Ақсақалдар алқасы қоғамдық институт ретінде неге қайта құрылмайды?
Киімнің жаңасы, достың ескісі жақсы. Әдеттің де озығы мен тозығы болады. Ата жосығынсыз бос қалған қазіргі уақытта «сауысқанға бақ берсе, бүркіт қызмет қыладының» керін кешіп отырмыз. Әттеген-айы сол - озығымызды төрге шығарып, барды бағалай алмай келеміз. Сондықтан да «өзіміз өз болғалы, сөзіміз бөз болғалы» деп ауыз толтыра айта алмаймыз.
Бүйректен сирақ шығарып отырған жоқпыз. Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің сақталуын, ұрпақ сабақтастығын көргіміз келсе, кеше кеңес кезінде күресінге шығарылған құндылықтарымызды қайта аршып алуымыз керек. Соның бірі һәм бірегейі - Ақсақалдар алқасы. Өзге өңірлерді білмейміз, бірақ Қарағанды аймағында өз алдына заңды тұрғыда бір қауым болып, ата дәстүрден тамыр тартып, қоғамдық институт рөлін атқарушы - жалғыз-ақ Теміртау қаласындағы ақсақалдар алқасы. Қоғамдық бірлестік негізінде құрылған ұйымды ел іші Ақсақалдар алқасы дейді (заңды атауы «Халық бірлігі, салт-дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығы үшін» қоғамдық бірлестігі). Ана тіліміздің, діліміз бен дініміздің тағдырына бірден-бір шағын шаһарда бас ауыртып отырған да - осы ақсақалдар. Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Қандай да бір билікке қатысты іс-шара болсын ең алдымен жұрт Ақсақалдар алқасына жүгінеді. Ал ақсақалдар өз тарапынан биліктің бұған қолдау көрсетуіне түрткі болып келеді.
Қазақтың ақсақалын аса құрметтеген дәстүрін ұғынған өзге ұлтты шенеуніктердің өзі қолында биліктің бишігі бола тұрса да, осы күні бұл ақсақалдардың айтқанын жерге тастамайды. Соның арқасында бүгінде қазағы небары 30 пайызға жетер-жетпес шағын қалада ұлттық мүддеге қатысты қыруар шаруа атқарылды.
Жасыратыны жоқ, асыра мақатағанымыз емес, Ақсақалдар алқасының салмағы Ардагерлер кеңесінен әлдеқайда басым болып тұр. Сөйтіп, бұл арада екі қоянды бір оқпен атып алып отыр. Дәстүр де бар, сабақтастық та бар. Сондықтан Ақсақалдар алқасы институты өмірге қайта оралса, қоғамда берік орнын тапса, ұтарымыз көп...
Қарағанды облысы болғанда, кәдімгі орысы сыңсып тұрған Теміртауда ат төбеліндей қазақтың ақсақалдары айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Содан бері аттай он жыл өтті. 10 жыл ішінде Ақсақалдар алқасын жұрт танып болды. Бұл күнде иіліп сәлем салмаса да, алдынан кесіп өтпейді, сөзі жетім қалған кезі жоқ. Ақсақалдар өткен уақыт ішінде Теміртауда қазақ мектебінің ашылуына, қазақ тілінде радио торабының хабар таратуына, «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына, қазақтілді баспасөз шығарылуына мұрындық болды.
Ақсақалдар алқасы туралы тарих не дейді?
Қазақ үлкенінің қадірлісін ақсақал деп әспеттеген. Қазақтың қаншама ғасырлар иінінде қалыптасқан әдет-ғұрпы - қашан- да халықтың рухани азығы, қажеттi мұрасы. Оны халық өмiрiнiң айнасы десе болғандай. Әдет-ғұрыптан бастау алатын ақсақалдар алқасы институтының қазақ қоғамындағы орны етене бөлек, маңызы айрықша еді. Төртеу түгел, бесеу бүтін болсын дейтін ол қоғамның ұйымдық қажеті үшiн құрылып, қала берді өмiр заңдылығы, ел ішінде болып жататын құбылыстарын жiтi аңдап пайымдап отыру үшін құрылды.
Алқа мүшелігіне танымы кең, тәжірибесі мол, табиғи жаратылыстың, саясаттың сырына қанық, қоғамдық дамудың сан үрдiстерiнен хабары бар адам ғана сайлана алды. Аузы дуалы дейтін тектілер де осылардың қатарында. Бұл ел басқарудағы қазақ халқының өзіндiк далалық демократияның жарқын үлгісі еді. Жалпы, көшпелілер даласы өзiне тән ерекшелiгi бар, өзiн тұтастай сақтап қалған кеңiстiк-тін. Бұл кеңiстiкте өзгеше бiр «реттеу жүйесi» қалыптасқан. Яғни онда өзiн-өзi реттеп отыратын арнайы қоғамдық-құрылымдық жүйе болды. Ауылды - ақсақал, аймақты - би, ұлысты - сұлтан, жүзді - хан, жүздерді қаған басқарды. Бұл іргесі берiк жүйелер едi. Осылайша, ақсақалдар алқасын ауыл ұстынындағы билер кеңесінің бір көрінісі еді деп дәйектей аламыз.
Заңгерлер құлағына - алтын сырға
Бұл жүйе уақыт ағысына iлесе алмады. Заңгерлер құлағына - алтын сырға, өкiнiшке қарай, осы кезге дейiн бұл мәселе ерекше бөлек ғылым нысаны ретiнде қаралмай жүр, қаралса - атүстi қаралып келдi. Басқаша айтқанда, оның ұлттық, мемлекеттік құрылым мәдениетiнiң өзегi екендігіне, ұлттық болмысымызда мұның ықпалы зор болғандығына мән берiлмей келедi. Өйткенi кешегі кеңестік кезеңде қазақтың әдет-ғұрпылық таным-түсінігі таптық тұрғыдан бағаланып, ескiлiктiң сарқыншағы ретiнде өмiрден аласталды. Әйтсе де кей деректер қазақтың әдет құқығы, көшпелі қоғам үлгісі үстiмiздегi ғасырдың 30-жылдарына дейiн өмiр сүргенін растайды.
Ілияс БАЙМҰРЗИН, Ақсақалдар алқасының төрағасы:
- Алдағы желтоқсан айында қалалық ақсақалдар алқасына он жыл толғалы отыр. 2002 жылы қаламыздың белгілі кәсіпкері Асқар Сәрсекеновтің ұйытқы болуымен «Халық бірлігі, дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығы үшін» қоғамдық бірлестігі болып құрылған еді. (Алғашқы төрағасы марқұм (үш жыл бұрын қайтыс болды) Мұқатай Әмірханов).
Аты айтып тұрғандай, қаламызда ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың қайта жаңғыруына, күрмеуі қиын ана тіліміздің жай-күйіне байланысты, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге орай талай іс-шараларды өткізіп келеміз. Мұсылмандар зиратына жаңа жер алу, қалада мешіттің салынып ашылуы секілді айтулы жұмыстарда ақсақалдар алқасының қолтаңбасы бар.
Осындай тұрғыдан алғанда, әдет құқығының қайта жаңғыруының мүмкiндiгi бүгiнгi күннiң шындығымен астасады. Iс жүзiнде республика заңдары арасында тек Азаматтық кодекстiң жалпы бөлiмiнде ғана: «Азаматтық қатынастар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмейтiн әдет-ғұрыптармен, соның iшiнде iскерлiк өрiсiндегi әдет-ғұрыптармен реттелуi мүмкiн» деген жолдар кездеседi. Ендеше, халықтық ғұрыптың бiр саласы делiнетiн Ақсақалдар алқасының да болашақтан алатын орны ерекше. Демек, бұл - баршамыз әлі де болса мықтап ойлануды қажет ететін келелі мәселе.
Автор: Қызғалдақ АЙТЖАНОВА, Қарағанды
"Алаш айнасы" газеті