Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3180 0 пікір 15 Қараша, 2012 сағат 07:23

Ұларбек Нұрғалымұлы. Ермек қазақты «Ермек» қылғысы келеді

Атышулы

Иә, айтпағымыз атышулы Тұрсыновтың «Келінінен» кейінгі «Шалы» жайында. Бастапқыда «көрмей не дейміз» деп көңіл аудармап едік. Бірақ фильм шығар-шықпастан оңды-солды пікірлер қардай борады. Көрдік. «Айтпаса сөздің атасы өлетін» жағдайға душар етті. Енді сөзімізді құйындай құбылтып қоян-бұлтаққа салғымыз жоқ, қадірлі оқырман. Әр талдан бір қармап, жағаға жетіп жығылсам болды дейтін тілшідей газет тапсырмасын орындап отырмағанымыз өзімізге аян. Сондықтан барымызды салып, барынша нақты, барынша түсінікті, тек уәжге сүйене отырып жазуға ниет байлап отырмыз. Қысқасы, мақсат - біреуді кекетіп-мұқату, пәлелі-жалалы сөздерді үйіп-төгіп, іш босату немесе қия тартып қиқар сөйлеу емес, филімге талдау жасау. Шынайы табиғатына үңілу.

Сонымен...

Атышулы

Иә, айтпағымыз атышулы Тұрсыновтың «Келінінен» кейінгі «Шалы» жайында. Бастапқыда «көрмей не дейміз» деп көңіл аудармап едік. Бірақ фильм шығар-шықпастан оңды-солды пікірлер қардай борады. Көрдік. «Айтпаса сөздің атасы өлетін» жағдайға душар етті. Енді сөзімізді құйындай құбылтып қоян-бұлтаққа салғымыз жоқ, қадірлі оқырман. Әр талдан бір қармап, жағаға жетіп жығылсам болды дейтін тілшідей газет тапсырмасын орындап отырмағанымыз өзімізге аян. Сондықтан барымызды салып, барынша нақты, барынша түсінікті, тек уәжге сүйене отырып жазуға ниет байлап отырмыз. Қысқасы, мақсат - біреуді кекетіп-мұқату, пәлелі-жалалы сөздерді үйіп-төгіп, іш босату немесе қия тартып қиқар сөйлеу емес, филімге талдау жасау. Шынайы табиғатына үңілу.

Сонымен...

Фильм сценариін режиссердің өзі жазыпты. Яғни, мақсаты өзіне мейлінше айқын. Әрине, әркім киноны кино түсіру үшін ғана түсірмейтіні жалпыға мағұлым жай ғой. Бәрінде де белгілі бір мақсат, жоба-жоспар болады. Дегенмен, мақсатын толық игере алмаса да сценарий жазып, кино түсіре беретін сценаристер мен режиссерлер де жетіп артылады. Ермек олардың қатарына жатпайды. Ол өзіне жүктелген міндетті алып шығуға арнайы дайындалған пенде... Сценарийде басты кейіпкерлер қасқыр мен шал және немере болуы қажеттілігі, қосымша кейіпкерлердің нені айтуға себеп болатыны және көрерменді қандай әсерге бөлеп, соның арқасында нендей идеяны сіңіріп жіберу керектігі - бәрі-бәрі тыңғылықты, шебер ойластырылған. Ендеше оның шеберлігі неде? Мақсаты не?

Фильмнің ораулы қабығын аршу барысында осының барлығы ашылып, әшкере болады деп ойлаймыз.

Фильмнің аты неге «Шал»?

Қазақ баласының ұғымында қарт адам - ақсақал. Қазақта шал десең шамданбайтын дегдар қарт жоқ, бұл сөз ол үшін тіпті қорлаумен тең. Ал дүбара болса - амал нешік. Ақсақал әдетте батагөй, ақылман, дана, қамқор, ұстаз. Кеңес үкіметі діні мен ділінен алыстатып, ағзалары мен саналарын улағанға  дейін шынында солай болған. Соның өзінде қазақтың талай ақсақалы бабадан келе жатқан сол бекзаттықты, сол кісілік болмысты оңай бере қойған жоқ. «Ақсақалдар данагөй...»  деген түсініктің бүгінгі күнде де өміршең болуы соның айқын көрінісі... Олай болса фильмнің атының өзі-ақ фильмнің сан ғасырдан бері қазақ үшін қастерлі ақсақалдық ұғымды бойындағы бар қасиеті жасының егделігі ғана болған шал деңгейіне түсіріп, оны ұрпақ санасынан түбегейлі құлатуға бағытталған ниетін зәредей де именбестен паш етіп тұр.

«Жоқ, керісінше қазақтың шалын қаһарман қылған ғой» деп өре түрегелетіндер де табыла кететіні анық. Иә, оны  қаһарман қылды. Қайдан құлақ шығарам десе де өз еркіндегі сценарист-режиссер қаһарман қылды. Не үшін, қандай ісі арқылы қаһарман жасап отыр? Мәселе осында. Қаһарман - үлгі. Үлгі жасағысы келсе үлгіге дүбара қарт емес, кісілікті ақсақал лайықты емес пе?! Керек болса оны қасқыр түгілі аюмен алыстырып, жеңдіртуге болады. Жоқ, олай етпейді. Өйткені, маңыздысы қаһарманды қазақтың қариясынан жасау емес, қандай қариясынан, қайтіп қаһарман жасау. Айналып келгенде фильмнің өзегі де осы.

Фильмдегі шал жеке тұлға ретінде ғана алынып отырған жоқ. Жуырда ғана Алматыдағы бір кездесуінде режиссердің: «Келін» - ол қазақтың тарихы» деуі «Шалдың» да қазақ қарттарының жиынтық образы ретінде алынып отырғандығының дәлелі. Яғни, мақсат - қариялық тұғырға данагөй ақсақалдың орнына шалды орнату, ұлттық танымды тамырынан қопару. Сондықтан да фильмнің аты - «Шал».

Иә, қазақтың бойындағы даналық қайнары «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» деген дініне, діліне, тіліне берік ақсақалдарында жатыр. Ақсақалдық кесек болмыс аталарымыздың дені осындай болғандықтан қалыптасқаны еш күмәнсіз. Ал, ақсақалдың көкірегінен осы құндылықтарды сыдырып алып тастаса оның шалдықтан басқа несі қалмақ?..

Ендеше, ата-баба танымы мен болмысы түгілі адам кейпінен ауып қала жаздап әупіріммен әрең отырған шал - Қасымның халі нешік? Енді соған келейік.

Атасы - Шал, немересі - Шайтанбек...

Фильм шалдың рухани күйін көрсетумен басталады. Шалың көксандықтың ішіне еніп кете жаздап (тым болмаса күрес те емес) футбол көріп отыр. Теледидар бұлдырлай бастаса жаны бірге шығып кете жаздайды. Бүгінде әркімнің қолы жеткен, теледидарды алыстан меңгеретін алақандай аспаптың өзі бұйырмаған бұл байғұсқа. Үш құлаш сырғауылмен түртіп  ауыстырмаса теледидардың каналдары да ауыспайды. Бұл енді мазақ.  Ауыстырғанда көретіні... футбол, жалаңаш қыздар - не болса да оған бәрібір - қызықтап, құмарынан шықса болды. Немересін иісі қазақта жан адам шақырмаған атпен шақырады. Шайтанбек! (Құдай сақтасын!). Шайтаннан сақтанбаймын деген адам ғана немересін Шайтанбек деп атайды. Онысы «иә, Алла, қуылған Шайтанның кесірінен сақта» деп күбірлеп отыратын аталарыңның сақтанып жүргені - Шайтаны болса, оны мен еркелетіп атаймын деген кекесіні. Яғни сценаристің келемеж қылған түрі.

Сол немересі  шалдың дауысы шықса кірпідей жиырылады. Сөзін қабыл алмайды. Шалдың да ол қабыл ала қоятындай сөз айтып жатқаны шамалы. Сценарист Шәйтанбекті бастан аяқ суық ақыл, мықты жүйкенің иесі етіп сомдайды. Бала бола тұра шалды кәдімгідей аяп қатынас құрады. Ұйықтап жатқанда үстіне шапанын жауып қояды дегендей. Ал сөздерін теріске шығарудан танбайды. Бұл мінез немереге тегіннен тегін беріліп отырған жоқ. Себебі бар. Оның сыры атасының қаһарман болғанынан кейін барып ашылады. Оны кезегі келгенде айтармыз.

«Адастыруға» арналған сапар...

Сонымен рухани күйіне көрермен аянышпен қарайтын шал қойларын қыстауға апаруға жолға шығады. Жолда қар жауады, тұман түседі, адасады. Сценарист те, режиссер да бір өзі болғасын аса мұқият жымдастырып, оны жан-тәнімен жүзеге асырған тұсы да осы.

Адасқан шал алдымен бір ықтасын үңгірге келеді. Одан аттанып, шүберек байланған бір түп ағашқа жолығады. Шал қалтасындағы жалғыз шытын бөле жармай бүтін қалпында байлайды. Одан шығып мазарға келеді. Аузынан ағып жүрген боқтық сөздерін қайта-қайта жинастырып, мазардағы Алтынайдың аруағынан кешірім сұрайды. Қорған болуын тілеп мазардың ішіне қойларымен бірге ұйқыға басады. Түс көреді. Сөйтіп жатқанда мазардың сыртында қалған атты қасқыр жеп кетеді. Режиссер осылайша мазардың ішінде болғандығы себепті қойлар мен шалды Алтынайдың аруағы қорғап қалды да, ал сыртта қалған атқа Алтынайдың құзыры жүрмей қалды деген идеяны эмоцияда отырған көрерменге жіпселеп өткізеді. Бұл жерде Алтынай деп аты тарихта қалмаған бейтаныс адамның атын алуы да бекер емес, яғни қайтыс болған әрбір адам тірілерді қолдап, қорғап жүреді-мыс.

Атынан айырылып жылап-еңіреген шал мазарға рахметін жаудырып тағы да жолға түседі. Адасып кетіп әлгі ағашқа қайта кеп қала ма, көзіне елестей ме, әйтеуір жалғыз ағашты қайта көріп, тағы бір аңырайтыны бар. Сөйтіп жүрген жолында қасқырларға тап болады. Анталаған бір үйір қасқырға бір тоқтыны сойып беріп, ары қарай тартып отырады. Жапанда жолыққан жалғыз тоқтының бір-бір сирағын ұстап олар қалады. Соның арасында «Хаммер» мініп қасқыр атқан аңшылар үсіп өледі. Шал олардан қалған балтаны алып және вискиден бір-екі ұрттап сәл көңілденіп алған соң, ағаш кесіп отқорған жасаудың қамына кіріседі. Әбден дайындалып болғаннан кейін қасқырлар да келе қалады. Арпалысып жүріп, оттың «арқасында» аман қалады. Онымен қоймай бір қойын босандырып (қазақ босану дегенді адамға ғана қаратып айтушы еді) алады. Аяқ астынан от та сөне қалып, қасқырлар да кете қалып, аман қалған қойларды айдап шал тағы жолға түседі.

Айдаладағы айқай

Әбден сілелеп, титықтаған шалға көрерменнің аяушылығы оянған сәтте режиссер оған иен далада «не жаздым» деп аспанға, ана жақ, мына жақтарға айғайлап наразылық білдірту арқылы көрерменнің түйсігіне таңылуға тиісті танымды ақтартады. Гәптің үлкені осы жерде. «Мешітке бас сұққан емеспін, аяттарыңды жаттаған емеспін, мен саған табынған емеспін. Ал, жаттап-ақ алайын, әлде сонда құтқарасың ба?» деп өзінше Жаратушы Алла Тағалаға міндетсіп, доң айбатпен астамси сөйлейді. Жаратушы Құдайға қарсы шыға тұра, «Менің Құдайым - дала» деп тамағын жырта айқайлайды сонан соң. Онысын тұтас әлем жаңғырыққандай қылып көрсетеді. Қар қымтаған далада қарлығып шыққан пенде баласының дауысы қанша жерге жетуші еді, түкірігіңдей боп алдыңа түспей ме. Иә, негізгі әңгіме ол емес, негізгісі - не деп айқайлағаны. Сондықтан жоғарыдағы айтылған асылық сөздерге қайта ораламыз.

Кім ақымақ?

«Менің құдайым - дала». Қазақ даланы Құдай дейтіндей есерсоқ емес.  Алла Тағала жерді адамның игілігіне жаратқан мүлкі екендігін шәксіз білген аталарымыз оны «Құдайдың кең жері» дейді. Қоныс дауы, жер дауы дегендерді шешетін билеріміздің «Құдайдың кең жеріне неге сыйыса алмай жүрсіңдер?» деп бастайтынын қалай ғана естен шығарып, оларды қалай ғана ақымақ санауымыз керек? Алладан басқаның барлығын Оның жаратылысы деп таныған бабаларымыз «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» демеді ме? Ал байғұс шалдың құдайы нешеу өзі? Кімдерден, нелерден тілейді жәрдемді? Құдайы дала болса бағанағы жалғыз шытын байлап, жалынып-жалпайған жалғыз ағашы қайда қалды? Алтынайдың аруағы ше? Барлығын бір өзі «меңгеріп», тек сыртынан бақылап қана жүретін қаншық қасқыр ше? Шал бейбақ көк тұманның кесірінен ауылынан адасып қалғаны түк емес, көп күмәннің кесірінен ақылынан адасып қалды. Жаңа ғана жалбарынып тұрған осыларды тастай салып, енді даланы «құдай» тұта жөнелгенін қалай түсінесіз? Тағы бір жерде немересі осы шалдан «Бұл да Құдай ма?» деп сұрайтыны бар еді ғой.  Ол сұрақтан шалдың ананы да, мынаны да құдай тұта беретіндігі өзінен өзі шығып тұрған жоқ па? «Құдай бір, Пайғамбар хақ» дейтін қазақ мұндайды «Құдайдан безген» деуші еді.

Осылайша режиссер шалды әбден қиындыққа түсіріп, көрерменнің жаны ашитындай шаққа жеткізіп алып барып, хақ Құдайдан бездіріп, аузына қөпқұдайшыл тәңіршілдікті салады. Қарлы боранда адасып, қасқырлардың арасында қалған шалға кім аяп қарамасын? Сценарист шалдың аузымен дәл осы тұста өткізіп жібергісі келеді идеяларын. Бейғам көрерменге «Енді қайтсын байғұс шал» деп жанашарлық танытуына мүдделі болғаны сондай, шалды еңіретіп жылатады. Сол кездерде ғой шалдың Аллаға тілін безеп-безеп алатыны...

«Мен саған табынған емеспін!» деп Алла тарапына айқай көтерген қазақты өмірден көрген емеспіз. Кинодан көріп отырмыз міне. «Мешітіңе бара алмадым» деп назаланса назаланатын шығар, «мешітіңе бас сұққан емеспін» деп кеудесін ұрғылаған қазақты да бірінші рет көріп отырмыз. Әрине сценариін режиссердің өзі жазған кинодан. Бірінші рет дегенге қарап, режиссердің жаңалық ашқан жасампаздығын айтып отыр деп қалмаңыз. (Бізде көбінесе солай ғой, «қазақ киносында бірінші рет ешкіні пайдаланған ерекше режиссер» деген секілді рецензиялар жазылады) Жасампаздығын емес жауыздығын айтып отырмыз.

«Шал» кімнің тұғырын баспақшы?

Дінді діңгек еткен қазақ ақсақалының байлаулы көкірегі әркім шірігін төге беретін қоқыс шұңқыры емес. Олардың аузына сөз салу Ермек ойлағандай оңай болмайды. Ал тілі айтпақ түгілі, құлағы ести қалса денесі түршігіп кететін мына сөздерді аузына салу - оларға жасаған жауыздық. «Жарылқаймыз» деп жауыздық қанжарын аярлықпен жең ұшына жасыра келген Кеңес үкіметінің атеистік істігіне шаншылып, итке бермес қорлығы мен құқайының не түрін көрсе де, қайран аталарым, қайран әжелерім қу жалғаннан «Құдай» деп өтіп еді! Империяның итаршыларының ойлап таппаған қорлығы жоқ. Біздің ауылда Жамсап деген кісінің намазына тосқауыл қоя алмай, ақыры көп алдында «Құдай жоқ» деп айтқызуға бел байлайды белсенділер. Ет пен сүйектен жаралған адам ғой, қаншама таяқ пен қинаудың қиыншылығына төзе алмай «иә айтайын» деп дайындалып ап, «ал баста!» дегенде «жоқ, айта алмайды екем» деп құмығып жылап отыра кетеді екен жарықтық... Осы көрініс апта емес, ай емес жыл бойына қайталаныпты. Ащы таяқ, ауыр азаптан құтылу үшін «Құдай жоқ» деп бір-ақ рет, бір ауыз айта салуға жібермей тұрған жүректің иманы-ай десеңізші! Әлемдердің Раббысына деген құрметтің жүрек төріндегі орнының жоғарысы-ай шіркін! Бүкіл империя қазақтың жүрегіндегі осы иманмен алысты ғой. Сөйте тұра сол империяның жабылып жүріп жалғыз Жамсапқа әлі келмепті, айтқыза алмапты әлгі сөзді. Бір болса да бірегей мұсылмандық сапаның, басты қуаты білегінде емес жүрегінде болатын қазақ қарияларының ерлік көрсеткіші емес пе бұл! Аяр жауың сонда да қоймай Жамсапты тұп-тура 18 жыл бойы түрмеде отырғызыпты. Жамсап 18 жыл бойы намазын жібермепті, айтпапты әлгі сөзді. Жас жігіт кезінде түрмеге түсіп, сол Жамсаппен бірге болған Қарашаш деген ақсақал әлі тірі отыр. Біз бұл жеке Жамсапты айтып отырғанымыз жоқ, біреуін мысалға ала отырып ол кездегі қарияларының дені осы негізде болғанын есімізге түсіру үшін айтып отырмыз бұл әңгімені.

Міне, осылай да, осылай... Қарттарымыздың аузынан қызыл империя кезінде шықпаған сөз бүгін егемендік алғанда шығып отыр. Әзірге кинодан. Иә, киноның идеология жүргізудің, сананы білдірмей игерудің, қысқасы, рухани соғыстың ең нәзік, ең қуатты құралы ретінде пайдаланылуы да тегін емес қой.

Салтсыз фильм

Режиссер әлмисақтан мұсылманбыз дейтін қазақтың бойынан сол мұсылманшылық негізінде қалыптасқан бүкіл салт-сана, дәстүрін сылып алып, сол бостыққа өзінің қуаттап жүрген «құндылықтарын» яғни тәңіршілдігін таңбақшы. Фильмнің өн-бойынан қазаққа тән бір салт таба алмайсыз! Бір дәстүр  таба алмайсыз! Жоқ! Ешқандай салт жоқ. Әлде, көршінің арақ ішіп қонақ күтіп жатқаны қазақтың дәстүрі ме? Бес парызды өтеп жүрген қазақты айтпаған күннің өзінде, ораза, намазға әлі қолы жете қоймаған қазақтың ұлы мен қызы дастарқан басынан бет сипамай түрегелмейді. Тым болмағанда осы белгіні қалдыруға болатын еді ғой. Жоқ, қалдырмайды. Өйткені сценаристің мұсылманшылыққа, сол негіздегі қазақы таным-түсінік, салт-дәстүрге деген өштігі қасқырдың жыртықштығынан да бетер. Оны тек киноның мүмкіндігін пайдалана отырып жасырады. Ашық айта алмайды. Намаз оқитындарын айтпай-ақ қоялық, көшеде масаңдау тұрған қазақтың жігітіне «мұсылман емессің» деп айтып көрсінші, екі қолы соның жағасында кетер еді. Себебі, аталарымыздың кәпірден көрген кешегі қорлығының қоламтасы ұрпағының көкірегінен әлі суып үлгере қойған жоқ. Атасының дініне деген құрметі осы күнгі тірі жүрген қазақтың бәрінің дерлік санасының түкпірінде жатыр.

Осы айтып отырғанымыз былай қарағанда филім төңірегінен алыстау сияқты көрінгенімен, мүлде олай емес. Өйткені филімнің өзі біз айтып отырған осы құндылақтарға қарсы түсірілген. Оның шынайы кеспірін ашу үшін қазақ бойындағы Ермек сызып тастаған құндылықтарды айту арқылы ғана түсіндіре аламыз. Басқалай мүмкін емес. Осының бәрін тек сол үшін сөз қылып отырмыз.

Ендеше филімнің желісіне оралайық. Алла Тағалаға «айтып-айтып тастаған» шалдың соңына түсейік.

Жалғыз жағымсыз кейіпкер

Кейіпкерлері тұтас жағымды етіп түсірілген бұл филімде жалғыз ғана жағымсыз кейіпкер бар. Ол - ақсақ аңшы. Басқасының бәрінен жағымды кейіпкер жасағысы келеді. Шалды, немерені, келінді, тіпті жыртқыш қасқырды да, шалға малын қосып, жиналып арақ ішкен көршіге де «осы менің кесірімнен болды» дегенді айтықызып, адал қып көрсетеді. Жалғыз жағымсыз - ақсақ аңшы. Неге?

Өйткені, ол ауылына мешіт салдырған қазақ, яғни - мұсылман. Сценарист шалдың ойы мен образын онан ары айшықтай түсу үшін арнайы түрде осы аңшыны аман қалдырады. Символдық тәсілді осы ақсақ аңшыға келгенде аямай-ақ қолданады. Оны шалдың арқасында аман қалдыруы, маңдайынан тері сорғалап сүйреп жүруі, «шалдың арқасында үсіп өлуден аман қалғандығына сенбесең, мына жолғы  құтқарғанына сөзсіз сенерсің деп, ерінбей көпір жасап, енді содан құлатып, анық түрде тағы бір құтқартуы, содан кейін барып «Аллаға тіке шығатын мешітің болса, мұнда не ғып отырсың?» деп кекетуінің ар жағында режиссердің айтпағының не екенін анық көруге болады. Әйтпесе осы киноға көпірдің басқа қажеттілігі жоқ. «Аллаға жалбарынатын мұсылман дейсің, құтқаратын шал болмаса жағдайы не болмақ? «Құтқарса Құдайың қане?» деп оны шалдың алдында мүсәпір халге түсіру, оны масыл ғып көрсету пиғылы көзге ұрып-ақ тұр. Шалдың аузынан «аталарымыз Меккеге жаяу барыпты» дегізіп, оған аңшының аузынан әдейі түрде «Ол қазір бизнес қой» деуі, осыған іле-шала шалдың: «өзім қараңғы болсам да...» деуінің (солардың да кесірі дегендей) барлығында осы мақсат, осы пиғыл. Аңшының шалдың басына анық қиын сәт келгенде ақсап жүрген аяғын басып орман арасына сіңіп жоғалып, шалды қасқырға тастап кетуін сатқындық, ал оның филім соңында тағдырының белгісіз болып қала беруі, оның болашағы белгісіз, бұлдыр деген  символдарды режиссер қасақана қолданады. Дүбәра шалды: «сен мешіт салдың екен, оны міндетсіме, оны Алла үшін салған екенсің, айтпа» деп мұсылманшылық турасында ақылгөйсітуі - тәңіршіл дүбәрәні мұсылманнан жоғары қылып көрсету ниетінен хабар береді.

Қазақстандағы онға жуық мешіттерден басқасының бәрін қазақтың қаймана жігіттерінің қалтасынан шыққан ақшамен салынған. «Өзімнің Құдайға тікелей шығатын жеке меншік мешітім бар» деп айтқан қазақ естіген емеспіз осыған дейін. Және олардың бәрі «мен мешіт салдым» деп айқайлап жүргенін тағы көрген жоқпыз.

«Жанашырлықтың» құны

Филімнің шырқау шыңы - шалдың қасқырмен айқасы. Шалға көрерменнің жанын ашытатын, жақтас қылатын тұсы осы. Жан иесінің барлығы қатерге бетпе-бет келгенде өзін сақтап қалу үшін күреседі. Оған шалдың қазақ болуы, орыс, неміс болуы шарт та емес. Режиссердің ойы көрерменнің көкейіне осы шалға деген құрмет қалдырып кету. Жанр заңы бойынша сонда ғана оның одан бұрынғы істерінің барлығы жөнге саналып, көрермен көкейінде жақсы мағынасында орнамақ. Немересінің жүрегі сезгендей болып келіп құтқарып алуы, құтқарғанда да сайды аралап ұзақ жүруі, мынадай нәзік тұсқа көрерменнің көңіл пернесін ұзақ басып тұруының себептері де содан. Қазіргі күнде көптеген көрерменнің көзіне ыстық жас алып, мақала жазса мақтай жөнелетіні де осы жері. Ата мен нереме арасындағы сезімді қазақ ыстық сезінетіндігін жақсы пайдалана отырып өткізбекші. Жанашырлық сезімін жамылған жаман ниеттен бейхабар  қаншама қарагөздеріміз «филімді түсірген өзіміздің қазақ қой жамандамайықшы» деп жандары қалмай жүр. Әттең дейсің, әттең!.. Ол ата мен бұл атаның арасы жер мен көктей екендігін, ғасырлар бойы келе жатқан ақсақалдық ұғымды Ермектің «шалына» айырбастап отырғандығын қайдан білсін!

«Шал» киген шәпкі

Қазақ руханиятына тұтастай қарсы жасалынған филімнің мемлекет қаражатымен түсірілгені өз алдына, филімнің басына «Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасымен» деп жазылғанына қынжылмай тұра алмайсың. Ал «шал мен теңіз»-дің желісі бойынша дегенінің де өзіндік саясаты бар. Біріншіден, шетелдегі оның жарнамасына керек болды Хемингуей. Екіншіден, өзінің ойдан шығарған жасанды идеясын классикаға ұластырау болды. Үшіншіден, қазаққа деген жауыздық екендігіне күдік тудырмау үшін алып отыр. Әйтпегенде айдаладағы «шал мен теңіздің» қазаққа қайбір қатысы бар. Және ол шығарма қайда, бұл филім қайда!

Қазақ кино сынында және басқа өнер салаласы сындарында да көбінесе режссердің жұмысын бағалағанда ең бастысы «шебер орындапты, шебер түсіріпті немесе шеберлік жетіспейді, дұрыс түсіре алмаған» деген сыңайда бағалап жатамыз. Ал ол нені шебер түсіріпті, нені шебер көрсете алмапты деген сұрақ мүлде ойымызға кіріп-шықпайтын күйге түсіп қалғандай жайымыз бар. Бұл үлкен өкініш. Ұлттың соры!

Сөзбен өштесу...

«Шал» жайындағы түйінге жақындап келеміз, қадірлі оқырман. Мақаламыздың басында уәде беріп кеткеніміздей Ералының (Шайтанбектің) образы жайында айтудың кезегі енді келді. Оны суық, жігерлі, ақылды, қорықпайтын, сескенбейтін, жүйкесі темірден мықты, ісіне кісі сүйінердей етіп көрсетуінің сыры неде? Оған шал ешқашан бір нәрсе жайында жөн сілтеп, ақыл айтқан емес. «Мынаны былай істейсің» деген бір ауыз сөз шығарған жоқ аузынан. Сөйте тұра Шайтенбегіне өлердей сенеді. «Шіркін Шайтанбегім болса...» дейді. Фильмнің негізгі  құпиясы осы жерде деуге болады. Шал немересіне ғана емес, жалпы филімнің басынан аяғына дейін бірде-бір өнегелі сөз айтпайды. «Анау болады, мынау болмайды» деген тиымнан ада. Оның бар білгені, бар айтқаны «қасқыр күшіктейтін кезде атпау керек». Болды. Немересіне тұрмыстық сөздерден басқа ештеңе айтпауының (дұрысы айтқызбауының), сөйте тұра оның мықты болуының себебі үлкен һәм қорқынышты.

Режиссер сөз дегенді қасақана тек қана «бар, кел, келе жатыр» деген секілді ақпарат алмасушы қатынас құралы ретінде ғана қолданады. Сонда да немересі атасының тәрбиелі сөзінсіз-ақ мықты. Яғни аталарымыздың ақылман сөзінің қажеттігі жоқ-мыс. Ал жақсы сөзді жарым ырысқа балаған даналарша айтсақ сөз - тәрбие, өмір сүрудің қағидасы. Олар айтқан сөздің арғы түбі - Алланың сөзі, Құран яғни ақиқат. Аталарымыз сөзінің қадірі болатындығы сондықтан. Біздің өмір сүру қағидамыз, салтымыз, санамыз бәрі осы сөздерден тараған. (Ең алғашқы адам - Хауа атаға Алланың сөзі түсірілген болатын.). Ал Ермектің шалы құсап ұрпағыңның бойынан осының бәрін сызып тастасаң Шайтанбек шыға келмек. Оны тұсаулап тұрған тыйымдар, яғни сөздер. Осыны көрерменге түйсігімен сездірмек. «Келінде» де сөз болмағандығы сол. Содан барып өзінің қуаттап жүрген ешқандай тыйымы, құлшылығы жоқ қасқыр қағидалы тәңіршілдігін дәріптемек. Кітабі жоқ «дінде» сөз бола ма? Ермектің сөзді қағыс қалдыра беретіндігі содан. Сөйтіп отырып кітәби дінді жоққа шығаратынын ишаралайды. Қаншық қасқырдың шалға шабуылдамай кеткені  сөзсіз-ақ өзара түсініскені, сөз тыңдамаған немересі мықты боп, шалдың да қасқырмен алысып жеңіп жүргені сол. Енді «Бір Алладан басқаға бас кессең де бас ұрман» (Ақыт Үлімжіұлы) деп атқа қонған бабаларымыздың  Ермекке бір сөзінің де керегі жоқ екендігіне көзіңіз анық жеткен шығар. Бұндайлар үшін қазақтың ғасырлар бойғы ауыз әдебиеті, шежіресі, айтысы, мақал-мәтел, жыр-дастандарының құны көк тиын. Бұқар жырау, Шортанбай, Дулат, Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Ахметтердей ардақтыларымыздың сөзі түгілі атын да естігісі келмейді.

Қасқырға «ғашықтық»

Өкініштісі сол, осындай сорақы филім жайында белгіліл бір топтардың арнайы ұйымдастырылған қолпаш пікірлеріне ілесіп, бұл филімді мақтаушылар өзіміздің ішімізден де шығып жатыр. Мысалы, ұлт қалпағын киген біз газетте: «Туындыда қасқырдың мінезін ашып көрсеткенін атамау мүмкін емес. Ол да өз артында ұрпақ қалдырып, адамазат тәрізді өзінің қоғамы, ортасы бар. Көкбөрінің киелілігі - оның отбасына беріктігі. Қасқыр бір ғана отбасына ие және ол бөлтірік тәрбиесін толықтай өз мойынына алған хайуан. Ауыздандыру, бөлтірігін көкжалға айналдыру, бәрі-бәрі - осы ата қасқырдың құзырындағы міндет. Өзге хайуандарда жоқ осы қасиеттер киелі жаратылыс иесін әр кез даралайды...» депті. ("Ұлт times» газеті, 1 қараша, 2012. №25). Осындайда көзсіз мақтау бола ма? (Қазақ «үйірлі қасқыр» деуші еді. «Қасқырдың отбасы» деген не сөз?)

Жылағың келетін күлкілі жағдай ғой бұл. Бөлтірігін ауыздандыру, көкжалға айналдырып тәрбиелеу қасқырда ғана бар, өзге хаюанатта жоқ қасиет дегеніне бала сене ме? Не ақымақтық бұл? Арыстан, аюды, сілусінді, бүркіттің саршасын айтпай-ақ қоялық, торғай екеш торғайдың кезектесіп жем тасып балапанын қалай асырап, қалай ұшыратынын білмей ме? Қасқыр да Алла тағала жаратқан қаншама хаюанның бірі. Жаратылысы одан күрледі, одан да таңғалардық хаюанаттар жетіп артылады әлемде. Жазарманның мұндай көзсіздікпен қасқырға «ғашық» болып отыруының өзі филімнің берген нәтижесі.

Ана қызымнан мына қызым сорақы

Деседе елдің бәрі елпілдеп ере кеткен жоқ. Қаншама мақалалар жазылды. Өкінішке қарай, сондай дәлелді, салмақты мақалалардың бірін жазған журналист «Ендігі кезекте - «Кенже». Күтеміз» деп тұжырыпты сөзін. (http://www.jaqsy.kz/article/view?id=153) Күтетін несі бар, осы райында тұрса Ермек «Кенже»-ден кейін «Немере», «Шал»-дан «Кемпірді» түсірсе де қазақ пен Исламға қара күйе жағудан танбайды. Тек сол пиғылын қазаққа ашық білдірмей, үркітіп, шамдандырып алмай, қалай өткізіп, қалай сіңіруінде ғана айырмашылық болады. Сенбесеңіз сол кезде көрерсіз.

Тәуелсіздіктен кейін ұлттық рухы сәл де болса бел көтеріп, бабаларының бойындағы ерлік жігерді аңсай бастаған базбір қандастарымыз қазақ шалдың қасқырмен алысқанына риза болып, соған алданып қалды. Кәдімгідей алдады. Арғы жағы - өлексе. Қой терісін жамылған қасқырды үлгі тұтатын Ермек қазақ санасына жасалатын ендігі шабуылда нені жамылмақ? Немен алдамақ? Ол киноның бұл кинодан айырмашылық сонда ғана.

Жанталас...

Иә, Ермек қазақты қалайда «Ермек» қылғысы келеді. Бірақ әлмисақтан мұсылман қазақ оған көнер ме?!

"Аbai.kz"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445