Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 4036 22 пікір 2 Мамыр, 2022 сағат 12:13

Отыз жылда оздық па, тоздық па?!

Өткен аптаның аяғында көрнекті қоғам қайраткері, Алаштың арда туған азаматы Сабыр Қасымов ағамызбен кездесіп, «Наурыз реформасы» жөнінде біраз әңгімелестік.

Сабыр Ахметжанқлы Ресейге қарасты Түмен облысының тумасы. Кәсіби заңгер. Өзі өте ұлшыл азамат.

Біз Сабыр Қасымов ағамызды 1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы» декларациясының жобасын жасаушылардың бірі ретінде жақсы білеміз.
Әсіресе, аталған Декларациясының 12-бабына «Қазақ ССР-і республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды» деген норманың енуіне ықпал еткен тұлға ретінде тіпті жақсы көреміз, қатты құрметтейміз.
Одан да кереметі, 1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған кезде «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңы қабылданды ғой. Егемендік туралы декларациядағы сол норманың негізінде аталған «Тәуелсіздік туралы» заңның 8-бабына «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды.» деген норма енгілген болатын.
Көрдіңіз бе, соңғы норма «Егемендік туралы» декларациядағы нормаға қарағанда, тіпті ширай түскен. Жаңадан тәуелсіздігін алып жатқан, болашағы бұлыңыр болып тұрған жас мемлекет өзіне «...олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды.» деген міндеттеме алған.

Сол кезде Сабыр Ахметжанұлы тұп-тура қырық жасқа енді келген қылшылдаған жас жігіт екен. Соған қарамастан, атақтары Алатаудай Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев ағаларына жоғарыдағы норма туралы ұсыныс беріп, оны және өткізе алған.

Бұл жерде, ұсыныс беруші жас жігіт те, ол берген ұсыныстың тарихи мәні мен стратегиялық маңызын бірден түсініп, қабылдай білген асыл текті ағалар да нағыз Ұлттық деңгейдегі тұлғалар екенін айтып жатудың өзі артық. Олардың кім болғанын осы істеген істерінің өзі-ақ әйгілеп тұрған жоқ па?!
Міне, бүгін сол тарих отыз жыл өткенде тағы қайталанып отыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда халыққа Жолдау жариялап, Конституциялық реформаның басым бағыттарын белгілеп, дәл сол тоқсаныншы жылдардағыдай Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобын құрды.

Сол кездегі жас заңгер Сабыр Қасымов ағасы құсап, Ауыт Мұқибек сол жұмыс тобындағы кешегі Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев секілді, бүгінгі ғалымдар Аманжол Нұрмағамбетов, Еркін Оңғарбаев, Марат Бәшімовке жеке-жеке шығып, Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықты» деген норма енгізіп, шекара сыртында қалып бара жатқан алты-жеті миллион қандасымызға конституциялық құқық беру керектігін айтып, сағаттап түсіндіріп, құжаттармен қамдап, ол ұсынысты өздері дайындап жатқан Конституцияның жаңа жобасына енгізуді өтінеді.

Масқара болғанда, Аманжол Нұрмағамбетов алғашқы күндері-ақ «отказ» береді. Қалған екеуі міңгір-міңгір етіп, алты-жеті миллион қазақтың тағдырына қатысты ол ұсынысты Заң жобасына ұсынбақ түгілі, «Ит қуды, қоян қаштымен» жолда қалдырады.

Соңында, Ауыт Мұқибектің телефонын алмай, қаша бастайды.
Олжас Сүлейменов ағамыз осы Жұмыс тобына байланысты пікір білдіріп, «Мен Қазақстанның жаңа Конституциясын құрап жатқан кеңеске қандай адамдардың жиналғанына таңғаламын!»-депті.

Олжекең өте дұрыс айтады. Біз қазақтың тағдырын кімдерге сеніп тапсырғамыз өзі?! Мен олардан түңіліп отырмын.

Үш опасыз ғалымнан түңілген соң, Ауыт Мұқибек Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт ағасының қабылдауын сұрап, Ақордаға хат жазады.
Ол хат Президентке жетпей, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бір-ақ шығады.

Ол аз десеңіз, туған бауырындай көретін Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мен Президент Әкімшілігінің төрағасы Мұрат Нұртілеудің атына жазған хаттары да иелеріне жетпей, қолдан-қолға өтіп, тентіреп кеткен көрінеді.
Ал, Мәжіліс пен Сенаттың қос төрағасы Ерлан Қошанов пен Мәулен Әшімбаевқа жазған хаттан із-дерек жоқ...

Қысқасы, менің алты миллион қазақтың тағдырын арқалаған хаттарым, ары кеткенде, атақты Аида Балаева қарындасымнан арыға өтпеген секілді...
Мен Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеуді түсінемін, ол кісі жаңа келді. Мүмкін, Қазақ көшінен толық хабарсыз шығар. Оған айып тағудан аулақпын. Ал, оның бер жағында отырғандар бәрін біледі!

Көрдіңіз бе, біздің Президенттің айналасында жүрген азаматтардың ішінде Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың қағып кеткен шегелері әлі отыр. Олар тістей қатып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» - деген жалғыз ауыз сөзіне ғана ілініп тұрған Қазақ көшін құрдымға жіберудің барлық әдіс-айласын істеп бағуда. Оның кімдер екенін де мен өте жақсы білемін. Керек болса, аттарын да атап беруге дайынмын!

Қасекеңнің президенттік өкілеттігі аяқталған соң, шеттен келетін Қазақ көші тоқтайды.

Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан үлкен мемлекетпіз. Сол мемлекетті құраушы ұлт – қазақтың жалпы саны 20 миллионға да жетпейді екен. Бір-ақ уыс қазақ! Оның 13 миллионы ғана Қазақстанға тиесілі, қалған алты-жеті миллионы – тең жарымына жуығы сыртта жүр.

Ал, сол қазақтың басын бір шаңырақ астында қосайық десек, соны қолдаудың орнына, кедергі жасаушылар көп.

Конституцияның жаңа жобасын жасаған ғалымдардың түрі – анау, билік тұтқасында отырған замандастардың түрі – мынау!

«Әпекеме жездем сай, сасыған етке борсыған майдың» кебі болып тұр.
Суырылып шығып, соны ашық көтеретін бір тұлғаның билікте жоқ екені белгілі бола бастады.

Иә, өзінің аты айтып тұрғандай, Сабыр аға Ахметжанұлы өте сабырлы кісі. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы» декларациясының жобасына шеттегі қазақтар туралы норма енгіземін деп жүргенде, ол кісі мен құсап ақ қалпағын киіп алып, күнде мақала мен хаттарды боратып жазбаған, Ақорданың алдына барып таусыла зарламаған болар.

Себебі, ол кездегі Заң жобасын жасаушылар шетінен көреген, аузы дуалы, батыл, мемлекетшіл, нағыз ғалымдар болатын.
Тұңғыш Президенттің қасында да кілең данышпан тұлғалар мен іскер азаматтар жүрді.

Қай-қайсысы да айтайын дегеніңді емеуірініңнен білетін, ары қарай іліп әкетіп, іске асыруға асығатын аяулылар еді. Солардың арқасында, осы мемлекеттің іргетасы берік қаланып, бөлініп-жарылған халықтың аз да болса бір бөлігінің басы Атажұртта қосылып қалды. Тіпті, кешеге дейін, солардан қалған сарқыт Махмұд Қасымбековтың кезінде Ақордаға қалаған уақытта кіріп-шығып жүрдік. Өтініштеріміз Тұңғыш Президетке тоқтаусыз жетіп тұрды...

Кейін бәрін құртқан «Сұрша қыздар» мен жетесіз күйеулер, одан қалаберді мәсілер ғой.

Осы жерде, «Сонда, біздің қазақтың ғылым саласындағы ғалымдары мен билік басындағы тұлғалары отыз жылда озды ма, әлде тозды ма?!»-деген сұрау туады.

Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, жасық, желбуаз ғалымсымақтар мен Алаш тонын жамылған арамза, жылтыр шенуніктер қаптап кеткен секілді.

Қазір Ақордадағы Президент Әкімшілігі басшыларының көмекшілеріне немесе бір қатардағы қызметкеріне кіру тұрмақ, телефон арқылы хабарласудың өзі мұң болып кетті.

Одан гөрі, кезінде Қырғыз Республикасының тұрмеде отырған Ұлттық лидері Өмүрбек Текебаевқа жолығу әлдеқайда оңай болатын.
Ұлт үшін тұлғадан тоқырау – ауыр қасырет екен!

Демек, маған қазір Президенттің айналасы қансорғыш Тимур Құлыбаев пен опасыз Кәрім Мәсімовтен да қауіпті, үрейлі болып тұр.
Мұның түбі жақсылыққа апармайды. Ұлтты ұпайынан айырып, Президентті сазға отырғызумен тынады соңы.

Өйткені, соңғы он бес жылдағы ұлт мүддесіне қатысты мәселеден Тұңғыш Президентті оқшаулау әрекеті немен аяқталғанын кеше ғана өз көзімізбен көрдік қой!

Дегенмен, «Үмітсіздік – шайтанның ісі», Қасым-Жомарт ағамнан үмітімді әлі үзген жоқпын. Мен Қасекеме сенемін, Назарбаев шақырған қандастарын Тоқаев далаға тастамайды. Кеше «Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан» депті ғой Президент. Ендеше, Жаңа Қазақстанның жаңа конституциясында алыста қалған алты миллион қазақ туралы алты ауыз сөз тұрмаса, ол – барып тұрған әділетсіздік болмай ма?! Сондықтан, Қасым-Жомарт аға шеттен келетін қандастарына конституциялық құқық беру арқылы Өзінің «Қасиетті парызын» осы жолы орындайды.

Екі-үш депутат қабарласып, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында Президент Сіздің ұсынысыңыз туралы айтуы мүмкін деген соң, сарыла күттік. Сессия өтті, қандастар тағдыры туралы ештеңе айтылмады.
Демек, менің ұсынысым Мемлекет Басшысына жете қойған жоқ.
Жетсе де, толық емес, шалажансар күйде жеткен болуы мүмкін.
Түбі жетеді деген сенімдемін.
Алла қаласа, жеткіземіз!

Себебі, тағы да қайталап айтайын, Құдай бетін ары қылсын, болашақта Қазақ көші қатерге ұшырап, қандастарымыз далада қалып жатса, онда олардың Ұлт алдындағы сұрағы өте үлкен, жазасы да тым ауыр болады. Тарих Қазақстанды ешқашан кешірмейді. Мен сондай бір «ҚАРА ДАҚ»-тың Қасым-Жомарт аға билік тізгінін ұстаған жылдардың еншісінде қалғанын мүлде қаламаймын!
Сол үшін, бойымдағы жаным аман болса, қолымнан келген әрекеттің бәрін жасауға белді буып, жұдырықты түйіп отырмын.
Керек болса, бұл ұсынысты РЕСПУБЛИКА КӨЛЕМІНДЕ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ көтереміз!
Сіздер де соған дайын болыңыздар, ардақты ағайын!

Қой, енді әуелгі сөзімізге қайта оралайын, сонымен, Сабыр Қасымов ағамызбен кездесіп, сол кешегі өткен күндерді еске алып, бүгінгі жағдайды ортаға салып, ақылдасып қайттық.
Әңгіменің тиегін ағыттық.

Ішке шемен болып қатып қалған ашу мен ызаны біраз босатқандай болдық. Сабыр аға Ахметжанұлы бірде мырс-мырс күліп, бірде жағасын ұстап, басын шайқаумен болды.

Соңында бұл ұсынысты қос қолдап қолдайтынын білдірді, өз мүмкіндігін пайдаланып, әрекет жасайтынын да айтты...
Айтпақшы, Сабыр аға Қасымов қазір Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының жетекшісі болып қызмет атқарады.

Аман болсын саф алтын Сабыр ағамыз!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051