Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6539 0 пікір 5 Мамыр, 2022 сағат 12:22

Медресе салған қазақтар

XX ғасыр басындағы қазақ қоғамы түрлі саяси өзгерістері мен қоғамдық жаңашылдыққа бейімделе бастады. Көзі ашық, ел ертеңін ойлаған көпес қазақтар алғаш жәдиттік мектептер ашып, қазақ балаларын «төте оқу» әдісімен оқытуға күш салды. Ал, әр түрлі медреселерді тәмәмдаған қазақ мұғалім жастары болса оқулықтар жазып, алғашқы ұлттық баспасөзде жаңаша оқудың тиімділігі мен нәтижесі туралы хабарлар беріп отырды.

Қазақтың тұңғыш журналы «Айқапта» қазақ ұлтының болашағы туралы тақырыптар төңірегінде тереңнен толғанып, кеңінен көсіліп, түрлі жазбалар, көлемді мақалалар жазыла бастады. Бұл үрдісті 1913 жылы Орынбордан шыққан жалпыұлттық «Қазақ» газеті де жалғастыра түсіп, күн тәртібінен түсірмей талқылап, жалпақ жұртқа нәсихаттады. Алға басар ел ағалары халықтың сана сезімі мен ұлттық мәдениетті көтере отырып теңдік пен еркіндікке жетуге тырысты. Бұл жолда, бұл бағытта қазақтың тұңғыш баспасөздерінің атқарған міндеті өте пайдалы болды. Журналда ең көп жазылып нәсихатталған тақырыптардың бірі – қазақ көпестерінің мектеп-медресе ашуы және жаңаша «төте оқудың» тиімділігін жұртқа ұғындыру еді. Қазақ көпестері медресе ашумен қатар онда оқитын немесе медерсені аяқтап, жоғары оқуға түскен шәкірттер арасындағы жағдайы нашар, бірақ оқуға құштар жастарға барынша көмектесіп, жәрдем беріп тұрды. Мұндай медересе ашып, оқуға көмек беріп, білім ісін қолдап, ағарту жұмысына жәрдем берген көпестерді газеттерде «Медеткөр» деп жазады.

Алғашқы қазақ басылымдарын қарап отырсақ қазақ даласының әр түкпірінде ашылған медреселер мен мектептер туралы мәліметтер жиі кездеседі. Өз кезегінде медресе һәм мектеп ашып, балаларды «жаңаша оқыту ісі» жалпы өңірлік сипат алады. Бұл сөздеріміз дәлелді болуы үшін сарғайған газет-журнал беттерін парақтай отырып, төменде бір бөлім мектеп-медресе ашқан кісілер және олардың ізгі істері жәйлі қысқаша мәліметтер бере кетуді жөн көрдік. Мысалы: Торғай облысы Ақтөбе уиезі Тұзтөбе болысы 6 ауылдан Тасмұхамед Таспайұлы; Ақтөбе уиезі Қобда болысы 2 ауылдан  Бөрекеш қазірет пен Ахсан мырза Байторлы қажы баласы; Ақтөбе уиез Бөрте болысы  Байәділ Кекин; Ақтөбе уиезі Бөрте болысы 2 ауыл Мырзағұл мырза Қойайдаров (мұғалімі «Хұсейние» шәкірті Жұмабай мырза Оразалин); Ақтөбе уиезі Тұзтөбе болысы 5 ауыл биі Мұқаш Құрамысұлы; Ақтөбе уиезі Әлімбет болысы Ғабдолла ишан; Орал уиезі Қарашығанақ еліде Нұржан Шолақұлы; Орал уиезі Шилі болысы бірінші ауылда Еркеш, Ержан, Жұмағазы һәм Өте балалары (мұғалімі Ғабдолла Дүйсебаев); Қурайлы болысында Даулетяр ишан; Оралда Әбдолла қазірет Досжанов; Бөкейде Новыйказанке (Жаңақала)да Нығыметолла Ибраһимов; Бөкейде Досқали мырза Құлбай баласы; Темір (Қарақамыс) Молдағазы қазірет Қалмұхамедов; Қостанай уиезі Ойский болысы 3 ауыл ақсақал Ержан Әлімбайұлы; Обаған болысы Қажыұлы; Арақарағай болысы Осман Ахмедов; Дамбар болысының болысы Баймұхамет (Байеке) Наурызбаев, Ғабдрахман Арғынбай баласы; Қостанай уиезі Сарыойлский болысы 8 ауыл Наурызбай Жетебаев, Баймұхамед һәм Ержан Елшібаевтар; Наурызым болысы Тұрлығұл бай (қайта жөндеуге көмектескен Әбеу Балдыров);  Павлодар уиезінде Павлодар болысының управителі Баймұхамет мырза Қазанқапов, Павлодар Қасым қажы Ертісбаев; Павлодар Ақсу  елінен Баймырза Тоқтағұл баласы (Нұрғазы, Шәріп һәм Шәйғазы мырзалар қосылған); Петропавл уиезінде Қасымбек қажы Жарылғамысов (мұғалім Ибраһим Тасболатов);  Көкшетау қаласында ноғай Халиолла деген бай (он бір болыс қазақ көмектеспей өзі 3000 сом шығарып салған); Катонқарағайда Мұхамедшәріп Файзоллин өз үйінде  бала оқытқан (Омар қажы Жәкежанұлы ғылым жолына деп екі бөлмелі үлкен ағаш үйін силайды); Семей Славодкеде Есіркепов, Аңдамасов, қыздар мектебін ашушы Ахметжан қажы Аңдамасов; Зайсандағы «Қазақие» медресесі - Қыстаубай Мыңғожин, Фидахмет Бөбкин, Сүлеймен Мергенбаев, Жүніс, Хасен Татановтар, Қашқарбай һәм басқалар; Қапал уиезінде атақты Тұрысбеков – Мамановтар; Ақмешітте Ахмет ишан Оразайұлы, Бекқожа Қошайұлы, Тәжібай бай қатарлылар; Әулиеата уиезі Ботамойнақ Алмалы болысы Дербіс мырза Қалабаев болыс; Наманганда Қырғызбай деген кісі т.б мектеп-медресе салып, жаңаша оқуды қуаттап, оқушы талапкерлерге жағдай жасаған медеткөр кісілердің есімдері кездеседі.

Басылым беттерінде бұл медреселердің қолдаушылары жоғарыда аты аталған қазақ көпестері екенін атап өтеді. Жаңаша «төте оқудың» тиімділіктерін айта отырып, оқуды қолдап, қаржыландыратын ізгі істердің барлық жерде көбейіп келе жатқаны туралы тоқталып, медеткөр кісілерге алғыстарын айтады. Жыл соңындағы емтихандары туралы хабарлар басылып, мұғалімдердің еңбектерін бағалай отырып, шәкірттерді жігерлендіріп, қолдаушы қауымға ризалық білдіреді. Медіресе мен мектеп үшін кейбір қолдаушылар тек ақшалай қаражат беріп қана қоймай, өз үйлерін де сиға тартады. Катонқарағайда Мұхамедшәріп Файзоллин өз үйінде медресе «Ғалияны» бітірген бір мұғалімді ұстап 30-40 бала оқытады. Балалардың 4-5 айда хат танып, тәуір болғанын көрген ата-аналары қызығып, бұрынғы ескіше оқып жүргендер де жаңа мұғалімге балаларын бере бастайды. Сонымен бала саны артып, үй тарлық етеді. мұны көрген жас саудагер Омар қажы Жәкежанұлы «Ғылым жолына» деп екі бөлмелі үлкен ағаш үйін силайды. Басқалар да бұл мектептің керек-жарағын беріп тұруға уәде етеді («Қазақ».№31.1913).

Кейбір ауқатты кісілер қайтыс болар алдында, үй-мүлкін және жерінің біраз бөлігін мектеп үшін өсиет арқылы қалдырып кетеді. Піспек уиезінде Мұса ақсақал опат болды. Опатынан кейін қазақ үшін тамаша зор төрт бөлмелі үйін медресе қылуға өсиет айтып қалдырды. Мұғалім һәм басқа қажеттерден өтеуге үйінің жанындағы екі десетина бақшасын һәм жерін уакф етіп кетті. Арамызда бек сирек табылатын бұл заттың рухына дұға қылып, қалдырған істерінің басқаларға да өрнек болуын үміт етеміз. Мұғалім Қайдарәлі Диқамбаев («Қазақ».№34.1913). Осылайша, Мұса ақсақал пәниден озып бара жатса да ізгі бастама бастап, оқырманға ой салады. Ал, өзге жерлерде қарапайым халық жылу жинау және ғұшырға жиналған ақшаларға медресе салып, жаңаша оқу істерін жандандыруға өз үлестерін қоса бастайды.  Шет жұртта білім алған, ел аралаған алғабасар кісілер салдырған медреселерінің көлемін үлкейтіп, тұтас өңірдің қажеттілігін қанағаттандыруға тырысып отырды. Ақтөбе Ақтөбе уиезі Әлімбет болысындағы Ғабдолла ишан туралы жазбада, ол кісінің жас кезінде Хива, Бұқарда оқыған болса да жаңаша үлгіде оқытатын  медресе салып 60-70 бала оқытқанын, енді тағы да медресесін үлкейтіп қайта салуға қам қылғанын айтады. «Ғабдолла ишан дүние көрген кісі, былтыр Станбол, Бейрут, Мысыр һәм басқа Еуропа шаһарларын сайрандап қайтты. Ишан өзі еліне пайда келтіріп, өзге елге өрнек болар деген үміт зор, жолы болсын. Мұғалім: Кенжеғали Ғабдуллин». Осылайша, жұртына бас болып, ұрпағына үлгі көрсетіп жүрген кісілерге қолдау білдіріп, үміт артады.

Сонымен қатар, қыз балаларға арналған алғашқы медреселер ашылып, қазақ қыздарының да өнер-білімге ұмтылысы жалпыласа бастайды. Семей Славодкедегі алғашқы қыздар мектебі туралы Мұстақым Малдыбаев «Айқап» журналында «Қайырлы ниет, жақсы ырым» деген жазбасымен бөліседі. Дүниеге нұрын шашқан ұсыл жәдид біздің қазақ арасында ақырындап кіре бастағанын,  бірақ, ер балалар орысша-мұсылманша оқытлыса да ұлттың жартысы, әр үйдің тіптен бүкіл ұлттың үлгісі болатұғын қыз балалар, оқудан мақұрым еді дей келе: «Ахметжан қажы Аңдамасовтың арқасында Славодкеде қыздар мектебі ашылып 50 ден артық қыз балалар екі сыныпқа айырылып оқып жатыр. Жоғарыда жақсы ырым дегенім осы кісінің ісі. Бұдан жақсы ырым, қайырлы іс бола ма?! Жаратушым бұндай адамдарымызды көбейтіп, дүние және ақыретте бақытты етсін!» - деп, тілекші болады («Айқап».№3.1912). Дәл осы мектептің қыз шәкірттері жайында 1913 жылы «Қазақ» газетінде кезекті емтихан тапсыру хабар басылады. Бұл хабарда Семейдегі қазақ мұғалима қыздары туралы да ақпарат бар. Ғазиза ханым Малдыбаеваның емтихан қабылдағаны және Ғазиза ханымға - Рахима ханым Мәрсекова, Нәзипа ханым Құлжанова сияқты қазақ мұғалималары да көмекші болып, емтихан қабылдасқанын айтады.  Мақала «Қазақ ішінде алғашқы мұғалиманың алғашқы емтиханы» деген атпен басылыпты. «35 әйел балаға оқу жазу білдіріп қолөнерін үйреткендігі үшін жиылған ханымдар, бәйбішелер мұғалима Ғазиза ханымға көп алғас беріп разы болып тарқасты. Әйел балаларымыздың оқу, жазу білулері оның үстіне шешелері алдында емтихан берулері тоңған көңілдерімізді жібітсе керек» («Қазақ». №15.1913)  – деп, соңына «Тілші» деп қол қойылған. Газеттің келесі санында Ғазиза ханым Малдыбаеваның емтиханда көмектескен кісілер туралы айта келіп, «Тәңір жар болсын!» деген алғыс хат жазады. «Төмендегі хатымды қадірлі «Қазақ» газетесіне басуларыңызды өтінемін. Қыздар мектебіне парталар һәм класный даска істетіп беріп жәрдем еткен Қасен қажы Бектеміровке һәм қыздар емтиханында  силар таратып шәкірттерді сүйсіндірген Хасен қажының анасы һәм Слабодкеның басқа ханымдарына барлық шәкірттер атынан тәңір жарылғасын айтамын. Бұларға тәңір риза болсын! Ұлт үшін шын көңілі мен қызмет етуші адамдарымыздың қарасы көбейсе екен деген тілектемін. Семей Слабодкесінде мұғалима: Ғазиза Малдыбаева» («Қазақ».№16.1913). Ғазиза ханым Малдыбаева бұл жазбасы арқылы қазақ қыздарының оқуы үшін көмек қолын созған қолдаушыларға алғыс айта отырып, оқырмандарға осы тақырыпта ой тастайды. Қапалдағы Маман әулеттері де ұлдармен қатар қыз балаларды оқыту ісін де қолға алып, өзгелерге де үлгі көрсетеді. Сейтбаттал қажы 1913 жылы Уфадан Фатима Есенгелдинаны алдырып, алғашында 20 астам қыздарды заманға лайық оқумен оқытады. Шәкірттер  5-6 ай оқыған соң кезекті емтихандарын тапсырады. «10 ншы апрелде қыздардың емтиханы болды. емтиханда байлардың бәйбішелері де бар еді. Қыздарының қыстайға үйренген істеріне, оқыған сабақтарына риза болып тарқады» («Қазақ».№61.1914) . Мұндай емтихан тауралы хабарлардың газет беттеріне басылуының тағы бір себебі, үлгілі іс, сенімді үгіт ретінде өзге аумақтағы медреселер де, қыздарға арнап медресе ашса екен деген тілек еді.

Бұл кездегі медресе мен мектептерге жиналған ақшалардың жыл соңында есебі жасалып, жиналыста айтылып отырды. Мысалы, «Айқап» журналынң 1911 жылғы №10 санында Зайсандағы «Қазақие» медресесінің керек жарағын басқарып тұрушы Қыстаубай Мыңғожинның 191-1911 жылғы оқу жылы туралы есеп бергені және өтініш арқылы орнына түскені айтылады. Орнына Сүлеймен Мергенбаев болады. Жиылыстан соң тағы да жиналған 850 сом және кімдер бергені хаттамаға түскен. Тізім басында Фидахмет Бөбкин 500 сом деп тұр. Бір қызығы Фидахмет Бөкин мырза әр жыл сайын тұрақты түрде 500 сомнан беріп отырады. «Қазақие» медресесінің әр жылғыс есебі кесте түрінде жазылып, кіріс пен шығыс есептеліп, баспасөзде жарияланады. «Қазақ» газетінің 1915 жыл 9 желтоқсандағы №160 санында «Семей облысы Зайсан қаласындағы медресе «ҚАЗАҚИЕНІҢ» төрт жылдық (1911-1914) есеп-хисабы» деген хабары басылады. Осылайша, ашық есеп көрсетіліп, жұртшылыққа таныстырылады. Бұл іс-әрекет те олардың ұлтқа және білім ісіне деген  адалдығы мен жауапкершілігінің бір көрінісі болса керек.

Қорыта айтар болсақ, XX ғасыр басындағы қазақ меценаттары өте белсенді болып, ұлттық баспасөздерді қолдап, жаңаша мектептер ашуға медреселер салуға жаппай кірісті. Бұл үрдіс жыл сайын жалпыұлыттық сипат алып, қазақ халқы жаппай ұлттық қозғалыс, ортақ жазу тілі төңірегінде топтастырды. Медресе бітірген қазақ ұл-қыздары жоғары оқу орындарына түсіп, ұлты үшін еңбек ете бастады. Қазақтың алдыңғы буын зиялы жастары қалыптасып, қазақтың жеке ұлттық мемлекет болуына алғы шарт жасады.

Абай Мырзағали

Республикалық «Мұнара» газеті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354