Талас Омарбеков. Отан тарихын қалай оқытамыз?!
ҚР Білім және ғылым министрлігінің назарына!
Талас ОМАРБЕКОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих,
археология және этнология факультетінің профессоры,
Арман ЖҰМАДІЛ, доцент.
Қоғамдық өмірде, елдің ішкі-сыртқы саясатында идеологиялық ұстанымдарды анықтауда және жастарға патриоттық тәрбие беруде Отан тарихының қаншалықты маңызды екендігі ешқашан да дау тудырмасы анық. Бұл абсолютті аксиома.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің назарына!
Талас ОМАРБЕКОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих,
археология және этнология факультетінің профессоры,
Арман ЖҰМАДІЛ, доцент.
Қоғамдық өмірде, елдің ішкі-сыртқы саясатында идеологиялық ұстанымдарды анықтауда және жастарға патриоттық тәрбие беруде Отан тарихының қаншалықты маңызды екендігі ешқашан да дау тудырмасы анық. Бұл абсолютті аксиома.
Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл ішінде қазақстандық тарих ғылымы үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Кеңес дәуірінде Қазақстан тарихына қатысты қасақана бұрмаланған тарихи фактілер қайта сарапталып, әділ бағасын алып жатыр. Соңғы он жылдан бері ғылыми тұрғыдан қазақ халқының этникалық тарихы жазылып,дүниежүзілік тарихта Дала өркениетінің адамзат құндылықтарының қазынасына қосқан үлесі айқындала бастады. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарихқа қатысты ғылыми-зерттеу нәтижелері, алынған жаңалықтар бірден оқу үдерісіне енгізіліп, жаңа элективті курс ретінде опробациядан өтеді. Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен көп ұзамай Қазақстан тарихының 20 кітаптан тұратын жаңа үлгісін жазып шығару жоспарланып отыр. Жоғары оқу орындарында да зерттеушілік бағыт үстемдік алып, әр тақырыпта ғылыми жобалар іске асырыла бастады. Сонымен қатар, шетелдік әріптестермен, ғылыми ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылып, ғалымдарымыз дүниежүзілік деңгейге шығып, қазақ тарихын басқаларға мойындатуда.
Алайда, 20 жыл бойы әлі шешімін таппай, қордаланған мәселелер де аз емес. Соның бірі жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытуға байланысты туындап отыр. Әр жылдары жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихын оқыту қажет пе, жоқ па?» деген сауалдар көтерілгені де рас. Қазақстан тарихын орта мектеп қабырғасында оқытса да жетпей ме?» дегендер де болды. «Қазақстан тарихын тек тәуелсіздік жылдарынан бастап оқыту қажет» деген пікірлер де айтылды. Мұндайда:«Ғалымдар мен саясаттанушылардың бағасын алмаған, сарапқа түспеген қоғамдық үдерістер қалай оқытылмақ?» деген сауал туындайды.
Енді жақында «Қазақстан тарихынан қабылданатын мемлекеттік емтиханды жоғары курстарға ауыстыру қажет» деген негізсіз ұсыныстар айтыла бастады («Айқын», 29-қыркүйек, 2012 ж.). Көріп отырғанымыздай, Қазақстан тарихын оқыту мәселесінің айналасында бітпейтін дау-дамай, қарбалас бар.
Отан тарихының мәселелерін Елбасы ешқашан өз назарынан тыс қалдырған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі мұрындық болған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тарих ғылымының дамуына, рухани дүниемізді қайта қалпына келтіруге тигізген әсері тіпті зор. Елбасымыздың тарихшы ғалымдарға жанашырлықпен айтқан тілектері бәріміздің жадымызда. Биылғы 10-шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты 13-тапсырмасында Қазақстан тарихы пәніне қатысты оқу бағдарламаларына,оқулықтар мен оқу құралдарына сараптама жасауды, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен сипатын өзгертуге бағытталған іс-шаралар өткізуді мұқияттаған болатын.
Бұл да Елбасының Отандық тарих мәселелеріне жасаған қамқорлығы. Өйткені, біздің қоғамда жоғары мінберден берілген тапсырма міндетті түрде орындалуы тиіс. Қазақстан тарихын оқытудың біраз мәселесі енді шешімін табуы мүмкін.
Елбасының бағдарламалық мақаласына орай 2012 жылдың25-қазанында Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінде «Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы:Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын Қазақстан тарихын жоғары оқу орындарында оқыту мәселелерін шешуге арналған«Дөңгелек үстел» өтті. Пікір алмасуға Алматы қаласы жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамымен бірге, ғылыми ұйымдардан белгілі тарихшылар мен ғалымдар қатысып, бүгінгі таңда Қазақстан тарихын оқыту айналасында туындап отырған мәселелерге байланысты ой бөлісіп, қорытынды шығаруды мақсат етті. Пікір алысу үш мәселенің төңірегінде өрбіді: 1) Қазақстан тарихы оқулықтарына байланысты; 2) Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихының оқу бағдарламасы мен кредиттер саны жөнінде; 3) Қазақстан тарихынан қабылданатын мемлекеттік емтиханды 3-курсқа ауыстыру туралы ұсыныс жайлы.
Пікір алмасу барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Талас Омарбеков Елбасының оқу құралдарына сараптама жасау тапсырмасына сәйкес, кафедра ғалымдарының жоғары оқу орындарына арналған Қазақстан тарихынан 12 автордың оқулықтарына жасалған сараптама қорытындыларымен таныстырды.
«Дөңгелек үстелге» қатысушылар Қазақстан тарихы оқулықтарын сынау тым шектен шығып кеткенін айтып, оқулықтардың сапасы туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, мемлекеттік сананы, рухты, ұлттық элитаны қалыптастыруда Отан тарихының ролі туралы баса айтылды. Соңғы кезде Қазақстан тарихын шетелдік мамандарға жазғызу туралы айтылып жүрген пікірге барлық ғалымдар мен профессорлар өз наразылықтарын білдірді. Қазақы менталитетпен ұяттық дүниетаным бойына сіңірілмегені өз алдына,тіпті қазақ тілін білмейтін адамға қазақ тарихын жазғызудың қаншалықты қажеті бар?
Ал Қазақстан тарихының оқыту форматын өзгерту үшін жоғары оқу орындарында тарих танымдық пән емес, тарих - дүниетанымдық пәнге айналуы керек деген ой айтылды. Сонымен бірге, қазақстандық оқу орындары Болон үдерісіне кіргендіктен оқытушылардың жүктемесі де сөз болды. Мысалы, Болон үдерісіне кірген шетелдік ЖОО-ның профессорлары аптасына 3-4 сағат қана жүктеме орындайды. Сондықтан да олардың ғылыммен де, оқу үдерісімен де айналысуға мүмкіндіктері көп. Ал оқулық жазам десе, онда ол оқу орнымен немесе министрлікпен шартқа отырып, негізгі айлығы сақталып, бір-екі жыл алаңсыз жазатын көрінеді. Мақала жазуға да бір-екі апта мұрша береді.
«Дөңгелек үстелге» қатысқандар Елбасы тапсырмаларына сай Қазақстан тарихы пәніне қатысты оқу бағдарламаларын да өзгерту қажет деген пікір білдірді.
Ең алдымен мектеп оқу бағдарламасы мен жоғары оқу орнының бағдарламасы бірін бірі қайталамауы керек. «Дөңгелек үстелге» қатысушылардың ойы бойынша мектепте Қазақстан тарихын ұғымға жеңілдеу, методологиялық тұрғыдан шатастырылмаған ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы 5-7 сыныптардан бастап оқытылғаны жөн. Ал 8-сыныптан бастап тарихымызда жақсы зерттелген, және саясатпен тығыз байланысты, ұғымға ауырлау патшалық үкіметтің Қазақстанды отарлау тарихы, қазақ элитасының тәуелсіздік үшін күресі, тоталитарлық жүйе тұсындағы Қазақстанның жетістіктері мен қасіреті, қайшылықты дамуы және тәуелсіздік алған кезеңнің әлеуметтік-экономикалық,халықаралық және саяси проблемаларды қамтитын көп қырлы тарихы 8-сыныптан басталып жоғарғы сыныптарда оқылғаны жөн. Ал жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы әртүрлі көзқарастарда, концепцияларда, методологиялық ұстанымдарда тереңдете талданатындықтан бұл мәселелер әлдеқайда ауқымды оқытылады. Мұнда қоғам дамуының принциптері мен тарихи заңдылықтары, көптеген деректер мен ресми құжаттар тарихи салыстырмалы түрде қарастыруды қажет етеді.Осы ерекшеліктерді оқу үдерісінде ғана емес оқулық жазуда да ескерген жөн.
Тарихымызда отарлау психологиясына байланысты қайшылықты да қасіретті кезеңдер көптеп кездеседі.Сонымен қатар, осындай замандарда еліміздің қол жеткен жетістіктері де баршылық.Тарихи шындықты бұрмалауға жол бермейміз десек, орта мектеп оқулықтарында жетістіктер мен қасіреттерді жан-жақты және қатар, күнгейі мен көлеңкелі тұстарын салыстырмалы түрде баяндауымыз керек деген көзқарас «дөңгелек үстелде» әңгіме болды. Ең бастысы,пікір алмасуға қатысушылардың бәрі де Қазақстан тарихына бөлінген жүктеменің 45 сағатқа дейін қысқарғанына өкініш білдірді.
Сонымен бірге, әңгіме Қазақстан тарихынан тапсыратын мемлекеттік емтиханды 3-курсқа ауыстыру қаншалықты қажет деген сауал төңірегінде де өрбіді. Әңгімеге қатысушылардың бәрі Қазақстан тарихынан мемлекеттік емтиханды3-курсқа шегерудің еш қажеті жоқ деп шешті. Өйткені, біріншіден, екі жыл ішінде студенттер оқығанын ұмытып қалады; екіншіден, 3-курста барлық студенттер өз мамандықтары бойынша мамандану пәндерін өтеді, олардың көңілін мамандану пәндерінен басқаға бөлудің қажеті жоқ; үшіншіден, емтиханды 3-курсқа көшіру екі жыл бойы сол Қазақстан тарихынан мемлекеттік емтихан қабылдауға бөлінетін кредиттер санын жоғалтуға, ал ол өз кезегінде қаншама оқытушы-профессорды қысқаруға әкеліп соқтырады.
«Дөңгелек үстел» қорытындысы бойынша ЖОО-да Қазақстан тарихын оқытудың озық тәсілдері мен Қазақстан тарихы бойынша жазылып жатқан оқулықтардың сапасын жетілдіруге және жоғары білім мен ғылымды дамытуға бағытталған ұсыныстар қабылданып, төмендегідей қорытындылардың жобасы жасалды:
«Қазақ әдебиеті» газеті
Жоба
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарлама-мақаласынан туындайтын Отан тарихын оқытуға байланысты міндеттерді талқылауға арналған тарихшылардың 2012 жылдың 25-қазанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткізілген «дөңгелек үстел» мәжілісінің ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
Қоғамда, соның көрінісі ретінде жоғары білім бағдарламасында Отан тарихына ерекше көңіл бөлінуі, бұл тарихи қажеттіліктен туған жағдай. Өйткені, біздің мемлекеттігіміз қалыптасу кезеңін бастан кешіруде, сол сияқты мемлекетшілдік санамыз да енді ғана өркен жаю жолында тұр. Осындай жағдайда белсенді, азаматтық ұстанымы айқын мамандарды даярлау ісі жоғары білім жүйесінде Отан тарихы пәнін сапалы деңгейде оқытуға көп тәуелді. Бүгінгі таңда Отан тарихы тек ғылым ғана емес, сонымен бірге, ол мәдениетіміздің, ұлттық сана-сезіміміздің аса маңызды компоненті. Ұлттың күрделі заман сұраныстарына лайықты жауап қатуы оның биік интеллектуалдық, кәсіби және сол дәрежедегі ұлттық сана-сезіміне тікелей байланысты.
Осындай маңызды мәселелерді ескере отырып, 2012 жылдың 25-қазанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, тарих, археология және этнология факультетінде Республиканың жетекші университеттерінің тарихшы мамандарының бас қосқан «Дөңгелек үстел» мәжілісі болды. Мәжілісті ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, тарих, археология және этнология факультетінің деканы, профессор Ж.Қ. Таймағамбетов бұл шараның университетте ректор Ғ.М.Мұтановтың тапсырмасымен өткізіліп жатқанын атап көрсетті. «Дөңгелек үстелде» әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессорлар У.Х. Шалекенов, Қ.Т. Жұмағұлов, Қ.М. Атабаев; Абай атындағы ҚазҰПУ-дан профессорлар: М.Қ. Қойгелдиев, Т.Нұрпейісов, Ә.Құдайбергенов, Б. Шөменов, Г.Дүйсебаева; Алматы энергетика институтынан профессор Б. Берлібаев; Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінен профессор Г.В. Кан; Ә.Х.Марғұлан атындағы Тарих институтынан профессорлар: Х.М. Әбжанов, Х.С. Алдажұманов; Халықаралық Бизнес университетінен профессор М.Ж. Әбдіров; Астанадағы Мемлекет тарихы институтынан профессор З. Дүкенбаева және т.б. қатысып, «Қазақстан тарихы» пәнін ЖОО-да оқыту мәселелеріне байланысты ой-пікірлерін бөлісті. «Дөңгелек үстелді» әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Т.Омарбеков жүргізіп отырды.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарлама-мақаласын талқылай келе жоғары оқу орындарының оқытушылары және ғылыми мекемелердің ғалымдары төмендегідей тұжырымдарға тоқталды:
1) Жоғары оқу орындарындағы бүгінгі кредиттік технология негізіндегі оқыту жүйесінің жаңа талаптарына сәйкес тарих, археология және этнология, музей ісі мамандарын бакалавриат сатысында дайындауға арналған Қазақстан тарихынан арнайы оқулықтар мен оқу құралдарын мемлекеттік және ағылшын тілдерінде дайындау қолға алынуы қажет.
2) ЖОО бөлімдерінің тарихтан басқа мамандықтарында да Қазақстан тарихын мемлекеттік тілде оқыту қолға алынып, оқыту үдерісіне енгізілсе, мемлекеттік тілді болашақ мамандардың жетік меңгеріп шығатыны даусыз. Отан тарихы ол барлық елдерде сол елдің тілінде жүретін пән. Мемлекеттік тіл де бұл пәннің табиғатына, оның мақсаты мен міндетіне сәйкес келеді.
3) Университеттердегі әртүрлі мамандықтарда Қазақстан тарихын оқытуға байланысты оқу-әдістемелік кешен уақыт талабына сай үздіксіз жетілдірілуі қажет. Бұл жауапты жұмыс тарихшылар дайындалатын университеттердегі Қазақстан тарихы кафедраларына тапсырылуы керек.
4) Елімізде жоғары білім беру жүйесі үшін мемлекеттік тілде оқулықтар даярлау ісі дұрыс шешімін таппай келеді. Мұндай жағдай Қазақстан тарихы оқулығына да тән. Яғни қазіргі уақытта Қазақстан тарихы және сол сияқты басқа да іргелі пәндерден БжҒМ тарапынан белгіленген арнайы гранттар арқылы оқулықтар даярлауға көшу қажеттілікке айналып отыр.
5) Оқулықтар жазатын лайықты авторлар құрамын іріктеу ісіне БжҒМ «Қазақстан тарихшылары қауымдастығы» (М. Қойгелдиев), «Қазақстан тарихшылар лигасы» (Б. Аяған), «Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі» (Е.Сыдықов) тәрізді қоғамдық ұйымдарды және БжҒМ қарауындағы ғылыми-зерттеу институттарын, жетекші университеттердегі Қазақстан тарихы кафедраларын қатыстыруға баса мән бергені жөн болар еді.
6) Жекелеген университеттердегі ұстаздар ұжымының және авторлардың өздерінің бастамаларымен дайындаған еңбектері таңдаулы ұстаздар мен ғалымдардан құралған эксперттік комиссия талдауынан өткізіліп, олардың іріктелгендерін көп данамен басып шығару қолға алынуы керек деп ойлаймыз.
7) Болон үдерісіне негіз болған батыстық білім жүйесінде ғылым университеттер жанында. Сондықтан зерттеу жұмыстары мен маман даярлау ісі өзара жақын, яғни университеттерді ғылыми тұрғыдан күшейту, оларды ғылыми орталыққа айналдыру ісінде батыл қадамдар жасау - заман талабы. Осы бағытқа бет ала отырып, белсенді ғылыми-зерттеу жұмыстарымен байқалған жеке оқытушы-профессорлардың аудиториялық кредит жүктемелерін азайтып, олардың ғылыми ізденістеріне кең өріс ашқан жөн.
8) Қазақстан тарихынан университеттерде алынатын мемлекеттік емтихандарды немесе пәннің өзін оқытуды жоғарғы курстарға жылжытудың бұл пәнді университеттерде оқыту проблемаларын шешпейтіндігі, керісінше, басқа салаларда мамандар дайындаудың қалыптасқан оқыту жүйелерін бүлдіретіні ескерілсін.
9) ЖОО-да тарихшы емес мамандықтар үшін оқылатын «Қазақстан тарихы» пәніне байланысты педагогтық жүктемедегі кредит көлемін ұлғайту жолдарын іздестіру қажет.