Бейсенбі, 30 Қазан 2025
Білгенге маржан 265 0 пікір 30 Қазан, 2025 сағат 14:14

«Тарғында» толған қазына бар

Сурет: argymaq.kz сайтынан алынды.

Мен ес білген кезімнен бастап нағашы әжем Керуеннің қолында өстім. Оған «әже» деп көргенім жоқ, өле-өлгенше «мама» деп өттім, тек білмейтіндер дұрыс түсінбей қалмасын деп қазір ғана «әже» деп атап-жазып жүрмін.

Әжем екеуміз бір кішкентай ескі үйде тұрдық, телевизор, күйсандық сықылды сауық техникасы болған жоқ, бірақ іш пысу деген мүлде болмайтын. Екеуміз күнде «ханталапай» (асық ойындарының бірі) ойнаймыз, осы асықтың өзі кешті керемет әсермен толтыруға жарайтын еді. Асыққа әбден құмарымыз қанған кезде, «Батырлар жыры»-на кірісеміз, оның өзін қызық оқимыз – әжем отырып алып жырдың «Көбіктіні өлтіретін жерін оқып жіберші», «әлгі Мұңлық пен Зарлықтың зарын оқып жіберші» деп тапсырысты өзі беріп отыратын. Мақтанғандай болмайын, сол кезде анау-мынау жерлерін жатқа судырата беретін едім, қазір бәрі қалды ғой. Бірақ батырлар жырына, жалпы әдебиетке мен сусындатқан алғашқы ұстазым – осы әжем болды. Қазіргі жұмыс орным Халық шығармашылық орталығындағы қызметімде әжем жалған әлемнің көмегі көп тиіп жүр. Биыл 2025 жылы «Ер Тарғын» жырының Петербургте басылып шыққанына (1870, Радлов нұсқасы) 155 жыл толуына орай, фэйсбук парақшамдағы жарияланымдарымнан құралған «Жауды көріп қуанған» атты кітабымның ішінен Тарғын мен Жүніске қатысты эпизодтарын теріп алып, бөлісіп жатырмын.

***

Халқымыздың батырлар жырында эпостың басты кейіпкерінен өзге және онымен терезесі тең батырлар да жүреді. Бүгін мен әңгіме қылғалы отырған «Ер Тарғын» жырындағы Қарт Қожақ та - сондай жан. Кезінде сілтеп қалған, әлі де өзін ешкімнен кеммін деп санамайтын Қожекеңнің сөз саптауы да ерекше. Тарғыны тастап кетіп, егіліп отырған Ақжүніске қартың «Сен неге жылайсың, сен мені қарт деп жылаймысың, жә болмаса, жаман деп жылаймысың? Әкеңнің: «Кім қуып жетіп айырса, сол алсын, егер де өлтірсе — құны жоқ» деген уәдесі бар. Көп жылай берсең, басыңды қылышпенен кесіп, жүре беремін, — деді. — Қарт та болсам, мен жек көретұғын қарт емеспін, ешкімнен де кем емеспін. Сен бүйтіп жылай бергенше, тұр, жылама, басыңдағы бүркеншегіңді ал, өзіңді маған көрсет, басыңды да, бойыңды да, қасың, қабағыңды да. Жарасаң, аламын, егер де бір жерің жарамаса, алмаймын», — деді. Қарт батырдың сөзін қараңыз – «Өзіңді маған көрсет, басыңды да, бойыңды да, қасың, қабағыңды да. Жарасаң, аламын, егер де бір жерің жарамаса, алмаймын» деп қояды! Кеудесі басылмаған бұл Қожекеңнің бұдан да бетер мықты сөзі бар, ол – қолына тиіп тұрған Ақжүністей аруды «Менен озған дәурен екеуіңізге құтты болсын!» деп Тарғынына қайта қосуы. «МЕНЕН ОЗҒАН ДӘУРЕН ЕКЕУІҢІЗГЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!!!» Паһ, шіркін! Не деген сөз! Не деген мәрттік! Бұндай ерлер арамызда әлі бар ма екен?!

***
«Ер Тарғын» эпосының ең бір драмалық көріністерінің бірі - жаудан беті қайтпаған ердің еменнен белі тайып, Ақжүнісімен бірге мүсәпір болып айдалада қалуы. Жырдан хабары бар жұрт Тарғынның тайып кеткен белін қатты ашумен басып қалып қалпына келтіргенін, көп ұзамай атына да мінгенін біледі. Атына мінбестен бұрын оны қаһарына мінгізген, сөйтіп батырды бейшара күйден адам қалпына жеткізген не құдырет? Ақжүністей арудың сөзі мына сөзі емес пе:

... Қарауыл салмай қонған ер!
Шыныңменен тілесең,
Қайда кетті тілегің,
Тәңірің тілек берген ер!
Баданаңды баса бөктеріп,
Жаттан жолдас ертіп,
Еділ, Жайық екі су,
Ерінбей жортып, дүние-ай,
Басы-аяғын көрген ер!
Ерлігіңде шама жоқ,
Ағаштан биік мерт тауып,
Қызметші қара құлдарша
Қорлықпенен өлген ер!
Қай батырдан кем едің,
Өлерде болдың қара жер!

Иә, өз басым «қызметші қара құлдарша қорлықпенен өлген ер...» сынды ашынғанғаннан шыққан сөз батырдың бойындағы сарқыла бастаған қуатқа күрт қозғау салып, аяқ астынан қайрат қылдырды деп білемін. Талай жақсы мен жайсаң, бекзада мен ханзаданы қаламай, тағдырын байлаған батырының дәрменсіз күйіне күйінген Жүністің ащы да ақиқи сөзі тіліп түспегенде, белді орнына қойған оқыс қимыл туар ма еді! Азаматының түрлі қажетін сайлап қана қоймай, сын сағатта осылай қайрап та жіберетін Ақжүністей серігі болмаса Тарғындардың Тарлан болуы да екіталай-ау!

***

Ханзада хан Ер Тарғын батырды бір емес, әлденеше рет алдап қарабет болады емес пе. Сонда хан Сыпыра жыраудың ақылымен ашулы батырдың артынан - Қарасайұлы Көбен, Алшағырұлы Тебен, Өмірұлы Сыбандай сөзі өтетін ерлерді жіберіп Тарғынның бір ашуын тілеп алады. Сыпара жырау батырға "ханның қызын береміз" деп бермей қалған айыбы үшін "... нағыласың бір қызды!" дей отырып қара лашын, қара арғымақ, ақ берен, бес жүз атан, без жүз бие, бес жүз ауыл ұсынады ғой:

Ай, батырым, батырым,
Сөз айтады алдыңда
Сыпыра жырау пақырың.
Ханы, халқың жиылып,
Айтып отыр біздерге.
Құлақ салып тыңдасаң,
Біз айталық сіздерге.
Аруақты туған ер болсаң,
Нағыласың бұл қызды?!
Жас баладай жайдақтап,
Жас тайлақтай ойнақтап,
Шыға берме түздерге!
Мына отырған ханыңыз,
Қимылдаған жаныңыз,
Сый қылады, алыңыз!

Қара лашын береді,
Көлден көлге салсайшы!
Қара арғымақ береді,
Елден елге мінсейші!
Ақ падиша жіберген
Балдағы алтын ақ берен
Мұны сізге береді,
Аш беліңе ілсейші!
Бадана көзді кіреуке
Мұны сізге береді,
Баса келіп кисейші!
Нағыласың бір қызды?
Бес жүз атан береді.

Шағаннан көшсең суытып.
Бес жүз бие береді,
Желеп мұны байлашы!
Нағыласың бір қызды?
Бес жүз ауыл береді,
Өз алдыңа сұлтан боп,
Сүйген жерің жайлашы!
Неше батыр болсаң да,
Алмаймысың бұл сыйды?
Миың болса басыңда,
Айтып тұрмын қасыңда,
Осы жерін бір ойлашы!

Шынында да, Тарғын Ер не қылсын ол қызды! Оны қаһарына мінгізген - берілмей қалған қыз емес, орындалмай қалған сөз ғой! Әлгі бес жүз атан, бес жүз биені ... де Сыпарадай жырауы бар елге деген құрмет-сыйы болғасын, "басында миы болғасын" ғана алды-ау, сірә ...

***

Батырлар жырының ішінде Ақжүністей әдемі сипатталған сұлулар жоқтың-қасы. Жүніс жеңгеміз де комплекстен ада – Қарт Қожаққа бұйырып кетудің сәл алдында тұрып-ақ, өз мақтауын өзі сықитып тұрып жеткізеді. Ол мақтауды бұл жерде келтіріп не қылайын:

«Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де — етім көр!
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де — бетім көр!» – сынды жауһар жолдары бар бұл автопиардың аса бір көркем үлгісін эпостан хабары бар ел-жұрттың бәрі біледі. Несі бар, мақтанса мақтағандай, жас келіншегінің бұл сипаты жайлы ерлі-зайыпты болғанына біраз уақыт болған шақта, белі шойрылып мүсәпір күйде жатқан Тарғын ағамыз былай демей ме:

«...Қолаң шашты, қой көзді,
Алшаңдаған аруым,
Ажарыңды салма көзіме!
Раушан нұрың көргенде,
Өлейін деп жатсам да,
Қай-қайдағым құрсайды!...». Бишара күйге түскен батырдың өзінің «қай-қайдағысын құрсататын» сұлулыққа «паһ шіркін!» демеске амал жоқ!

Сұлулық деген ғажап қой және одан өткен бір ғажап нәрсе - осындай сұлулықтың өзі сол заманның еркегін 10-15 күннен артық жанында матап ұстап тұра алмайды екен (қазір қанша күн екен, өзі?):

«... Тарғын ол қызды алып, сол кеткеннен кетіп, Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайына барды. Он сан ноғайдың он ханы бар еді, сол он ханның ішінде бір Ханзада деген хан бар еді, сол ханның қоластына барып, бір бидің үйіне қонып еді, би мұнан сұрады: «Сіздің атыңыз кім?» — деді.

Сонда Тарғын айтты: «Менің атым Тарғын»,— деді.

Ол би айтты: «Қасыңдағы жолдасың кім?» — деді.

Тарғын айтты: «Жолдасым Ақша ханның қызы Ақжүніс сұлу»,— деді.

Би айтты: «Ақша хан патшаның қызы Ақжүніс сұлу бұл болса, сахараға шығып, жұрт асып жүргені не себепті?» — деді.

Сонда Тарғын айтты: «Мен алып қашып жүрмін»,— деді. Онда би айтты: «Ақжүністей сұлуды алып қашып жүретұғын сен қай Тарғынсың?» — деді. Онда Тарғын айтты: «Олалай ханның торғауыт деген жұртын харап еткен мен»,— деді.

Енді би бұларды өте сыйлады. Сыйлаған себебі: мұның ерлігін есіткені бар еді, соның үшін сыйлады. Онан соң бұл бек Ханзада ханға барып мағлұм қылды. Хан есіткеннен соң, Тарғын менен Ақжүністі шақыртып алып, бір алтын сарайдың ішіне кіргізді де, хан бекке айтты: «Бұл батыр Ақжүністің қасында он күн, он бес күн отырған соң, жұртын, батырларын, мырзаларын, шораларын сағынар. Онан соң бұл дертті болар, іші шерлі болар. Бұл батырға менің қоластымдағы батырларымды, шораларымды аралатып көрсетіп, үйір қыл. Сүйтіп аралатып болған соң, Ақжүністің қасына алып кел. Сонан соң ол мұндағы жақсыларды көріп, таныс болған соң, өз жұртын сағынбас»,— деді. Бәлки, бұл жеңгеміз Ақжүніс болғасын ғана, батырын 10-15 күн бойы басқа ештеңеге алаңдатпауға құдыреті жеткен шығар. Басқаларда бұл мерзім бірнеше күннен аспас па еді?

Сөзді көбейтіп не қылайын, «Ер Тарғын» жыры өзге де ғибраттарымен қоса, «жігіттер, жұбайларыңның қасынан, ошақ басынан шықпай отырып алып жүрмеңдер! Елдің ісін жасаңдар, сонда ғана халқыңа да, қосағыңа да қадірлі һәм тәтті боласыңдар!», - деп тұрғандай. Тарғынды тыңдамайтындай мен кім едім, міне, қолымды былғары күртеме созып жатырмын...

***

Кейбір адамдар бар, кезінде азды-көпті еңбек сіңірген, тіпті оларды – «өз заманының батыры» деуге де болар ма еді. Мысалы, «Ер Тарғын»дағы Қарт Қожақ сияқты. Бірақ, уақыт өткен сайын өздерінің ҚОЖАҚтығы азайып КАРТтығы артып келе жатқанын байқамайды ма, әйтеуір тізгінді қолдан шығаруға жоқ. Бір күні Ақжүніс сынды бір жас қыздан сөз естиді ғой... Сол қыздың Қожақаңа қалай «айтып-айтып тастағанына» бір мезет құлақ түріңіз (паһ, қалай-қалай сөйлейді, өзі!):

«Ай, Қартқожақ, Қартқожақ!
Атыңның басын тарт, Қожақ!
... «Батыр Қожақ мен» дейсің,
Біз сықылды бишара
Жылап тілек еткен соң,
Тілекті бермес болар ма
Сіз сықылды асылдар!
Бес жасыңда, Қарт Қожақ,
Жас шыбықтан жай тарттың,
Жалғыз шиден оқ аттың,
Атқан оғың жоғалттың,
Кәне шыққан мүйізің?
Он жасыңа келгенде,
Қызыл-жасыл киініп,
Қынай белің буынып,
Қызбалықты көрініп,
Бала болдың бір кезек,
Кәне шыққан мүйізің?
Жиырма беске келгенде,
Ақ балтырың түрініп,
Оймақтай аузың бүрініп,
Қарт бурадай қамданып,
Қас батырдай шамданып,
Сыртыңнан дұспан сөз айтса,
Шыныңменен арланып,
Қызды бақтың бір кезек,
Кәне шыққан мүйізің?
Отыз беске келгенде,
Қоңыраулы найза қолға алдың,
Қоңыр салқын төске алдың,
Жауды көрсең, шүйілдің,
Жеңсіз берен киіндің,
Көксерке атты борбайлап,
Қамалды бұздың айқайлап,
Кәне шыққан мүйізің?
Қырық бес жасқа келгенде,
Қырым деген шәһәрдің
Жел жағына қаласың,
Ық жағына панасың.
Қырдан қиқу төгілсе,
Елге таман үңілсе,
Мың кісіге бір өзің
Шошынбай жалғыз барасың,
Кәне шыққан мүйізің?
Елу беске келгенде,
Топқа бардың бой түзеп,
Дауға бардың тіл безеп,
Билік құрдың бір кезек,
Кәне шыққан мүйізің?
Алпыс беске келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырдың
Бәрі бірдей суалып,
Алайын деп тұрмысың,
Мені көріп қуанып?
Өлтірсең де тимеймін,
Теңдік берсең, сүймеймін.
БҰРЫН БАТЫР БОЛСАҢ ДА,
СЕНІҢ БАСЫҢ БҰЛ КҮНДЕ -
ЖЕРДЕ ЖАТҚАН ҚУ ТЕЗЕК!»

***

Тасқа кірген (!) атқан оғын қасындағы қырық жігіт суыра алмайтын Тарғындай ер еменнен құлап, бейшара халде айдалада жатып қалады. Өзі жайлы айтқан «Қол-аяғым көсіліп, аузы-мұрным ісініп, Алланың хақ бұйрығы маған таянғанға ұқсайды!», - деген күйге жеткенде, аузынан мынандай сөз шығады:

Асыл туған Ақжүніс,
Таңдап алған текті едің,
Көріп алған көрікті едің,
Маған тегіңнен сенің не пайда?!
Көркіңнен сенің не пайда?!
Алладан әмір болған соң,
Жас мезгілі толған соң,
Көрмеймісің жатқанын
Арыстаныңның бір сайда?!
Қолаң шашты, қой көзді,
Алшаңдаған аруым,
Ажарыңды салма көзіме!
Раушан нұрың көргенде,
Өлейін деп жатсам да,
Қай-қайдағым құрсайды!

Осы жерін оқыған сайын, әл-дәрмені таусылып, ас-суы сарқылып «өлейін деп жатқан» ердің «қай-қайдағысын» қозғап жібере алатын Ақжүністегі не құдырет?! - деп ойлаймын. Жүніс жеңгеміздің тегі мен ажарына мін таға алмаспын, сірә, бірақ бұл зат-сипатта әлі құрығанның  әлденесін «құрсайтындай» қауқар қайдан болсын… «Раушан нұр» десең міне басқа әңгіме! Сол әйел затының бәрінде дерлік бар бұл Раушанның бүршік ату-атпауы ер-азаматына байланысты көрінеді. Күтім болмаса, көңіл бөлінбесе, қай гүлдің де көктей қоюуы екіталай ғой. Раушанына барып шағылысып, өзіне он есе күшейіп оралған нұрының күші батырдың беліне ел бітіріп қана қоймай, әп-сәтте дік еткізіп тік қоя алар ма еді. Бірақ батырдың өзі ғой «Ажарыңды салма көзіме!» Салма деймін! –деп безілдеп қоймаған. Қорыққан ғой. Иә, бұл саған - қырық кісі жабылып суыра алмайтындай қылып садақ ату емес. Нұрдың жөні бөлек қой!
Бірі Раушан бола алған, ері нұрын құя алған Тарғын мен Жүністе не арман бар!,- десеңші. Сол еменнің түбінде өліп кетсе де болатын еді. Бірақ бұл екеуі менің өзімді де, сөзімді де қылсын ... Шаруасы толып тұр ғой.

Менің де шаруам толып тұр. Соның бірі – қандай да бір құбылыс, оқиғаға қатысты ой-пікірімді жыр-эпос жолдарымен өрнектеу еді. Тәңірдің қалауымен, аруақтардың қолдауымен бұл шаруа да өз мәресіне жетіп жатқандай ...

Нұрлан Сәдір

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1259
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10814