Бейсенбі, 26 Ақпан 2026
Елім-ай 259 0 пікір 26 Ақпан, 2026 сағат 13:17

Қандастарды Газа халқы секілді еңіретіп қойдық!

Суреттер: abai.kz, primeminister.kz сайттарынан алынды.

ЕГЕР, ҮКІМЕТ ӨЗ ҚАНДАСТАРЫНА ҚОЙҒАН БҰЛ ТАЛАПТЫ РЕСЕЙ МЕН БЕЛОРУС АЗАМАТТАРЫНА ДА ҚОЙСА, МЕН СІЗГЕ БҰЛ ХАТТЫ ЖАЗБАС ЕДІМ!

Қазақстан Республикасының
                 Премьер-министрі
О.А. Бектенов мырзаға!

Айналайын Олжас бауырым! 

«Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы бірлескен бұйрық онсыз да құжаттанудың қиындығынан қалтылдап әрең тұрған қандастар көшін одан ары жарға жықты. Әсіресе, Қытайдан оралған этникалық қазақтарды.

Бірінші, кесіп айтайын, «Шығу парағы» мен «Соттылығының бар не жоқ екені» туралы анықтаманы Қытай тарабы басын кесіп алсаңыз да бермейді.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ақымақ емес қой, бұндай құжаттарды талап етуді Қытайдан оралған қандастардан 2017 жылы алдырып тастаған болатын.

Мысалы,  Шетелге қоныстанған ҚХР азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап, ҚХР-дың азаматтығынан автоматты түрде шыққан болып есептеледі.

Сондықтан, «Шығу парағын» Қытай тарабы бермейді.

Ал, «Соттылығының бар не жоқ екені» туралы анықтамаға келсек, мұндай анықтаманы Қытай Үкіметі өз ішіндегі азаматтарына да бермейді.

Себебі, қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар азаматтардың орны – түрме!

Қағазбастылықтың алдын алу үшін Қытай Үкіметі 2015 жылы 18 анықтаманы талап етуді шектеген. Соның 14-шісі – осы «Соттылық» туралы анықтама.

Бұл туралы біздің Сыртқы істер министрлігі кезінде Қытай тарабынан арнайы сұрау салып, аталған анықтаманы Қытай тарабының шетелге шығатын азаматтарына бермейтінін анықтаған. Соның көшірмесін осы хатқа тіркеп, Сізге жібердім.

Егер, маған сенбесеңіз, Өзіңіз сұрау салып, қайталай анықтап көрсеңіз болады. Бұл – бір.

Тағы бір әдіс, егер, Қытайдан оралған азаматтар күдік тудырған жағдайда, бүкіл елді әбігерге салмай, сондай күдік тудырған адамдар туралы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 6 қазандағы заңы аясында Қытай тарапына сұрау салып анықтауларыңызға болады ғой...

Екінші, «Қандас мәртебесін беру» қағидалары туралы.

Қоныстану өңірлері – Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес анықталған өңірлерге барған этникалық қазақтарға ғана Қандас мәртебесін беріп, өңірлік шектеу қою – Ата Заңға қайшы!

Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, ҚҰҚЫҚТЫҚ және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Ұлы көшті ретке салам деп, Қазақстанның ҚҰҚЫҚТЫҚ мемлекет екенін ұмытып қалуға болмайды!

Қазақстанға оралған этникалық қазақтарға өңірлік шектеу қою - Қазақстан Республикасының Конституциясы 21-бабының 1 тармағындағы «Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.» деген нормаға мүлде қайшы!

Өңірлік шектеу қою – олардың еркін жүріп-тұру және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алу құқығын шектейді!

Үшінші, енді аталған бірлескен бұйрыққа сай, Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға, оның ішінде қандас мәртебесін алу үшін көшіп келушілерге қазақ тілін білуін анықтауға арналған ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 23 қыркүйектегі №458 бұйрығымен бекітілген «ҚАЗТЕСТ» қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша қағидаларына (бұдан әрі – ҚАЗТЕСТ қағидалары) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35109 нөмірімен тіркелген) сәйкес ҚАЗТЕСТ цифрлық жүйесі арқылы онлайн форматта өткізіледі екен.

Қасиетіңе бас Олжеке!        

Қасым-Жомарт аға құрлықтың арғы бетіне АҚШ Президенті Трамптың арнайы шақыруымен барып, күйреген Газа аймағы мен өзге өңірлерді азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге; палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуге; электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісуге; Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр екенін мәлімдеп, соғыстан күйреген елдерді жарылқағалы жатыр.

Бұл нағыз адамгершіліктің, имандылықтың және биік парасаттылықтың белгісі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайды аузынан тастамай, әр Жолдауына, әр сөйлеген тарихи сөзінде айтып келеді.

Сол Абай айтады, «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті…» деп…

Демек, Қасекеңнің Газа аймағы мен өзге де өңір халқына жасағалы отырған бұл жақсылығы – Абай айтқан «Адамзаттың бәрін сүй бауырым дептің» белгісі!

Дәл осы қарсаңда Сіз басқарып отырған Қазақ Үкіметі мынадай қатаң бұйрық шығартып, өзінің туған халқын – қандастарын сол Газа халқы секілді жылатып-еңіретіп қойғаны – ұят-ақ болды.

Президент көші-қонды реттеңдер деп тапсырма берген шығар, бірақ дәл осылай жасаңдар демегені анық. Үкіметтің тым аса шауып кеткені көрініп тұр.

Өкінішті!

Егер, Үкімет осы талапты қандас мәртебесін алу үшін көшіп келушілермен қатар, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар адамдарға да, нақтылап айтсам, Ресей мен Белорус азаматтарына да қойса, мен Сізге бұл хатты жазбас едім!

Өзінің қазағына қойған бұл талапты, Үкімет жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы өтініш жасаған орыстар мен беларустарға қоя алмай, қор болып отырған – жанымызға аяздай батты.

Сенесіз бе, біз намыстан жарылудың, ұяттан өртенудің аз-ақ алдында тұрмыз!

Бұл – Әділетті Қазақстанға жараспайтын масқара тірлік!

Құрметті Олжас Абайұлы!

Мен сөзді ұзартып, басыңызды қатырмай-ақ қояйын, министрлеріңізге айтыңыз, мынадай масқара тірлікті доғарсын! Айналадағы көрші Елдерден ҰЯТ болады!

Себебі, аталған бірлескен бұйрық, жоғарыда айтқанымдай,

Бірінші, Атажұртына оралған этникалық қазақтардың конституциялық құқығын шектейді;

Екінші, отбасылардың бөлін-жарылуын келтіріп шығарады;

Үшінші, балалар құқығына байланысты конвенциялардың бұзылуына апарып соқтырады…

Қысқасы, бұл бірлескен бұйрықтың көші-қон саласын реттеуден гөрі, Елге оралған бауырларымыздың құжаттану процессін барынша қиындатуға, сөйтіп Ұлы көшті тоқтатуға бағытталғаны көрініп қалды!

Сондықтан, мына бірлескен бұйрықтың күшін жоюға пәрмен беріңіз!

Министрлер мен Орынбасарларыңыздың ештеңесі кетпейді, Президентті ұятқа қалдырасыз, Өзіңіз де ыңғайсыз жағдайда тап боласыз...

Егер, қандастарды шынымен Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандырғыңыз келсе, оларды ол облыстарға мынадай құқығын шектеу жолымен емес, ынталандыру жолымен тартыңыз.

Ол үшін, бағдарламаңыз дұрыс болуы керек!

Егер, қаласаңыз, мен Сізге көмектесуге дайынмын!

Мені жеке қабылдаңыз!!

Мен Сізге қандастарыңыз: «Мен барам, мен барам!» деп таласатын, есігіңізді тоздыратын, телефоныңызға тыным бермейтін мынауский бағдарлама жасап берем...

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері   

Abai.kz

0 пікір