Бейсенбі, 18 Тамыз 2022
Алаң 1399 8 пікір 3 Маусым, 2022 сағат 12:35

Референдумға барамыз ба?

Қазақстан қоғамында 5 маусымдағы жалпыхалықтық референдумға қатысты сұрақ көп: Бұл апыл-ғұпыл саяси науқан елдің болашағына не береді? Конституцияға ұсынылған жартыкеш өзгерістерді референдумға шығармай-ақ, президенттің бастамасымен тиісті заңдарға парламент арқылы енгізуге болмас па еді? Асығыс референдумның астарында қандай мақсат бар?

Ең басты сұрақ – бұл саяси plebiscitum (плебисцит) үшін дауыс береміз бе, әлде оған бойкот жариялаймыз ба?

Шынын айту керек, соңғы сұраққа қатысты қоғамда біржақты ұстаным жоқ. Бойкот жариялау турасында немесе дауыс беруге бармау керек деген жеке дара ұйымдар мен бірлі-жарым танымал тұлғаның кекіліктің тезегіндей тентіреп түскен пікірі болмаса, қазақ қоғамы ала-құла ойда отыр. Қоғамды бірегей ұстанымға шақырған, ел-жұрт таныған саяси күш тағы да жоқ.

Турасын айтқанда, референдум ұмар-жұмар жарияланғаннан бергі бір айдың ішінде көпшілік көңіл қоярлық ұстаным топшылап, бір шешімнің төңірегіне буынып-түйініп аларлықтай уақыт та болмады. Референдум «аттың – жалында, түйенің – қомында» асығыс-үсігіс өтпек. Президент Тоқаевты қай «жау қуып» келе жатқаны және белгісіз. Егер дауыс беруге ұсынылған жобаны екі-үш ай уақыт көлемінде қоғамдық талқыға салса, референдумның «жаны шығып» кетпес еді...

Сонымен, «аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, назарбаевтық нақұрыс режимінен қалған әдеттегі қулық-сұмдыққа толы қитұрқы қисапқа «ішін тартып» үйренген қазақ қоғамы кезекті ойынның осылар тұсын аңдып отыр. Референдум үшбаққа жеткізеді деген алақай да, құрдымға құлаудан қорыққан қаймығу да жоқ. Қысқасы, бұл саяси науқанға қатысты халықтың көңіл-күйі теңізшінің тілінде – толық штиль.

Сондықтан биліктің бірбеткей жарнамасынан жалыққан самарқау халыққа дауыс беруге бар/барманың бірін кесіп айтудың өзі оқыс. Сөзін ел елең қылар саясаткерге қайдағы бір референдум үшін «қосановшылықты» қайталау – саяси қазамен пара-пар.

Дегенмен осы референдумға дауыс беруге мен барам ба?

Барамын!

Біздің жақтың қазағы айтпақшы, «қатыным ұл тапқандай» қуанышты нәтиже күтпесем де, «үмітсіз – шайтанның» кебімен барам. Соңы қырғынға ұласқан қаңтардағы қапылыс дүрбелеңнен кейін қайтадан «ұйқыға кеткен» қоғам енді қайтып қопарыла қоюы қиын екенін білгендіктен барам. Елді өзгеріске бастайтын басқадай балама әрекеттің амал-айласы тапшы болғандықтан, баруға тура келеді.

Себебі – қалай болғанда да, бүгінгі қазақ қоғамында жалғыз ғана легитимді билік институты қалды. Ол – президенттік институт. Басқасын назарбаевтық режим әлдеқашан тұншықтырып тастаған. Парламент президенттік билікке баланс болуы тиіс дейтін емес: ол әлдеқашан дәл сол президенттің нотариалдық кеңсесіне айналған. «Сен тимесең, мен тимен – бадырақ көз» депутаттар корпусынан қайыр жоқ.

Суперпрезиденттік биліктің біразын парламентке «бөліп берем» деген Тоқаев мырзаның уәдесі үрленген желқарын сөз екені конституциялық ұсыныстарда жазылған «өзгерістерден» көрініп тұр. Екінші мерзімге сайланып алмай, жуық жылда билікті «бөліске» салуға Қасекеңнің құлқы бола қоймас...

Әйтсе де, бүгінгі Тоқаев – кешегі Назарбаев емес десек те, қалыптасқан суперпрезиденттік билік жүйесінде езіліп-жаншылған басқа институттардан үміт күту – тасаттықпен жауын шақырғанмен бірдей әурешілік. Елдегі дәл қазіргі саяси жағдайда біз алаң арқылы саяси режимді өзгерте алмасақ (оған әбден көз жетті), қоғамның қолынан келетін әлжуаз мүмкіндікке мойынсұнуға тура келеді.

Ал мыңдаған адам наразылыққа жиналған алаңның арынымен президентті өзгеріске мәжбүр ете алмасақ, онда қолдан келетін мүдделі мүмкіндікті пайдаланудан басқа лаж жоқ. Ол мүмкіндік – өзгерісті президенттің өзімен бірге жасау, президент Тоқаевтың өзін сол өзгеріске мұқтаж ету. Әр жерден бытырап шыққан, бірегей қоғамдық күшке ұласа алмаған, әлсіз әрі бірбеткей қарсылықтан түк шықпасын түйсікке түйген жөн.

Әрине, билік қалғып кетпес үшін қарсылық қозғалыс жалғаса беруі керек; Әрине, бұл референдум фарстың фасоны екенін айтып жүрген адамдардың сөзінде «жан бар»; Әрине, Конституцияға енгізілетін шикіөкпе өзгерістер елдің ертеңін жайнатып жібере алмайды; Әрине, біз бойкот жариялап, дауыс беруге бармасақ та, референдум өтеді; Әрине, 5 маусымнан кейін де таң атады, қаймана қазақтың тіршілігі жалғаса береді...

Бірақ билік тиісті нәтижесін «жасап алатын», конституциялық «өзгерістерді» бекітіп беретін референдумнан кейін не қылмақ керек? Осымен өмір тоқтап қалмайды ғой – арғы күннің, келешектің қамын қалай жасаймыз?

Менің ойым айтады: текетірес ерегесті елдік мәмілеге бұру керек деп. Ол мәмілені бүгінгі Ақорда өз билігін сақтаудың қамымен жасап жүр. Бірақ жасап жүгені – жартыкеш, шалажансар алдарқату. Ал оны елдің қамына қарай қалай бұруға болады?

Тұрған бойы тойынған торпақтай Тоқаев кешелі-бүгін Алматыға келді. Бірақ бұл елдің ішіне етене ену емес. Қаңтарда асыраушысы қаза болған бір үйге бас сұқпай, жұмыс бабымен «қыдырыс жасау» – елге келу емес. Қасекеңнің жағада тұрып, теңіздің суын бақайымен түртіп көргендей әрекеті әлеуметке әупірім бола алмайды.

Ал егер ол қаңтардан кейінгі зығырданы қайнаған қоғамға келуден қаймығып жүрсе, оның жанына баруға біз ниет танытып көрсек ше? Барғанда – биліктен бұйырар лауазым үшін емес, халықпен бірігіп өзгеріс жасаудың қорқынышы жоқ екенін көрсету үшін барар болсақ, қалай болады?

Егер назарбаевтық нойыс ноқтадан құтылғаны рас болса, оның ендігі арқа сүйері – халық болуы тиіс шығар. Басқа планетадан өзін қолдаушы алдыра алмасы аян ғой: өзі билеген халқын жарылқаудан басқа онда қандай мұрат болуы мүмкін?

Оған да, маған да, қалың қазаққа да ортақ осы сұрақтың жетегімен референдумға барып, «иә» деп дауыс берейін деген оймен отырмын. Әрине, менің осы ойыма осқырынып: «Пәлі, Бапидың «желі шығып» кетіпті!» деп, сөздің төркінін түсінбей, жағадан алатын ағайындар арқырап шығарын білем. Бірақ бұл етте оларға менің пайымым пысқыруға тұрмайтын болса, конституциялық профессор-заңгер, академик Майдан аға Сүлейменовтың пікірін (9-бетті қараңыз) қапер қылғаны жөн болар еді (қаз-қалпында):

«...Что будет, если мы дружно проголосуем против? Поправки не пройдут, значит Конституция останется прежней. Это означает, что все привилегии Назарбаева сохранятся, что он останется «Елбасы», что Закон «О Первом Президенте» останется в силе. Все нормы суперпрезидентской республики сохранятся. Этого мы хотим?».

«Я этого не хочу!» - деймін мен дегдар академиктің сұрағына. Бұл референдумнан халыққа басқа пайда болмаса, тым құрығанда, отыз жылғы тажалдан құтылып алайық. Басқасын 5-маусымнан кейін көріп алармыз.

Тоқаев мырза Қазақстанның болашақ жасампаз дамуынан бұрын, өзінің президенттік билігін өл-тіріл сақтаудың сасық айласын армандап жүрмеген болар деген үлбіреген үмітке әлі де алдана тұрғым келеді...

Ермұрат Бапи

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  2776
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 2133
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1799
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2894