Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 4928 7 пікір 3 Маусым, 2022 сағат 12:42

Қорды қор қылатын да, зор қылатын да басшысы

Кеше «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлының қабылдауында болып, бір сағаттан артық әңгімелестім. Мен білгенде дүниежүзіне шашырап кеткен қандастарын өз отанына көшіріп алумен тікелей айналысатын үш-төрт қана мемлекет бар. Олар – Израиль, Германия, Ресей және Қазақстан.

Ал, осы елдердің үшеуі шеттегі қандастарын көшіріп алу және оларға қамақорлық жасау қызметін арнайы Қор арқылы жүзеге асырады. Ол – Израиль мен Германия.

Израиль мен Германияның көші-қон қорларының құрылғанына ғасырдан асты.

Дәл сондай қор, Құдайға шүкір, біздің Қазақстанда да бар. «Отандастар қоры» КеАҚ. Бес жыл бойы табанымыздан тесіліп жүріп зорға құрғызған болатынбыз. 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Міне, сол «Отандастар қоры» КеАҚ-на жақында Абзал Сапарбекұлы деген жігіт Президент болып тағайындалды.

Абзал Сапарбекұлы – кәсіби дипломат, шетелдерде елшілік қызмет атқарған, қазақша айтқанда, жер аралап, ел таныған азамат. Өзі Жуалының тумасы.

Жуалы дегенде, біздің есімізге бірден Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза аталарымыз түседі.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары Қытайдан Кеңестік Қазақстанға екі жүз мыңнан астам қазақ көшіп келгені белгілі. Сол көштің де өз тұлғалары болған. Қасиетіңнен айналайын Бауыржан бабамыз солардың сорпа бетіне шыққан азаматтарына жылы қабақ танытып, қамқор болғаны туралы әңгіме бар. Жағда Бабалық атамызды үйіне шақырып, үнемі пікірлес, сырлас болғанын біз жақсы білеміз. Тіпті, жалғыз келіні Зейнеп Ахметова апамыз Іленің Текес ауданында туған екен.

Ал, Шераға болса, алыстағы ағайынды көшіріп алу туралы Мәжіліс төрінен, әр сұхбатында айтып отыратынын жұрттың бәрі біледі...

Демек, шекара сыртында қалып, тағдыры қыл үстінде тұрған қазақтарды Атажұртына оралтуға арналған бір, бір емес, бірегей ұйымның басына сол текті аталарымыз шыққан ауылдың баласы Абзал Сапарбекұлы бауырымыздың келгеніне, әрине, қуандым мен. Қуанумен бірге, Әбекеңе жүктелген жүктің өте ауыр екенін, қандастар десе, биліктің соңғы кезде тіксініп, жыландай жиырыла қалатынын ойлап, Әбекеңе бір жағынан аянышпен қарағанымды да жасырмаймын. Бұл темаға әлтәмән қайта оралатын боламыз.

Өздеріңіз білесіздер, «Отандастар қоры» КеАҚ құрылғанға дейін, шеттегі қандастарымызбен «мәдени», «рухани» байланыс жасау қызметін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы атқарып келді.

Дау жоқ, Қауымдастыққа Қалдарбек Найманбаев төрағалық еткен жылдары бұл жұмыс өте жоғары деңгейде жүргізілді.

Оның үстіне, марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыздың алыс-жақын шетелдерде «Кіші құрылтайлар» өткізу бастамасын кезінде жұрттың басым көп бөлігі қолдады. Себебі, Қазақстанның тәуелсіздігін жаңадан алып, енді-енді дербес ел болып жатқан кезі. Кеңес үкіметі кезінде барыс-келіс тек есеппен ғана болып келді. Кейбір мемлекеттермен тіпті байланыс болмаған. Тағы бір жағынан, Қазақстанда бүгінгідей интернет жүейсі жоқ. Сол үшін жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр басып, қазақ бар жердің бәрін аралап, байланыс орнатуға тура келді.

Ал, Талғат Мамашев төрағалық еткен кезден бастап шеттегі қазақтар қоныстанған өңірлер, әсіресе Европа мемлекеттері Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының жылда барып дем алып, сайрандап қайтатын гурортына айналды. Зауытбек Тұрысбеков та осы ізбен кетті. Мысалы, өткен жылы Түркияда өтетін екі-ақ күндік шараға Қауымдастық басшылары мен қосшылары он бес күннен астам бұрын барып, ырғалып-жырғалып, серуендеп қайтты...

Ал, қазір дүние өзгерді, қоғам жаңғырды. Байланыс барып-келуге қарап тұрған жоқ, ғаламтор арқылы адамзат баласы жердің астын да, көктің үстінде көріп отыратын жағдайға жетті. Сол қатарда біздің қазақтар да бар. Сіздің жылына бір рет барып «Кіші құрылтай» өткізуіңізбен Европа мемлекеттеріндегі қазақтардың ұлттық салт-санасын, әдет-ғұрпын, тілін сақтап қаламыз деу, ақылды адамның тірлігі емес...

Демек, «Отандастар қоры» КеАҚ ескі сарынды доғарып, жаңа Қазақстанға сай, қызмет тәртібін түбегейлі өзгертуі керек!

Үкіметтен бөлінген миллиардтаған қаржыны «Кіші құрылтайлармен» «игеретін» әдеттен арылып, анау Израиль мен Германияның үлгісімен жұмыс істеуге көшуі тиіс.

Атажұртқа көшіп келген әрбір қандасымызға «Отандастар қоры» КеАҚ тарапынан «Ерулік» деген атпен, ең кемінде, 500 мың, болып жатса, тіпті 1 000 000 теңгеден ақша ұсынып отыратын жүйе қалыптастыратын уақыт келді. Әйтпесе, оның несі Қор?!

«Отандастар қоры» КеАҚ-ның қаржылық әлеуетін көтеру үшін ауқатты азаматтардың табысының 0.1%-ін Қорға аударту туралы ұсыныс жасаса, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы оған қарсы болмайды, қайта қодап беретініне мен сенімдімін.

Сөйтіп, «Отандастар қоры» КеАҚ-ның әлеуетін шеттегі қазақтарды кезек-кезегімен кезең-кезеңге бөліп, ауыл-ауылымен көшіріп алатын халге жеткізу – басты мақсат етіліп қойылуы тиіс.

Мұндай көмек алыстағы ағайынның Қазақстанға көшуіне айтарлықтай әсер ететіні, көп-көрім көмек болатыны сөзсіз. Сонымен бірге, «Отандастар қоры» КеАҚ-ның да, Қазақстанның да беделін көтеретіні сөзсіз.

Мен «Кіші құрылтайға» мүлдем қарсы емеспін. Жоғарыда айтқанымдай, Үкіметтен бөлінген миллиардтаған ақшаны тек «Кіші құрылтайлармен», доп тебумен, пайдасы жоқ формдар өткізумен «игеруге» қарсымын.

«Кіші құрылтайды» аса керек болған жағдайда ғана өткізген дұрыс деп санаймын. Бұл – бір.

Екіншіден, қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін арнайы айқындалған өңірлер бар. Ол өңірлер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 қаулысымен бекітілген.

Бұл жобаға да мемлекет есебінен миллиардтаған қаржы бөлініп келеді. Өкінішке орай, нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Көшіп барғандардың бір бөлімі қайта көшіп кетіп жатыр. Қоныстанып қалғандардың тұрмысы оңылып кеткендері де жоқтың қасы. Сапасыз салынған үйлер үшін бір-екі ауданның әкімі қызметтен алынғанымен, схема сол беті әлі ысқырып тұр. Асанның орнына Үсен келіп, жұмыс баяғыдай жалғасуда...

Ендеше, осы жоба қызметінің не үшін өз деңгейінде жүрмей жатқанын ашыққа шығару үшін, асты-үстін төңкеріп тексеретін комиссия керек. Ол комиссия тәжірибелі мамандардан жасақталуы керек. Олар қатысты органдардың қызмет өтеу тәртібін, заңдар мен нормативтік құжаттардың тиімсіз тұстарын анықтауы, оны өзгерту туралы Үкіметке өтініш жасауы керек... Осы керектердің бәрін басқа емес, «Отандастар қоры» КеАҚ қаржы бөліп, атқаруы керек!

Сөйтіп, қоныс аударушылар мен көшіп келушілер үшін ауыл шаруашылығымен, шағын-орта кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарға арналған әкімдердің жер, баспана, өсімсіз несиені қамтыған жеңілдік пакеті дайын тұруы керек. Ол жеңілдік пакеті Заңмен бекітілген болуы тиіс... Бұл – екі.

Үшінші, шеттегі қазақтармен байланыс дегенде, сол байланыстан үнемі тыс қалып келе жатқан Қытайдағы қандастарымыз туралы енді тездетіп іске кіріспесек, болмайды!

Соңғы бес-алты жылдың көлемінде Үкімет олардың өлі-тірісін де біліп жатқан жоқ. Тек, азаматтық қоғамның, жекелеген қайраткер тұлғалардың күресінің арқасында, Қытайдағы қазақтарға жүргізілген геноцид әлемдік деңгейде көтеріліп, қазір саяси қысымның беті біраз қайтқандай болды.

Жасыратыны жоқ, Қазақ билігі бұл мәселеге ешбір шара қолдана алмады.

Сонымен бірге, Қытайда «Іле қазақ автономиялы облысы» деген ұлттық автономиялы облыс бар. Ол Шыңжаң ұйғыр автономиялы районынан бұрын құрылған. Бұрынғы аты «Іле қазақ автономиялы өлкесі» болтын. Онда, кем дегенде, үш миллионнан астам қазақ тұрады. Тіпті, одан да көп болуы мүмкін. Ертіс пен Іле өзендері осы облыстан, қазақтар отырған өңірлерден бастау алады. Аумалы-төкпелі заманның қара дауылы Қытай билігінің де жанын қылпылдатып тұр. Алдағы болашақта байырғы қазақ жеріне құрылған осы облыс пен онда қоныстанған қазақтардың тағдыры не болады?!

Бұл мәселе туралы өз ойымызды айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына 2020 және 2021 жылы екі рет хат жазып, сол кездегі Президент кеңесшісі (кейін көмекшісі) Ерлан Қарин арқылы жолдағамыз.

Ол хатымыз Иесіне жетті ме, жоқ па, білмеймін...

Кешегі кездесуде бұл тақырыпқа да арнайы тоқталып, өз ұсынысымызды айттық, қағазға жазып тапсырдық...

Қысқасы, «Отандастар қоры» КеАҚ-ның жаңа басшысы Абзал Сапарбекұлы мырзамен кездесуде осындай тақырыптарда әңгімелер айттық, ұсыныстарымыздың бір парасын қағазға жазып, қолымызды қойып, ұсындық.

Біз пақырың айтуын айтамыз-ау. Бірақ, анау жақта отырған Ерлан Қарин, Аида Балаева деген «шынжыр балақ, шыбар төстер» Абзал Сапарбекұлының біз талап еткен жолмен көсіліп жұмыс істеуіне жол қоя қояр ма екен деші?!

Жоқ, Үкімет бөлген ақшаны бұрынғы тәртіппен игер, шеттегі қазақтарға доп тепкіз, формдар өткіз, концерттер ұйымдастыр, әйтеу қандастарды шулатпсаң болды дей ме?!

Бұл – өте үлкен сұрақ!

Қорды қор қылатын да, зор қылатын да, әрине, басшысы!

Әй, қайдам!

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бір отырысын Қазақ көшіне арнауға және Конституцияның жаңа жобасына алыста қалып бара жатқан алты миллион қазақ үшін алты сөйлем сөз қосуға жарамаған сол «Бас идеологтың» Абзал Сапарбекұлына екі тізгін, бір шылбырды ұстатып, Израиль мен Германия қорларының деңгейде жұмыс істете қояды дегенге өз басым сенбеймін.

Менің Абзал Сапарбекұлы бауырыма бір жағынан аянышпен қараған, жаным ашыған себебім – осы!

Егер, ескі сүрдекпен кететін болса, құрметті Әбекең де Талғат Мамашев пен Зауытбек Тұрысбековтың аяғын құшып, қасықтап жиған абыройын шелектеп төгіп алуы әбден мүмкін!

Бұл – менің «жылатып айтқан» достық сөзім.

Құдай оның бетін ары қылсын деп тілеймін мен!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051