Әртүрлі ұрандардан шаршадым
Қазақ хандығы 15-ші ғасырда құрылды, бірнеше жылдан кейін европалықтар мұхит асып Американы ашты. Сол уақыттарда европалықтар соғыста жаңа қару - білте мылтықты кеңінен қолданып бастады. Қытайда оқ-дәрімен ататын түтікше тіпті одан 4 ғасыр бұрын шықты.
Екі ғасырдан кейін, яғни 17 ғасырдың соңына қарай европа елдері ол мылтықты қолданыстан шығарып, орнына білтесіз жаңа мылтықпен қаруланды. Ал сол уақытта біздің елде білте мылтықты жаңа ғана қолдана бастады, онда да жаппай емес, бірен саран ғана.
Сонда ана жақта европа, түбіміздегі ресей мен қытай әскерлерін мылтық, зеңбірекпен сақадай сай қаруландырып қойғанда біздің хандар мен игі жақсыларымыз әскерді сол баяғы қылыш, найзамен ғана қаруландырып отырды. Бәрін қойшы, тіпті жоңғарларға шейін бізге қарсы зеңбірек қолданды (Ресейден алса да).
Мылтық сатып алуға жағдай жетпеді емес, қазақ байлары тіпті малының санын білмейтін. Біздің қазір ұлықтап жүрген хандарымыз, билеріміз бен батырларымыз қалайша көршілерімізден әскери тұрғыдан бәлен ғасыр артта қалып қоюымызға жол берді? Өтірік емес қой солай болғаны. Себебі белгілі, бірігіп дамудың орнына бір-бірімен қырылып, әркім өзін ғана ойлады.
Ақырында Ресей империясы елімізге біртіндеп бекіністерін салып жаулай бастағанда сорладық та қалдық, себебі оларда мылтық пен зеңбірек, бізде қылыш, сойыл мен найза!
Біз қазір айтамыз ата-бабамыз жерді қорғап қалды деп, бірақ тарихқа жүгінсек қорғап қала алған жоқ, керісінше айрылып қалды. Ресейді қызылдар басып алып, артынан ыдырып кетпегенде қазір қайда боларымызды кім білсін.
Бұның бәрін жазған себебім ерігіп өткенді шұқу емес, әлі де өткеннен сабақ алмағанымызды көріп жүрегім ауырады. Басымызға егемендік тигеннен бастап жанталасып озық елдерді қуудың орнына өз елімізді өзіміз жеп жатырмыз. Ел алдында жүргендер әлі сол баяғыша өз бастарының қамын ойлап, бір-бірімен қырылып жүр. Менің қанша ұнамаса да ешқашан атын атап ешкімді сөкпейтінім содан.
Әрине біреулер бәріне ресей кінәлі дейді, біреулер шығыстағы көршіге артады, тіпті мұхиттың аржағындағы ақшты кінәлі қылатындар да бар. Бірақ түптің түбінде барлық мәселе өзімізде екенін мойындағымыз келмейді.
Мен әртүрлі ұрандардан шаршадым. Тек қана бір сұрақ - қашан бірігіп бәріміз бір кісідей алға жылжимыз?
Арман Рахмет
Abai.kz