ЧИНШАНЛОҒА ТАЛАС. ЗҮЛФИЯ ЕЛГЕ ОРАЛЫП, ӨЗІ ТУРАЛЫ ҚАУЕСЕТТІҢ БАРЛЫҒЫН ЖОҚҚА ШЫҒАРДЫ
Д.ДҮЙСЕБАЙ
Курсив.кz порталында Зүлфия мен Манезаға қатысты тағы да бір-екі кісәпір ақпарат болмағанда, осы мақала жазылар ма еді, жазылмас па еді. Сары құрлықтағы сары ұлт біздің осы қос жұлдызымызға көз тігуін қояр емес.
Осындай құйтырқы тірліктерге қарап тұрып, «спорт саясат па, өнер ме?» деген сұрақ туады еріксіз. Бүкіл әлем жұртшылығы асыға күтетін олимпиалық ойындардың спортшылар бәсекесінен гөрі алпауыт мемлекеттердің өзара бәсекесіне ұқсайтыны несі? Осы ұлы қозғалыстың ұйымдастырушысы Пьер де Кубертеннің: «О, Спорт, сен бейбітшіліксің!», - деп жалаулатқаны қайда? Қанша саясатсыздандыруға тырыссақ та осы тіркестің өзінен саясаттың иісі аңқып тұрған жоқ па еді? Бейбітшілік пен соғыс деген ұғым бар жерде саясат та жүреді. Ендеше біз неге спортты жеке бөліп алып, саясаттан тыс қараймыз? Спорттың саясаттан бөлек еместігін бұрын да білетінбіз, әйткенмен де, Лондон Олимпиадасында бұл қатпар су бетіне қалқып шыға келді. Тіпті осы дүбірлі додадан кейін де талас-тартыс арта түспесе, кемімегенін көріп отырмыз.
Д.ДҮЙСЕБАЙ
Курсив.кz порталында Зүлфия мен Манезаға қатысты тағы да бір-екі кісәпір ақпарат болмағанда, осы мақала жазылар ма еді, жазылмас па еді. Сары құрлықтағы сары ұлт біздің осы қос жұлдызымызға көз тігуін қояр емес.
Осындай құйтырқы тірліктерге қарап тұрып, «спорт саясат па, өнер ме?» деген сұрақ туады еріксіз. Бүкіл әлем жұртшылығы асыға күтетін олимпиалық ойындардың спортшылар бәсекесінен гөрі алпауыт мемлекеттердің өзара бәсекесіне ұқсайтыны несі? Осы ұлы қозғалыстың ұйымдастырушысы Пьер де Кубертеннің: «О, Спорт, сен бейбітшіліксің!», - деп жалаулатқаны қайда? Қанша саясатсыздандыруға тырыссақ та осы тіркестің өзінен саясаттың иісі аңқып тұрған жоқ па еді? Бейбітшілік пен соғыс деген ұғым бар жерде саясат та жүреді. Ендеше біз неге спортты жеке бөліп алып, саясаттан тыс қараймыз? Спорттың саясаттан бөлек еместігін бұрын да білетінбіз, әйткенмен де, Лондон Олимпиадасында бұл қатпар су бетіне қалқып шыға келді. Тіпті осы дүбірлі додадан кейін де талас-тартыс арта түспесе, кемімегенін көріп отырмыз.
Қазірдің өзінде Тұманды Альбион додасы жөніндегі ой-пікір әр түрлі. Әсіресе, Қазақстанның осы бір байрақты бәсекедегі бұрын-соңды болмаған, бұрын-соңды қол жеткізе қоймаған қомақты көрсеткіштері ниеті түзу елдерді шынымен-ақ таңданды-рып отырса, пиғылы өзге ағайындардың өзегін өртеп-ақ тұр. Мына екі жақтан ентіге тыныс алып, қос иықтан қысып тұрған мәңгілік көршілеріміздің пікірі санаға сілкініс, жанымызға бұлқыныс әкелген сыңайда.
Атам заманнан аралас-құралас отырып, қан-жынымыз араласып кеткен Ресейден бастайықшы. Осы елдің айқай-шуға аздап құмарлығы бар атышулы бір басылымы біздің демократиялық, зайырлы қоғамымызды, «қазақстандық ұлт» пен «қазақстандық патриотизмді» мақтай отырып, «Бейжіңде бар болғаны 2 алтынға әзер қол жеткізген қазақтар қалайша бірден шарықтап, 7 алтын алды? Бұл табыстың сыры неде?», - деп таңғалады, «қазақ «жыраулары» С.Подобедованың сойылын соғып, З.Чиншанло мен М.Манеза, О.Рыпакова туралы жырлай қалыпты. «Жалпы қазақтар «дайын асқа тік қасық» болып тұр. Алдымен Винокуров жасындай жарқ етті, сосын бірінен кейін бірі Чиншанло, Манеза, Подобедова жұлдыздай сап түзеді! Ильин екі әлем рекордын қоса жаңартты! Соңғы табыс Рыпакованың еншісінде... Қазақстандықтар осы саңлақтарының әр табысына мақтанышпен қарайды. Алайда жүлдегерлер арасында «титулды ұлттың» бірде-бір өкілі жоқ!», - дейді.
Аймаңдай Ақжүрек қанжығаға қола байлап, үлбіретіп үкілеген Серігіміз олжа салмағанда, ұятқа әбден батқандай-ақ екенбіз де! Қолалы болған батырымыз бұрынғы ресейлік Олимпиада чемпионының жауырынын жерге қадап, алтын ұл жеңісті жолында тағы да ресейлік А.Замковойды тізе бүктіре жүріп, Олимпиаданың ең үздік боксшысы атанғаны «титулды ұлттың» шын мәнінде титулды екенін тағы да дәлелдемегенде қайтер едік?
Біз Ресеймен салыстырғанда моноұлтты мемлекет болғанымызбен, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» тату ел екендігімізді қызғанатындар жетеді. Табысымыз да біреудің тамағына тығылған қылқан тәрізді көрінетіні де рас. Алайда біздің басқаша болуға қақымыз жоқ қой. Бір жерде тұрып, бір астаудың суын ішіп жүрген халықты бір-бірінен қалай бөліп аласың? Тағы да әлгі басылымның сөзіне жүгінелік: «Қазақстандықтар арасында өз ұлтының өкілі болмаса да, спортшыларының әр табысына балаша қуанады. Ал алтын медальдардың басым бөлігін түстік өңір тумаларының жеңіп алып жатқаны ресейліктердің де жатса түсінде, тұрса есінде жаңғырып, маза берер емес. Әлеуметтік желідегі ұлтшылдар арасында «Ресей дзюдошысы Галстянның медалі артық па, әлде қазақстандық Винокуровтың жүлдесі қымбат па?» деген пікірталаста бәрінің бүйрегі соңғысына бұрып тұр. Бірақ Саша «Ресей жасасын!» дей қоймас. Ильин жеңгенде ол «... бесінші алтын... құтты болсын! Алға, Қазақстан!», - деп құттықтағанын неге саюға болады? Өз жеңімпаздарының ұлттық құрамы Қазақстан азаматтарының көңілін көншітпейді деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Бәрі өздері, қазақстандықтар!». Автор «Біз қазақ көршілерімізден тек спорттық жетістікке қалай қол жеткізуге болатынын ғана емес, сөйлеу, ой айту мәдениетін де үйренсек жаман болмас еді», - деп түйіндепті әйтеуір. Оған да шүкір.
Ресей сол. Қытайдың қиқаңы анау, бір айтқанын мың айтып, айылын жияр емес. Бұл екеуі құдайы көршілерміз ғой, Лондондағы табыстарымыз енді мұхит асып, АҚШ жанкүйерлерін елеңдете бастаған сыңайлы. News.kz-тің тілшісі Лондоннан кейін америкалық көрермендердің ықыласы қазақ киноларына қатты ауғанын айтады. Қайран спорттың құдіреті-ай дейсің мұндайда. «Біз андаймыз, біз мұндаймыз» деген мың құрғақ жарнамадан осы байрақты додадағы бір жеңіс әлдеқайда тиімді болып тұр-ау деп ойлайсың еріксіз.
КСРО-ның өз ішінде де спорт лас саясаттың қаруына айналғанын біреу білсе, біреу білмейді. Шахматтан әлем чемпионы В.Корчной ішкі қысымға шыдамай мұхит асты кезінде. Ондайлар аз емес. Ұлы орыс шовинизмі талай спортшыларымызды іргелі жарыстардан шет қалдырған. Ал өзге елдердің құрамында қаншама спортшымыз жүлде алды. Соның бірі Ғ.Қосанов Римде Молдовияның атынан Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.
Осы тұста «халықтар достығының» зертханасына айналған Кеңестер одағы еске түседі. Өзге ұлттың өкілі болғандықтан ба, одақта жүріп, талай табысқа жеткен Ә.Айханов, Ә.Нұрмаханов, А.Бұғыбаевтардың әлемдік жарыстарға баратын жолдары кесілді. Не үшін, қалай? Сұрақ көп, себеп жоқ. Бір білетініміз, өзге ұлттың өкілдеріне қақпа жабық еді. Мәскеу Олимпиадасына жарияланған бойкоттың арқасында ғана Үшкемпіровтің Олимпиада чемпионы болып, топ жаруына мүмкіндік туды. Қонақбаев өз қарсыластарының бәрін жапыра жеңіп жүріп, Еуропа, әлем және олимпиадалық бәсекелерге жолдама алды. Мойындатып барып қана.
Сырттағылар әлі де сол көзқараста. Алғашында жалт етіп жарқырап Лондон көгінде бірінен соң бірі көк байрағымызды желбіретіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің жетістігі кім-кімге де оңай тиген жоқ. Алдымен алып айдаһар ашты аузын: «Біз Чиншанло мен Манезаны осы елден «жалға алыппыз». Сосын аталған Олимпиаданың бір уығын көтеріп кететін қазақтың қайратты ұлы Қанат Сіләмнің жолын бөгеді. Енді осы азамат келесі Олимпиадада өнер көрсете ме, жоқ па... обалы шығыстағы көршіміздің ұятында. Ал Винокуров, Ильин, Подобедова, Рыпаковалар алтыннан алқа тағып, биік тұғырда қазақтың Әнұранын жырлап тұрғанда, батыстағы көршіміздің талағы тарс айрылды. «Әттең осы азаматтар бізде болса, қоржынымыз ауырлай түсер ме еді, 16 миллион ғана халқы бар қазаққа бұл артықтау емес пе?», - деген сұрқия ойдың жетегінде болғаны, анда-мында жарияланып жатқан санқилы ой-пікірлерден байқалып қалып жатты. Қойшы, той өткен соң, ондай-ондай айтыла береді. Десек те, «Сырт көз сыншы» деген, кейде өзіңе өзгелердің көзімен қарау керек шығар. Өзгенің өзі күншіл болса да, сөзі шыншыл кейде. Жамандап, көре алмай отырса да ақиқаттан аттай алмайды.
Сонымен Қазақстанды осындай табысқа жетелеген қандай күш? Қазақстандық ұлт па? Әлде Қазақстандық патриотизм бе? Соңғысы шығар, сірә. Анау Винокуровты қараңыз, Ильинді қараңыз, «қазақ», «Қазақстан» деп жанып тұр. «Ресейге барып, өнер көрсетер ме едің?», - деп сұрап көріңізші! Олар қазақстандық қана емес, қазақ елінің азаматы, осында туған, осы ел үшін жанын беруге әзір. Әлгінде мысалға келтірілген газет те қызғаныш сезімін бекер білдіріп отырған жоқ. Қызғанатындай-ақ бар. Алтын алған алтаудың жаны да, тәні де «Қазақстан», - деп шырқырайды, ән салады, «Қазақстан» деп тамсанады.
Біздің жеңіс - бүкіл еліміздің, бүкіл қазақ халқының жеңісі. Қазақстандықтардың жеңісі. Қытай БАҚ-тарының кеше ғана сол елге қысқа мерзімді демалысқа барған Зүлфия мен Майяны «Енді олар Қытайдың азаматы, қытайдың атынан сынға түседі!», - деп дабырайтқаны сол көреалмас деген иттің кесірі. «Ит үреді - керуен көшеді», қызғаныштың қызыл мысығы ішін тырнаған «ағайындар» айта берсін, бұл - тұтастықтың, бірліктің жеңісі. Сонау Кеңестің қылышынан қан тамып тұрғанда-ақ, қазақстандық спортшыларды «қазақтар» дейтін. Қазақ Туы астында өнер көрсеткеннің бәрі қазақтар, қазақстандық сайыпқырандар. Оларды ешкім ажырата алмайды енді. Қытай тұрмақ, қырсық келсе де.
"Халық сөзі" газеті