Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6132 2 пікір 26 Мамыр, 2022 сағат 12:56

Қазақ-қырғыз бір туған, белбеулерін бір буған

Тар жол, тайғақ кешулердің сан түрін көріп, мың өліп, мың тірілген қазағымыздың басынан небір қилы-қилы, зар замандар өтпеді десеңізші?!. Өткенге қаншама қарайламаймын дегеніңмен, әсіресе ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы жан түршігерлік зобалаңдар көлбеңдеп көз алдыңда тұрады да қояды. Сталиндік қуғын-сүргін, жалғыз оққа байланған Алаш қайраткерлерінің трагедиялы тағдыры, олардың соңында қалған бағалы мұраларының бары мен жоғы, ұрпақтарының жоқтауы сынды толғақты мәселелер сонау 1988 жылдың соңынан бері айтылуда-ақ айтылып келеді. Оның үстіне Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияларды құру туралы 1920 жылдың 25 қарашасында №456 Жарлығын шығарып, бұл іске жаңа серпін берді. Барлық облыс орталықтары мен ірі қалалардың түрлі-түрлі архивтерінде сүрленген мыңдаған том-том құжаттардың қабы сөгілді, жүздеген маман тарихшылар бұл сауапты іске жегілді... Әзірше бұл «қылмыстық» істерден не ертеректе көпке зияны тигендерін көз көрмеді, не бүгінгі қоғамда қорқынышты толқыныс туғызатын тарихи фактілері де ұшыраспады. Аталмыш Жарлық дүниеге келмегенде, кім біліпті, бұл құжаттардың қаншама жылдар аяғы тұсауланып, қалың бұқара көзінен жасырылынып, «жабық» жатарын...   

Десек те, ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының басына төнген алапат нәубет – ел-жұртты, бала-шағаны қынадай қырған үш бірдей Ашаршылық хақында мұндай ауыз толтырып айтарлықтай кешенді шаруа істелді дегенге ешкім де қол қоймас еді. Мәселе, аштық құрбаны болған, азып-тозып босқан бейшара қазақтың нақты санын анықтауда емес, бүгінгі сынапша сырғыған уақыт көшінде жөңкіген қалың көпшіліктің мәңгілік естен шықпас осы бір зұлматтың зары мен зардабын көкірек көзінен, жүрегінің түбінен өткізе алмауында болып отыр.  Шындығында, сол бір заманақыр жылдарында әрбір қазақы отбасына, ұлттың онының жетеуіне зардабын тигізген жалмауыз жезтырнақтың  қан қасабына шалдықпаған шаңырақ қалмағаны ақиқат ғой. Ендеше біз қанша жамап-жасқағанымызбен, жасырып-жапқанымызбен Ашаршылық зардабы ұлттық кодқа мысқалдап сіңіп генофонымызды құртты, бет-бейне, болмыс-бітімімізді өзгертті. Төрт мың жылдық көшпелі өркениеттің қормалды сән-салтанаты мен ер-тұрманы, қазына-байлығы мен сауыт-сайманы қаңыраған жұртта шашылып қалды... Мынау даңғайыр Ұлы Дала 40 миллион мал-байлықтан иен қалып қана қойған жоқ, аттан еріксіз түскен жаяу-жалпысы өткенін ұмытқан, болашағынан үміті жоқ тілсіз, дінсіз, ділсіз тобырға айналып кете жаздады...    

31 мамырда ел болып, жұрт болып олардың бір қаншасын еске алып, жадымызда жаңғыртып жатамыз. Осы салаға талай жылдарын сарп еткен тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері Ғарифолла Әнеске жолығып, тың жаңалықтарымен бөлісуін өтіндік.

- «Арыс» қорының (баспасының) талай жылдардан бері тынбай еңбек етіп, көптеген жобаларды жүзеге асырғаны жұртшылықтың көз алдында...

- Ия, дұрыс айтасыз, өткен жолымызға көз салсақ, бақандай отыз жылымыз жылыстап, алыстап-ақ кеткен екен. 1992 жылы 4 сәуірде сол кездегі Әділет министрі Н. Шәйкенов «Бөбек», «Елім-ай» және «Арыс» қоғамдық бірлестіктеріне тіркеу куәлігін салтанатты жағдайда табыстаған болатын... 2018 жылдың соңында Жаңалық ауылында, 4 мыңнан астам жазықсыз жапа шекккен құрбандардың сүйектері көмілген қанды да қасіретті аумақта Саяси қуғын-сүргін музейі жұмыс істей бастады. Құдайға шүкір, музейімізге келушілердің, әсіресе мектеп оқушыларының қарасы үзілген емес. Күні кеше Түркістанда өткен «Рухани қазына - 2022» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінде «Үздік ауылдық маңызы бар музей» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алып, бір миллион теңгелік бәйгені иелендік.

2019 жылы Орталық Азияда болып өткен Ашаршылық пен қуғын-сүргінге қатысты еларалық мәслихат өткізіп, көршілес елдерге босып кеткен ата-бабаларымыздың тағдырын еске алған болатынбыз. Одан кейін әлемді індет жайлап, бәріміз де өз шекарамызды қымтауға тырыстық. Енді, міне, 27-28 мамырда осы бастаманы жаңғыртып, «Қазақ және қырғыз халықтарының үркіншілік кезеңдеріндегі өзара көмек тарихынан» (ХІХ – ХХ ғғ.) атты тақырыпта ғалымдардың басқосуын, ғылыми конференциясын өткізбекшіміз.

- Сонда бір туған бауыр, қырғыз ағайындар келмекші ғой...

- Инемен құдық қазғандай ғылымның өзіндік ерекшеліктері мен

қиындықтары көп ғой. Посткеңестік елдерде, оның ішінде өзіміздің Қазақстанда да дауасыз «дерт» жетіп артылады. Бұрынғы ОГПУ, НКВД, КГБ құжаттарын, тіптен ешбір қажеттіліксіз Ішкі істер министрлігі мен Прокуратораның «құпия», «аса құпия» деген мөрлерін аямай басып, талаталай қолдан құрастырылған «істерді» «жабық қор» атты «қораға» тыға берген. Қылышынан қан тамған большевик-коммунистер анда-санда ұйқысынан шошып оянып, өздерінің не бүлдіріп, нені қиратқанын кеш түсінген қылмыскердей бәрін тұмшалап, «құпия», «аса құпия» деген таңбамен тарихтың тереңіне көме берген, көме берген...

Әрине, мен кәсіби тарихшы, болмаса архивист емеспін, десе де мұндай бассыздыққа, ғылымға қарсы, гуманизмге қарсы іс-әрекетке он маманның тоғызы арыз айтады. Бұрын орталық болған Мәскеу архивтері бір күн бие, бір күн түйе; жүз жыл бұрынғы (ешбір әлемдік заңға сыймайтын, халықаралық конвенцияларға пысқырмайтын!) архивтік құжаттарды қолға бергісі келсе береді, бергісі келмесе – бермейді. Өзбек ағайындар да қазаққа қатысты құнды құжаттарды шымылдықтың артында ұстап отыр, олардың ойынша қазақтар жер даулауы-мыс... Осылайша қандықол совет үкіметі баяғыда жойылғанымен, оның зардабы, «құпиялары» күннен-күнге балалап, көбейіп келеді. Осылайша заманында «тоқ қала» атанған Тәшкенге босқан қалың қазақтың, оның ішінде өзбекке сіңіп кеткен аталы жұрт, ауданды руларының шерлі тарихын жазып шығуға қолдан керме керілуде...

- Ал ала қалпақты қырғыз ағайындардың қабағы қалай?

- Сонау 1916 жылдан басталып, жарты ғасырға созылған босқыншылық, қырғызша айтсақ, үркіншілік жылдары ағайынды паналап, бассауғалаған қазақтың шерлі тарихы бүгінде толық айқындалып келеді. Оған қырғыз ғалымдарының қосып жатқан үлесін ауыз толтырып айтуға болады. Жалпы соңғы онжылдықта Жетісу өлкесіндегі отаршылдыққа қарсы күрес, советтік билікті мойындамау, протестік қозғалыстар туралы түсінік түбегейлі өзгеруде. «Жетісу Алашордасы», «Жетісудағы Алаш әскері» атты тың концепциялар дүниеге келді. Сонымен бірге бауырлас қырғыз елінде «Алаш» партиясының Қырғыз филиалы» (бөлімшесі) мәселесі жан-жақты зерттеліп, бірнеше еңбек жарық көрді. Мәселен, біздің шақыруымызды қабыл алып, тарих ғылымдарының докторы, Жоғары дипломатиялық академияның проректоры Зайниден Курманов дәл осы тақырыпта еңбектенуде. Орыс тілінде «Киргизский филиал партии «Алаш» атты монографиясы да жарық көрді.

- Бұл бір жақсы дәстүр екен!

- Шынында да дәстүр деп өте дұрыс айтып отырсыз. Біздің қауым, әсіресе жастар жағы сонау бір аласапыран жылдарда, 1920-24 жылдар аралығында қазақта қос астана, қос мемлекет болғанын біле бермейді. Сол кездерде Орынборда Қазақ (Қырғыз) автономиясы билік құрса, Тәшкенде барша түрік жұртын біріктіруге ұмтылған Түрік автономиясы өмір сүрді. Сол тұста Ишанбай Арабаев (1882 – 1933), Қасым Тыныстанов (1901 – 1937) сынды тұңғыш қырғыз ағартушылары, сталиндік террор құрбандары біздің қазақ зиялыларымен тізе қоса еңбек етті, азаттық күреске араласты.

Осы жылдары Тәшкенге жиналған барша көзі ашық қазақ оқығандары соңына өзбек, татар, қырғыз, қарақалпақ, тәжік зиялыларын ертіп, ортақ жау – Мәскеу диктатурасымен айқасты. Осыдан бір ғасыр бұрын, әсіресе ТүрікАСР Халық ағарту комиссариаты және оның құрамындағы ағартушы Халел Досмұхамедұлы басқарған қазақ-қырғыз Білім комиссиясы ұлттық мемлекет құру жолында қисапсыз қоғамдық-саяси, идеологиялық-насихат жұмыстарын атқарды. Үкіметтік мекемелерге демеусін жасау мақсатында Халел атамыз 1922 жылы сол Тәшкенде «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талап» атты қоғамдық ұйым құрды. Құжат тілімен сөйлетсек, «Басқарманың төбе-ағасы Халел Дос-Мұхамед ұлы, мүшелері: профессор Александр Эдуард ұлы Шмидт, Иса Тоқтыбай ұлы, Мырзағазы Есбол ұлы, Мұхамметжан Тынышбай ұлы, Мұхтар Әуез ұлы, Қасым Тыныстан ұлы.

Басқарманың тұратын орны: Тәшкент, Қарл Маркіс көшесі, 301-інші үй.

Қазақ-қырғыз институты, 22-нші нөмірлі бөлме».

Ал Қазақ-қырғыз халқының мәдениеті өркендеуіне   жәрдем келтіру жағында Қауымның көздеген мақсұттары мыналар:

  • Қазақ-қырғыз халқының әдеби тілін, ғылым атауларын (терминологие), емлесін һәм басқа мәселелерді тексеру;
  • ұлт өнерін (искуствасын) тәптештеу;
  • қазақ-қырғыз халқының тарихын һәм салтын тексеріп қарастыру;
  • қазақ-қырғыз мектептерінде оқыту мәселесін реттеп, жөнге салу;
  • қазақ-қырғыз халқының білім қызметкерлеріне һәм өнер қайраткерлеріне жәрдем көрсету.

Алмағайып аласапыран заманда құрылған «Талап» қоғамы туралы кеңінен толғауға да болар еді. Бірақ, ертеңгі мәжілісте өзіміз тұсауын кесетін «Түрк дүйнөсүндөгү Кыргыз-Казак «Талап» коому» (Эшеналы Арабаев, Касым Тыныстанов, Байсерке Калпаков) атты кітапта (Бішкек, 2022) біз білетін, біз білмейтін қат-қат тың деректер айтылған. Осы кітаптың авторы, туған інімдей болған бауырым Жумагул Рыскулбек уулы Байдилдеев (1974 ж.т.) туралы аз-кем тоқтала кетсем деймін. Ол тарих ғылымдарының кандидаты, И. Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің доценті. Кітаптарын санамалап өтсек: «Кыргыз-казак интеллигенциясынын байланыштары» (ХХ к. башы), «Кыргызстандагы саясий куугунтуктоолор» (1937 – 1938), «Улуттун улуу уулу» (Жүсіп Абдрахманов туралы), «Эки доор инсаны Эшенаалы Арабаев» (авторлар ұжымы), «Кайра жанган ысымдар», «Кылым кыйырындагы агартуучу жана адабиятчы» (Байсерке Калпаков туралы), «1916 жылдагы көтөрүлүштөгү бай-манаптардын ролу», «Айтматов дүйнөсүндегү эркин мамлекеттүүлүк идеясы», «Касымбек Баатай уулу» және т.б. Әрине, ғалымның міндеті кітап жазу, кім не істемей жатыр дерсіз. Әйтседе Жұмағұл бауырым өзінің ағартушы аталары сынды қоғам қайраткері,  тарихи зерттеулермен айналысатын «Рух-Мурас» қоғамдық қорының төрағасы, «Эстутум» қоғамдық қорының атқарушы директоры. Екеуміздің көкейімізді тескен арманымыз – бұдан бір ғасыр бұрын аталарымыз қол ұстасып құрған, тізе қоса, білек күшін біріктіре отырып еңбек еткен еларалық «Талап» қауымының (қорының) ісін жалғастыру. Қазақ ағартушылары қырғыз халқының өрімдей жас оқығандарын соңдарынан ілестіріп, ұлт қайраткері дәрежесіне көтерсе, қырғыз бауырлар мыңдаған босқын қазақ отбасыларын ажал аузынан арашалап қалды. Ортақ жаудан жапа шеккен, тағдырлас, мұңдас бір туған қазақ-қырғыз, ел басына күн туған қиын замандарда да бір-біріне қол ұшын созып, белдерін бір буды. Сенікі, менікі демеді. Бірлік бар жерде, тірлік барлығын ұқты. Қол ұстасып, бірін-бірі демеп, тарихтың бұралаң өткелектерінен өтті. Ал біз бүгінгі идеялық сынақтардан, өте алмай, сүрініп жатсақ, достығымызға, бірлігімізге, ортақ идеямызға сына түссе, ол бізге сын.

- Қырғыз бауырларымыз өнімді еңбек етіп жатыр екен, ал біздің ғалымдарымыздың ғылыми олжасы бар ма?

- Былтыр жыл басында Алматы облысының әкімдігіне «Арыс» қоры үшжылдық «Жетісудың шерлі тарихы» атты ғылыми-зерттеу бағдарламасын ұсынған болатын. Ғалымдарымыз ондаған аудандық өлкетанушылық  экспедицияларға шықты. Кеген, Жаркент архивтерінен бұрын-соңды зерттеушілер назарынан тыс қалған құнды архивтік деректер, шекараны заңсыз кесіп өткен босқындардың тізімдері табылды. Алмапты облыстық архиві дайындаған Қастек ауданында жүргізілген кәмпескенің құжаттар жинағы жарыққа шықты. Сонда-ақ «Жетісудағы аштық» (1928 – 1934), Ә. Шашаевтың «Жетісу өлкесіндегі империялық-полицейлік қадағалаудың тарихы», «Көдек ақын», т.б. тарихи-әдеби жинақтар жарық көрді.

Қазақ халқының басынан өткерген зұлмат-зобалаңы ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан кейінгі ұрпаққа ұмытпас үшін біз құпия құжаттардың жария болуына барынша жұмыс жасап келеміз. Ал қазақтың өткен жолы қатпарлы, қалың тарих болғандықтан ұлт жадында жаңғырып тұруы керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Берік Бейсенов  

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354