Б.Бегдесенов: Кiнәсiздiгiмдi толық дәлелдеген соң Қазақстанға көшемiн
Түрiкменстандағы қазақ белсендiсi Бисенғұл Бегдесенов Қазақстанға келдi. Бұған дейiн түрiкмен билiгi оны бiрнеше мәрте елден шығармай қойған-ды. Былтырғы жылы мамырда түрiкмен соты Бегдесеновтi тоғыз жыл шартты жазаға кескен болатын. Президент жарлығымен қазақ белсендiсi рақымшылыққа iлiнген. Халықаралық ұйымдар мен шетелдiк БАҚ араласқаннан кейiн Б.Бегдесенов ақыры Алматыға келiптi. "Жас Алаштың" редакциясына соғып, газеттiң өзiне ара түскенiне ризашылығын бiлдiрiп, арнайы сұхбат бердi.
- Бисенғұл аға, сонымен бұған дейiн шетелге шығуға неге рұқсат берiлмедi?
- Былтырғы жылдың мамырында сот тоғыз жыл шартты жазаға кесiп, дүние-мүлiктi тәркiлеу жөнiнде шешiм шығарды. Тоғыз жылдың бес жылы - сынақ мерзiмi. Сөйтiп, соны сылтау етiп Ашхабад қаласынан шығуға болмайды деген. Бiрақ, мұнысы заңсыз. Демек, мен басқа қалада тұратын шешеме бару үшiн де рұқсат алуым керек. Алайда заңда мұндай талап көрсетiлмеген. Оның үстiне президент жарлығымен рақымшылыққа iлiнгенмiн. Бұл - қылмыс кешiрiлдi деген сөз.
Түрiкменстандағы қазақ белсендiсi Бисенғұл Бегдесенов Қазақстанға келдi. Бұған дейiн түрiкмен билiгi оны бiрнеше мәрте елден шығармай қойған-ды. Былтырғы жылы мамырда түрiкмен соты Бегдесеновтi тоғыз жыл шартты жазаға кескен болатын. Президент жарлығымен қазақ белсендiсi рақымшылыққа iлiнген. Халықаралық ұйымдар мен шетелдiк БАҚ араласқаннан кейiн Б.Бегдесенов ақыры Алматыға келiптi. "Жас Алаштың" редакциясына соғып, газеттiң өзiне ара түскенiне ризашылығын бiлдiрiп, арнайы сұхбат бердi.
- Бисенғұл аға, сонымен бұған дейiн шетелге шығуға неге рұқсат берiлмедi?
- Былтырғы жылдың мамырында сот тоғыз жыл шартты жазаға кесiп, дүние-мүлiктi тәркiлеу жөнiнде шешiм шығарды. Тоғыз жылдың бес жылы - сынақ мерзiмi. Сөйтiп, соны сылтау етiп Ашхабад қаласынан шығуға болмайды деген. Бiрақ, мұнысы заңсыз. Демек, мен басқа қалада тұратын шешеме бару үшiн де рұқсат алуым керек. Алайда заңда мұндай талап көрсетiлмеген. Оның үстiне президент жарлығымен рақымшылыққа iлiнгенмiн. Бұл - қылмыс кешiрiлдi деген сөз.
Сонымен, билет, визамды алып, әуежайдың кедендiк бақылауынан өте бергенде "елден шығуға болмайды" деп керi қайтарды. Бұл жайлы шетелдiк ақпарат құралдары жазды. Соның пайдасы тидi. Түрiкменстанда заңда жазылмаған қара тiзiм бар. Ресми органдар ондай тiзiмнiң бар екенiн мойындамайды. Әйтеуiр сол қара тiзiмге iлiнгендерге елден шығуға тыйым салынған. Бұл тiзiмде неше мың адам барын бiлмейсiң. Тек өз басыңа күн түскенде мұның рас екенiне көз жеткiзесiң. Өз басым әр мекемеге хат жазып жатып "шетелге шығуға болады" деген жауап алған соң осында келдiм.
- Қылмыс толық кешiрiлiп, президент рақымшылық жасағанымен, "мемлекетке 40 мың доллар шығын келтiрдi" деп мойныңызға iлiп қойған айыбы күшiн жоймаған сияқты.
- Иә, рақымшылыққа түскенiммен, үйiн жекешелендiрген қазақтардың үй шығынын төлеуiм керек екен.
Бар гәп қазақтарға үйiн жекешелендiруге көмектескенiмнен басталды. Түрiкменстан қазақтары сонда 30-40 жыл өмiр сүрiп, еңбек етсе де, баспанасы мемлекет меншiгiнде. Қазақстанға қоныс аударайын десе, түрiкмен билiгi "үйiңдi мемлекетке таста да, көше бер" дейдi. Ал олар өмiр бойы жиған-тергенiн тастап кетiп, атажұртқа қалай құр қол көшсiн? Қазақстанға келген соң баспаналы болу керек қой. Сөйтiп, заңдарды қарастырдық. Түрiкменстан заңында "үйдi жекешелендiрмесiн" деген бап жоқ. Қайта керiсiнше, Тұрғын үй кодексiнде "егер азамат он бес жыл бойы Түрiкменстанда тұрып, қызмет етсе, онда оның үйiн жекешелендiрiп беру керек" деп тайға таңба басқандай жазылған. Бiрақ бұл заңның бiрi де жұмыс iстемейдi. Баспананы жекешелендiрудiң жалғыз жолы - Ресеймен арадағы келiсiм. Кезiнде Ельцин қол жеткiзген келiсiмде "Ресейге көшiп баратын адамның үйi тегiн жекешелендiрiледi, салық салынбайды, ақшасын алып кетуге рұқсат берiледi" деп жазылған. Түрiкменстанның басқа мемлекеттермен мұндай келiсiмi жоқ. Бiз сол келiсiмдi пайдаландық. Ол үшiн Ресейдiң миграциялық қызметi қоныс аударушы мәртебесiн беруге тиiс. Ал оны алу үшiн Ресейден шақырту қағазын алдырту керек. Мен осы шақырту қағазын алып берумен айналыстым. Түрiкменстандағы қазақтар "сенiң таныс-тумаластарың бар ғой, шақырту қағазын алып беруге көмектес" дегеннен кейiн осы қызметпен айналыстым. Аспирантураны Ресейде оқыдым, оның үстiне құрылтайда ресейлiк қазақтармен араласып-құраласып жүрмiз. Сол таныстарды алға салып, нотариус арқылы шақырту хаттарын алып жүретiнмiн. Әрi бұл қызметiм заңдастырылған. Салық органдары менi кәсiпкер ретiнде тiркеп, патент берген. Көшетiн адамдарға құжат дайындауға көмектесу, кеңес беру мен аударма iстерiне рұқсат алғанмын. Бес жылдан берi осы қызметпен айналысып жүрмiн. Бұған дейiн ешкiм бұл жұмысыма шүйлiккен емес.
- Олай болса, түрiкмен құқық қорғау органдары неге айып тақты?
- 1997-98 жылдары Түрiкменстаннан қазақ қоғамдық мәдени орталығын ашу жұмыстарын қолға алмақ болдық. Сөйтiп, Мәдениет және Әдiлет министрлiгiне бiрнеше мәрте өтiнiш хат жаздық. Министрлiк бiздiң өтiнiштi қанағаттандырмады, ұйым ашуға рұқсат бермедi.
Жалпы, Түрiкменстанда ешбiр ұлттың өз ұйымы немесе орталығы жоқ. Билiк оған рұқсат бермейдi. Бiз әлгiндей өтiнiш түсiрген соң түрiкменнiң арнайы қызмет органдары бiздi шақыртып алып, сұрақтың астына алды. Әлгi әрекетiмiз ұнамай қалса керек.
Түрiкменстанда билiкке келмек болып күрескен оппозиционерлердi әлдеқашан тұқыртып тастаған. Ендi өз құқығыңды қорғап, пiкiрiңдi бiлдiрсең де мұның бәрi саясат болып есептеледi.
- Ұлттық қауiпсiздiк министрлiгiнiң сiзге айғайлатып айып тағып, артынша соттың шартты жазамен босатып жiбергенi қалай?
- Дәл бiр 37-жылдағыдай айып тақты. Былтырғы жылы 11 сәуiрде Ұлттық қауiпсiздiк министрлiгi менi тұтқындап, түрмеге отырғызды. Адамдарға қызмет көрсеткенде зиян тигiзiпсiң дедi. Егер оларға зиян тигiзiп, алдаған болсам, олар алдымен құқық қорғау органдарына шағымданып, талап-арыз түсiредi емес пе. Ондай арыздың бiрi де жоқ. Артынан Ұлттық қауiпсiздiк министрлiгiнiң қызметкерлерi үйдi тiнттi. Сол кезде қағаздарды ақтарып, қай отбасыларға көмектескенiмдi көрдi. Артынша сол отбасыларды тауып алып, менiң үстiмнен зорлап арыз жаздырды. Кейiннен тергеу сұраққа алғанда "осылардан ақша алдың ба?" дейдi. "Жиырма бес адамнан ғана емес, алпыс сегiзiнен ақша алдым" деп жауап бердiм. Менi қашқақтайды деп ойласа керек, әлгiндей жауапты күтпедi. Сосын бұл қызметiм заңды, оған рұқсатым бар екенiн түсiндiрдiм. Салық органдарына тиiстi салығымды төлегенмiн.
Әрi-берiден соң үйдi жекешелендiру туралы шешiмдi жергiлiктi атқарушы орган шығарды. Менiң алып берген шақырту қағазым бұл ретте қосымша көзiр тәрiздi ғана. Жергiлiктi комиссия ол қағазға қарап емес, Түрiкменстанда он бес жыл бойы тұрып, қызмет еткенiне қарап шешiм шығарған.
Артынша алғашқы сотқа келген, кейiн апелляциялық шағымды қараған кезде қалалық сотқа келген жиырма қазақ отбасы ешқандай айып тақпайтынын, менен зиян көрмегенiн айтты. Бұлардың барлығы дерлiк компьютерде басылған бiр үлгiдегi арызға қол қойса керек. Өйткенi бәрiнде жазылған мәтiн бiр.
Мойнымда iлулi тұрған 40 мың доллар шығынға келсек, өзiме тағылған айыпты мойындамаймын. Сол себептi бұл шығынды өтемеймiн. Егер өтесем, кiнәмдi мойындағаным болып шығады. Бұл шешiмнiң жойылуы үшiн күресемiн. Әрине, Түрiкменстанда қалыптасқан жүйеде күресу қиын. Бiрақ ақиқат менiң жағымда. Қолымнан келгенше дәлел жинаймын.
Қазiр Қазақстанға визамен келдiм. Осында қалып қойсам да болады. Алайда қайтып бармасам айыпты мойындап, одан қашқандай боламын ғой. Сол себептi кiнәсiздiгiмдi толық дәлелдеген соң ғана Қазақстанға көшкiм келедi.
- Түрiкменстанда өмiр сүрiп жатқан қазақ ағайындарының хал-ахуалы қандай? Берi қарай көшсек деген ниеттерi бар ма?
- Көшуге жағдайы барлары осында көшiп келдi. Түрiкменстан - бұрынғы КСРО елдерiнiң iшiндегi шекарасы жабық жалғыз мемлекет. Түрiкменстандағы қазақтардың көпшiлiгiнiң ағайын-туғандары Қазақстанда, олармен қатынаса алмайды. Шетелден ешқандай газет-журнал алуға болмайды. Кiтап әкелуге тыйым салынған. Интернет барлық жерде қолжетiмдi емес, Ашхабад тәрiздi iрi қалаларда ғана бар. Оның өзiнде жылдамдығы төмен. Қазақстанда лимитсiз интернет бар-жоғы 4 мың теңге болса, бiзде ол 7 мың доллар. Интернет-кафелер жұмыс iстейдi, бiрақ оған төлқұжатыңмен бару керек. Онда қай үстелге, қай компьютерге отырдың, қай сайттарды аштың, бәрi тiркеледi. Оппозициялық сайттар мүлде ашылмайды, бiр ғана мемлекеттiк провайдер болғандықтан, поштаң арқылы хат жазсаң да бәрi оқылады. Шетелге телефон шалсаң, әңгiмең таспаға жазылады. Президент, валюта, виза, доллар тәрiздi басты сөздердi айтып қалсаң, әңгiмең автоматты түрде таспаға жазыла бастайды. Сондықтан халық оны айналып өту үшiн басқа сөздермен ауыстырып айтады.
Алысқа бармай-ақ, өз отбасымнан мысал келтiрсем жеткiлiктi. Кенже ұлым Алматыда жұмыс iстейдi. Ара-тұра Ашхабадтағы сыныптастарына хат жазып, хал сұрасады. Сондай хаттың бiрiнде "Ашхабадта не жаңалық бар?" деп сұраған. Сыныптасы қаладағы екi үлкен базардың бiрi өртенiп кеткенiн жазған. Сол-ақ екен, келесi күнi азаматтық киiм киген арнайы қызмет органдарының өкiлдерi сыныптасының жұмысына келiп, бастығына оны жұмыстан шығаруға бұйырған. "Нелiктен?" десе, "шетелге жағымсыз ақпарат бергенi үшiн" дептi. Ол ешқандай жалған ақпарат емес, бәрi бiлетiн нәрсе едi. Не керек, ұлым содан берi сыныптастарымен хат жазыспайды.
Түрiкменстан қазақтары үшiн жоғары бiлiм алу мүмкiн емес. Бұрынғы президент "бұл елде тек түрiкмендер оқи алады" деп ашық айтқан. Ақылы, сырттай, кешкi оқу атымен жоқ. Тек мемлекеттiк оқу ғана бар. Онда он бес мың студент бiлiм алады. Мұнысы бiлiмдi адам аз болса басшыға жақсы бағынады дегенi болса керек.
Үлкен ұлым Әлiбек Түрiкменстан бiлiм министрлiгi жанындағы экономикалық пәндер мен шет тiлiн тереңдетiп оқытатын арнайы мектептi үздiк бiтiрдi. Оқушылар арасындағы математикалық олимпиададан бiрiншi орын алған. "Елдiң айтқанына сенбе, өзiң тапсырып, өз көзiңмен көр" дедiм. Сөйтiп, ол Түрiкменстанның халық шаруашылығы институтына құжат тапсырды. Бiзде емтихан тәртiбi осы жақтағыдай емес. Жалпыға бiрдей тең тапсырма жоқ. Мұғалiммен бетпе-бет әңгiмелесу арқылы емтихан алынады. Оның өзiне көп құжат тапсырылады. Әке‑шешең, ата‑бабаң туралы анықтамаға дейiн жинайсың. Содан емтиханға келген кiмнiң кiм екенi көрiнiп тұр. Ұлыма мұғалiм шешiмi жоқ есеп берген. Содан екiлiк қойған. Есептi көрiп, шешiмi жоқ екенiн түсiндiм. Апелляцияға бердiк, ректорға да бардық. Бiрақ нәтиже болмады. Келесi жылы кiшi ұлым орыс мектебiн үздiк бiтiрдi. Ол политехникалық институтқа құжат тапсырды. Онда да математикадан "екi" алды. Тағы да апелляцияға бардық. Бiрақ бәрi құр бекерге кеттi. Түрiкменстан тәуелсiздiк алғалы берi апелляциядан әлi бiрде-бiр адам жеңiп шықпапты. Артынша Қазақстан Бiлiм министрлiгiнiң комиссиясы келiп, қазақ балаларынан емтихан алды. Екеуi де үздiк баға алып, осында оқуға түстi.
- Сiздi қудалау басталғанда Түрiкменстандағы қазақ елшiсi "Бегдесеновтi танымаймын" дедi емес пе. Расымен солай ма?
- Ол менi таниды.
- Онда неге араша түспедi?
- Бiзге келетiн қазақ елшiлерi шалқып-шылқып өмiр сүредi, тұрмыс жағдайынан жеңiлдiктер бар. Газ, су, жарық тегiн. Бензин бар-жоғы отыз теңге. Сондықтан шетелдiк дипломаттар үшiн бұл - ғажап тұрмыс. Осы орында неғұрлым көбiрек отырғысы келедi. Түрiкменстан туралы сын айтса, билiк бiрден визаның күшiн жояды. Билiктi сынаған өркениеттi мемлекеттердiң, тiптi ЕҚЫҰ елшiсiн қуып шыққан.
2003 жылдары орыс, өзбек, қазақ мектептерiн жабу науқаны басталды. Қазақ мектебi жабылғанда директор Iзiмхан Баяманова сотқа бердi. Соттасқанымен, бәрiбiр жауып тастады. Сөйтiп, амалы таусылған соң қазақ елшiсiне басын тiрейдi. Сөйткен елшi "сенiң шулап жүргенiң маған кедергi келтiредi, шулама, әйтпесе Қазақстанға көшiп кет" деген. Сонан кейiн теледидардан сөйлеген елшi Амангелдi Жұмабаев "түрiкмендер мен қазақтардың қаны, тiлi, дiнi бiр" деп жағынды. Елшi өз аузымен осылайша қостаған соң, қазақ мектептерiн жауып тастады. Кейiн оған "Түрiкменстанға сүйiспеншiлiгi үшiн" деген медаль бердi.
- Ал өмiр сүру деңгейi ше? Газ, су, жарық тегiн жерде күнкөрiс қандай?
- Халықтың тапқан-таянғаны азық-түлiкке кетедi. Тегiн дүние деген аты ғана, оның ешқайсысы жерде жатқан жоқ. Мысалы, бiзде 400 грамм тұз тегiн берiледi. Бiрақ соны алайын десең, отбасында неше адам бар дегендей анықтама алып келу керек. Ол анықтаманың ақысын "Халық банкiне" барып төлеу қажет. Бiр ғана банк болғандықтан, ол жақта үнемi үлкен кезек. Анықтама ақысы - үш мың манат, банк комиссиясы - тоғыз мың манат. Яғни, анықтама арқылы тұз алсаң, он есе көп ақша шығындайсың. Одан да сол тұзды ақшаға сатып алу оңай.
Адам қаза тапқанда жерлеу үшiн берiлетiн тегiн төрт-бес метр ақ матаға да анықтама жинау керек. Ондай уақытта ешкiм анықтама жинамайды. Тегiн бензинге де дәл солай құжат жинап сандаласың. Бiрақ тегiн жанармай көлiгi бар адамдарға ғана берiледi. Ал көлiктi күйлi адамдар ғана мiнедi. Яғни, кiмнiң мәшинесi бар болса, соған пайда. Есесiне, халық бұдан шығын шектi, себебi саудадағы бензин бағасы он есе ұшты. Такси, азық-түлiк құны қымбаттады.
Теңгемен есептегенде орташа жалақы шамамен 30 мың теңге шамасында. Рас, Өзбекстанға қарағанда Түрiкменстандағы қазақтардың тұрмысы жақсырақ. Бiрақ, моральдық ахуал ауыр. Қазақ балаларын жақсы жұмысқа алмайтыны өз алдына, жоғары бiлiм де ала алмайды.
- Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгiмелескен Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.
«Жас Алаш» газеті