Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2261 0 пікір 9 Қараша, 2012 сағат 07:50

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

«Бүбім» сол «тату өткен» шоферінің үйіне таңертеңгі шайдан соң кетіп еді. Лезде қайтып келіп, автомобильдің дәл түс уақытында жүретін болғанын айтты. Мен секіріп түрегеліппін орнымнан.

- По, бек қуанып кеттіңіз, менен мүлде зерігіпсіз! - Бұртия қарады маған. - Қалай ойнауды жақтыратындығыңызды енді біліп қалған шағымда...

- Нені жақтыратындығымды білудің сізге қажеті жоқ ұқсайды! - дедім әдейі. - Ақыр менімен тұрмыстанбайды екенсіз!

- Сізге некеленбесем де өмірлік ашына болармын! Осы таңертең ғана түсіндім сізді, мен білетін қарапайым адамдардан емес екенсіз! Сізді зеріктірмейтін өнерді пәмлап[1] қалдым! Гүлқыз! Гүлқыз!.. Мұнда кел! - Қызы келіп, ұятты бірдемеге көзім түсіп қалмасын дегендей есіктен ептеп қана сығалады. - Сіз бұл кісіден тартынбаңыз, басқаларға мүлде ұқшамайтын адам! Чоң анаңызға айтыңыз, қазір мол қылып ет ассын!

- Жоқ, ет аспасын, сіздерге көже қатық керек. Мен шай ішіп қана шығамын, күн ыстық. Чоң анаңызға осыны айтып қана өзіңіз қайтып келші! - Қызы ықыласпен ғана бас изеп, үйден жүгіре шықты да қайтып келіп тұра қалды алдыма.

ІІІ

«Бүбім» сол «тату өткен» шоферінің үйіне таңертеңгі шайдан соң кетіп еді. Лезде қайтып келіп, автомобильдің дәл түс уақытында жүретін болғанын айтты. Мен секіріп түрегеліппін орнымнан.

- По, бек қуанып кеттіңіз, менен мүлде зерігіпсіз! - Бұртия қарады маған. - Қалай ойнауды жақтыратындығыңызды енді біліп қалған шағымда...

- Нені жақтыратындығымды білудің сізге қажеті жоқ ұқсайды! - дедім әдейі. - Ақыр менімен тұрмыстанбайды екенсіз!

- Сізге некеленбесем де өмірлік ашына болармын! Осы таңертең ғана түсіндім сізді, мен білетін қарапайым адамдардан емес екенсіз! Сізді зеріктірмейтін өнерді пәмлап[1] қалдым! Гүлқыз! Гүлқыз!.. Мұнда кел! - Қызы келіп, ұятты бірдемеге көзім түсіп қалмасын дегендей есіктен ептеп қана сығалады. - Сіз бұл кісіден тартынбаңыз, басқаларға мүлде ұқшамайтын адам! Чоң анаңызға айтыңыз, қазір мол қылып ет ассын!

- Жоқ, ет аспасын, сіздерге көже қатық керек. Мен шай ішіп қана шығамын, күн ыстық. Чоң анаңызға осыны айтып қана өзіңіз қайтып келші! - Қызы ықыласпен ғана бас изеп, үйден жүгіре шықты да қайтып келіп тұра қалды алдыма.

- Бері кел, қасыма отыр! - Ибамен жымия келіп жүгініп отыра кетті. Маңдайынан сипай сөйледім. - Сіз бек жақсы, зерек, ақылды баласыз! Алдымыздағы күзден бастап мектептен оқыңыз! Апаңызда сіз оқитын сабақ жоқ. Бірақ, анаңыз ғой, таза құрметтеңіз!

Төмен қарап тыңдаған қыз өксіп-өксіп қалып бетін басты. Көз жасы сорғалай жөнелген екен.

- Мен оқиын десем... мектепке... жібермейді!.. Әдепсіз болып кетесің дейді. Бірақ... өзі әдепсіз!

- Болды! - деді шешесі күлген болып қызарақтап.

- Апасы, осы күзге таман мектепке жіберіңіз, бұл өзін-өзі жақсы басқаралатын бала! - Мен «Бүбіге» қарағанда қызы да жаутақтай қарады оған. - Мен хош болсын десеңіз, мектепке беріңіз!... Қайтып келгенімде мектептен көрейін, мақұл ма?

- Мақұл, мақұл! Екеуіңіз бірлесіп алып, маған бақсы болып ойнайтын ұқшайсыздар, ха-ха-ха-һа-һа..а...

Гүлқыз қуана түрегелді де маған еркелей жымиып қарап алып, секіре жөнелді. Ол шығып кетісімен жаңаша әдеппен феодализмше әдептің парқын «Бүбіме» айқындап түсіндіріп едім, асыға түрегелді.

- Уақыт аз қалды! - дей сала барып есікті бекітті де басына жастық қойып құлай кетті. - Сіз кеткен соң қайтып келгеніңізше зерігіп қалатын ұқшаймын, келіңізші! - Мен де жастыққа бас қойып едім, бір түрлі жұмсақ үнмен жалғастырды сөзін. - Сізбен некеленбесем де өмірлік ашынаңыз болуға хасам етейін!... Мұнда қашан келсеңіз де мен даяр әйеліңізбін. Егер неке қисақ, мені басқалардан күндеп, бұл тәттілігіңізден айырылып қаласыз. Қызғаншақ болып кетесіз, жаным! - деп бастап, енді мәдениетті адамша аймалауға кірісті.

- Қазір жүретін болсам, - деп мен де жалынышты үнмен жауап қаттым. - Сапарға арам шығуға болмайтындығын білесіз ғой!

- Иоқ-ей, жолға жуындырып тазалап шығарамын! - дегеннен басымды көтеріп алдым.

- Қайтып келген соң бір-ақ көрісейікші!

- Егер қайтып келе алмай қалсаңыз, қарызыңыз қалады менде!.. Осы үйге келгеніңізден бері бес күн ішінде сегіз рет қана жолықтыңыз! Мен үшін қаншалық михнаттанбадыңыз!..

- Жоқей, қайтып келген соң «ақымды» жібере қоймаспын! - Қарқылдап күліп барып, есікті ашып тастап едім, «Бүбім» күрсіне түрегеліп дастарқан жасады.

- Көңіліңізді неден қалдырып қойдым екен! -Күбірлеп тағы күрсінді де көшеге алып шыққан сумкасынан бір бөтелке арақ әкелді. Бір тәленке қуырдақ көтеріп кірген Гүлқыз маған еркелей қарап келіп, қасыма отыра қалып еді. - Гүлқыз, сен чоң анаңа көмектес, тамақты тездетіңдер! - деген бұйрықпен шығарды да, арақ құйды. Сапарға шығарда арақ та ішпейтіндігімді айтып тоқтата алмадым. Зорлап бір шыны қағыстырып ішкізді. Өзіне тағы бірді толтыра құйды сонсоң. -Сізден айырылғым келмейді екен! - Кемсеңдеп жіберіп жұтып салды да құшақтап алып, аузы-мұрнымды жалады-ай келіп. - Садағаң кетейін, жаным! -деп бастап сайрай келе аузыма тілін де жүгіртіп жіберді. Жүрегім айнып бір лоқсып қалдым да, өз қолыммен жарты ыдыс қана құйып ішіп дизенфекцияладым.

Палау көтеріп кірген қызым қайта келіп отырды қасыма. «Жеңіз аға, жеңіз, жолда құрсағыңыз ашады! - дей отырып, мені тойдыра тамақтандырды. Көңілдене асады өзі де. Қолыма су құйып, тағы да Гүлқыз киіндірді мені. Бір сумкамды көтере шықты. Шешесінің қал дегеніне көнбей, қызыл мияның тамыры басылған жүк автомобиліне бірге барды. - Бұл кісі кабинаңызға отырсын аға, бек жақсы адам, жаным, аға, сізбен бірге отырсын! - деп шоферға қайталап-қайталап жалынды.

- Мақұл қызым, мақұл! - деп күлді шофер.

Шешесімен қоштасып тұрып, Гүлқызды мектепте оқытуын мен де қайталап өтіндім. - Гүлқыз, өзің де жақсы оқы! Толық тәртіпті, үлгілі оқушы бол! - деп маңдайынан сүйгенімде тағы да жылап жіберіп, шешесіне күмәндана қарап еді.

- Мақұл дедім ғой, қызым, мақұл, мектепте оқытайын! -деп күлді «Бүбім». - Бірақ, менің айтқанымша жүресің!...

Нәзік қолын дәміл-дәміл көтеріп, қашан жүріп кеткенімізше қадалып қарап тұрды Гүлқыз.

Орта жасқа келіп қалған шофер былай шыға бере басын шайқап-шайқап қойып күлді.

- Гүлқызды мектепке бер деп мен қанша өтініп көндіре алмап едім. Танысқаныңызға бір апта болмай жатып, сіз көндіріпсіз! -деп күлді.

Менің «Бүбімен» танысқаныма бір апта бола қоймағанын қайдан білгеніне таңдана қарап қойдым.

- Гүлқыздың өзі, менің балам екендігін әлі білмейді! - деп күрсінді шофер. Алдағы ойқы-шойқы борбас жолдан көз алмай қарай отырып жалғастырды сөзін. - Оның оң жақ құлағының түбіндегі меңді көрдіңіз бе? - Бұл сұрауынан өз құлағына қарап қалып түсіндім. Қарамтыл толық жүзінің самай сақал астында Гүлқыздың меңі сияқты бадырайған үлкен меңі бар екен. Күліп жібердім.

- Сіз, бұл «Бүбінің» бұрынғы ерісіз бе, иә маған ұқшаш «мәңгілік» ашынасысыз ба? - деп сұрағанымда қарқылдап қатты күлді шофер.

- Бұрын, жындыбас кезімде ашына болған. Қазір Гүлқыз үшін ғана болмаса, ұмытып та кеттім. Бұл қызым аса жақсы қыз болып еді. Оқытпай, өзінің жаман жолына бастап кетер ме екен деп қауіптеніп жүр едім. Сіздің көндіргеніңізге көп рахмет!... Енді Гүлқыз екеуміз, анау лоқоның[2] осы уағдасын мықтап ұстайтын болдық!.. Қызыма өз әкесін таныстырып қоюын өтініп жүрмін. Сондықтан анша-мұнша талабын орындай салатын мәжбүрятым бар...

Менің өткен ахуалымды шофер «бүбіден» естіпті. Оның өзін менің қалай таңдап, қалай танысқанымды сұрап біліп, тіпті қатты күлді.

- Сіз өтіп кеткен пәмді, сұм адам екенсіз жұмо!...

Тоқсуға жетіп, тас жолға түскен соң сол күні ағызып отырып, Бүгірге жетіп қондық. Ертеңіне таң бозара жүріп, сәске түсте Қарашәріден өтісімізбен автомобиліміз былқылдақ сазды жолдың ойылып кеткен бір лоқабына шоңқия қалды. Ышқынып бырылдай жұлқынғанында күрт ете түсті бірдемесі. Оғы үзіліп кетіпті. Шофер екеуміз де шоңқидық. Сақал-шашы үрпиіп, қатты дағдарған шофер, енді жол тосып, жәрдем күтуден басқа лаж жоқтығын айтты.

- Сіз енді менімен бірге уақытыңызды кетірмеңіз! -деді біраздан соң. - Қарашәріден Үрімжіге жүретін машина көп табылады!

Мен де осыны ойлап отыр едім. Неғұрлым Балғынтайдан Үрімжіге төте асатын көлік табылса!.. Мақпалдың жөнін білуім үшін менің ендігі іздейтінім - Күлән ғой. «Ол мына таудың ішінде, бәлкім одан да бері Қотынсұмыл ауданына қарасты қазақтарға келіп сіңген шығар. Ыбырай, әпекесін қолға түсірмеу үшін, мұны білмейтін жігіт емес қой». Осыны ойлап отырғанымда шофердің бұл ақылы қона кетті көкейіме. Сөйтсе де, жолдас болып келіп, жолға тастап кеткендей болмау үшін «Қарашәріге қайтсам жалғыздық көрерсіз ғой» деп сұрадым да, ол жөнінен қиналмайтындығын айтып разылық білдірген соң, рахмет айтып қоштастым да, екі сумканы екі иығыма асып жүре бердім.

Қарашәрі қалашығынан оншалық ұзамаппыз. Түскі демалыс уақытында жеттім. Шеткерірек, кішкене ғана бір шайханаға кірдім де қауқалақтаған ақсақалды қарияның қолынан шай іштім. Мұндай кәрінің ұры-қарымен байланысы болмайтындығын байқаған соң төрдегі үйшігінен жатын орын алып, екі боқшамды орналастырдым да, әлгі бір тәуірше көйлек-сымымды кие сала шықтым көшеге. Алдымен іздейтінім, Үрімжіге жүретін автомобиль емес, таныстығы бар адам болды. Үш аймақтан, иә Үрімжіден қызметке келіп орналасқан мұғалім бұл қаладан табылуы мүмкін еді.

«Солтүстіктен келген мұғалімді» көшеде әркімнен сұрастыра отырып, аудандық үкіметтің оқу-ағарту бөліміне кіріп бардым. Ондай мұғалімді білетін «кадр» қазір келетіндігін айтты бір ұйғыр әйел.

Түскі демалыстан қайтқан сида ғана қарасұр моңғол жігіт сыртқы есіктің алдынан кездесті. Балдырлап ұйғырша әрең сөйлеуінен, Қарашәрінің жергілікті моңғолы екендігін түсіне қойдым да, таныстық жөн айтпай-ақ мұнда солтүстіктен келген мұғалім бар-жоқтығын сұрап едім. Тарбағатайдан келген Шәріп Мөңке дейтін моңғол мұғалім барын айтты. Аты таныс болғанымен нақтылы кім екендігін есіме түсіре алмасам да соны тауып беруін өтіндім. Әлгі мен шыққан бөлмеге кіре сала қайтып шығып бастай жөнелді. Бір көше айланып қана Қарашәрінің шикі кірпіштен қаланған бір көне ауласына бастап кіріп, есігін нұсқап қана қайтуға оқталды да, маған бір қарап қойып, есігін өзі ашып кіргізді. Моңғолша ызғарлана сөйледі бір әйелге. Өзі кірмей табалдырық сыртынан қайтты.

Төр үйінен жуан қасқа басты ақсұр, келіскен денелі моңғол орындығынан түрегеліп қарсы алды мені. Қол беріп, таза қазақ тілімен амандасты. Төрдегі орындыққа нұсқап отырғызды да жүзіме қарай түсті. Мен де үңіле қарап танымадым. Сонда да бұйымтай айтуға тура келді.

- Шаяр Тарым лаугай майданынан үш айлық қана рұқсат алып, Үрімжіге қайтып едім. Отырған жүк автомобиліміз бұзылып, жолда қалды...

- Атыңыз кім?

- Биғабіл Жаппар.

- Ассалаумағалайкум! - Үй иесі ыршып тұра қолымды алып, айқара құшақтады. - Танымай қалыппын. Аман екенсің-ау, ағай!... Сіз де, әрине, танымай қалдыңыз. Мен оқушыңыз Шәріп емеспін бе? Шәріп Мөңке!... Дөрбілжін моңғол мектебінде де, Үрімжідегі мұғалімдік мектепте де өзіңізден кітап сұрап алып тұрушы едім ғой. Түсінбеген мәселелерім жөнінде талай рет кеңесіңізді алғанмын. Үйіңізге де барып тұратынмын. Қонақбасты кезде Мақпал жеңгемізге су тасып та қолғабыс етіп жүретінмін!.. Ие, жиырма жылдық сергелдең кімді ұмыттырмайды. Мен де көрмегенді көре жүріп, міне «Қыз Жібек» дастанындағы Қорен қалмақтың өзі болдым!

Қарқылдаса күлдік соңғы сөзіне. Шай іше отырып жарқылдаса сөйлесіп, кейінгі көрген өзді-өз кешірмелерімізбен қазіргі ахуалымызды әңгімеледік.

- Жә, өзіңізді осында бастап келген жігітке аты-жөніңізді айттыңыз ба?

- Ол сұрамады да, мен айтпадым.

- Жақсы болыпты, оның да тімтіне беруден зеріккені ғой тегі, - деп әйеліне қарап қойды Шәріп. - Ол, «зор мәдениет төңкерісінің» осындағы зор жендеті. Мені талай байлатып, талай шапалақтатып, талай тергеген жендет. Сіздің атыңызды естісе, әлі де шапалақпен талай тергеуге тартылар едім, Құдай сақтаған екен! Ол сіздің аты-жөніңізді толық біледі. Бірақ, «марксизм мен социализмнің қас жауы, оңшы Шәріп Мөңкенің кері төңкеріске бастаушысы» деп біледі. Сізбен болған байланысымды сұрап, талай қинаған болатын. Сөйтіп жүріп осындағы оқу-ағарту бөлімінің саяси жетекшісі деген мансапқа ие болған. Ал, жақсы мұғалімдердің көбін төменге түсіріп жіберді де, мені осындағы моңғол орта мектебінің жоғары кластарына сабақ өтей алатын ешкімі қалмағандықтан ғана режиммен алып қалып отыр.

- Олай болса, қайта сұрастыра қалса менің кім болып танылғаным жөн?

Шәріп ойлана қалып, әйеліне тағы қарады. Моңғолша сөйлеп Қотынсұмыл жөнінде бірдеме сұрағандай болып еді. Сұлуша, кекселеу әйел ұзағырақ сөйлеп кетті де ойлана қалып, сосын бір ақыл тапқандай күліп жіберіп сөйледі. Маған түсініксіз сөздер ішінен «мөрін»[3] дегенін ғана ұғып, мен де жалтақтай қарадым. Шәріп изектей күлді оған.

- Әй осы келініңіз жарайды-ау! - Шәріп енді маған қазақша сөйлеп күлімдей қарады. - Мені көп қырсықтан тірі сақтап келе жатқан осы кісім!

Өзін ерінің «кісім» деп мақтағанына қызғыш тарта күлген келін ауыз үйге шығып кеткен соң сұрадым.

- Келін де Дөрбілжіндік пе?

- Жоқ, осы таулық торғауыттың қызы. Қазақша-ұйғырша жақсы сөйлей алмайтындығынан моңғолша сөйлесіп отырмыз. Мен осында алғаш келгенімде осы орта мектепті бітірген екен. Таныса кетіп үйленгенбіз. Бұл да оқытушы. Жақсы қатын болды. Қазір екі ұл бір қызымыз бар. Ал енді сіз бір сәтті кезеңде келіпсіз. Менің қазір үкіметімді сендіре алмай тұрған бір мәселем бар еді: үш жылдың алдында Хошыт ауданындағы бір оқушым маған бір бесті ат сыйлаған болатын. Оны «пара» деп те, «жекелік» деп те әлгі жендет маған «шужұңжуишылық» қалпағын кигізіп жүрген. Мен оған мойындамай, Үрімжіге барып қайтқан жолымда бір қазақ досым майын берген ат деп келгенмін. Енді сол атты берген досым, сіз бола қалыңыз, әйтеуір есіміңіз Биғабіл болмаса болғаны! Таудың арғы бетіндегі бір коммуна мектебінің мұғалімімін дейсіз. Жолхат алмай туысқаншылап жүре беретін моңғол-қазақ аз ба?

Көңілімде осы атты мініп, төте жолмен кету үміті ойнақтай жөнелді.

- Рас, дұрыс табылған ақыл екен. Қотынсұмылға қарасты қазақтарды осы атпен тауып, қой деген жеріңе тапсырып беріп кете беремін!

- Жоқ, өліпті деп естілген жерден тірі қайтып келіп көріскен сіздей ұстазға бір ат мінгізу, көп  пе! Оқушымның сыйлап мінгізген атын мен өз ұстазыма мінгізсем, өзіме-өзім де разы боламын. Шужұңжуишылықтан да құтыламын! Тілеген жеріңізге жеткізе алатын жақсы ат!

Жамбасы қосылған бір табақ етті көтеріп кірген келін, үлкен ұлына дастарқан жайғызып, шкабынан бір бөтелке арақ шығарды. Тірі көріскенімізге жылап-күлісе отырып кеш батырдық. Шәріптің режимдегі жағдайына қарап, шайханадағы пәтеріме барып жатуды айтып едім.

- Жо-жо-жоқ, осында боласыз! Мен қазір әлгі жендетке барып, сіздің «өз атыңызды алып  қайтқалы келгеніңізді» айтып рұқсат аламын да, таңертең қайын жұрт қолындағы атты әкелуге кетемін. Бүгін жақсылап әңгімелесіп алайық!

Шәріп, бастығының үйіне барып, рұқсат алып қайтты да, мен шайханадан сумкаларымды әкеліп алдым. Келіннің төрге қатар салып қойған төсегіне екеуміз ет дастарқанын қайта жайғызып, бөтелкені ортаға ала кірістік әңгімеге. Талқыға салғанымыз, оппортонизмші мен ревизионизмшінің нақтылы кім екендігі жайында болды. Түн ортасы ауа әрең тынышталдық.

Мен оянғанда Шәріп әлдеқашан жөнеліп кеткен екен. Мойнын қаздай созған қамысқұлақ қарагер күн еңкейе орыс ер-тоқымымен келіп, есік алдына байлана қалды. Шәріп оны көрнеуге әдейі «көрдіңдер ме, міне, иесіне қайтарылды» деу үшін байлағанын айтып күлді. Ұры-қарақшының көбейгенін ескеріп, қайын жұртынан дырау қамшы мен бос мойын шоқпар да, былғары қынды қанжар да сұрап әкелген екен. Бойымда қанжар сақтауға қарсылық айтып едім, Шәріп зорлап алдырды.

- Қазір, алыс сапардағы жолаушы түгіл көшедегі жігіттердің де қанжарсыз жүретіні жоқ. Сым белдігіне тым болмағанда қарымдырақ пышақ қыстыра жүреді! -деді.

Қотынсұмыл жолын анықтап ұқтырып, ертеңіне таң ата өзінің ескілеу ғана жауындық пальтосын кигізіп аттандырды Шәріп.

Қотынсұмыл базары жақын екен. Төте ат жолымен жортып тал түсте жетіп бардым. Ойқы-шойқы шағын ғана таулы қалашықта кімнен жөн сұрарымды білмей, көше аралап келе жатқанымда бұлғақтаған  төрт-бес жігіт бір арақ дүкенінен шыға келді. Екеуінің білегіне киілген қызыл шүперектерінен «халық жасағы» екендігі байқалды. Біреуі моңғол, төртеуі ұйғыр жігіттер, сыпыра мас секілді. Менің басқа жерлік жолаушы екендігімді олар да байқағандай, алдыма көлденеңдей берді.

- Қайдан келесіз?

- Қарашәріден.

- Жол қағазың бар ма?

- Бар! - дей сала көп адам танымайтындай ханзуша сүйретпе шимаймен жазылған рұқсат қағазымды көрсеттім. - Осы ауданға қарасты қазақ ауылындағы туысқанымды іздеп келемін.

Жуан қызыл таңба басылғандығы көрінген соң, оны оқып көруден дәмеленбей-ақ өздерінің негізгі бұйымтайларын айтты.

- Жә, түсіңіз, арақ ішеміз!

- Мен, науқас адаммын, арақ ішпеймін, рахмет сіздерге! Қазақ ауылына баратын жолды көрсетіп берсеңіздер, ертерек жетіп алайын!

- Өй, ол ауыл жақын, асықпай-ақ қойыңыз, өзімі апарып саламыз!

- Иә бізден бір-екі рюмка ішесіз, иә үлкен базардан келген сізден ішеміз! - деп біреуі өндіршектей қалды. Құндары белгілі болған соң саудаласа кеттім.

- Мен ішпеймін дедім ғой, зорлай алмайсыздар! Егер біреуіңіз менімен бірге жүріп, сол ауылдың жолын көрсетіп қайтсаңыздар, екі бөтелкелік ақша берейін!

- Қане ақшаңыз! - деді біреуі. Қапас берген елу юаннан төрт юан ажыратып көрсетіп едім, бір-біріне ымдаса қалды. Өтірік мас екендіктері байқалғаннан сезіктене қалдым. Қанжығаға байланған боқшама, атыма қарасты. Мен ақшаны омырау қалтама тыға сала тебініп қалдым. Қарагер лып етіп жарып өте шықты.

- Тоқтаңыз, тоқтаңыз, біреуіміз апарып салайық, қонақ екенсіз! - деді біреуі.

Елу метрдей ғана алыстап, ат тізгінін тарттым. Олар өзара күбірлесті де біреуін соңымнан жіберді. Ол: «Тоса тұрыңыз, ат мініп шығайын! -дей сала бір қораға жүгіріп барып кірді. Тоспай жүре берудің де, шығуын күтіп тұрудың жөнін таба алмай қалдым. Арттағы төртеуі сол орындарынан қозғалмай, қамсыз ғана сөйлесіп тұр. Атым шыр көбелек айланып тықырши түсті.

Жол көрсетушім жөнсал ғана тепең көкке мініп шыққанда көңілім біраз орныққандай болды. Қолына қамшы да алмаған екен. Тебіне ерді соңымнан. Қорғасын жіпшелі ұзын қамшымды қымтап ұстап, ол нұсқаған жалғыз аяқ жолға түстім.

- Осы жол апара ма?

- Қайда, әлі бірнеше жолға бұрыламыз!...

Айтқанындай шоқат-шоқат обалы төбелерді аралатып апарып үлкен тауға кіргізді. Өрлеп барып бір мойнақтан асқанымызда бес-алты киіз үйден құралған бір ауыл көзіме оттай басылды. Жаз күнінің райы жайдары, ашық болса да ауыл сыртындағы қарлы жотаға қара сұр бұлт қонып, салқын ызғарлы леп тартып тұр.

- Ал, енді сізге рахмет! - дей сала төрт юанды ұсынып едім.

- Әлгі гүйлер[4] арақ дәметпесе алмай-ақ қояр едім! - деп ақшаны жымия алды да ілесе берді. - Ақыр келген соң мен де бірге барып, қатық ішіп шығайын!

Ортадағы үлкенірек киіз үйге түсіп қалып едік. Мол ақ сақалды шал шығып қарсы алды. Сәлем беріп, қос қолымен амандасқанымыздан соң қарт есік нұсқады. Мол жайылған текемет үстіне барып отырдық. Төрге жиылған сандық, кебеже үсті көрпе-жастыққа толы, мүлікті, таза үй екен. Қасымда қызыл белгі тағынған жасақ отырғандықтан қартқа жасанды жөнімді айттым.

- Мен Үрімжінің «Алға» коммунасынан туысқаншылап Қарашәріге келген мұғалім едім. Қайтар жолымда осы ауылда деп естіген бір досымды көре кетейін деп бұрылдым. Осында Ыбырай дейтін, тегі Үрімжілік жігіт бар ма?

- Ыбырай? - Қасымдағы жігітке бір қарап қойып, ойлана жауап берді қарт. - Ондай Үрімжілік бар деп естімеппін!

- Олай болса, басқа ауылдарға барып сұрастырғаным жөн шығар?

- Біз осы күнгейдегі қазақтар бір ауылмыз. Қазір төрт-бес кішкене ауылға бөлініп жайлап отырмыз. Ауыл бастығы болып қазір уақытша басқарып отырған, менің үлкен ұлым. Мына отаудың иесі. Өр жайлауға кеткен. Бүгін қайтып келер. Күн кешкіріп қалды ғой. Осында қона кетіңіз!

- Білетін бастық осында болса, келуін күтуім де жөн екен. Ал, мына жігіт маған жол көрсетуге базардан ілесіп еді. Асығып отырған шығар, бар болса айран шалап ішіп қайтпақ болып түскен!

- Шайға қарамай ма?.. Әй, кемпір, кемпір-әй!

Орта жастағы ақсары әйел кіріп келіп, қарттың тапсыруымен бір тегеш айран құйып беріп еді. Ұйғыр жігіт ұрттай ішіп әрең таусып қайтты.

- Бұл жігіттер аса қауіпті еді, - деді қарт ол кетісімен. - Топтаса жүріп тың тыңдайды. Жөні табылғанда тонаушылық істейді. Қызыл белгілерімен қорқытып та бірдеме алып қалады... Сізге қалай ілесті өзі?

Бұл жайтты қысқаша сөйлеп беріп едім, ыңырана изектеді қарт.

- Әлгі сұраған адамыңыздың жөнін білемін. Жаңа бұл сұмырайдың алдында айтуға болмай қалды. Ыбырай бірер жыл осы ауылды паналап тұрған. Оған да үш-төрт жыл болып қалды. Санжы тауындағы бұрынғы сіңген ауылына қайта көшіп кеткен. Қолында өз келіншегінен басқа Күлән дейтін әпекесі мен оның қызы бар.

- Ол үйден Күләннің қызынан басқа одан ересектеу бір ұл бала көрінді ме?

- Жоқ, онысын көрмеппін, Сайрасын жалғыз деп жүретін. Өзі Үрімжіде жоғары қызметте болған, шырайлы да мінезді келіскен әйел екен. Ері мен екеуі де оңшы болған соң өзінің де қолға алынуынан бой тасалап жүріпті. Ері оңтүстіктегі бір майданға айдалып барып опат болғанын айтып жылағанын естігенмін.

- Сөйтіп, Асқар атты ұлы туралы бірдеме айтқаны естілмеді ме? Бір мектепке оқуға беріп кеткеннен де сөз жоқ па екен?

- Асқар дейсіз бе?... Ей, кемпір, Тұрсынай бар ма, шақыршы! Мына қонақтың сабырын алып жүрген бір бала бар сияқты, Тұрсынайды да шақыр, Сайраның құрбысы ғой!

Сыртта Тұрсынай мен Тұрсынайдың атын кезек атап шақырған «кемпірін» енді шалдың өзі шақырып шай жасатты. Теңге-моншақты камзол, үкілі төбетайлы бір бойжеткен кіріп, ибамен ауыз жыбырлатып қана амандасты осы мезетте.

- Балам, үлкен шешеңнің жұмысы бар, мына шайды сен құйып бер! - деп бұйырған қарт, немере қызы бір тізелеп отыра қалып, шай құйғанша бірнеше сұрау қойып үлгерді. - Ана жылғы Күлән апайыңның Сайра атты қызы есіңде бар ма? Кішкене кезіңде ол сенімен бір жыл бірге оқыған ғой, бірге ойнайтынсыңдар. Сайра сонда өзінің Асқар дейтін ағасы жөнінде бірдеме айтушы ма еді.

- Айтатын, - деді Тұрсынай маған бір қарап алып. - «Асқар ағам жақсы еді, өзі ойнамаса да ыңғай мені ойнататын, қатты сағынып жүрмін!» деп жылайтын. Асқардың атын аузынан тастамайтын. - Тұрсынай мұны айтқанда мен еңк ете түстім. Көзімнен жас ыршып-ыршып кетті. Қарт та немере қызы да аңыра қарап қалыпты маған.

- Сайрадан ол ағаң қайда деп сұрағаң шығарсың? -деп атасы сұрады немересінен.

- Ие, сұраймыз ғой, «өз шешесі келіп Шәуешекке әкетті» деген.

Мен көз жасымды сүрте салып сұрадым.

- Қай жылы қайсы айда әкеткенін білесің бе, шырағым?

- Сайраның айтуына қарағанда, - деп ойлана қалды қыз. - Ие, 62-ші жылы... қар кеткен соң шешесінің өзі бір жақтан келіп әкетіпті. Сайраш оның шешесін де аса жақсы көреді екен. «Әпкетай кетпеші, Асқар екеуің де бізбен бірге тұршы, ішіміз пысады екен деп жалынып едім, бетімнен қатты-қатты сүйді де, Асқарды жетектей жөнелді. Апам екеуміз де жылап қалдық. Санжы қаласына Ыбырай нағашым арбамен әкетті. Ол екеуі де жылап кетті» деп Сайраш тіпті егіліп жылаған болатын.

Тұрсынайдың бұл сөзін естігенде менің көз жасым тіпті ырық бермей ағытылды. Бірақ, бұл жылауым, Мақпал мен Асқар жөніндегі қауіп-күдіктен арылған, қуаныштың жылауы болып сезілді. Әйтеуір, үлкен үймен бірге Қазақстанға кеткені айқындалғандай болды ғой!

- Ал, шырағым, енді өз жөніңді айтшы! - деп қарт маған жымия қарады. - Олармен жүрегің сабақтас көрінеді!

- Дұрыс айтасыз, сабақтас! - деп күрсіндім мен. - Күлән - менің әйел затынан шыққан ең құрметті, ақылгөй досым. Оның өлген ері менің ең жақын дос сабақтасым, етене қызметтесім болатын. Асқар - менің жалғыз ұлым, оны әкеткен шешесі, әйелім. Ол да оңшы болып, Тұрпан жаққа төменге түсірілгенде, мен оңтүстікке одан екі жыл бұрын айдалып кеткенмін... Бірге өсіп, біте қайнасқан екі семья осылай телім-телім болып айырылсқанымызға, алғаш күреске тартылғанымыздан бастап, міне жиырма жыл болып қалыпты!

- Ал, сонда, өз атыңыз кім болды екен?

- Биғабіл.

- Бәсе, бәсе! Қасқайып осы жерден шыға келдім деші, жігітім! - Қарт екі қолымен екі қолымды алып, сілкіп-сілкіп жіберді. - Сені Күләннан сұрағанымызда «білмеймін, бұрыннан таныстығымыз жоқ» дей салатын. Оқыған-оқымаған бар қазаққа жатталып кеткен Биғабіл, бір Үрімжіде тұрған оқымысты Күләнға қалай бейтаныс болады деп күлсек, ол жымиып қана қоятын. Ал, өзіңді радиодан әне өлді, міне өлді деп үш рет хабарлағанын естідім. Ең соңғы хабардың жарияланғанына екі жыл ғана болып қалды. Міне, Құдай есіркеп тіп-тірі жүріпсің ғой! Өй, әлгі бастық неғып келмей қалды! - деп кемпіріне қарады шал. - Шақыр әлгі біреуін, ерте-жарықта мал әкелсін!... Ең жарамдысынан, ә!

Менің айтқан тоқтауыма қарт көнбей, бір ісек әкелдіріп, менен бата сұратты. Атымды бір кексе жігітке «мықтап кісендеп, далдалы шөптесінді жерге арқандауды» тапсырды. «Бұл аттың соңында базар қарақшылары жүр» деп анықтап ескертті сонсоң.

- Таңертең ертерек аттансаң, Алла жеткізсін, бүрсігүні-ақ жетіп барасың, досыңның тұрағына! Ей, кемпір, ей менің торсығымды енді жасыруыңның жөні жоқ. Әкел бері, Биқаң қымыз ішпегеніне қанша жыл болғандығын сен надан білмейсің ғой!.. Ал енді, азаматым, біздің кім екендігімізді, сенімді, білгір Күләніңнің  босып жүрсе де бізден жасырынбағандығынан-ақ түсінген шығарсың. Бүгін сен де жасырмай шерт әңгімеңді!..

Әңгіме «шертіліп» аяқтай бере ауыл иттері түгел шулап бір үріп алды да, содан бастап жақтары сембеді. Оқтын-оқтын қарияның өзі де сыртқа шығып, күзетті мықтаумен болды. «Бүгін екі аяқты итқұс та торып жүр, сақ болыңыз!» деп дауыстап қойып кіреді.

Бұл түні ұйқыға жатқан соң дөңбекшіп ұйықтай алмай ерте түрегелдім. Қария «кемпірін де» ұйықтатпай шай қайнатқызып қойған екен. Менімен бірге шай іше отырып, ендігі жүретін жолым мен сақтықты айқындап түсіндірумен болды.

- Шырағым, айтсақ Маудың шамына тиеді. Айтпасақ, азаматымыздың обалына қаламыз. Бұл жолда өте сақ бол! «Менбең», «хұңбең», «төңкерісші-заупаныш» дейтіндерінің көбі кезеп, ұры-қары, тонаушы болды. Ешкімнің көзі түсетін жерге түнеме, жөніңді айтпа! Автомобиль жолымен жүрме, әсіресе, мына тұстан жасалған, әлгі бір иір-иір жолына аттап баспа! - деді де өзі түсіндіріп отырған соқпақ-сүрдекті қайталап-қайталап ұқтырды.

Кемпірі түннен қалған ет пен табаға пысырған нан, құрт-ірімшікпен толтырылған бір дорбаны екі боқшамен бірге байлатты қанжығама.

- Алтын өзек, ақ еділ, кең аңғарлы, зерек-зерделі қарттарым, ұзақ жасаңдар! - деп екеуінің де қолын құшырлана қысып қоштастым.

Шал түсіндірген ат жолы, соқпақ-сүрдектердің бәрін де маңайларындағы бел-белес, жота-обаларынан айқындап, бұлаңқұйрық бірқалыпты жүріспен батыс-солтүстікке беттей бердім. Жолым, күн көтеріле тау жолына жанай беттеген, ыңғай қиялы, күдір жолға айналды. Бірнеше тағалы жылқының жаңа ізі айқын байқалды. Түнде ауылды торыған ұрылардың енді осы тұстан жол тосу мүмкіндігі ойыма оралып, өрекпи қалды жүрегім. Бір белге өрлеп шыға бере түсіп, атымды тастағы бір түп шыршаға байлай сала баспалап төбеге шықтым да оба түбіне отыра қалдым. Таяудағы бір жырадан аттың пысқырғаны естілді. Ештеңе көрінбейді. Анықтап қарасам, ат пысқырған тұстағы жалғыз аяқ жолдың бір жағы тік жартас, бір жағы терең шат екен. Қатерлі қысаңға келгенім түсінікті болды. Бұдан айланып өтетін жол жоқ екендігін таңертең шал да ескертіп еді. Бос мойын шоқпардың байланған жібін жазып, үйірген сайын ұзара беретін етіп қайта шумақтадым. «Бұл, ердің алдыңғы қасына ілініп, дайын тұрады» деген бір есепті шығара сала қарағанымда жаяу біреу әлгі тік жартастың үстіне шығып тұра қалды. Ол, сөзсіз, тонаушылардың қарауылы. Жартасқа жол үстінен өрлеп шықты. Демек, қарақшылар сол жартастың түбінде жол үстінде ұйықтап жатса керек. Аттарының екеуі едел-жедел пысқырғанда, көліктерін қойған жері ар жақтарындағы жырада екендіктері сезілді. «Жатқан жерлеріне оншалық жақын емес!»

Қарауылшы шалқасынан жата кетті. Аздан соң қыбырсыз қалғанын байқадым да, тәуекел деп атқа қона сала жолға түстім. Қарауылшы сол жатқанынан бас көтермегендігін аңди аяңдап алдымдағы еңіске, тасаға түстім. Атымды қузай өрлеп, ол көрінетін белеңге шыққанымда тіпті таяп келіп қалыппын. Қарауылшы сол қалпында жатыр. Атымды тебініп қалып, ағыза жөнелдім.

«Келді!», «Келді!» десіп, атып-атып түрегелді, бес-алтау екен. Қолдарында жалаңдаған сапы мен шоқпар бар. Бірақ, екпіндеп шапқан аттың алдынан тақай бере орталарынан тасырлатып жарып өте бергенімде біреуі темір шоқпарын дәл басымнан көздеп атып кеп қалды. Еңкейе қалдым да сол жағымнан ыршып кеп ат шаужайынан алмақ болған біреуін дыраумен қасқалата тартып жібердім. Іле-шала кері сермеген қамшым оң жағымнан атылған бірінің шықшытынан орай тиді. Екі жағымнан едел-жедел шырқырап екеуі жығылғанда қоршаудан недәуір өтіп кетіппін. Соңымнан қуа жүгірген төртеуінің жүйрік біреуі басқаларынан оза шығып дараланғанын көріп, тізгін тарта бердім де, қамшы жетер жерге келгенде, қайыра соқтым. Шыр ете түсті де терең шатқа домалай жөнелді. Қалған үшеуі үдірейе қарап тұрып қалған екен. Жолда шырқырап жатқан екеуіне қарай жүгірді. Мен атымды аяңға түсіре қайырылып қарап, алғашқы қасқалата соғылғанның үні өше қалғанын көре сала тебіндім. Кісі өлтірген безгелдек, ал без!

Қиялап өрлеп созылған жалғыз аяқ тар қысаңды жолдардың бәрі де аса биік жон асуынан қапталдап асыратын жолдар екен. Қиын кезеңнен өткенімді сездім. Тағы да қиялап құлдап келіп, күн бата қарлы таудың теріскей етегіне түскенімде, екі жағым жайлаулық жап-жасыл жазықтарға айнала қалды. Барлап, аз кідірдім де қиысырақ сол жақ қарсымдағы бір белдің күнгей бетіндегі қалың самырсынға қарай із түсірмей бұрылдым. Бұл жайлауға биыл ел шықпаған, ісірік, бетегелері сол қалпында көрінеді. Жазаң сайға түсіп, қайта өрлеп барып кірдім самырсынға. Сандық тасты, далдалы шытырман арасындағы бір қора қой орнындай ғана алаңқыға тоқтадым. Тер басқан атымның көзін сүртіп, қабағынан сүйіп қаңтардым да, жайлаулап барып, биікке шығып отырдым. Соңымда қуғын бар ма, осында бұрылғанымды көрген біреу бар ма, ұзақ барлауым қажет болды. Тау жоталарындағы күн сәулесі қызарып, күңгірт тартқанда түстім ат қасына. Ымырт жабыла бастағанда оқыранды жануарым. Суып қалғандығын білдіріп, енді тамақтанайын дегені еді. Ер-тоқымын алып, тұсап, сол алаңқыдағы соны шөпке арқандадым да, өзім де тамақтандым.

Ың-жыңсыз қалың орман арасында ер жастанып, тоқым төсеніп жатып ұйықтап кетіппін. Таң бозара оянсам да аттың күрт-күрт оттауын тыңдап жатып, тағы ұйықтаппын. Түсімде көрсем деп көксеген Мақпалым мен Күлән түгіл, қаймана алжыған түстерден де ештеңе көрмей ояндым. Күн недәуір көтеріліп қалыпты.

Атымды ерттеп мініп, тура солтүстікті бетке ала құлдадым. Жақын-жақын екі белден асып түскенімде көрінді малшылар. Сұрастыра-сұрастыра ана жылғы Омар мен Әнуар мұғалімнің ұқтыруы бойынша құдамыз деп атаған шалдың ауылын дәл тауып жеттім.

Соның өз үйіне оңаша қона жатып сұрасам да, Ыбырай табылмады: бұл ауылға қайта көшіп келіп, бір жылға жуық тұрыпты да, түнделетіп тағы да көше жөнеліпті. Ендігі кеткен жерін бұл ауылдан ешкім білмей де қалыпты. Әйтеуір 62-ші жылдың алғашқы маусымында Асқарды өз шешесінің әкеткені бұл шалдың жауабынан да анықталды.

Ертеңіне тағы жортып, Омардың ауылына алдыңғы реттегідей жасырынбай-бұқпай, көрнеу Биғабіл болып жеттім. Ол жолы әскери қызыл қорғаушыларға ұстап берген Азаттың өз үйін сұрап барып түстім әдейі. Үй иесінің өзін он жастардағы қызы барып ертіп келді.

- Ойпыр-ау! Ассалаумағалейкум!.. Өзіңіз екенсіз ғой! - дей келіп, бір қолымды қос қолымен алып амандасты да жүгініп отыра кетті Азат. - Ағай, алсаң міне бас, түкірсең міне бет! Алғашқы келгеніңіздегі айыбымды неммен өтерімді білмей жүр едім! - дей бергенінде екі иығынан ұстап көтеріп тұрғыздым.

- Ол реттегі ұстатқаның мен емес, Құлжан екендігін түсінгенмін. Ол, айып емес! Жалғыз-ақ бір қателігің арақтың ақымақтандыруынан туылған. Омар ағай менің сондағы саған айтқан ескертпе сөзімді қаншалық қайталап түсіндірсе де тыңдамағандығыңнан өтілген. Сол «Құлжанға» қоса, осындағы екі ғана қамқор ағаңды жас оқушыларына ұрғызғаның! - Міне, ең үлкен қателігің осы! Ол екеуінен кешірім алған болсаң, мен кешпейтін айып жоқ!

«Бізден кешірім алған!», «Кешірім алған!» деген екі дауыс шалқасынан ашылған есіктен қатар естілді де, Омар мен Әнуар кіріп-кіріп келе құшақтасты менімен. Жарыса-жармаса айқасқан амандасулар мен бұл жолы қай жақтан келгендігім қысқаша жауап табысымен жайланып отырыстық. Кешірім жөніндегі үлкен сөз сонан соң еселенді.

- Біздің өзара кешіріміміз, кейінірек, мектепте оқу қайта басталған шақта Азаттың жалпы оқушылар алдындағы өзін сындап, Омекең екеуміздің аяғымызға жығылуымен жарияланған кешірім болатын, - деп Әнуар айқындады бұл кешірімдерін. - Ал, жарияланбаған жасырын да үлкен айыбын сіздің аман қалу-қалмауыңызға қаратып қойғанбыз!..

- Егер сол ұстатуы арқылы сіз оқыс болып кеткен болсаңыз, бұл жігіттің өз тіршілігі де оқыста еді. Ажалы бізден болмаса да басқалардан болатындығы хақ еді! - деп Омар күлді. - Сол ұстатқан адамның Құлжан емес, Биғабіл екендігін білген соң, өзі түйеше боздап жылады да, әлгі суайт радио алдыңғы жылы Биғабіл қинаудан өлді деп үшінші рет жариялағанында өгізше өкіріп жылады! -Осы жайт айтылғанда жүгініп отырған Азат көз жасын ытқытып жіберіп, кеңкілдеп күлді. Мына екі мықты қатты қорқытып қойған тәрізді. -Ендігі билік өзіңізден болады! -деп аяқтады Омар сөзін.

Күліп алып күрсіндім. Басқалар түгіл, өзара пікірлеспейтін бұл екі достың ортақ құпияларын осы үйде жайып тастағандықтарына қарап, «мәдениет зор төңкерісінің» бұл жақта да босап жидігендігін толық түсіне жауап қаттым.

- Шындығында, бұл қателесу менен де, Азаттан да емес. Алжыған аспанымыздың жаудырған апатынан болды ғой!.. Ұстатқыш болса, енді ұстатсын деп бұл сапарда Азаттың отауына әдейі келіп түсіп отырмын!

Үшеуі қатар күлді де, Азат түрегеліп, қонақ күту қамына кірісіп кетті.

- Білгірлікпен-ақ түстіңіз! - деп күлді Әнуар, Азат ауыз үйге шығып кеткен соң. - Сізді сол ұстатуымен үкімет мұны «қыран төңкерісші» атап мадақтаған болатын. Осы әтіреттің, тіпті, осы коммуна бойынша ең сенімді өкілі - құралды қорғау бөлімінің бастығы болып сайланған. Ал, өзіне халық жағының қабағы қатты түйіле бергендіктен біздің алдымызда сынық қанат көбелек сияқты сүмірейе түсті. Бұл «төңкерістің» төңкеріс емес екендігі көрініп, халық жиренген сайын үрейі ұшып жүрген Азаттың үйіне бұл түсуіңіз зор салмақ болды!

Азат қайта кіріп, дастарқан жасалған соң Әнуардың сөзі үзіліп қалып еді. Азат екі рюмканы іркес-тіркес қуанышпен қағыстырып жіберді де, қуырдақтан асығыс асап-асап алып, тағы шыға жөнелді. Омар мен Әнуар тағы да ашық сөйлеп, қоғам мен «төңкерістің» қазіргі жайынан недәуір түсінік айтты.

Жұртшылық төңкеріс дегеннен мүлде безініп, бірінің ісін бірі көрсе де көрмейтін, білсе де білмейтін, ұран шақырылса үн қоспай, жұдырығын көтере салатын, есек аңыраса да естімейтін мінезге мініп алыпты. «Үрімжі жынынан айырылған бақсыдай, мең-зең» деген Омардың теңеуіне қатты күліп едім. Әнуардың «бірақ басқа аудандарда ұры-қары тіпті көбейіп кеткендіктен «қара  санақтарды»[5] жиып жатыр» дегені ойландырып тастады.  «Бұрынғыдай екі жақ-үш жаққа бөлініп соғысу анда-санда болмаса, тоқтаған сияқты!» деп қосты Әнуар. Мен, анықтай түскім келіп, сұрау қойдым.

-Демек, бұрынғыдай емес, тоқырағаны ғой. Мақсаттарының мардымсыздығын,  алданғандықтарын білген жұртшылықтың өзара соғыстан бас тартқандығы ма, иә айтақтаушылары қартайып, үн шығара алмай қалғандықтарынан тынышталғаны ма, әлде шаруашылық-экономикалық жақтан тұралап, мағдырлары таусылғандықтан қол-аяқтарын жия алмай жатқаны ма?

- Осы үшеуі де бар, үшеуі де бар! - деп Омар қарқылдағанда Азат есік ашып шақырды өзін.

- Жә, осындай оңашада айтып алайын, сіз үшін қуанышты хабар бар! -деді Әнуар, екеуміз ғана қалған шақта. - Мен алдыңғы күні қалаға барып, Ақияға көшеде кездесіп қалдым. Күлән қазір Іледе екен. Былтыр Үрімжіге келіп қайтыпты. Жеңгей мен балаңыз Қазақстанға уақытында аман-есен өтіп кеткен екен. Ақия мұны басқа ешкім естімесін деп тапсырғандықтан оңашада айтып отырмын. Қалған әңгімені барған соң Ақияның өзінен естірсіз. Ол сізді менен сұрап жылайды. Осы реткі өлді деген хабарыңызға сеніп қалған сияқты.

Азаттың Омар дүйжаңнан ымырт түсе сұрап бекіттіріп әкелген қойына бата істеген соң сұраулары бойынша осы таудан ұсталып кеткеннен бергі көргенімді сөйлеп бердім. Бұл көрген көргіліктеріме Азат құныкер болып жығыла мойындады да, мұнда қалған атымды ұры әкеткеніне Әнуар құныкер болып, одан қалыспайтын ат тауып қойғанын айтты. Өзім тағы бір жақсы ат тауып қайтқанымды айтып, Әнуарды кешірдім де, мұндай апатты заманда Азат ұстатпаса да  көрешегім сол екендігін айтып, оны кешірдім.

«Ойпырай, осы кейінгі ұсталудың өзінде-ақ өлім табалдырығын үш рет аттап, үш рет құтылыпсыз-ау!» - деп күңіреністі тыңдаушыларым. Омар кең кеудесін кере күрсініп алып, қорытынды айтты.

- Биқаңа ешқай Әзірейіл, құтылсын деп рақым еткен емес, өз ебімен, өз ерлігімен құтылған! Батыр Бауыржан Момышұлының «әдіссіздік - әлсіздік, ептілік - те ерлік» деген өсиетін, қане елеусіз қалдырып көріңдерші!

- Менің жөнімде бұған халық жебесе қарсақ та қамал бұзады деп қосымша қосу жөн шығар! - деп жымиғанымда, Әнуар мырс етіп қана изектеді де, Омар тұла бойымен солқылдап күліп, Азатқа елеусіз ғана бір қарап қойды.

 

Әділетті тергеушім, «ит бір сүрінсе қырық сүрінеді» дегендей, осы тұжырымымда сүрінгенде де ұшына сүрініп, түнек қараңғы зынданыңызға ұшып түспедім бе! Бетім бүлк етпей, «халық жебеді» деп көкігенімді ұқтыңыз ба, шабыңызға от түскендей болған шығар. Сіздер «шын жүрек ынта-пейілдеріңізбен халық үшін істеп» тұрғандарыңызда, мендей жауын халық жебемек пе! Осы жолымның өзінде-ақ «халық үшін» тонаушылыққа шыққан қызыл қорғаушыларыңызды қырып-жойып келіп отырмын ғой! Қандықол кері төңкерісшінің «халық жебеді» деп делоны бұлай аударуынан зор қылмыс ата-бабаларыңызды тарих бойына басып келген шүркілерден де табыла қоймас. Шабыңызға от түспей не түссін?!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»



[1] Пәм (арапша пәһұм деген сөзден алынған) - айыра тану. Ұйғыр тілінде амал-айла мағынасында да қолданылады.

[2] Лоқо (ұйғырша) - жайын.

[3] Мөрін (моңғолша) - ат.

[4] Гүй (ұйғырша) - қатын сатар мағынасындағы жәбірлі тілдеу. Ханзу тілінде шайтан, албасты.

[5] Қара санақ - қарасты үкімет тізіміне алынбай, қаңғып жүрген адам.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5500