Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3688 0 пікір 7 Қараша, 2012 сағат 17:01

Ақыл жарыстырып алға басқан замандағы ұстаз тұлғасы

Адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып алға басатын мына заманда ұстаздың қаншалықты деңгейде білімді де білікті, талапшыл да парасатты болуы керектігі өздігінен белгілі. Осындайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Ақыл табылмай, ештеңе табылмайды. Ой жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат, өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл», - деген сөзі еріксіз еске оралады. Ал, сол ақылдың - тәрбие мен білімнен келіп туындайтынын ескерсек, ұстаздар қауымын адам болмысының инженері деп бағалауға тура келеді.

Адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып алға басатын мына заманда ұстаздың қаншалықты деңгейде білімді де білікті, талапшыл да парасатты болуы керектігі өздігінен белгілі. Осындайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Ақыл табылмай, ештеңе табылмайды. Ой жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат, өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл», - деген сөзі еріксіз еске оралады. Ал, сол ақылдың - тәрбие мен білімнен келіп туындайтынын ескерсек, ұстаздар қауымын адам болмысының инженері деп бағалауға тура келеді.

Мен де өзімнің өсіп-жетілу жо­лым­да көптеген ұстаздардың алдынан өт­тім. Айтқандарын тыңдап, ұзақ жыл­дар бойы өзіме қажеттісін бойыма сіңі­ріп келдім. Содан бері арада көптеген жыл­дар өтсе де кешегі бет-бейнелері бұ­рын­­ғыдан да жарқырай түсетін ұс­таз­­дарым баршылық. Оларды ойыма ал­ғанда балалық, бозбалалық шақта­рым­ның тәтті де қызықты естеліктері күні кешегідей көз алдыма тізбектеледі. Мұн­дайда көңілім көтеріліп, өткен шақтың әдемі әсерлерінен марқайып қаламын.
Жүрегіме сыр, көңіліме нұр сыйла­ған сондай ұстаздарымның бірі, кезінде өзім оқыған Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық маман­дан­дырылған дарынды балаларға ар­налған қазақ тілі мен әдебиетін те­рең­дете оқытатын мектеп-интернатының мұға­лімі, мемлекеттік жоғары мара­пат­тау­лардың иегері, тарих және қо­ғам­тану пәндерінен дәріс берген апай­ым Орын­ша Қарабалина-Қазыбаева­ның тартым­ды тұлғасы әрдайым жү­регімде жүреді. Өйткені, ұлағатты ұс­та­зымның өміріме өшпестей із қал­дыр­ғанын мен бұрын­нан-ақ сезініп жүретінмін.
Ол кісінің оқушыларға оқитын дә­рістері өте жоғары деңгейде өтетін еді. Оқулықтағы материалдарға қосымша әдебиеттерді молынан пайдаланатын. Шәкірттер де белгілі бір деңгейдегі пси­хологтар емес пе?! Біз де ұста­зы­мыз­ды өзге мұғалімдермен салыс­ты­рып, шоқтығы биік Орынша апайы­мыз­ды ұстаздарымыздың арасындағы көшбасшы деп мойындайтынбыз.
Мен де мұғалима апайымыздың өте талапшыл екендігін бірден тү­сін­дім. Үй тапсырмасын сұрағанда, өткен тақырыпты оқушылардың қанша­лық­ты игергендігін білу үшін бәрімізді орнымыздан тұрғызып, оқушылардың жауаптары бірін-бірі үнемі толық­ты­рып отыруы қажеттігін жиі-жиі айта­тын. Сөйтіп, біздің санамызды барын­ша мол білуге шабыттандырып, ғылым дегеннің түпсіз терең әлем екендігін ұғындыруға ниеттенді. Ол кісі және де оқушының рухани жағынан үздіксіз кемелденуіне көп көңіл бөлді.
Алдыңғы сыныптарда ауыл мектептерінде оқып келгендерге мұндай жоғары талаптардың алғашқы кезде ауыр тиетіні де рас. Соны сезе қоятын сүйікті ұстазымыз сабақ уақтысынан тыс кезде олармен қосымша жұмыс жүргізіп, тез арада қатарға қосылу­ла­ры­на ұйытқы болатын.
Сондай-ақ, Орынша апайымыздың тек өз пәндерін өткізумен ғана шектеліп қалмай, мектеп-интернаттың өмі­рі­не де қатты көңіл бөліп, әрдайым қо­ғам­дық жұмыстардың қақ ортасында жүретіндігін бәріміз білетінбіз. Қазақ­стан­дағы орта білім беретін оқу орын­дарының жан-жақты жұмыстарын алға бастыруға байланысты шыққан Үкімет қаулыларының, білім беру саласын­да­ғы жоғары мекемелердің нұсқаула­ры­ның орындалуын жүзеге асыруға аянбай ат­са­лысатын. Ес біліп қалған біздер осы­ның бәрін жүрегімізбен сезініп, бола­шақ­та дәл осы жандай қоға­мы­мыздың белсенді мүшесі болуға елік­тейтінбіз.
Аяулы да ардақты ұстазымыздың: «Біздер, осындағы ұстаздар ұжымы ұлтымыздың тілін, әдебиетін, тарихын тереңдете оқытып, оны ұлттық тәр­бие­мен ұштастырып, шәкірттеріміздің дү­ниетанымын кеңейтуге тырысамыз. Оқушыларымыз да ауылда туып, ана тілінің мәйегін еміп, ұлтымыздың ақыл сөзі мен асыл өсиетін естіп, салт-дәстүріміздің шапағатына шомылып өскендіктен шабыстарына қамшы сал­дырмайды. Және алған тәрбиелерінің жарқын көрінісі ретіндегі олардың сабақ айтулары, кішіпейілділіктері, жа­­расымды жүріс-тұрыстары, бәрі-бәрі мұнда келгендердің қызығушы­лы­ғын туғызады», деп біздерді жігерлендіре айтқан сөздері осы күнге дейін санамызда жаңғыруда.
Сол кездің өзінде-ақ республи­ка­да­ғы маңдайалды орта білім беру орда­сына айналған мектеп-интернатымыз шетелден келген қонақтарға үлгі ретінде көрсетілетін. Шуақты шаралардың барлығы оқушылардың бойында жақ­сы адами қасиеттерді қалыптастыруға, іргетасы берік білім алуларына, Ота­ны­ның нағыз патриоттары болып өсу­леріне мол мүмкіншіліктер жасады. Сол себепті олар бүгінгі таңда билік органдарында, Парламентте, құқық қорғау жүйелерінде, әкімдіктерде, бизнес саласында, өнерде, түрлі телеарналар мен газет-журналдарда беделді қыз­мет жасап жүр.
Осының бәріне қарап отырып, Орын­ша апайымыздың біздің бойы­мызға терең білім нәрін сіңірумен бірге, ой-санамыздың да кеңістігін ке­ңейт­­кенін жақсы түсінеміз. Сон­дық­тан, бол­мысы бөлек нақ осы Орынша апайымыз біздің ішкі жандүниемізде салауатты сілкініс жасады десек, артық айтқандығымыз емес. «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» деген жүрек жылытар жарқын сөз осындай жасампаз жандарға арналып айтылса керек.
Кейінгі тіршілікте де аяулы ұс­та­зым­мен арадағы қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Сол себепті ол кісінің ай­наласында болып жатқан жақсы­лық­тар­дан хабардармын. Бүкіл бітім-бол­мысына қанығып, өз арманының асқар шыңына көтерілген толағай тұлғаның ақ ажарын тереңірек тани түстім.
Кезінде біреуді атуға, біреуді сот­тау­ға, біреуді қуғын-сүргінге ұшыра­ту­ға қатысты жүргізілген сұрқия сая­саттың салдарынан бастары бәйгеге тігілген ата-аналары репрессияның құр­баны болыпты. Соған сәйкес, сол ша­ңы­рақтағы балалар да жастайынан қиын­шылықтың ащы дәмін аяусыз тат­қан екен. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпашылық та өмірлерінде өзі­нің өшпестей ізін қалдырған. Осындай жә­не басқа да жағдайларға байла­ныс­ты аяу­лы ұстазымның жеке басынан кешір­ген тауқыметке толы тағдырына қаны­ғып, соның бәрін жеңе білген қар­шадай ғана қазақ қызының қайсар­лы­ғына таң қалдым. Қайғы арқаласа да қайраңда қалмай, қайығының ескегін дүркіреген ағысқа қарсы есіп, сол ағыс­қа қарсы екпіндете жүзген және өмір­дегі ең бір салмақты да жауапты маман­дықты меңгеріп, соның ең шыр­қау шы­ң­ына көтеріле білген болмысын бүгінгі күннің батырларының қасие­ті­не теңе­дім. Сөйтіп, жасампаз жанға деген құр­метім мен сүйіспеншілігім бұ­рынғыдан әлдеқайда еселене түсті. Ол мен үшін бүкіл қазақ халқының бағы­на жара­тыл­ған біртуар тұлғаға айна­лып шыға келді.
Кейіннен білгенімдей, ұлағатты ұстазымның шыққан жері өте текті орта екен. Бойындағы таусылмас қуат көзі осынау тектіліктен бастау алған-ау деп топшыладым.
Тізе берсе машақаты мол бейнетті еңбегінің зейнетін көріп отырған Орын­ша апайдың алған асулары да аз емес екен. Солардың басты-бастысына тоқ­та­ла кетсек, аталмыш мектеп-интернатта табаны күректей 57 жыл ұстаздық қызмет атқарған асыл жан респуб­ли­камыздағы озат ұстаздардың қатарынан құрметті орын алыпты. Табандылыққа толы еңбегі, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі үшін 1968 жылы «Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі», 1983 жы­лы «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі» атан­ған. 1965 жылдан бері «Аға мұ­ға­лім», «Методист-мұғалім» атанған. Ел­ба­сының Жарлығымен 1998 жылы «Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қызметкері» атағын иеленіп, «Қазақ­стан Рес­пуб­ли­касының Консти­ту­ция­сына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» ме­дальдарымен және көптеген наградалармен мара­пат­талған. Менің ойымша, ең бастысы - ол кісіге деген мыңдаған оқушыларының шексіз ал­ғы­сы мен хал­қының берген ақ батасы деп білемін.
Орынша Жолмұратқызының 1978 жылдан бастап республикалық басы­лым­дарда мақалалары жарияланып, теледидардан, Қазақ радиосынан сөй­леген сөздері алтын қорға алынған. 1998 жылы шыққан «Қазақтар» энци­к­лопедиясының 9-томына мақала­ла­ры­ның көрсеткіштері енгізілген. Ол кісі ұстаздық қызметін жа­зу­шылықпен жал­ғастырған адам. Педагогтер өмі­рі­не арналған «Ұстаз жүгі қашанда ауыр», «Ұстаз бақыты», «Тағ­дыр» және өмірбаяндық хикаяларды баян­дайтын «Жүрек сыры» кітап­тары­ның авторы. Елбасының жеке қабыл­дауын­да болып, өзінің «Ұстаз бақыты» атты кітабын сыйға тартқан.
Аяулы ұстазымның ерекше құр­мет­ке ие болуына кезінде Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетіндегі жо­ға­ры лауазымды қызметке дейін көте­рілген өмірлік жары Кәкімжан Қазы­баевтың да тигізген септігі мол. Жо­ғары шендегі лауазым иесі болса да әрдайым өзін қарапайым ұстайтын парасатты жанның шуақты шарапаты алдына келген мыңдаған адамдардың жүрегіне нұр сыйлады. Ол жөнінде халық арасында жақсы естелік, әңгі­ме­лер айтылып жүр.
Өзінің өнегелі өмірінде тек ірі бас­шы ғана емес, сонымен бірге қолтаң­басы жарқыраған журналист, қаламы­ның қарымы кең жазушы және беделді қоғам қайраткері ретінде де танылған Кәкімжан Қазыбаевпен балдай тәтті ғұмыр кешкен Орынша Жолмұрат­қызы екі ұл мен бір қыздың анасы атанған. Ұлы Нұртас Кәкімжанұлы қай қырынан алсақ та алғырлық танытып, Президенттің Іс басқармасы орталық клиникалық ауруханасы бас дәрі­ге­рі­нің хирургия ісі жөніндегі орынбасары болып, 60-тан аса ғылыми еңбек жаз­ған. «Құрмет» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері-тін. Бір өкініштісі, отандық медицинада озық маман саналатын шарапаты мол жан өмірмен ерте қош айтысты. Екінші ұлы Батыр Кәкімжанұлы да өз ісінің білгірі, белгілі журналист. Қызы Нар­гүл - кәсіпкер, үлгілі отбасының ұйыт­қысы.
Орынша Жолмұратқызының ұстаз­дықтан басқа алған асуы - ол бүгінде ардақты ана және немерелерінің са­ғы­нышына сая бола білген аяулы әжесі. Және бір айтқым келетіні, құрметті еңбек демалысына шықса да жаны жай таппайтын апамыз 2012 жылдың 20 қазанында өзі бүкіл саналы ғұмырын арнаған сүйікті қара шаңырағы Абай атындағы республикалық мамандан­ды­рылған дарынды балаларға ар­нал­ған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаттың 55 жыл­дық мерейтойына қатысып, тебірене сөз сөйледі. Дәл сол күні мектеп-интернаттың кең ауласында ашылған Абай атамыздың ескерткіші де бір кезде Орынша апайымыздың баста­ма­сы­мен қолға алынған болатын.
Жуырда ғана Елбасы Н. Ә. Назар­баевтың «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісін бүкіл қазақстандықтар тыңдады. «Білім беру ісі» дегенде ішкен асын жерге қоятын Орынша Жолмұратқызы да ұлт басшысының бастамаларының орын­да­луына өзіндік үлесін қосып, өзінің сүйікті қара шаңырағының қазіргі директоры Мұхтар Ботабайұлы Ибраимовпен ой бөлісіп, бойындағы педа­го­гикалық бай тәжірибесін мектептегі оқу, тәрбие ісін одан әрі алға бас­ты­ру­ға бағыштауда. Яғни, мектеп басшысы мен ондағы еңбек ұжымына рухани жетекшілік жасап жүр. Сонысына қарап, біздер, Орынша апайдың осы­дан қырық жыл бұрынғы шәкірттері - өз ұстазымызды ұлы адамдардың қа­тарына қоса сөйлеуді артық көрмейміз.
Өз басым қайда жүрсем де ол кісінің маған деген қамқорлығын, сүйіспеншілігін сезінемін. Орны дара ақылшым ретінде әртүрлі мәселелерге байланысты кеңесіп тұрамын. Әр кездесуіміз санама үлкен әсер етіп, бойыма қуат құяды. Жүздесулердегі әңгімеден кейін терең ойларға кетіп, қалай ол кісінің сенімін ақтап шықсам деген ойлар бойдан кетпейді.
Байқап жүрмін, ұстазым менің өмірімнің, істеген істерімнің барлық жағына мұқият қарап, зор көңіл бөліп жүр. Оқушыларына балаларынан ар­тық көңіл бөліп жүрген мұғаліміңе қалай қайран қалмайсың.
Қанша қармансам да Орынша Жол­мұратқызындай дарынды да ардагер ұс­та­зымның алып та заңғар бейнесін то­лық­тай ашу қиынға түсетінін сеземін. Ол қалың-қалың кітаптардың ен­ші­сін­де­гі аманат екендігін де жақсы түсінемін.
Ал, менің бұл шағын мақалада басты айтқым келгені - ұлағатты ұстаз дәрежесінен әлдеқашан асып түсіп, танымал ел анасы деңгейіне жеткен жасампаз жанның бүгінгі күні бір ғасырлық адам ғұмырының сексен деген алтын аралының төрінен орын алып жатқандығы еді. Сол себепті, көңіл қошын келтіретін мерейтойға шәкірт ретіндегі өзіндік үнімді қосып, тағдырыма көк жүзіндегі «Құс жо­лын­дай» баянды бағыт-бағдар көрсеткен ардақты апайымның алдағы барлық ашық күндеріне - сыр бермес мықты денсаулық, тоқырау мен қарттыққа мойынұсынбаған сергек іс-әрекеттер тілеймін! Көгершіннің тілеуіндей пе­ріш­те пейілі мен әлі де болса жас ұрпақ тәрбиесіне тигізер шарапатының мол­ды­ғына қарай - өміріңіз өрге озып, ұс­таздық сүйікті ортаңыз бен әулеттік бақытты шаңырағыңыздың шамшы­ра­ғы бола беріңіз дегім келеді!
Әділ ШАЯХМЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының бастығы, генерал-лейтенант, Еуразия мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
АЛМАТЫ.

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5501