Назарбаев: Мен президент Тоқаевты қолдаймын!
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 5 маусым күні Контитуцияға өзгерістер енгізуге байланысты болатын референдумға қатысады және қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты толықтай қолдайды. Бұл туралы ол саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында айтты.
«2019 жылы мен саналы қадам жасадым және көпшіліктің қарсылығына қарамастан Мемлекет басшысы қызметінен кеттім. Халық қолдауының шыңына жеткен уақыт болатын. Бұған 2015 жылғы соңғы президенттік сайлауда 97,7% дауыс алғаным дәлел бола алады.
Иә, менде белгілі бір өкілеттіктер қалды. Бірақ бұл саяси транзиттің кедергісіз өтуі үшін және қоғам мен билік элитасы арасындағы қайшылықтарды жеңілдету үшін жасалды. Конституцияға сәйкес президент ретіндегі өкілетімді Сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырдым. Ол кейінгі жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жетті. Осы жылдар ішінде мен оның елімізді реформалау мен одан әрі дамыту жөніндегі іс-әрекеттерін жан-жақты қолдадым. Бұл жолы да күмәнсіз қолдау көрсетемін», - деді Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев өзі ел басқарып тұрған кезде атқарылған жұмыстарды атап өтті.
«Мен президент болған жылдары халқымыз көптеген жетістікке қол жеткізді. Кейбіреулер оны ұмытып кетеді. Біздің дана халқымыз бәрін есте сақтайтынына сенемін», - деді ол.
Бұрынғы президент 2000 жылы құрылған «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры» мен 2011 жылы құрылған «Назарбаев қоры» туралы айтып берді. Бүгінгі күні «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры» қаржыландыратын Назарбаев университетінің қаржылық мәселесімен бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов айналысқан.
«Жоғары оқу орнының Қамқоршылық кеңесі Назарбаев Университетінің қаржысын басқару, оның инвестициялық қызметі, соның ішінде еліміздің жекелеген қаржы институттарымен байланысты мәселелермен тікелей айналысты. Кеңес төрағасы сол кезде премьер-министр қызметін атқарып жүрген Кәрім Мәсімов еді. Осылайша, оның құзыретіне университеттің және онымен байланысты құрылымдардың, соның ішінде жеке қаржы ұйымдарының қаржылық қызметі кірді.
Кәрім Мәсімовке қатысты қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Менің ойымша, құқық қорғау органдары оның осы қызметіне байланысты мән-жайды да анықтайды», - деді бұрынғы президент.
Нұрсұлтан Назарбаев Қаңтар оқиғасының мән-жайын, тәртіпсіздіктердің артында кім тұрғанын құқық қорғау органдары анықтайтынына сенім білдірді.
Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін көптеген мемлекеттің басшылары елдеріне қонақ етіп шақырған. Қазіргі күні экс-президент олармен байланысып тұрады екен. Сондай-ақ Назарбаев алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Менің тікелей қатысуыммен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ, Түркі мемлекеттерінің ұйымы мені осы ұйымдардың құрметті төрағасы етіп сайлады. Қордың жұмысы да назар аударуды талап етеді. Уақытымды жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелеріне арнаймын. Менің Жарлығыммен Семейдегі полигон жабылғаннан кейін Қазақстан ядролық қарусызданудың көшбасшысы болды, біз ядролық арсеналдан бас тарттық. Осылармен қатар, мен өмір жолым, қызметім туралы естеліктермен айналысып жатырмын. Менің бүкіл ойым, тілегім, дұғам тек Қазақстанның амандығы, тұрақтылығы мен гүлденуіне арналады. Біздің ұрпақтарымыз біз жасаған істен де көп жасасын. Оларға шын жүректен сәттілік тілеймін», - деді Назарбаев.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің құқық бұзған туыстары туралы да айтыпты.
«Біз Қазақстанда көп жылдан бері құқықтық мемлекет құрып келеміз. Оның негізгі қағидасы - заң баршаға бірдей.
Егер туыстарымның бірі заңды бұзу үшін менің атымды пайдаланса, онда олар тиісті жауапкершілікке тартылуы керек. Кінәсі сотта дәлелденуі керек. Әрбір азаматтың заңды қорғауға құқығы бар екенін ұмытпағанымыз жөн.
Рахат Әлиевке қатысты оқиға бәрінің есінде деп ойлаймын. Ол - менің күйеубалам еді. Менің ұлым сияқты болды, немерелерімнің әкесі болды. Ол сот төрелігімен сотталды. Бірақ ол қашып кетті, өмірінің соңына дейін жасырынып жүрді. Баянсыз тағдыр», - дейді Назарбаев.
Abai.kz