Сенбі, 25 Маусым 2022
Әдебиет 2833 0 пікір 3 Маусым, 2022 сағат 12:23

Қарасерінің қалтарысы

Бұл өмірде ақын болуды армандамайтын пенде жоқ шығар деп болжам жасайтын болсақ, онда адамдардың өз ой-қиялын көркемдік тәсіл арқылы жеткізуге талпынып, талаптанатындығы анық.

Күнделікті күйбең тіршілікте кездесетін құбылыстар мен қақтығыс-қайшылықтар ортасында өмір сүрген пенде үшін ішқұсталық пен жүрек түкпіріндегі арпалысы бір сәтке сырласар сырлас іздеп, мұң шағатын мұңдасқа мұқтаж болатын күндер аз емес екені екінің біріне белгілі. Әне сондай сәттерде адамның ой-қиялы шарықтап, ойда жүрген бір түйінді елге немесе желге айтқысы келіп, тіпті, дос-жаран, ет жақындарының аумағына барып қайтқысы келіп, аласұратын кез тағы бар. Ал шарт-жағдайдың шырмауы мен уақыттың шылауынан шыға алмай қалатын дәл осындай сәттерде не істеу керек? Әрине, сол қыран құстай самғаған ой-қиял уысындағы сезімдік толғанысты отыра қалып, қағаз бетіне түсіруден басқа амал жоқ. Міне, бұл қолына қалам ұстап, ақындық өнерге бет бұрған пенденің күнделікті күйбеңінің бір парасы екені анық.

Мен өмірге келгенімде іңгәлап,

Құлпырыпты алауланып қыр ғажап.

Тау-даласы қарсы алыпты Кеңсудың,

Келді деумен дүниеге бір қазақ.

 

Қалжа атап,

құрбан етіп бір малды,

Ағайын-жұрт бастапты шат думанды.

Тілек айтып,

бата беріп,

ән шырқап.

Қуантыпты әкетайым Құрманды.

 

Туыстар кеп,

ат арылтып алыстан,

Шаттаныпты туылды деп арыстан.

Бір жыл бойы ауладағы ағаштан,

Шықылықтап,

кетпепті бір сауысқан...

Бұл шумақтарды оқып отырып ақын Жанболат Құрманұлының қайда туылғандығынан мәлімет алумен бірге оның дүниеге келуі барысындағы ата-анасы мен ел-жұртының қуанышы және өзінің жарық дүниеге келуінде «арыстандық» борыш арқалап тұрғандығы айқын аңғарылады. Сондай-ақ бір қазақтың дүниеге келуінде «тілек айтып, бата беріп, ән шырқаудың» қаншалықты маңызды екендігін ұлттық дәстүр жалғастығы ретінде айқындап, «бір жыл бойы ауладағы ағаштан, шықылықтап, кетпепті бір сауысқан...» деу арқылы қазақтың үй маңындағы ағаштың басында сауысқан шықылқтаса, қонақ келеді деп ырымдайтын қазақи таным-түсінікті жаңғыртып отырғандығы бұл өлеңнің фәлсапалық тамырының тереңде жатқандығын көрсетеді.

Қабағымның қалыңдап боз қырауы,
Соқыр тұман жабады көр жыраны.
Суық құшақ,

сумақ қол,

қырау жанар,
Қалтыратып жанымды тоңдырады.

 

Іздеп ізгі тілектің жылы лебін,
Шуақ көрсем қадалып,

үңілемін.
Жүрегімді жауратып алмау үшін,
Күнге қарай ентелеп, жүгіремін.

Жанболат Құрманұлының мына бір «Жүгірем» атты өлеңін оқығанда, оның ақындық шеберлігіне тіпті де тәнті болып, қол шапалақтап, тамсанбаудан басқа амал қалмайды. Өйткені Жанболат өлеңдерінің басым көп бөлігі жалаң ұйқас пен ырғақтан ғана тұрмайды. Ол айтар ой-сезім тәжірибесін суреткерлік пен көркем образдың қалтарысына жасырып, оқырманның жандүниесінде қайта жасампаздық жаратуына орай қалдырады. «Боз қырау, соқыр тұман, суық құшақ, сумақ қол, қырау жанар» арасында жаураған жанын жылыту үшін шуақ іздеп жүрген ақын өлеңінің «жүрегімді жауратып алмау үшін, Күнге қарай ентелеп, жүгіремін» деп келетін соңғы түйінінде өзінің адам баласына шексіз адалдығы мен адамгершілігінің қандай биік деңгейде екендігін жайып салғандай болады. Бұл өлең Күн мен ақын арасындағы табиғи байланыс жөнінде біраз толғанған оқырманның мәдени өресі мен ой-қиялы және сезімдік толғам деңгейінің қандай өреде екендігін бірден аңғартады. Сөйтіп өлеңдерінде ақын жалаң сөзқуарлыққа емес, суреткерлікке, суреткерлік болғанда да, бүкпелеу негізіндегі образды ой-сезім тілімен сөйлеуге тырысады. Өлеңді ұйқас пен ырғақтың жемісі деп түсінетін оқырман үшін бұл өлең түкке тұрғысыз, бұлыңғыр дүние болып қала беруі мүмкін. Өйткені олар баяндау, пайымдау, толғам (лирика), суреттеу, бүкпелеу қатарлылармен тең дәрежеде ойды ұйқас пен ырғақ негізінде жеткізіп беретін тақпақтау деген ойды бейнелеу тәсілінің бар екендігін білмейді. Тіпті, білсе де, мойындағысы келмейді. Міне, осыдан барып ақынның саны көбейіп, салмағы жеңілдеп бара жатқан бұл күнде осы бір ақиқатты азаматтық деңгейде аңғарған шынайы мамандығы экономис, қызығушылығы сазгер, әнші, ақын Жанболат Құрманұлы өзінің басынан кешірген кешірмелерін деталь ете отырып, өлең роман жазып кетпейтіндігіне сенімдіміз. Оның орнына ол өзінің өмірбаяны негізіндегі шағын-шағын ғана мәнді де, мәнерлі естеліктерін қара сөзбен бейнелеп, көңіл-күйінің көкжиегін көрнектілендіруге назар аударады.

«1985-жылы ҚХР-ның Құлжа қаласында Бекқожа Жылқыбекұлы мен Әлібек Сексенбайұлының бастамасымен жас ақындардың үйірмесі құрылды. Апта сайын бір рет бас қосып, өлең оқып, өзара пікір алмастырып, шығармашылықты тәп-тәуір еңсеріп, қоғамда үлкен аңыс тудырып, аға буын ақын-жазушылардың ықыласына бөленіп, бір мезгіл тәп-тәуір шалқыған едік. Марқом Әлібек Сексенбай қапияда  қайтыс болмағанда, тағы біраз жерге баратын ба едік, кім білсін? Әлібектің содан аз күн бұрын «Іле айдыны» журналына шыққан «Әудем жердегі әуендер» атты бір топ өлеңі қоғамда сілкініс тудырған еді. Араға бір ай салып өзі де мәңгілікке аттанып кете барды. Жатқан жері жарық болсын!»

Жәкеңнің бұл шағын естелігін оқыған оқырман өткен өмір қойнауына үңіліп, біраз уақыт ой-қиял тұңғиығына сүңгитіндігі сөзсіз. Қапияда көз жұмған, дарыны даналана бастаған, алымды ақын, марқом Әлібек Сексенбайұлымен (1960-1987) бір мезгіл бірге болған адам, оның асқақтата шырқаған «Қоңыр қаз» әнінің әуеніне еріксіз елітіп, қолын сілтеп тұрып өлең оқитын өзгеше бір келбетін көз алдына әкелетіндігі айтпаса да түсінікті. Өткен күнде белгі жоқ деген осы. Алайда, ерінбей-жалықпай сол күндерден қойын дәптерге құнды деректер мен мәнді мәліметтерді жазу-сызумен таңбалап, күнделік қалтырып отырса, өткен күннен алтынға бергісіз белгі қалатындығын Жәкеңнің жоғарыдағы естелігінен айқын аңғаруға болады.

«Бір күні күзде Бекен ағаның үйіне барсам, Мейрамхан тәтем маған: «Кешке сені бір жерге ертіп барамын», – деді. Кеш болды. Құлжа қаласының Дөңмәлі қыстағында  отыратын жалғыз қазақ отбасы бар еді.  Сол үйге бардық. Ол кезде Құлжа қаласының тұрғындары бәрі дерлік жер үйде тұратын. Шағын сарай үйге кіргенімізде, төрде шынтағына жастық қойылған, үстіне көкшіл костюм киген, галстук таққан, ұзын бойлы, дәу адам жантайып жатыр екен. Бұндай ерекше тұлғалы адамды бірінші рет көруім. Қасында ақбас, арық, талдырмаш денелі бір кісі мен арықша келген тағы бір қария бар. Біз сәлем беріп, амандасып, дастархан басына жайғастық. Таныстырғанда білгенім, жаңағы ерекше адам Сәбеттен (ол кезде кеңес одағын солай атайтын) келген Заманбек деген жазушы екен. Қасындағы ақбас қария Қажықұмар Шабдан деген жазушы, тағы бір қария облыстық мәдениет үйінде істейтін Мәлік Шипан деген сазгер, жазушы болып шықты. Мәлік Шипан  –  «Қойшы әні» деген әнімен танымал болған адам. Әңгімелерінен ұққаным, Заманбек 1960 - жылдары Құлжада оқығанда осы үйді паналапты. Жаңағы екі қарт бәрі бірге оқып, бірге жүрген. Жиырма жылдан соң жолығып отырғандары осы екен. Аздан соң облыстық Ән-би үйірмесінен Кәдек Қырғызбай, Құрманжан Зікірия, Мейрам қатарлы жігіттер келіп ән айтып, домбыра шертіп, қонақтарға қызмет етті. Ол күн естен кетпестей жадымызда сақталып қалды».

Жәкеңнің осы бір естелігін оқып отырып та көп сырдың түйінін тарқатуға болады. Жиырма жылдан соңғы кездесу, кездесу болғанда да, анау-мынау жәй кездесу емес, жиырма жылдан соңғы елге танылмалы, халықтың қалаулысы болған ұлы тұлғалардың бас қосуында олармен кездесу екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болса керек. Жанболат Құрманұлы естеліктері қытайда болсын, елге оралғаннан кейін де болсын өз өмірінің мағыналы да мәнді өткен күндерін қалт жібермейді. Әрбір күннің күйбең райын қадағалай отырып, ой қармағына іліккенін емес, аулауға тиісті дербес детальдарды саралап, сұрыптап, ой сүзгісінен өткізіп барып, оқырманға  ұсынады. Сөйте отырып, оларды өзінің көңіл-күйі мен жансезімінің терең түкпірінен атқып шыққан өлең шумақтарымен безендіреді.

Өмір, шіркін, бағалы ғой, бағалы,
Қар боратып қатаймаса қабағы.
Менің құйттай жүрегімнің алауы,
Кірпігінде оның діріл қағады, –

деген өлең жолдарында адам өмірінің әрбір қасқағым сәтінің құнды екендігін сипаттап, жүрек алауының өмір кірпігіне ұялаған суретті бейнесін көз алдыға әкелсе, ал «Шық» атты мына бір өлеңі өтпелі өмір жайлы өзгеше бір өміршеңдік бейне байқатады.

Мен шыққа,

шық та маған қарайды,

Шықтың көзі жаулап алды маңайды.

Мөлдіріне таң қалғаным соншалық,

Шыға келдім қырау басып самайды.

 

Күннің көзі қарап еді қызығып,

Жерге түсті ол моншақтай боп үзіліп.

Ештеңе де өзгермеген секілді

Үйден шықтым сақал-мұртты қырынып.

Оқырманды ой-қиял иріміне итермелеп, сезім селіне малтықтырған бұл өлеңді оқып отырып, терең ой теңізіне сүңгіп шығу арқылы ақын өмірінің және оның өмірге деген түсінігінің түйінін толық аңғаруға болады. Сонымен бірге оқырмандарға көзді ашып-жұмғанша зыр етіп өте шығатын қу дүниенің құлы болмаудың сыры мен қырын қайтадан бір ой елегінен өткізуге орай беріп тұрғандай сезім сыйлайды.

Айналамнан табамын керегімді,

Өзім салып келемін бедерімді.

Мені мінсіз қайталау мүмкін емес,

Әкелсең де ең ұлы шеберіңді.

Ақын өмірінің қысқаша өмірбаяны секілді бүл шумақ Жанболат Құрманұлының «отқа жақсаң күймейтін, суға салсаң батпайтын» қайсар рухы мен «бетегеден биік жусаннан аласа» көпшіл де досшыл, ашық та жарқын, салмақты да салиқалы, артық ауыз сөзге сараң, қолы ашық, көңілі ояу «Қарасерілік» келбетін айқындап тұрған секілді. Алайда осындай таңдаулы мінез-құлқы бар ақын кішіпейілдігінің әлі де артық кеткен жері болса, қашанда кешірім сұрауға дайын екендігін де қалам ұшынан қағыс қалдырмағандығын мына бір шумақ өлеңнің бойынан аңғаруға болады.

Бала кезде аталсам да жүгермек,

Жүрмін бүгін бәрін шеттен түгендеп.

Асып-тасып текке кеткен күндерден

Мен кешірім сұрап тұрам тізерлеп.

Ол қашанда ашық-жарқын қарқылдап, күліп жүретін ақындық арын мен мұңайып, жарты көңілденген кездерін тек өзінің жеке басының қайғы-мұңы деп есептемейді. Оны кең даласымен орайластыра отырып, шер-мұңын:

Қоламтаңа қоздаған,
Шекпеніңе тозбаған,
Орап алшы, боз далам,
Шер-мұңымды боздаған, –

деп, боз даланың болмысы мен мейіріміне жүгіне отырып тарқатады. Сөйтіп адам мен табиғаттың біртектілік сипатына терең үңіліп, өз тектілігін байқатады.

Тұрмын бүгін айырық жол үстінде,

Салмақты боп, сарапқа шын түстім бе?

Мұнарланып бара жатыр көз алдым,

Қайыр қылып қарамайды ешкім де.

 

Қалай тартсам болар екен көшімді?

Әз баба жоқ айтатұғын шешімді.

Барсакелер,

барсакелмес...

Екі жол,

Тағдырымды сынап тұрған секілді.

Тағдыр талқысына түсіп отырған тәуелсіздікті өз өмір тіршілігімен шендестіре отырып дәл осылай өлең тіліне айналдыру ақындардың екеуінің бірінің қолынан келе қоймас десек, артық айтқан болмаймыз. Өлеңнің бойынан азаматтық үн мен елім, жерім деген мемлекетшілдіктің мерейлі рухы аспандап тұрғандығын біраз ой-қиял иріміне малтыққан оқырманның аңғара қоятындығы сөзсіз. Аңғарып, сезініп қана қоймай, ұлт тағдырына алаңдап, Түрік-Алаш арынының көкжалдық жігеріне арқа сүйейтіндігі де ақиқат. Сондықтан:

Бабам өткен бұдан ауыр күндерден,
Кеткен емес тұлпар-дүлділ іргемнен.
Алашымның арман құсын ұшырып,
Көк туымды желбіретіп тұр кеудем, –

деп, толғанған ақын Жанболат Құрманұлының болмыс-бітімі кеудесінде желбіреген көк туымен тағдырлас екендігін мойындамау, оның ақындығы мен азаматтығын мойындамаумен бірдей екендігін баса айтуға болады. Өйткені  әдебиеттанушы Құныпия Алпысбаевтың сөзімен айтқанда: «шынайы көркем туындыда адамзаттың асыл арманы, ұшқыр қиялы, ел басынан өткерген қилы-қилы оқиғалар, күрес-тартыстар, өмір белестері, елдік ерлік дәстүрлері, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы мен ырым-жоралғылары, мінез-құлқы, кең дала бейнесі, түрлі табиғат көріністері суреттеледі. Бұл тұрғыдан қарағанда көркем әдебиет оқушы зердесіне замана болмысын, дәуір тынысын айшықтайтын «өмір оқулығы» халқымыздың өшпес тарихы болып табылады». Расында да бұл «Қоскүрең» атты өлеңдер жинағын оқыған оқырман, өлеңдер жинағы ғана емес-ау, өлеңдер мен есте қалған ескі күннің естеліктерін өзгеше бір жаңаша құрылыммен, қиыннан қиыстырып, оқырман назарына ұсыну Жанболат Құрманұлының бөгенайы бөлек жаңалығы деуге болады. Бұлай дейтін себебіміз - аталмыш кітаптың оқырманға айтары бөлек, сезіндірері тереңде, аңғартары  өткен күндердің үлесінде немесе сезімдік әлемнің арғы бет тұңғиық қалтарысында жатыр. Осы тұрғыдан алып айтқанда, ел көзіне елене бермейтін, өзін-өзі дәріптемейтін, төсбелгі мен марапат қағазы үшін алтын-күмісін шашпайтын, атақ-абройға көзсіз ұмтылмайтын тасадағы тарландар мен дарын иелері қаншама деуге болады. Жанболат Құрманұлы әне солардың біреуі. Біреуі болғанда да бірегейі. Қарапайымдылығымен халықтың бата-тілегін алған азамат. Азамат қана емес, ішкі жандүниесінің мәдениеті тектілік суымен суғарылған, айтары бар, ақ жүрек қаламгер. Осы ойымыздың дәлелі ретінде оның мына бір:

Тіршіліктің сан қырлы бұралаңы,
Тәңірдің пак қолымен құралады.
Менің жаным өзгеше дүние емес,
Табиғаттың құйттай құмалағы, –

деген бір шумақ өлеңін қорытынды ретінде көлденең тартсақ та жеткілікті.

Қысқасы, «ақын болу еркіңде, азамат болу борышың» деген секілді қарымды қаламынан аз жазса да саз, тың ой-сезімді оқырмандардың ой-қиялынан шығатындай етіп, өлең өнерімен өру жолын ұстанған Жәкеңнің басқа да қырының, атап айтқанда, әншілік, сазгерлік және атойлап алда жүретін асаба-шешендік қырларының да бар екендігін оны танитындардың бәрі біледі. Осындай «сегіз қырлы бір сырлы» азаматтың елу тоғызды еңсертіп, алпысқа адымдай басып келе жатқандығы оны өткен өмірінен ағайын-достары мен ел-жұртына есеп беруге және өз өмір-кешірмесінің қысқаша шежіресін тарих бетіне таңбалап қалтыруға итермелеп отырғандығын бірден аңғаруға болады. Өйткені Мұратбек Тоқтағазиннің «Әзілхан Нұршайықовтың мемуарлық шығармалары тек жазушының өз ғұмырының ғана емес, сол тұстағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік ахуалдың, әдеби өмірдің де шежіресі. Оның бәрі жазушының ерінбей-жалықпай дер кезінде қағазға түсіргендігінің арқасында бүгінгі заманға өңі өзгермей жетіп отыр. Қаламгер бұл жағынан да жаңашылдық көрсетеді. Ол қазақ әдебиетіне аяусыз ащы шындықты атқаратын өзгеше әдебиеттерге тән үрдісті әкелді» дегені секілді Жанболат Құрманұлының бұл кітабы да кітап иесінің жарты ғасырлық өмірбаяндық қыры мен сырын, теріскейі мен күнгейін және азаматтық болмысының құпияға толы келбетінің көркем шежіресі деуге болады. Оның қысқа болса да нұсқа естеліктері мен ақындық шабытқа толы, суреткер де образды өлең-жырларының жүйелі түрде қиуласыуы мен ішке бүккен икемді иірімдері және терең шүңеті оқырмандарын өзіне баурай алатындығына зор сенім арта аламыз. Бұл ойымызды зерттеуші Т. Бекниязовтың «мемуарлық шығармада деректілік, нақтылық, көзімен көрген басы-қасында болған адамның баяндауына тән айғақтық, анықтықпен қатар, болған жағдайды сол адамның өз түсінігі, өз пікірі тұрғысынан қарап, өзінше бағалауға да мүмкіндік туады. Сондықтан мемуарлық шығарманың көркемдік қуаттылығы, өміртанытқыштық қасиетін, байқағыштық, алғыр ойлылық сезімталдықпен бірге, жинақтап бейнелеу қабілетіне де тығыз байланысты. Осындай қасиеттердің біте қайнасып, бірін-бірі толықтырып келуі мемуарлық шығарманың мазмұндылығын, көркемдік сапасын арттырады» деген толғамды пікірі де дәлелдей алады. Сондықтан нағыз көркем әдебиеттің еңсесін «Шоу» әдебиеті басып бара жатқан бұл күнде Жанболат Құрманұлының қара сөзбен жазылған шағын-шағын естеліктері мен арнау жырлары және өзіндік қолтаңбасы бар дарынды өлеңдерінің қиыннан қиысқан аталмыш алманағы оқырмандарын өзіне баурай алады деген ойдамыз.

Бекқожа Жылқыбекұлы, 

Филология ғылымдарының кандидаты,
әдебиеттанушы, ақын

Abai.kz

0 пікір