Сәрсенбі, 28 Қаңтар 2026
Естелік 149 0 пікір 28 Қаңтар, 2026 сағат 12:45

Менің апам

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

(естелік)

Балалық шағым бақытты өтті деп ойлаймын. Себебі мен анамның сыртында апамның мейірімін көріп өстім. Біздің үй сұмын түбінде болды. Атам үйі қырда. Күн жылына атам келіп алып кететін. Бұл туралы:

...Бір желіп, бір баяулап,
Көбінесе аяңдап.
Ауылға кеш жетеміз,
Жол үстінде аялдап.
Лақ, қозы маңырап,
Төрт түлігі жамырап.
Төлдеп қойы қоздаған,
Ит үріп, түйе боздаған.
Абыр-сабыр қарбалас,
Қарсы алады кешкі ауыл.
Алып-ұшып жүрегім,
Апамды көру тілегім.
Түсе салып атымнан,
Асығып үйге кіремін.
Ұстап апам қолымнан,
Ай туғандай оңымнан.
Бөленемін бақытқа,
Иіскегенде мойынымнан.
Белінен ұстап тас қыла,
Құшақтаймын қапсыра.
Басты дереу тығамын,
Кимешектің астына.
Сүт иісі шығып апамнан
Шөл қанғандай боламын
Құшағында апамның,
Ұзақ тұрып қаламын.
Естілгенде босаймын,
Жөткіргені атамның.
Апам мені қорғайды,
Тиіскендер болса оңбайды.
Сотқарлық жасап қойсам да,
Бәрібір мені қолдайды.
Менің көрпе, жастығым,
Жинаулы бөлек тұрады.
Басқа кірден оны апам,
Әрқашан бөлек жуады.
Кеспе көжесі апамның,
Күш қосқандай күшіме.
Қараша үйі атамның,
Кіреді жиі түсіме.
Ешбір күндер жетпейді
Сондағы күннің біріне!

Осылайша жазғы маусым үлкен үйдегі оншақты баламен бірге өтетін. Өмірімде апамның қол қусырып6 бос отырғанын көрмеппін. Таң атқаннан кеш батып, ел орынға отырғанша ішкі-сыртқы барлық шаруа сол кісінің мойнында болатын. Таңертең киіз үйдің түндігін ашып, күл шығарып, от жағып, шай қайнатып, қойға баратын ағаларымның біріне ас-суын әзірлеп, малды өріске айдап, сиыр сауып, бізді тұрғызып, шайымызды беріп, отын-тезек теруге жіберіп, тыным таппайтын. Тіпті жайлауда отырғанда түнде қорадағы қой үріксе апам сыртқа шығып айғайлап, кейде гүрс еткізіп мылтық атып ит-құсты үркітіп жүретін. Мұндайда төр алдында жатқан біз қорыққанымыздан бүрісіп бір-бірімізге тығыла түсетінбіз.

Ал қыста не көктемде барғанда біздің шамамыз жетпеген отынды апам балтамен өзі жарып, ұсатып тастайтын. Тау бөктерінен таза қар не мұз ойып әкеліп ерітіп шай қайнататын. Ал ас дайын болғанда төрге жайылған дастарханды жағалай отырған біз, атамыз келіп малдас құрып отырып, астан ауыз тигенше тамаққа қол созбайтынбыз. Алда-жалда біреуіміздің созылған қолымызды апам көрсе: «Тәйт, көргенсіз болма», - деп тиып тастаушы еді. Атам «Биссимилла» деп астан ауыз тиісімен бізде жамырай тамақ жеуге кірісетінбіз.

Иә, апамның тағдыры өте ауыр болды. Жастайынан ата-анасынан айырылып тұл жетім қалған қыз бала өзінен жиырма неше жас үлкен бес баланың әкесі атама тұрмысқа шығып соларды өсіріп, ер жеткізді. Апамның қалай атама келгені жөнінде әкем өз естелігінде:

...Соғысқа байланысты Сәбет елінің шекарасы жабылғандықтан Алматыға оқуға кете алмаған Бықия, Галчиг, Мусахан төрт бала Өлгейге қайтып келдік. Аймақтың оқу бөлімі мектептерде мұғалім жетіспей жатқандығын айтып, Бықияны Баянуурға, Галчиг екемізді Дэлунге, Мусаханды Уланхус сұмынына мұғалімдікке жіберді. Біз Дэлунге келгенде екінші тоқсанның сабағы басталып кеткен еді. Маған тиген екінші сыныпқа Шәшу деген қыз бала келмегені белгілі болды. Мектеп зәкірілі:

«Баланы тауып алып кел», - деген тапсырма берді. Біреуден ат сұрап мініп, Шәшуді іздеуге аттандым. Ауылға жақындағанда өзен жағалап жүрген екі адамды көріп жөн сұрамаққа қастарына келдім. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан», дегендей іздеген оқушым мен сол қыздың бойжеткен әпекесі екен. Мен өзімді таныстырғаннан бастап оқушы қыз жылай бастады. Аздан соң оған қосылып үлкен қызда жылап былай деді: «Біз екеуіміз апалы-сіңілі қыздармыз. Әке-шешеміз бірдей қайтыс болған соң, екі кісінің қолына өскенбіз. Сол үйлердің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жайымыз бар. Киіміміз жыртық, қарнымыз аш, сөйте тұра бір-бірімізді көрмесек сағынамыз», - деп сөзінің артын айта алмай еңіреді. Менің де шешем жоқ жетімдігім есіме түсіп қосылып жыладым. Еңіреп тұрған мені үлкен қыз уатқанда есімді жыйдым.

- Сен нешедесің? - дедім.

- Жиырмадан астым, - деді ол.

- Тұрмысқа неге шықпайсың, біреудің етегінен ұстап сіңіліңді қолыңа алмайсың ба?

- Әттең, бала-ай, мені кім ала қояды дейсің, отыздан асқан жігіттерді «Эсэргүү» деп ұстап әкетті. Ал қалған жастар шерікке тартып кетті, міне сегіз жылға айналды, қай-қайсысынан да хабар жоқ. Олар кеткендегі он жасар қыз қазір тұрмысқа шығатын жасқа келді. Шеріктен келген жігіттер соларды алып жатыр.

Қазір екінің бірі жас қыздарды «Кішілікке» (тоқал) алады, қайсы бірі-бірін тастап бірін алады. Мен секілді тұлдыр жетім әрі кедей қыз кімге керек дейсің»!?...

- Әпеке, көңіліңе алма, мен де жетіммін, бесінші класқа оқуға кеткенде шешем қайтыс болыпты. Өзімнен кейін бір қарындас, екі інім бар. Мен сабақта, сыртта жүрмін. Сол екеуі не халде, әкем не күйде деп уайымдаймын, - дей келіп:

- «Сіңіліңіз екеуіңіз екі жарты екенсіз, әкем екеуіміз екі жартымыз, қазақта: «Екі жарты қосылса бір бүтін болады» деген мәтел бар. Ендеше біз біріксек неге бір бүтін болмасқа! Маған шеше болуға қалай қарайсыз?!» - дедім.

Қыз көзінің жасын сүртіп отырыңқырап қалды. Мен тақауырлаған соң әлден кейін: «Әкең нешеде?» деді. Мен: «Қырықтан асты», - деп жауап бердім. Сосын: «Әкең саған бағына ма, сен әкеңе бағынасың ба?» - деп сұрады. Мен: «Бағыну дегенді білмеймін, мен әкемнің сөзін екі етпеймін, ал менің айтқан орынды тілегімді әкем орындайды», - дедім. «Әкеңді жібер, ол кісі ұйғарып жатса мен саған «шеше» болып жетімшілік көрсетпеспін», - деп уәдесін беріп, Шәшуді міңгестіріп аттандырып салды. Ұзамай Бұлғыннан әкем келіп «шешемді» алып қайтты.

Иә, «Жазмыштан озмыш жоқ», - деген осы да. Арман болған Алматыға оқуға бара алмасам да, тағдыр жазып, анамның ойсырап қалған орнын басқан «шешемді» таптым. Сол кісі менен бірнеше жас қана үлкен болса да мені:

«Тұңғыш ұлым» деп, ал мен елу жыл бойы «шешем» деп өттім. Әкем шаңырағының жабылып қалған түндігі қайта ашылып, түтіні тік ұшты. «Ағалаған» іні-қарындастарым бірінен кейін бірі дүниеге келіп, бәрі өсіп-ержетіп, қазір әрқайсысы немере-шөбере сүйіп бір-бір әулет болғанын көріп отырып Аллаға мың шүкіршілік етемін. Шешем ауылымыздың ғана емес, бір әулеттің, елдің анасы болды».

Әкемнің өзінен кейінгі қарындасы Дамай апайымыз: «Біз кішкентаймыз, апамыздан айырылып кедейлікпен жетімдіктің зардабын тартып жүргенімізде «Атаң апа әкеле жатыр», - дегенді естіп, алдынан «апалап» жүгіріп шыққан бізді жап-жас ақсары қыз атынан секіріп түсіп: «Иә, мен сендердің апаларыңмын, тозып кетіпсіңдер ғой, құлындарым», - деп құшағына алып, үйге кірісімен суға түсіріп, киіндірген еді, сонан кейін біз жетімдікті сезінген жоқпыз анамызға екі дүниеде де разымын», - деп өмірден өтерінің алдында айтқаны есімде.

Апам өзі он бір құрсақ көтеріп, солардың алды енді ержете бастағанда 1971 жылы атам дүние салды. Атам қайтқанда ұлдың кенжесі Дамысы екіде, ал Аманболы алты айға толмаған еді. Солардың әлегімен жүргенде үлкен келіні Тәтем (менің анам) 1979 жылы бақилық болып, артында екі мен он сегіз жас арасында он бала қалды. Апам ешбір ойланбастан шиеттей Дамыс пен Аманболды қарашаңырақтағы келіні Қазыкейге аманаттап, немерелеріне аналарын жоқтатпау үшін біздің үйге келіп кірді. Біздің үйдің балалары үшін апам тек сүйікті асыл әжелері ғана емес, екінші аналары болғаны үшін де қымбат.

Анамның жетісі өткеннен кейін топты баланың үстіне келін болып түсіп оқуымды бітіргенше екі жыл бауырларыма бас көз болған жұбайым Табиғат: «Мен туған жылы біз апамызбен көрші отырыппыз. Анам босанғанда  әлгі апам мені жерден көтеріп алып, шаранамды сыпырып: «Мә, көптен күткен қызың ғой», - деп әжеме ұстатқан екен. Тағдыр деген осы шығар, келін болып босаға аттағанымда бетімді ашып, құшағын жайып қарсы алған да осы апам болды.

Мен кіші дәрігер (бага эмч) болғандықтан үнемі шақыруға кетемін. Кейде түн ортасы ауа, кейде таңға жақын келемін. Сонда апам ұйықтамай күтіп жататын. Орнынан тұрып: «Қарғам шаршап келдің ғой, бір кесе шай ішіп жат, тоңасың», - деп шайын беріп, төсегіме орап-шымқап жатқызып, маңдайымнан иіскеп, мен ұйқықтағанша көз ілмеуші еді»...

1970 жылдардан бастап туған ауылымыздың халқы өсіп, жұмыс табылмағандықтан көптеген отбасылар еліміздің жұмыс күші тапшы ішкері аймақтарына көшу жиіледі. Әкемнің ержеткен інілері де бірінің артынан бірі жұмыс іздеп ішкері жаққа кете бастады. Қара шаңырақта отырған Белекей ағам да отбасымен Төв аймағының Баяндэлгэр қазына шаруашылығына қоныс аударды. Апам ғана үлкен ұлымен немерелеріне қарайлап, әкеміз бас құраған соң ғана артынан кетті.

1982 жылы әйелім босанды. Бұл хабарды естіген апам бір қойдың етін (қалжа) арқалап жол көлікпен жалғыз өзі Ұланбатырға келді. Үйді қалай тауып келгенін өзі де түсіндіріп айта алмады. Менің атымды айтып «балам инженер» деп жүре берген көрінеді. Шөбересінің атын өзі қойып, қырқынан шыққанша бірге болды. Жұмысқа ерте кетіп жай келетінмін. Апам бір қызығы кеш бата тоқ шәйнекті жалғап маған шай қайнатып қояды екен. Қалалы жерде ток көп шығады деп келіні білдірмей үзіп қойса апам жарықтық «Баланың шайы суып қалады» деп қайта жалғап қоятын көрінеді.

1989 жылы Багануур қаласына құрылыс трестісінің бастығы болып бардым. Багануур апамдар отырған Баяндэлгэр шаруашылығына жақын орналасқан еді. Ал қалада әкеміздің өзінен кейінгі інісі Бейісхан ағамыз, інім Кәдірбектер тұратын. Уланбатырдан қарағанда мұнда ауылға, ағайын-туыстың ортасына келгендей әсерде болдық. Қараша айының басында малда отырған Белекей ағам үйіне бардым. Ол жақта киіз үйде қыстай береді. Ас-сулары мол, өздеріне болып тұр. Бірақ мені апамның жағдайы алаңдатты. Әрі соңғы кездері қан-қысымы тұрақтамай жүр екен. Ағама: «Апам жылы пәтерде біздің үйде қыстасын, әрі дәрігерге жақын, киіз үйде жайы келмес», - деп алып кеттім. Бесінші қабаттағы пәтерге үш қонған апам мен жоқта келініне: «Қызым баламның көңілін қимай келіп едім, тынысым тарылып, қамалып отыра алатын емеспін. Мен қаланың шетіндегі ағаларыңның жер үйіне барып қыстайын, хабарласып келіп тұрасыңдар ғой», - деп Бейісхан ағамыздың үйіне кетіп қалыпты.

1991 жылдың көктемі шыға көш басталып, Баганурдағы қазақтар жаппай Қазақстанға көше бастады. Ақыры бізде ақылдаса келіп Павлодар өңіріне баруға келісіп, жұмыс-шаруадан қолым тимейтіндіктен көшетін ағайын-туыстың құжаттарын реттеуді інім Тегісбайға тапсырдым. Ол басқалармен бірге бізге қарасты отыздай үйдің құжаттарын дайындап, вагонға билет алу жұмыстарымен күндіз-түні қалаға шақпылап жүріп жатты. Бірде Тегіс: «Шекараға дейін жалдап алған екі вагонға біздің отыз үйге қоса тағы елу үш үйдің адамы отыратын болды. Себебі Баянауылға баратын жүз алпыс үйді екі вагонмен екі рет алып жүруден басқа мүмкіндік болмады», - деп келді. Мен оған көп мән бере қойған жоқ едім...

Вокзалға келіп адам сыймай жарты сағаттай бөгеліп жүретіндерді бірінің үстіне бірін артқандай болып Дарханға таяған кез еді. Біреу жүгіріп келіп: «Ана вагонда бір апа құлап қалды, бір кісі пышақпен біреуді бауыздағалы жатыр»-деді. Мен иін-тірескен адамның арасынан қысыла жүріп жетсем апамның басын біреу сүйеп отыр. Бейіс ағам біреудің кеңірдегіне пышағын тақап алған орып жібергелі тұр. «Ойбай аға не болды», - десем: «Мыналар сені өлтіреміз» деп жатыр», - дейді. «Неге қоя беріңіз», - деп әлгі жігітті босатып алсақ мәселе былай болған екен. Пойызға сыймаған жұрт: «Мұның бәрін істеп жүрген анау Мұхит деген екен. Соның әкесін танытып, өлтіріп, пойыздан лақтырып жіберейік», - десіп даурыққан ғой. Оны естіген апам сол жерде талып жығылады. Ал өзі қызулау ағам әлгі сөзді айтқан жігітті жалманынан түсіріп, бауыздамақ болып жатқан беті екен. Жолда бірнеше қонып Баянауылға да жеттік.

Біз Баянауылдың Жаяу-Муса ауылында, ал апамдар қазіргі Жұмат Шанин ауылына қарайтын Ақтай деген қыстақта тұрды. Ел-жерге енді үйренісіп келе жатқан 1994 жылдың жазында сауып отырған екі сиырдың бірі ауырып, пышаққа ілінеді. Апам жасы келіп қалса да қол қусырып үйде отыра алмайтын әдетімен балаларына көмектесіп жүріп, жерден сиырдың бір санын көтеріп алмақ болып басы айналып жығылып қалады...

Сөзімді әкемнің мына бір өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көрдім.

Емізген елік сүтін артқы шешем,
Сенбессің өз шешемдей бақты десем.
Сегіз ұл, өзі тапқан екі қыздың,
Өсірді бірін маған теңеместен.
Абақ Керей-Қарақас арғы атасы,
Бұл сөзімнің жоқ шығар еш қатасы.
Әміреқызы Қадиша-Еланасы,
Төрт Секелдің құрметті Сары-Апасы...

Мұхит Жақсылықұлы

Abai.kz

0 пікір