрны сау бірде-бір сурет көрмей өттім. Соншалық көп күш, шеберлік, көп расзотпен жасалған үгіт құрылысы соншалық қаһарлы наразылықпен өз мақсаттарына қарсы үгіт құралына айналдырыпты. Бұл, халық жағынан басылған лағнат таңбасы екендігі көрініп тұр.

Артқы орындықта маған қатар отырған айдаушым ұзақ жол бойына созылған сол масқаралықтың ешқайсысына қарамай, көрмегенсіп өтті. Жетісімізбен майдан штабының қасындағы үй құрылысы әтіретіне апарып, аяғыма кісен салғызған соң ғана тіл қатты: бұл майдандағы ешкімге «өсек» тарқатпауымды түйіліп тұрып тапсырды да лаугай әтіретінің зыдауянына өткізіп берді.

Содан бастап кісенді лаугайға айнала қалдым. Әйтеуір атылмай қалсам, бұл да жеңіл сияқты өз көңіліме. Қартаң адамдары көбірек қайырымды группаға қосылыппын. Маған қараған көздері жасқа тола тайқайды. «Қылмысымның ауырлығын» бәрі біледі екен.

Үшінші күні кісенмен кірпіш жиып жүргенімде екі әскер келіп айдай жөнелді. Майдан штабының күншығыс жағында үш километрдей жердегі екінші үлкен әтіретке жаяу айдап апарды. Майданның тас кірпіштен сегіз метр биіктікте жасатқан берік сепілді түрмесі осында еді. Мені де осыған қамайтын шығар деп ойлап келіп едім. Темір қақпасына таяп қалғанымда бұра айдап апарып бір аласа үйге кіргізді. Біздің ісімізді тергейтін орын осында екен. Былтыр мені қолға алған төрт «аяз» тағы да қатарынан түксиіп осында отыр. Кісенімді шалдырлата кіріп, алдыларына тұра қалдым.

- Сөйле!- зекіріп қалды кексе ұйғыр тергеуші. Ұзын бойлы жас ұйғыр екі ханзу тергеушіге тілмаштық істеді.

- Саучыңсаудың қинауына шыдамай, Ақсу сақшы басқармасына қаштым!- дедім.

- Қылмысыңды сөйле!

- Менде қашудан басқа қылмыс жоқ. Үрімжіден қайтып келгенімнен бері Саучыңсаудың қатал режимінде болдым. Жан төзгісіз суықта көлден шықпай қамыс ордым. 64-жылы алынған қалпағымды өз қолымен қайта кигізбек болып, ыңғай ауыр жұмысқа қалпақтылармен бірге салды. Солармен бірге идеялық доклат жазуға зорлай бергендіктен қалпағым бар болса факт көрсетуін талап еткенмін. Менің қылмысым болса осы мәселеде ғана. Басқа ешқандай қателік өткізген емеспін! - Бұл жауабыма ішектерін тарта, ышқына қарасты төрт аяз.

- Басқа қылмысың жоқ па?- төртеуі осы сұрақты ханзуша, ұйғырша жарыса көтерді.

- Жоқ!

- Егер бар болып, алдыңа жайыла қалса, қайтейік?

- Қылмысқа татырлық титтей мәселем болса, қолма-қол атылуға разымын!

Бір-біріне қарасып алды да қайта ойлануымды, өлімге асықпауымды бұйырды аяздар. Маузыдұңның «мойындағанға кеңшілік, тоңмойындыққа қаталдық» деген саясатын талдап бір сыпыра «тәрбие» айтты да қылмысымның әлдеқашан әшкереленіп, факты толықтанып болғанын, өз аузыммен тапсырсам, жеңілдік беру шарасын ойластыратындығын білдірді.

- Мен, былтыр күзде сіздер қолға алғаннан соң абақтыға қатырған мұз үстінде алты ай жатып ойланып, не қылмыс істегенімді таба алмағанмын. Онан соң Ақсуға қашып бара жатып та, ол жақтың екі абақтысында қырық күн жатып та ойланып болғанмын. Титтей де мәселе өткізбегендігіме сенімім толық. Қылмысым табылса кеңшілік сұрамаймын, тауып мойындатыңыздар да атыңыздар!

- Осы сөзіңде тұрасың ғой?... Тұрасың ғой осы сөзіңде?

- Әлбетте тұрамын деп серт айтып тұрмын!

- Тегінде есіңде болсын, біз жанымыздан бір тал материал қосқанымыз жоқ, барлығы өз достарыңның тапсырған мәселелері, сондықтан бұл факттер сөзсіз күшке ие!... Өзіңе жеңілдік әперетіні, тек өздігіңнен мойындап сөйлеп беруің ғана! Құтыларлық басқадай жолың жоқ!

- Шындықтың жолы көп! - Өршелене нақтап айттым бұл сенімімді.

- Олай болса, мә мынаны оқып бер, қалай құтылар екен көріп алалық! - Келесі жасырған қалың материал ішінен үш беттік қағазды алып берді. Азуын басып, тез оқып шықты жасы.

Мен Үрімжіден қайтып кеп қамалып, су басқару пунктіне шыққанымнан соң су құрылысы әтіретінен алтайлық екі шынсыңның қашып кеткенін естігенмін. Солардың қолға түскені де ұғылды бұл материалдан. Сөз алысынан Қапастың жазған материалы екендігін мөлшерледім. Үстімізден түскен зор мәселенің қалай құралғанынан дерек білдіре жазыпты. «Мәселе әшкерлеуші кадрларымызбен белсенділеріміздің қойған факттері бойынша мойындаймын» деп бастапты мойындауын. Бізге жабысқақ дело былай құралыпты:

58 жылы Көктоғайда қозғалған көтерілісшілер жеңілер шағында «бір таудың үңгіріне 600 мылтық, төрт-бес пулемет, отыз аптамат тыққан екен». 68-жылы осы майданнан Алтайға қашқан екі жігіт сол қойманы білетіндіктерін айтқанда Биғабілдар, қайткенде де сол құралдарды осында жеткізуді тапсырыпты-мыс. «Такламаканда құмнан шығып, құмға кіріп жататын қысқа бұлақтар бар. Соның біріне қыста шығып алып, сол құралдарға машықтанамыз да күн жылынысымен келіп, осы майданды басып аламыз. Мұндай тоғыз мың лаугайды азат етіп, бір полк әскердің құралын тартып аламыз. Осы майданның өзінен-ақ бір двизиялық мықты шыныққан жауынгер құралады. Сонымен барып Үрімжіні басып аламыз!» депті. Алтайға қашқан екі шынсың «сол құралдарды түйе мен есекпен болса да» тасып жеткізуге міндеттеліп, сол міндетпен қашыпты-мыс.

Бұл материалда жазылған «алты мың адамдық, төңкеріске қарсы құралды зор ұйым» осылай құрылыпты. Маған оқып берген тергеуші, материалды жазған адамның атын атамады.

- Рас па?- деп ақырды кексе тергеуші.

- Өтірік!- Мен кідірмей шорт қайырдым жауабын. - Мүлде өтірік!

- Мойындамағанын көріп алармыз, енді мынаны оқып бер! - Үлкен кіші тергеушіге тағы бір материал беріп оқытты. Бұл да «орнымен», «уақытымен» төндіріп, осы «факттерді» құрастырып жазыпты. «Ұйым бастықтары» бұл материалдарда мен бастатқан жиырма шақты «әшадди кері төңкерісші» ұйғыр-қазақ болып әшкереленіпті. Мұнда тіпті кері төңкерістік программа, тәртіп-ереже, ұйымның әрбір бөлімдерінің бастықтарына дейін аттары аталып жзылыпты.

- Бұл да өтірік пе?- тергеушілердің дауыстары тіпті өктем шықты бұл жолы.

- Өтірік!... жала!- деп мен де бақырайдым.

Бірінен-бірі ащы дауыстармен тағы бірнеше материал оқыды. Мен «факттерінің» де, «орынның» да, «уақытының» да ныспы өтірік екендігін дәлелдей бердім. Ұзын-қысқалы отыз шақты материал оқылғанда күн батуға айланған екен.

Тергеушілер удай зәрлі «насихатпен» уағыздап-уағыздап алып, үй құрылыс әтіретіне қайта айдап апарып тастатты да, ертеңіне кісенімді шалдырлатып тағы да айдатып әкелді. Тағы да оқыды материалдарын... Сөйтіп үш күн материал оқып, қузап-қағыстырып, бірер сөйлеміне де мойындата алмады. Себептерін, қарсы факттерін айтып тойтара бердім. Тіпті бір сыпырасында мен Үрімжіге қашып барып қамалып жатқан уақыттарымда осы майданда кері төңкерістік ұйым құрып жүрген болып жазылыппын. Төрт мықты тергеуші де, әрине мен де қысылып, тер ағыздық. Олардан менің артық қиналған жерім, аяғымды кісен қажап, қан сорғалағаны болды.

- Осыншалық көп адамның сөзі өтірік болатындай сенде осылардың бәрінің өші бар ма? Соны айт ендеше!- деп зықынады бас тергеуші.

- Осы бір жүз үш адамның менде ешбірінің өші жоқ. Жазу подчеркіне, тіл орамдарына қарағанда бәрі таныс достарым!... Маған ешқайысының өздіктерінен жала жабулары мүмкін емес!

- Олай болса бұл материалдардың ешқайсысында өтірік жоқ!... Солардың бәрін шақырып әкеліп беттестіріп, бетіңе түкіртеміз! Тергеу бұл сатыға жеткенде саған рақым етудің титтей де орны қалмады!... Шыдаймысың беттесуге?

- Беттестіріңіздер, неғұрлым беттестіріңіздер!... Бетке түкіруші кім болатынын көріңіздер!

Тергеушілер бір-біріне күбірлеп ымдасқан соң кіші тергеуші шығып кетіп еді. Маған үлкені ақырып, дауалға теріс қаратып қойды. Есік табалдырығынан біреудің ыңқылдап әрең аттағанын естіп, жалт қарадым. Төртеуі бірдей ақырса да беттесуге кірген ұзын бойлы, ат жақты «аруақтың» өзім аға-ағалап сыйлайтын Төлеген деген кісі екендігін тани қайрылдым дауалға. (Гомендаң бригадасының жоғары саяси қызметінде болып, 44-жылы менің тұңғыш жазған драмамды бекітіп сахнаға шығаруға рұқсат еткен осы кісі болатын). Бұрын түк қалдырмайтын иегі бурыл сақалға толып, белуарына түскен. Көз аясы ұрадай ойылып, сүйектен басқа ештеңесі қалмапты. Қарашығы құдықтан көрінгендей тым тереңнен жылтырады. Бұрынғы келіскен балуан денесі шыбықтай бұратылыып әрең кірді есіктен. Кіші тергеуші оған менің сырт жағыма орындық қойып, дауалға сүйеп отырғызды.

- Биғабіл, өздігіңнен мойындағаның жақсы!- деді бас тергеуші, мені өзіне қаратып алып, «ең соңғы тәрбиесін» берді. - Аз болсын, көп болсын, өзің айтқаның ғана жеңілдік әпереді, сөйле!

- Сөйлейтін ешқандай мәселем жоқ!

- Олай болса сен сөйле, өз обалы өзіне!- бас тергеуші столды шарт еткізіп, Төлегенге ресми бұйырды.

- Бір тал темекі беріңіздерші!- деп қырылдады Төлеген. Тұтатқан темекі қолына тиісімен обыға сорып алып, түтінін соза, күрсіне үрлегенін естідім. Осылай үш рет сорып, үш рет үрледі. «Осы өтірікке мойындай беруден басқа лажым қалмады, бауыр!» деген шағым мен кернеген қасіретін білдіргені екенін түсіндім. Біраздан соң өзі жазған материалы бойынша баптап сөйлей жөнелді. Барлық мойындағанын ірікпей төкті сөйтіп. Төрт тергеуші көздерінен от шаша төнді маған.

- Сен Жаһил, енді не айтасың бұған!... Бұл өтірік пе?

- Өтірік! Өтірік болғанда да қанішер жала!- деп айқайлап жібердім де «құтыра» жөнелдім. Бұл жерде шексіз-заңсыз құтырмасам мойындауымнан үміт күтіп әурелей береді ғой. Кісенімді шалдырлатып жалт қайрыла ұмтылдым Төкеме. Жалғыз-ақ әкесін тілдеуге жүзім шыдамай, ұйғыр тергеушілерімнің алдында Төлегенге рақымсыз-ымырасыз көрінуім үшін де тұп-тура қатынын тілдеуім жөн көрінді[5]. Тұфит лағынат!... Хотыныңны с... қарақшы! Енді гүңшандаң дәуірінде ыстық қан ішкің келеді ме! Қайдан таптың мұншалық жаланы?...

Мен Төлегенге қайрыла қарағанда-ақ төрт тергеуші түгел келіп, арамызға тұра қалды. «Жауыма» әлде неше ұмтылып жете алмай әлденеше жұдырықпен тойтарылдым. Тергеушілер кеудемнен түйгілеп құлата берді. Кісенге шалынып жығылып, жер тірей түрегеліп ұмтыла бердім. Тергеушілер қолыма қинаудың тар қыспағын салды. Осынысына да қарамай, атыла бердім «жауыма». Қолым байланса да осы «ағаның» тұмсығына бір сүзіп, қанын шашпай «көңілім көншір емес». «Жан жерінен» тілдей бердім. Текеше тұқырып атыла бердім. Құлай бердім. Төлеген ызасыз-зілсіз қарап қойып көз жасын мөлтілдете берді. Менің бұл позицияма барынша разы болғандай. Менің мына «жыным» тұрғанда ағарып шығатындығымызға сенім тапқандай, шырайынан үміт жылтырата, сүйіне қарап қалыпты.

Мені өлтірмей мына құтырықтан тия алмайтындығын білген тергеушілер кішісіне ым қағып, құрықтай Төлегенді қолтықтатып шығарып жіберді. Қалған үшеуі жуан білектерін енді сыбанды. Көздеріне қан толып алыпты.

- Жә, жетті! Тоқтат!- деп ақырысты. - Өзің бір ауыз мойындамайсың, қойған соншалық көп факттің бірін де танымайсың! Беттестіруге әкелген тірі айғақты өлтірмек боласың! Соншалық қайдан шыққан немесің сен! Қалшылдап, сақылдап дүрсе қоя берді маған. - Сөйле жаныңның барында, мойындаймысың жоқ па!...

- Сіздерге рақымет!- дедім мен, қыспақты қолымды қосарымен тік көтердім. -Үш күннен бері расында да маған кеңшілік позиция тұттыңыздар! Менің сөзімнің де ісімнің де бітуіне енді бес-ақ минут қалыпты. Соның төрт минутын өзіме тағы беріп тыңдаңыздар, осы төрт минутта бәрін сөйлеп боламын!... Рұқсат па?

Тергеушілер бір-біріне қарасып алып, иек көтерісті де, тілмаш қайтып кірісімен сөйлей жөнелдім.

- Жаңағы Төлегеннің бұрынғы дене құрылысын сіздер де білесіздер. Осы фактсымақтарыңызды мойындағанша неше өліп-тірілгені көрініп тұрмай ма! Мына түрмелеріңіздегі жүз неше зиялы осы өтірік материалға мойындауға осыншалық мәжбүрленген. Ал, менің денсаулық халім мынау, оншалық қинап әуре болмай-ақ, бір-екі шапалақпен ғана мойындата аласыздар! Ең ақырғы тергелуші - мен екенмін. Мен мойындап қол қойып берсем біткені, қазіргі мына өткір жағдайда Ақсу орта сотына бекіттіре сала сот құрасыздар. Бас қылмысты деп аталған жиырмамыз атыламыз. Кім болғанда отызымыз мүддетсізге кесілеміз. Демек, бұл мойындату, ең аз болғанда елу адамның қанымен бітеді. Бұған асықпаңыздар! Мұншалық зор делоны гұңшандаң қашан болса да қайталап бір тексермей қоймайды. Нахақтығымыз соншалық анық, қайталап тексеруде біз сөзсіз ақталамыз! Бірақ, бізге «өліп болған соң саяси оқудың қажеті жоқ», бәрібір қайта тірілмейміз ғой, сондықтан, обалымызға қалмай, осы тірі шағымызда жіңішкелеп тексеріп анықтауларыңызды өтінемін!

- «Енді бізге де бұйрық жүргізбекпісің!», «кері төңкеріс бастығы болған соң бізге де үкімім жүрер деп ойлап тұрмысың!», «қара мұның асуын!» - десіп тергеушілер дүрілдей жөнелді.

- Мен, бұйрық емес, қояндай бейуаз жанымызға обалды іс істемеулеріңізді сұрап тұрмын! Мәселен, «Алтайдан құрал алып келуге міндеттелген» екі қашқын қолдарыңызда екен. Сол екеуінің бірін болса да кішкене машиналарыңыздың құйрығына байлап, сол құрал бар деген үңгіріне апарыңыздаршы!... Жіңішкелеп тексеру деген осы. Сол жерден егер бір мылтық табылса да біздің қылмысымыз рас болсын!... 47-жылдан бері армия басып, неше жүздеген қанды тергеу, қаһарлы тексеру болған жерден, енді жиырма неше жыл өткенде тінтілмеген үңгір қалды, мылтық табылады деп жынды адам үміттенет ме!...

- Ей жаһил, саған жан керек болғанда Алтайға қашқан сол екеуіне жан керек емес пе? Қойылған құрал шын болмаса мойындай ма!

- Атылып тез өле салудан қинауларыңыз қиын тигендіктен ныспы өтірікке мойындаған! Қиналуға шыдамай көки берген! Нанбасаңыздар сол үңгірін, сол құралын тапқызыңыздаршы қане!... Бізге жабысқан жала осы екеуінен шығыпты. Өз жандары үшін құраған осы өтіріктеріне бір жүз бірін мойындатыпсыздар...

- Ей малғұн, енді бізді зорлап мойындатты дегелі тұрмысың?

- Соны деп тұрмын. Ол екеуін өз әтіреттерінің активтері неше өлтіріп, неше тірілтіп қинап мойындатқан. Оларға жаздырып алған өтірік материал арқылы басқаларын қинап мойындатқан. Сондай заказды қинау болмаса, мына жүз неше өтірік материалдың сөзі бірдей шығуы мүмкін емес, бұл логиканы "малғұн" да түсінеді!

- Ей, тарт тіліңді, кім малғұн?

- Малғұндыққа да жаңа мені сайлағансыз ғой, менен басқа кім малғұн бола алмақ! Мен, сіздердей заң тергеушілерінің алдында тергелгендігімнен ғана өз шындығыммен жауап қайтарып тұрыппын. Ал, ол бейшаралардың тергеушілері, әтіреттеріндегі содырлардың жұдырығы ғана болған. Жауапкерлердің ауыздарына қанды жұдырық тығып мойындатқан! Сондықтан заң тергеушілері ғылыми жолмен жіңішкелеп қайта тексеріп анықтауға борышты! - Осыны сөйлеп тұрғанымда тергеушілер бір-біріне көз астымен қарағыштай берді. Алғашқыдан босаңсып қалғандықтарын байқап, өз шындығымды тағы үстемелеп баяндай түстім. - Ал, мен, тым болмағанда өзімнің өлерімді білетін зиялымын. Қияли емес - жынды емес, ес-ақылым бүп-бүтін. Тауды мына жұдырықтай ғана басыммен сүзіп құлатамын дейтін ақымақтықтан аулақпын. Жаңкайшының сегіз миллион армиясын жойған гұңшандаңды осындай бес-алты ақсақ-тоқсақ лаугаймен құлатамын деп үміттенермін бе!... Сонау Алтайда он неше жыл бұрын көмілген бес-алты шиті бар дегенге сеніп, соларды алдырып, осы майданды, сонсоң Үрімжіні басып алармын деп үміттенермін бе! Мұндай қиялдың тек өзімізді ғана қырғындататын жындының қиялы екендігін түсінбеймін бе!... Өзіме-өзім өлім тілеймін бе!...

- Ей, тоқтат сөзді!- деп ақырды бас тергеуші. - Таста бетсіз жайылдығыңды!... Шық ауыз үйге, ойлан!

Ауыз үйге шығып, есік сыртынан тыңдап тұра қалдым. Сөздері естілмеді. Он минуттай күбірлескен соң кіші тергеуші шығып, айдаушы әскерлерді шақырды да жаңағы «құтырғанымда» қолыма салынған шойын қыспақты алып қайтарды.

Үй құрылысы әтіретінде кісенмен істей бердім. Мені тергеуге осыдан соң шақырмады. Түрмедегілердің қайта тергеліп жатқанын естіген қарт лаугайлар маған жалынатын болды: «сені енді тергесе аямайды, ондайда мойындай сал шырағым, бәрібір мойындатпай қоймайды бұлар, бекер қинала бермеңдер!» деседі. Дәл қазір өздерін шақырып алып, «осы ұйымда сендер де бар екенсіңдер!» десе, «ие, ие, бармыз ағатайлар, жаздық - жаңылдық!» деп алдыларына түсе жөнелетіндей, су жүрек болып қалыпты.

Уақыт өткен сайын менің жүрегім берки түсті. Өйткені, қос мүйіздерінің бірі түбінен қопарылып сынып түскені естілді: Лиңбяу Совет Одағына қашып, Мұңғолияға өткенде аэропланына қуғыншы оқ тиіп өртеніп, бала-шағасымен күйреп түсіпті. «Ұлы ұстазын» шексіз қолпаштап-қорғап, нақтылы Құдайға айналдырған сол еді ғой...

Бірақ, Құдай болған зат өзінің арқа тірегі түгіл, отырған алтын тағын жұтып алса да міз бақпайды екен, сыңар мүйізін тіпті күшеп шайқағаны естілді соңынан. Қара құйын үдей түсті. «Құтырған Құдайдың» ісіне енді кім дау айтпақ. Мәнсапқа кім таласа алмақ онымен!... Өкпемізді қорқыныш желі қайта кеуледі. Сол көзбен қысты ауыр кісенмен арба сүйреп, дамылсыз топырақ тасып өткіздім.

Маған бір келмей, жүрегімді қыс бойы сұрақсыз-жауапсыз қысқан тергеу қатері апрель туып, күн жылына келе ыдырай қалғандай болды бір күні: үй құрылысы әтіретінің кадры дүйжаңы арба сүйреп кірпіш тасып жүрген мені темірші дүкеніне шақырды да кісенімді алдырды.

- Мына трактор қазір су қоймасына жүреді. Осыған түсіп, өз әтіретіңе қайт!- деді жалғыз-ақ.

- Менің мәселем тергеліп болған жоқ қой?

- Тергеліп болмай сені қоя бере салудан мен де қорқам, ха-ха-ха-һа-һа... а... мен қайт деуден қорықпаған соң сен де қорықпай қайта бер!

Жақыннан тыңдап тұрған құрылысшы лаугайлар ду күлді. «Сөзсіз атылатын бас кері төңкерісшінің» мына құтылысына, үй қалап жатқан ұсталар да аңырыса қалыпты. Мен дүйжаңға қарап өтініш айттым.

Егер біздің нахақтығымыз анықталған болса, майдан басшылығына менің арызым бар, Уаң дүйжаң. Осында қала тұрайын. Саучыңсау тұрғанда ол әтіретке қайтпаймын!

- Саучыңсау?.. Саучыңсауды енді ол әтіреттен іздеп те таба алмайсың, ха-ха-ха-һа...а.. Қайта бер, барғанда естисің, арызың сол жерден де жетеді!

Не болғанын ұқпасам да трактор кабинасына кіріп тырқылдата жөнелдім. Қарқылдап күле қол бұлғап кадрлар қалды. Трактормен бірге жаңа үйлі қысқа көшеде, жолдың екі шетіндегі жиде, теректерде күлгендей. Ең биіктен жарқыраған күн ғана бажырая-аңыра қарайды.

Азат болған жайымды ханзумен орыс арасында туылған шофер шынсың түсіндірді.

Былтыр күздегі төрт күндік тергеуден соң, менің жауабым үстінен үлкен талқы жүргізіліпті де бұрынғы мойындаған жауапкерлерді қайтадан тексеруге ұйғарылыпты. Істі ең басынан - алтайлық екі қашқыннан қайта бастапты сөйтіп. Ол екеуі қайта тергелуден азарда-безер болыпты: «біз өзіміздің бала-шағамызды көру үшін ғана қашқандығымызды айтсақ, кадрларымыз бастап, активтеріміз қостап, «сендерді Биғабіл төтенше міндетпен жібергенін білмейміз бе!... Сендер де 58-жылғы көтерілістен қалған тығынды құрал барын білмейміз бе!.. Қане, оны жоққа шығарып көріңдерші қане!»- деп тепкілеп өлтіретін болған соң айтқандарына мойындай бергенбіз. Егер енді тағы да шындығымызды айтсақ, тағы да қасқырша талайтын болсаңыздар атылғанымызша қиналмай тұралық, сол мойындағанымыз, мойындаған!» деп, қайта жауап беруден мүлде бас тартыпты.

Көтерем, саңырау, ақсақ, шолақ болып қалған басқа жауапкерлер де түгел соны айтыпты. «Егер қинамай тексерсеңіздер бұрынғы мойындаған факттеріміз мүлде өтірік. Өлер халге жеткенде күн жарығын бір сағат болса да көре тұрайық деп, не десе соған мойындай бергенбіз. Тағы да қинайтын болсаңыздар, сол жалаға тағы да қол қоя саламыз. Олай қиналудан сотта атылып өлгеніміз мың есе жеңіл!» десіпті.

Төрт аяз он аяз болып амалдап, қаншалық үскіріп, қаншалық ысқырса да жүз неше аруақтан осыдан басқа шындық шықпапты. Қайта тексерілген жарым жылда өздерінің жартыкеш қылмыстарынан да нәр тартырмай қойыпты.

Шофер Саучыңсаудың құлаған жайын да айтты: ол тұп-тура арғымақ боз байталдың үстінен тым биіктен ұшып кетіпті. Басқа бір орында қатал тергеуде жатыр екен...

Саучыңсаудан азат болғанымды енді түсініп, су басқару пунктіне қуана жеткенімде алдымнан шыға келген летчик достыммен құшақтаса түстім. Сүйегі ғана қалған арқама қағып, күшті қолымен күрс-күрс ұра берді ол.

Менен үш ай кейін босаған аға-бауырларым да арсиған арқама осылай күрсілдетіп құшақтасты. Олардың көбі өксіп, қуаныш жастарын төге,  шағына құшақтасты. Еш бірі қалпақ кимей құтылыпты.

Данышпан тергеушім, маған қылмыс-қылмыс деп қылқыңдай беруіңізден ханымыңыз қылмысқа жерік болып қалған ба деп таңырқай беруші едім. Бұл жарықтықтың қасиетін әлмисақтан бері біледі екенсіз. Қылмыс деген қашан да Құдайы иіген шарапатты жерден шығатын киелі өнім екен ғой. Бұрын көбінесе мәнсапты, дәулетті, әулие-машайық шаңырақтарынан ғана мүңкуші еді. Бүгін құқығы жоғары «данақор коммунизмшілердің» шаңырақтарынан будақтай бастады. Самародни сап қылмысқа Лиңфужуши мен Сау зыдауяндарыңыздың басқан іздері мен кірген індерінен-ақ қарық болған шығарсыз. Демек қылмыстың дәулет құсы енді сіздердің бастарыңызға қонды деген сөз. Деңіздің саздықтан су емгеніндей қасқырдың қояннан күнә іздегеніндей бейуаз бізден емініп-сұрана бергенше мол қылмысыңыздан енділікте өзіңіздің зекет бергеніңіз дұрыс шығар!

Бесінші кітаптың соңы.



[1] Маузыдұң сөздерінен үзінді жазуға цементпен қатырылған кең тақталы мұнара.

[2] Келар - Такламаканда жасайтын кесерткі тектес жануар. Жалпақ бас, үлкені 30-40 сантиметр. Өсіп болғанның құйрығы екі айрық болып кетеді. Адам етіне тісі тисе айрылмайтын аса жайыл, улы жануар. Тек үстінен от, иә темір қызуын өткізіп басқанда ғана қоя береді. Денеде тіс қалса қатерлі екен.

[3] Зәнжу (ханзуша) - тоқта, тапжылма.

[4] Куәйзы (ханзуша) - қыспақ, құрсау.

[5] Ұйғыр халқының ең ауыр санайтын иянаты - әйелін тілдеу.

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036