Жұма, 29 Наурыз 2024
Қауіп еткеннен айтамын 3831 9 пікір 7 Маусым, 2022 сағат 12:46

Халықты алдап ақша тапқыштарға тыйым бар ма?

Бүгіндері қазақ секілді ақ көңіл де аңқау халықты ашықтан-ашық алдап, сол арқылы ақша табуды үлкен бизнес көзіне айналдырғандар қаптап кеткен секілді. Бұл қазір оңай баюдың таптырмас көзіне айналғандығы анық байқалады. Мұндай жеңіл жолмен ақша тапқыштар халықтың осал жерін дәл тапқан тәрізді.

Мәселен, қазіргі таңда елімізде медицина саласының мүлдем ақсап жатқандығы, дәрігерлердің біліктілігінің тым төмендеп кеткендігі, дәрі-дәрмек атаулының бағасының мүлдем құлдырап кеткендігі ешкімге де құпия емес.

Мінекей осыны әлдеқашан сезген неше түрлі пысықайлар әлдебір дәрінің атын атап, оның барлық ауруларға да ем екендігін күндіз-түні құлаққа құйып, оны амалсыз алуға мәжбүр етеді. Бұл әсіресе, әлеуметтік желіде қатты дамыған. Қазір фейсбук пен инстаграмды ашып қалсаңыз, осындай керемет дәрісымақтардан көз ашпайсыз. Олардың барлығы да бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, «мұндай ғажайып дәріні сіздер ешбір дәріханадан таба алмайсыздар. Өйткені олар бұларды алып, сатса, өзге дәрі-дәрмектері өтпей, банкрот болады» деп күндіз-түні қақсап жатыр.

Бұл енді ашықтан-ашық алдау. Өйткені бұл шынымен қандай да бір ауруды қысқа мерзімде емдеп жіберетін болса, дәріханалар да олардың аяқ-қолын жерге тигізбей, қағып алары сөзсіз. Ау, қыруар пайда әкелетін дүниеден бас тартатындай оларға не көрініпті? Қазіргі біз құрып жатқан капитализмнің басты қағидасы -қайтсеңде пайда табу емес пе? Ендеше, бұлардікі бос әңгіме, халықты шатастыру. Мәселе бұл жерде олардың не қарапайым ғана дәрумендер болғандығында немесе бұлардың ешқайсысы да зертханалық зерттеуден өтпегендігінде. Сондықтан да қандай да дәріханалар бұларды алудан бас тартатындығы анық. Мұның өзі түптеп келгенде қылмыстық іске жататындығы белгілі. Ондайларды, әрине, әлгі «халыққа жанашырлар» мүлдем білмейді емес, жақсы біледі. Сөйте тұра, құлқынын тегін ақша тескен соң, өз бетінше тоқтай алмайды.

Енді олар қандай қулық ойлап тапты десеңізші. Бұлар енді не дүниеден өткен немесе әлі де тірі медицина саласындағы аса ірі дәрігерлердің атын жамылып, солардың еш жерде айтпаған пікірлерін ауыздарына салып, тіпті, суреттерін де салып қояды. Олардың ойынша: «Е, мұны кім байқар дейсің. Мүмкін бірі болмаса, бір алданып қалар» деген сасық қулық.

Мұның бәрі әлеуметтік желіде «Ұлттық кардиохихургия ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы, атақты хируруг Юрий Пяның атына жазылған дүниеден басталды. Онда кардио-хирург Юрий Пя жүрек-қан тамырларынан мүлдем сауықтырып жіберетін, еш жерде жоқ «Кардитонус» деген препаратты жер-көкке сығызбай мақтапты. Содан жұрттың барлығы да Юрий Владимимровичке маза бермейді. Бұдан әбден зәразап болған аталмыш орталықтың ұжымы арнайы мәлімдеме жасап, бұл хабардың мүлдем өтірік екендігі, белгілі дәрігер мұндай жарнамаға ешуақытта қатыспайтындығын айтып, әлгіндей жалақорларды жауапқа тарту жөнінде мәлімдеме жасауға мәжбүр болады. Осындай пәлеқолардан зардап шеккен Пяның отбасы өтірік жарнамаға сенбеуге шақырады.

Юрий Пя

Ақшаға әбден құныққан жандар бұдан айылын жимайды. Қайта өтіріктерін бұдан ары өршіте түседі. Енді олар тіріні қойып, өліге тиіседі. Жалған ақпарат таратушылар өткен жылдың 25-ші шілдесінде короновирустан дүние салған, Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 ауруханасының бас дәрігері, еліміздегі аса білікті дәрігер Иван Лиді осындай дәрілерді насихаттаушылардың біріне айналдырады. Мұны оның баласы Антон Ли көріп қалып, дереу теріске шығаруға кіріседі. «Ұяттан мүлдем безген адамдар менің әкемнің суретін сайттарға салып қойып, күмәнді препараттарды ұсынатындай етіп қойыпты. Бұл - барып тұрған жалған ақпарат. Менің әкем еш уақытта ештеңені де жарнамалаған емес» деп шыр-пыр болып жүр.

Иван Ли

Ақша үшін, тегін пайда үшін мұндай пысықайлар ештеңеден де тайынбайды. Бұлар енді анау-мынауды қойып, елімізге ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал Алмаз Төрегелдіұлы Шарманды өздерінің бас сарапшысы етіпті. Мәселен, олардың «Ваш доктор» деген сайтындағы осы ғалым-дәрігердің аузымен айтылған тақырыбының өзі неге тұрады? «Мүгедектік креслоға таңылмаймын десеңіз, буындарыңыды емдеңіздер» деп, қалың жұртқа жар салады. Сосын беттері еш қызармастан, «Алмаз Төрегелдіұлы буындарды қалай тегін емдеп, жаныңды жай таптырмайтын осы аурудан қалай құтылу керектігін айтып береді» деп, айды аспанға бір-ақ шығарады.

Алмаз Шарман

Сонда бұл биомедицицна және медикодемографиялық зерттеу, халықаралық денсаулық сақтау және ауруханалық басқару саласының маманы, денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі деген дардай атағы бар әрі ғалым, әрі дәрігер қандай дәрі ұсынады дейсіз ғой. Онысы қарапайым ғана дәрумен, тамаққа қосып ішетін белсенді қосымша «Артросет» деген аса күмәнді дүние.

Біріншіден, артроз, артрит деген буын аурулары ешқашан жазылмайтын сырқаттардың қатарына жатады. Дүние жүзінде оларды біржолата құлан-таза жазып шығаратын «ғажайып» дәрілер әлі күнге дейін ойлап табылған жоқ. Бар дәрілерінің өзі бұл ауруларды сәл ғана жеңілдетіп, бірқалыпты ұстап тұруға ғана мүмкіндігі бар. Олар асқынып кетсе, ота жасауға мәжбүр. Қалғандарының бәрі қарапайым халықты ақымақ санап, қалтасын қағу. Және бір ең жаманы, өздері ұсынған дәрісымақтарды «ешқандай дәріханадан таба алмайсыз, өйткені олар мұны сатуға қорқады. Себебі, мұны халық жаппай сатып алса, өздерінің бай табыстарынан айырылады» деген ешбір қисынсыз әрі зиянды «ғылымисымақ» тұжырымдарын ылғи алға тартумен болады. Мұның өзі осындай алаяқтарға сеніп, шынымен күні ертең не мүгедектік креслоға таңылып немесе қиын бір отау жасауға әкеліп соғуы әбден мүмкін екендігі олардың тіпті, ойларына да кіріп шықпайды. Көкейлерін тескен сол қу ақша. Ал осы «Артросет» дегеннің ешбір пайдасы жоқ екендігін сол Ресей ютубтерінде әлдеқашан әшкерелеген.

Біздің бір түсінбейтініміз, осындай жұртқа үлкен қауіп-қатер әкелетін алаяқтарға біздің елде «әй дейтін әже, қой дейтін қожаныңә жоқтығы. Олар қазнетте ойына келгендерін жасап, халықтың басын айналдыруда. Ал біздің тиісті қадағалау органдары аузына құм құйып алғандай, мүлдем үнсіз. Ал сол Ресейде «Роснадзор» деген мекеме бәріне түсінік беріп жатады. Одан қалса,,рунеттегі ютубтарында белгілі-белгілі дәрігерлер шығып, өз кеңестерін беріп, халықты әлгіндей алаяқтардан сақтануға шақырып жатудан жалықтпайды. Қысқасы, оларда халықа жаны ашитын, солардың денсаулығын ойлайтын біраз жұрт бар. Ал бізде бәрі тып-тыныш. Мұны қадағалауға тиісті Денсаулық сақтау министрлігі де үнсіз. Сонда ақшасынан бір, денсаулығынан екі айырылған қаймана қазақтың жайын кім ойлайды? Түбі мұндай жайбарақаттылықтың аяғы ауыр зардаптарға әкеліп соғатыны күмәнсіз. Сонда ғана мүмкін ес жиярмыз. Алайда онымыз тым кеш болып жүрмесін.

Жайберген Болатов

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616