Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3169 16 пікір 21 Мамыр, 2022 сағат 23:33

«Ақ жолға» жиырма жыл. Азат Перуашевпен сұхбат

«20 жылда «Ақ жолдың» алған асулары аз болған жоқ»

Биыл Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылғанына 20 жыл. 2002 жылдың 3 сәуірінде әділет органдарына ресми түрде тіркелген. Алғашқыда «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігінің тең төрағалары болып Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосовтар сайланды. Ал 2003 жылы тең төрағалар қатарына Людмила Жуланова мен Алтынбек Сәрсенбайұлы қосылды.

2005 жылы партия құрылтайында тең төрағалар институты таратылып, партия төрағалығы Әлихан Бәйменовке берілді. Онан соң 2011 жылы «Ақ жол» ҚДП төрағасы болып бірауыздан «Атамекен» палатасының басшысы Перуашев Азат Тұрлыбекұлы сайланды. 2012 жылдан бастап «Ақ жол» партиясы парламенттік партия атанып келеді. Мәжілісте депутаттық фракциясы бар. 2012 жылғы сайлауда аталған партияға 8 депутаттық мандат бұйырса, 2016 жылғы сайлау қорытындысы бойынша партия 7 мандат алды.ал 2021 жылғы сайлау қорытындысы бойынша партия 12 мандат алды.

Бұдан бөлек, партияның 222 өкілі мәслихаттардың депутаттары. Былтырғы өткен аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерін сайлауында «Ақ жолдың» 11 өкілі әкім болып сайланған.

Кіріспе сөз осымен тәмам. Біз партияның 20 жылдығына орай, Мәжіліс депутаты «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев мырзамен аз-кем әңгіме жасаған едік. Мархабат.

Сұрақ: - Азат Тұрлыбекұлы, биыл «Ақ жол» партиясының құрылғанына жиырма жыл. Өткенде, әлеуметтік желілерде бірнеше мәрте бейресми сауалнамалар жүргізілді. Ол бойынша, қазір «Ақ жол» партиясы биліктегі доминант басымдықа ие партияның өзін артқа тастапты. «Ақ жол» доминант партия емес, мүшелер саныда  аз. Бірақ елдің симпатиясы бар.

Жауап: - Ақ жол партиясы 20 жылда біраз сынақтан өтті. Тәжірибесі, тарихы бар. Басталғалы бері бұл партияның бастамалары, үндеулері елдің назарында болған. Алғашқы басшылары қазіргіден кем емес қолдауға ие болды. Мүмкін ол кезде мемлекетіміздің саяси жүйесі мұндай бәсекелестікке дайын болмаған шығар. Партияның ішінде де түрлі бағыттар болған. Түрлі пікір алуандығы болды. Дау да болды. Бестік тең төраға дегеннің өзі неге тұрады? Одан кейін партияның екіге бөлінуі, кейін «нағыз Ақ жол» деген ремекстің пайда болғаны, «Әділетпен бас қосу», сосын сайлаудан кейін қайтадан бөліну болды.

Меніңше, «Ақ жолдың» ұстанымдары, мемлекетшілдігі, патриотшылдығы бұрыннан өзіме ұнайды. Келіспейтін дүниелер де болды. Ал, бірақ негізгі ұстанымдары: Халыққа жақын болуы керек, ұлтын сүю керек деген сияқты ұстанымдары өте дұрыс еді. Сондықтан мен бұрыннан партия туралы жақсы пікірде болдым. Кейбір тұлғалармен келіспесек те, партияның бағыты прогресшіл деп білемін. Осы партияға келгеннен кейін «Ақ жол» партиясының жинаған абыройын төкпеуге тырыстым. Жаңа тыныс бергім келді. Кейбір бұрыннан дамымай қалған идеяларды дамытуға тырыстым. Мысалы: «Ақ жолдың» екінші съезінде Болат Әбілов былай деді: «Ақ жол» – шағын және орта бизнестің партиясы. Мұны анық айтуымыз керек. Бірақ бастамаға сол кезде партияның басшылары да, халық та көп назар аударған жоқ. Мен Атамекен ұлттық палатасынан келгеннен кейін, жарқын болашақтың кепілі - кәсіпкерлер тобы екеніне еш күмәнім болмады. Кәсіпкерлер мен ұлттық интелегенцияның басқалардан гөрі айырмашылы көп. Олар бюджеттен ештеңе алмайды. Мемлекеттік органдарға тәуелді емес. Олар өз еңбегімен ғана күн көріп отыр әрі басқаларға жұмыс беріп отыр.  Сондықтан олар ешқашан шенеуніктің алдында басын июге міндетті емес. Олар әрқашан өз пікірін айта алады. Біз ақырын-ақырын осы құрылымға келе жатырмыз.

Мені көп сынап жатады. Елдің алдында жүрген соң жақсы сөз де, жаман сөз де қатар еріп жүреді. Мен оған үйренгенмін. «Ақ жол» партиясының құрылтайында мені бірауыздан сайлайды деп ойлаған жоқпын. Осы үшін Бөріхан Нұрмұхамедов досыма алғысым шексіз. Мені қатты қолдады. Әлеке (Әлихан) Байменов өзі ресми түрде мені ұсынды. Кезінде өзім сынаған партияның азаматтары маған сенім білдіргеннен кейін, соны ақтауға тырыстым. Олардың жүріп өткен күрделі жолын жаман атқа қалдырмай, керісінше, дамытуға өз үлесімді қостым деп білемін.

«Саясат – мүмкіндіктер өнері», - дейді ғой. Өткен онжылдықта «Ақ жолға» берілген мүмкіндіктерді толық қолдандық дей аламын. 100 пайыз болмаса да, 60-70 пайыз қолдана білдік. Парламентке бұрын партияның бір ғана депутаты сайланса, 2012 жылдан бастап 8 депутат сайлана алады. Халықпен жиі араласқаннан кейін көпшіліктің қолдауын білемін ғой. Сайлаудан кейін де қолымызға көптеген ақпарат келіп түсті. «Жығылған жұдырыққа тоймайды» дегендей, екінші орыннан біріншіге ұмтыламыз. Әріптестерім «екіншіміз» деп мақтан тұтады. Мен оларға: «Бұл мақтанарлық жағдай емес», - деп айтып жүремін. Спортшы әрқашан чемпион болуға ұмтылатыны сияқты  әрқашан бірінші болуға тырысу керек.

Сұрақ: - «Ақ жол» атынан 2004 жылы Мәжіліске бір ғана депутат сайланды. 2007 жылы тіпті, Мәжіліске өтпей қалды. 2012 жылдан бастап тұрақты түрде Мәжілістесіздер...

Жауап: - Рас, 2012 жылы Мәжіліске 8 адам өтіп, 56 адам жергілікті мәслихат депутаты болды. 2016 жылы 7 адам Мәжіліске, 48 адам мәслихаттарда депутат болып сайланды. Биыл 12 адам Мәжілісте, 224 адам жергілікті мәслихаттарда отыр.

Ауыл әкімдерін сайлағанда биліктің біздің партияға қарсы қолданатын әдістері бар. Біз оны жақсы білеміз. Ол жайында бөлек бір әңгіме-дүкен құруға болады. «Әкімдер сайлауына көшеміз» деп, Президент тапсырма берген кезде, Ұлттық Экономика министрлігі басшылары: «Бұрын мемлекеттік қызметте болуы керек» деген шартты алып тастаймыз» деп, уәдесін берді. Бұл біздің партия үшін өте керек нәрсе. Біздің партияның екі қанаты - кәсіпкерлер мен ұлттық интелегенция деп айтып өттік. Мысалы, кәсіпкерлердің көбісі бұрын мемлекеттік қызметте болмағандар. Ұлттық интелегенция өкілдері де көбінесе мемлекеттік қызметте істемегендер. Олар творчествомен айналысады. Ал, «Мемлекеттік қызметте істеген болуы керек» деген шарт арнайы «Нұр Отанға» арналған еді. «Нұр Отан» шенеуніктердің партиясы. Өздерін қайта-қайта сайлау үшін жасалған. Сондықтан бұл шартты алып тастайды деген кезде, біз оны, әрине, қолдадық.

Шілде айында өткен сайлауда 184 үміткеріміз құжат тапсырды. Олардың 60 пайызын «мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ» деп тіркемеді. Яғни шенеуніктеріміздің сөзі мен ісі екі бөлек. Жақын арада өзім соған арнайы депутаттық сауал жолдадым. Президент «Қаңтар оқиғасынан» кейін берген сұхбатында айтты ғой, «Конституцияға енгізілген өзгерістерді жариялаймыз», деп. Президеттің тапсырмасын бұрмаламай, нақты мақсатына жеткізуіміз керек. «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» деп жатырмыз, мемлекетіміз осы сөздерге сай болуы керек қой. Ауыл әкімдерін сайлауда қанша кедергі болса да, біздің үміткерлердің 60 пайызы өтпей қалса да, 13 азаматымыз әкім болып сайланды. Қазір ай сайын 2-3 ауылдық әкім қосылып жатыр. Негізгі мақсаты - халыққа қызмет ету. Елдің жағдайын жақсарту. Тиісті заманауи жүйені құру. Соған арнап Парламентте шақырылым сайын кемінде 400-дей депутаттық сауал жариялап, заңдарға ұсыныс жасап келеміз. Кейбір заңдарды мүлде өзгертіп жасадық.

Біздің саяси жүйеміз өте қисық. Біздің Парламент депутаттарын халық сайлағанымен, Үкіметті халық сайлаған жоқ. Біз бұған келіспейміз. Демократиялы елдерде сайлауда жеңіске жеткен саяси партия өз үкіметін құрады. Сол партия Үкіметтің қателігіне де, нәтижесіне де жауапты болады. Партия қателессе ертең ол Үкіметтен кетеді. Партия да Парламенттен кетеді. Болмаса кезектен тыс сайлау өтеді. Үкіметте отырған партия сайлауда жеңсе, қайтадан қызметін жалғастырады. Бізде сайлау жүйесінің жақсылығы да болды, дегемен қателігін жоққа шығара алмаймыз.

1998 жылы Азия дағдарысы кезінде қанша өндіріс тоқтап қалды. 2007 жылы дағдарысты бастан өткіздік. Жыл сайын девальвация, инфляция қайталанып келеді. Жұмыссыздық мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.

«Қаңтар оқиғасының» өзі, әрине, алаңға шыққандар арасында ұйымдастырушылар болған шығар, оны тергеу жұмыстары көрсетіп жатыр. Бірақ баспанасы жоқ, жұмысы жоқ, ішерге тамағын әрең тауып жүрген әлеуметтік жағдайы төмен жұрт алаңға шықты. Біз осындай жағдайға қайта тап болмау үшін, елімізде тұрақтылық орнату үшін, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуіміз керек. Баспанамен, жұмыспен қаматамасыз ету, азық-түлік, киім-кешектің бағасын реттеу, тұрмыс деңгейін көтеру, өмір сапасын арттыру сияқты мәселелерді бірінші кезекте қолға алуымыз керек. Қанша дағдарыс болса да бізде Үкімет қойған партия билікте қала береді. Негізінде осы 30 жыл ішінде кемінде 5-6 рет билік партиясы ауысуы керек еді. Бірақ біздің саяси жүйеміз оған дайын емес болды.

Сұрақ: - Телеграм арналары жүргізген сауалнамаларда «Ақ жол» партиясы айқын басымдыққа ие болды. Әлеуметтік желіде жекелеген адамдарға қатысты болмаса, жалпы партияға деген көзқарас жақсы. Келесі Парламент сайлауында «Ақ жол» партиясы тағы да 10 пайыздың төңірегінде қала ма жоқ әлде осы жолы «Ақ жол» доминант партия болып кетпесе де, 40-50 пайыз дауысты жинай ала ма?

Жауап: - Партиямыз еліміздегі саяси ықпалды күштердің бірі. Бұл халықтың ішінен шыққан күш. Біздің жұмысымыз жүйелі түрде келе жатыр. Біздің саяси бағдарламамызды өткен сайлауда сарапшылар талқылады. «Нұр Отанның» сарапшылары да мықты бағдарлама деп мойындады. Осыған дейін «Түбегейлі өзгерістер керек» деген сұқбатым шыққан. Өзгерістерге қанша қарсы тұрсаң да, ол өз ретімен жүре береді. Біз бағдарламамыздың кіріспе сөзінде былай дедік: «Өзгерістер жақындап келе жатыр. Оны мемлекет қолға алып жоспарлы түрде өткізе ме, не ол аяқ астынан орын ала ма, ол өзімізіге байланысты. Біздің мемлекеттігімізге келер үш қатер бар: Біріншісі - әлеуметтік теңсіздік, яғни байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық. Екіншісі - әділетсіздік пен жемқорлық, үшіншісі - экономикалық және саяси монополизация».

Біздің ең әлсіз тұсымыз жемқорлық. Жемқорлықтан сау жер қалмады. Біз ақты ақ, қараны қара деп айтып келеміз. «Қаңтар оқиғасы» кезінде қанша кінәсіз адам қаза тапты, қазір де қиындық көріп жатыр Мен өзім изоляторларды аралап шықтым. Ондаған ұсталған азаматтармен кездестім. Бас прокурорға 100-ден аса депутаттық сауал жолдадық. Тек тізімін емес, тергеушілер нақты не мәселені назарға алмағанын айттық. Мысалы, бір кісі ғимарат өртенген кезде өрт сөндірушілерге хабарласқан, жараланған адамды құтқару үшін жедел-жәрдем шақырған. Тергеушілер оның телефонын неге тексермеген, неге оның пайдасына шешілетін куәгерлерді шақырмаған, оның мемлекет тарапынан берілген адвокаты кездесуге келмеген. Мінекей осындай жағдайлар болған. Менің телеграм арнамнан әр адам туралы ақпарат алуға болады. Біз нақты дәлел келтіріп, осындай адамдардың тағдырының шешілуіне атсалыстық. Көбісі 18-24 жастары өрімдей жастар. Прокуратура бізге формалды жауап қана беріп отыр. Нақты жауап жоқ. Бас прокурорға, Асыловқа барып көрсеттім. Ол «дұрыстап қараймыз» деп уәдесін берді. Біздің халық алдында жүзіміз ашық, сондықтан «Ақ жол» партиясы халықтың сенімін ақтай береді деп ойлаймыз.

Сұрақ: - Меже 12 пайыздан көп болады ғой?..

Жауап: - Болжам жасау қиындау. Өткен сайлауда бақылаушылар айтты ғой, бір учаскіден 400-дей адам өтті. Бюллетендерді ешкім қарап, есептеген де жоқ. Бума-бума етіп лақтырған. Хаттамада жазды, 2400 адам өтті. «Нұр Отан» 80 пайыз алды. Тіпті, ешкім санаған да жоқ. Олар бюллетенді санаудың орнына жоғарыдан түскен бұйрықпен хаттаманы толытырып жібере салды. Біз мұндай әділетсіздікті жиі көрдік. Біздің сайлау туралы ұсыныстарымыздан Үкімет әлі күнге дейін бас тартып отыр. Менің ақпан айында берген ұсынысымды «кейін қарастырамыз» деп қоя салды. «Халық дауыс береді», «дауыс әділетті түрде саналады» деп ойлап, аңқаулықпен сенуге болмайды. Бұл әділетсіздікпен күресуіміз керек.

Сұрақ: - «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» деп жатыр. «Нұр Отан» ребрендинг жасады. Оған дейін Коммунистік партия да ребрендинг жасаған еді. Енді  «Ақ жол» өзгере ме?

Жауап: - Басқа партиялар өздеріне жауапты. Бірақ, бізде Коммунистік партияға тиым салу керек! Коммунистерден қазақ халқы көп зардап шекті. Халықтың жауы болды.

«Ақ жол» партиясы консервативті емес, демократиялы партия. Біз өзгерістер туралы партияның белсенділерімен бас қосып, сөйлестік. Өзгеріс заман талаптарына сай болуы керек. Ең өкініштісі біздің қауіпті деген болжамдарымыз іске асты. Мемлекетке қауіпті болжамдарды жаңа айтып кеттім ғой. Біз өзіміздің бағдарламамызда көрсеткен талаптарды Президенттің жолдауында да естідік. Демократиялы ұстанымдар бір партияның не бір адамның жекеменшігі емес, елімізді біріктіретін жалпыға ортақ нәрсе. Сол бастамаларды іске асыруға атсалысамыз.

Президент Тоқаев дипломат. Түрлі дамыған демократиялы елдердің тәжірибесімен таныс адам. Сол үшін де біздің партияның ұстанымдары сәйкес келіп жатады. Парламеттегі оппозиция туралы 2012 жылдан бастап ұсынған, ол кезде билік өткізбеген заң жобамызды Президенттің бір ғана тапсырмасынан кейін қабылдаттық. Біздің ұсынған ұсыныстарымыз Президенттің тапсырмасы ретінде іске асырыла беретін болса, әрине, партияның алдында жаңа мақсаттар пайда болады.

Өзіміздің саяси бағдарламамыз бойынша пікір алмасу өткізуді ұсындық. 11 маусымда ашық пікірсайыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Өзіміз басшылыққа алған жолымыздан таймай, керісінше дамытып, кеңейтуге әрекет жасауға дайынбыз.

Сұрақ: - Мойындау керек қазіргі қоғам - қазақ тілді қоғам. Президенттің жолдауы да, Үкіметтің тапсырмалары да, партиялардың бағдарламалары да саяси мәселелердің барлығын орыс тілді қоғам емес, қазақ тілді қоғамның көңіл-күйіне қарай жасайды. «Ақ жол» партиясының үш негізгі бағыты бар: Кәсіпкерлік, Алаш идеясы, жемқорлықпен күрес. «Ақ жол» партиясы өзін Алаш партиясының ізбасары деп санайды. Осы уақыт ішінде «Ақ жол» партиясы Алаш қайраткерлерінің мақсатын ақтай алды ма?

Жауап: - Біріншіден, біз тек өзімізді ғана Алаштың ізбасары деп санамаймыз. Біздің ойымызша барша қазақ елі Алаштың ізбасары. Алаш деген кең ұғым, кең қозғалыс болды. 1917 жылы Ресейдегі сайлауда Алаш партиясы үшін 80-нен астам қазақ дауыс берген. Алаш ішінде мыңдаған адам болды. Өз арасында пікір алуандығы да болды. Мысалы, Мұстафа Шоқай мен Мұқамеджан Тынышпаев бір-біріне қарсы болған. Ахмет Байтұрсынұлы Алаштың құрамына кірмеген. Бірақ Алаш жанындағы білім беру комиссиясының басшысы болды. Сондықтан Алаш дегенде түрлі пікірлердің тоғысқан арнасы еске түседі. Соның ішінде қайсысы ең дұрысы, ең өзектісі болды? Меніңше сол кездегі ең дұрыс бағыт - бүкіл Алаш мойындаған, алтернативті сайлауда жеңіске жеткен Әлихан Бөкейханның бағыты. Сол үшін біз Әлихан Бөкейханның жұмыстарын негіз ретінде алып, сонымен қатар, басқа да Алаш азаматтарының ұстанымымен санасуға міндеттіміз.

Партиямыз 2012 жылдан бастап жыл сайын дәстүрге айналған «Алаштың XXI ғасырдағы Ақжолы» байқауын өткізіп келеді. Байқаудың мақсаты - жәй ғана тарихты білу емес, Алаштың қазіргі кезге дейін өзекті ұстанымдарын жинап, шығарып, әрі қарай партияның практикалық жұмысында іске асыру. Байқауға қатысушылардың жасы шектеулі. Аға буын ренжімесін, бірақ, олардың көзқарасы қалыптасып қалған. Біз жас мамандар, студенттер қатыссын деп байқауды жарияладық. Өткен байқаудың бірінде Маңғыстау облысының мектеп мұғалімі жүлдегер болды. Байқау әділ әрі ашық.

Мысалы, жақында Президент: «Конституцияға өзгеріс енгіземіз» деді. Ол өзгерістің ішінде «жер -халықтікі» деген сөз бар. Бұл сөз Алаштың құжаттарында да болды. Сондықтан бұл өзекті мәселе деп айта аламын. Алаш идеясы толық орындалды деген сөзден аулақпын. Бұл догма емес, тірі идея. Сондықтан бірі орындалса, келесіде тағы бір мақсат алдымыздан шығады. Бұл жаңарып отыратын идея. Біздің буыннан асып, келесі буынға да жететін шығар.

Сұрақ: - Сіздер бірінші болып Алаш қайраткерлерінің суретін алдырып, «Бессмертный полктың» баламасын жасадыңыздар. Ол биыл да жалғасады ғой?

Жауап: - Әрине, бұл дәстүрге айналып кеткен нәрсе. Кемінде 6-7 рет өткіздік. Бірақ әкімдік соған рұқсат бермей отыр. Біз тіпті, 2020 жылы арнайы жылдың басында арыз беріп тастадық. Сосын олар пандемия деді. Біз пандемия талаптарын сақтап шығайық дедік. Сонда да ресми рұқсат берген жоқ. Біз шықтық, жанымызда полиция жүрді. Шеруді тоқтатуға әрекет жасамады. Шеру тек елордада ғана емес, басқа қалаларда да өтті. Биыл да жасауға тырысамыз. Бұл жалпы ұлттық бастамаға айналуы тиіс.

Сұрақ: - Сіздердің кабинеттеріңізден экс-президенттің суреттерін алып тастап, Әлихан Бөкейханның портретін іліп қойғандарыңыз қоғамда әртүрлі талқыланды. Қолдағандар да, қолдамағандар да болды.

Жауап: - Тұңғыш президентіміз кезінде айтқан: «Менің портретімнің орнына өз балаларыңның портретін іліп қойыңдар», - деп. Менің балаларымның портреті үстелімде тұр. Ал, Тұңғыш президент кеткен кезде бір нәрсеге көзім жетті. Бұл дүниеде бәрі уақытша. Басшылық, лауазым, қызмет... Бір нәрсе ғана мәңгі болуы керек. Ол - ұлт, ел, тәуелсіздік ұғымдары. Біз үшін ұлттық идея - біздің бағдарламамызда анық жазылған Алаш идеясы. Оны қолдан жасаудың қажеті жоқ. Алаш идеясының өкілі, Алаштың төрағасы – Әлихан Бөкейханұлы.

Біз бірте-бірте парламентаризмге келе жатқан секілдіміз. Біздің бағдарламамызда ол анық жазылған. Біз Парламенттік республиканы қалаймыз. 2020 жылы Хабар арнасындағы тікелей эфир дебатында «Ақ жол» партиясы атынан осы мәселені көтердім. Біз әлеуметтік, экономикалық мәселе көтердік, бірақ «Ақ жолдың» айтатыны - біз саяси жүйені өзгертпей бұл мәселелерді шеше алмаймыз. Уақыт келді. Басқа партиялар саяси жүйе туралы бірде-бір сөз айтқан жоқ. Бізге саяси өзгерістер керек.

Сұрақ: - Ол үшін жаңағы Парламенттегі партиялардың бірі доминантты болмау керек қой...

Жауап: - Доминантты болуы мүмкін. Бұл жерде мәселе басқада болып тұр. Ең мықты Парламент екі мемлекетте бар. Америкада және Ұлыбританияда. Екеуі де екі партиядан тұрады. Мәселе құзіретте. Қағаз жүзінде Үкіметте және депутаттарда заң шығару құзреті бар. Бюджеттен қаржыландыруды талап ететін ұсыныстар Үкіметтің мақұлдауынсыз қабылданбайды. Қандай мәселе қаражатсыз шешіледі? Ондай жоқ. Бұл деген бос сөз ғана.

2012 жылы біз Парламентке келіп, 8 заң жобасын ұсындық. Үкімет: «қаражат жоқ», - деп, олардың ешқайсына қабылдануына жол бермеді. Парламенттің құзіреті Үкіметтің қолында. Парламетті халық сайлайды, бірақ Үкіметті сайламайды. Үкіметті тіпті, Парламент те сайламайды. Үкіметті Президент сайлайды. Сол Үкімет қай бастаманы орындауға болатынын не болмайтынын шешеді. Бұл - цензура. Парламенттің заң шығару құзіреті Үкіметтің цензурасына ұшырап отыр. Біз алдымен тепе-теңдік деген жүйені енгізуіміз керек. Атқарушы биліктің тармағы мен заң шығарушы билік арасында теңдік болуы керек. Онсыз қанша партия болсын, қанша депутат болсын, қолдарында шешім шығаратын құзіреті болмаса бәрі бос әңгіме.

Осы он жыл ішінде қанша депутаттық сауал жіберіп, өзекті мәселелерді көтерсек те нәтиже жоқ. Мысалы: Арыс жарылысына дейін 10 жыл бұрын Мәжіліс депутаттары «қару-жарақты қоймадан шығару керек» деп ұсыныс жасады. Үкімет оған: «тиісті қаражат жоқ», - деп жауап берген еді. Ақырында жарылыс болып, шығын көлемі 10-20 есеге ұлғайды. Депутаттар сауалдарын ауадан алмайды ғой. Халықтың аманатын айтады. Халықтың мұң-мұқтажына жауап бере алсақ, көп дағдарыстың алдын-алуға болар еді.

Парламентаризмнің мәселесі партия не депутаттарда емес, тепе-теңдіктің жоқтығында. Кейбір мемлекеттерде бюджет мәселелері толығымен Парламент қолында. Бюджеттің алдында Үкіметтің бағдарламасын бекіту керек. Бізге бухгалтер сияқты бір апта беріп отыр. Жарты жыл беретін жағдай. Жүздеген мемлекеттік органдар, Үкімет, министрліктер, әкімдіктер, басқармалар, түрлі мемлекеттік органдар, ұлттық компанияларды жинақтаған қаржы құжатына бізге бір апта беріп отыр. Оны түсіну үшін Үкіметтің бағдарламасын бекітуіміз керек. Бұрын, 2014-16 жылға дейін мұндай талап Үкімет туралы Конституциялық заңда бар болатын. Үкімет премьер-министрді бекіткеннен кейін бір ай ішінде Парламентке келіп, оған өзінің бағдарламасын ұсыну керек және Парламент оны бекіту керек. Бекітпесе, оны жөндеп, қайта ұсынуға тағы екі апта беріледі. Парламент бекітпесе бұл Үкімет таратылып кетеді, оның орнына басқа біреу қойылады. Осы талапты 2016 жылы үн-түнсіз алып тастады. Осы талапты қайтару керек.

Біз қазір Үкіметтің жұмысына баға берсек, бюджет арқылы баға беріп отырмыз. Қанша жұмсағанына қарай. Көп жұмсаса дұрыс, аз жұмсаса бұрыс дейміз. Бұлай болмауы керек. Біз оның нәтижесіне баға беруіміз керек. Халықтың жағдайы жақсарды ма, жұмыссыздық азайды ма, сырқат адамдар саны азайды ма деген сұрақтарға жауап беруіміз керек. Осылай бағалауымыз керек. Қазір тек қанша ақша жұмсалды? 100 пайыз ба, 90 пайыз ба дейміз болды. Бұл өтірік, қолдан жасалған есептер. Парламент бухгалтерия емес, саяси орган! Парламентаризм деген атқарушы органдармен тепе-тең орган болуы керек. Атқарушы органдар Парламент алдында есеп беруші орган болуы керек. Қазір бізде керісінше, Парламент бір нәрсе істеу үшін олардан ақша сұрауы керек. Президенттің жолдауында біраз дүние айтылды. Бірақ олар бірінші қадам ғана. Біз өз көзқарасымыздан тайған жоқпыз. Біз Парламеттік республиканы қалаймыз. Бізге қазір мықты мемлекет керек. Демократиялы жолмен даму үшін парламенттік жүйеге келуіміз керек.

Сұрақ: - Қазақстанға Сенат мүлде керек жоқ. Президент Тоқаевтың жолдауынан да соны түсінуге болады. Келісесіз бе?

Жауап: - Президенттің мәлімдемесінен Сенаттың бірте-бірте жойылатынын аңғаруға болады. Қосымша айтарым – бізге Ассамблеяның депутаттары да керек жоқ. Бұл жерде Конституцияға қарама-қайшы. Қазақтарды бір рет қана, басқа ұлт өкілдерін екі рет сайлауға болады. Президент осы жолы оны шешті. Сенаттың құзіреті қысқарады. Заң қабылдау үрдісінде оның құзіреті болмайды.

Сұрақ: - Президент Конституциялық өзгерістер туралы референдум өткізуді ұсынды. Референдім күні белгіленді. Бюджеті бекітілді. Сіздер не себепті референдумды қолдап жатырсыздар?

Жауап: - Бұл мәселеге қатысты әрбір адамның, әрбір партияның өз көзқарасы бар. Егер біз тек дискуссиямен айналысатын болсақ, бұл әңгімелер, пікірсайыстар тым ұзаққа созылып, нәтижеде өзгерістер жайына қалып кетуі мүмкін. «Қаңтар оқиғасы» көрсетті ғой, халық ұзын-сонар талқылауларды емес, нақты өзгерістерді күтуде. Халық: «Жаңа Қазақстан» қайда?», - деп жатыр. Халыққа өзгеріс керек. Сол өзгерістерді жасау үшін алдымен Президент ұсынған бастаманы қолдап, Конституцияға және кейінгі басқа да заңдарға өзгерту жасауымыз керек.

Біз өз пікірімізден айныған жоқпыз. Бұл Президент ұсынған Конституциялық өзгерістер – түбегейлі өзгерістердің бастамасы ғана деп есептейміз. Сондықтан қолдаймыз. Яғни, көп созбақтап жүре беретін кез емес.

Екінші мәселе – Еуропадағы мықты демократиялық елдерде «реал политик» деген ұғам бар. Яғни, қолдан келетін өзгерістерді жасау. Біз сол үшін де Президент ұсынған реформаны қолдап, өзгерістерді бастап жатырмыз. Бұл қалай десек те, реалды жұмыс. Қалғанын болашақ көрсетеді.

Өзгеріс уақыты келді. Біз соны сезіп 3 жыл бұрын түбегейлі өзгеріс керек деп жарияладық. Өзгеріс жоспарлы түрде болады не болмаса күтпеген жерден шығады деп айттық. Әрине, біз өз даму жолымызды ашық түрде талқылаймыз. Жиырма жылда «Ақ жолдың» алған асулары аз болған жоқ. Алда орындалуы тиіс мақсат-міндеттеріміз де айқын!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450