The Diplomat басылымының жазуынша, Өзбекстан әлемдік көлік және сауда жолына қосылуға мақсат қойып отыр. Жақында Бейжіңде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) отырысы кезінде "Өзбекстанның 2022-2026 жылдардағы даму стратегиясы" бағдарламасының таныстырылымы болды. Бұл стратегия Өзбекстанның Қытаймен терең қарым-қатынас құру жоспарына арналған. Стратегияда Ресей деген сөз ауызға алынбаған.
Өзбекстанның Қытаймен экономикалық қарым-қатынасы негізінен инфрақұрылымдық жобаларға арналған. Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолы жобасы екі ел үшін де маңызды рөл ойнамақ.
Бұл жоба 2000 жылдың басында жоспарланған. Бірақ түрлі қаржылай және әкімшілік кедергілерге тап болып келеді. Оның алдында Қырғызстан мен Өзбекстан қарым-қатынасына сызат түскенде, аталған жоба тоқтап қалған. Алдағы уақытта бұл жоспар сәтті жүзеге асатын болса, Өзбекстан үшін Оңтүстік Азияға жол ашпақ. Бағыт қазір тәліптер бақылап отырған Ауғанстанды айналып өтеді. Ауғанстандағы тұрақсыздық ұзақ жылдар бойы Орта Азия мен Оңтүстік Азияны байланыстыруға кедергі жасап келді.
Қытай басшысы Си Цзиньпиннің "Бір белдеу, бір жол" жобасы Өзбекстан саудасын дамытуға мүмкіндік туғызып отырған тағы бір жол. 2013 жылы жүзеге аса бастағаннан бері Өзбекстан Қытайдың маңызды геосаяси әріптесі болып келеді. Алайда екі ел арасында ортақ шекара жоқ. Өзбекстан Қазақстан арқылы немесе Қырғызстанның оңтүстігі арқылы қосылады. Ал Қытай тауары Қазақстан және Қырғызстан арқылы Ташкентке барады, әрі қарай Түркіменстаннан Иранға, Батыс Азия мен Үндістанға жол тартады.
Өзбек жүк тасымалдаушылары сонымен бірге Қазақстан темір жолы арқылы Еуропаға, Кавказ елдері мен Түркияға бара алады.
Бірақ қытай капиталы қымбатқа түсетіні құпия емес. Қытай нарығына шектен тыс тәуелділік қауіп әкеледі. Мұны Өзбекстан да, Қазақстан да түсінеді.
Қазіргі уақытта Ресейдің Украинаға басып кіруі, Батыс елдерінің санкциясы Кремль әзірге Өзбекстанға экономикалық қолдау көрсете алмайды дегенді білдіреді. Сол себептен Өзбекстан Қытайға қарай жолды барынша ашуға тырысып жатыр.
Abai.kz