Темекінің айналасындағы текетірес
Ел Парламентіндегі депутаттар Үкіметтегі темекі алпауыттарының лоббиіне қарсы дүр көтерілді. Осыдан біраз бұрын Экономикалық даму және сауда министрлігі заң шығарушы билікке қолданыстағы ұлттық салық заңнамасын өзгертетін жаңа заң жобаны енгізген болатын. Бұл құжатты әзірлеушілер оған «қызықты» бір бап қыстырып, ол арқылы темекі өнімдерін экспорттаушыларды акциз алымдарынан толық босатудың қамын жасапты. Шенеуніктер «Парламент мұны әдеттегідей үн-түнсіз өткізе салады» деп үміттенгенге ұқсайды, бірақ үлкен қарсылыққа кезікті.
Ел Парламентіндегі депутаттар Үкіметтегі темекі алпауыттарының лоббиіне қарсы дүр көтерілді. Осыдан біраз бұрын Экономикалық даму және сауда министрлігі заң шығарушы билікке қолданыстағы ұлттық салық заңнамасын өзгертетін жаңа заң жобаны енгізген болатын. Бұл құжатты әзірлеушілер оған «қызықты» бір бап қыстырып, ол арқылы темекі өнімдерін экспорттаушыларды акциз алымдарынан толық босатудың қамын жасапты. Шенеуніктер «Парламент мұны әдеттегідей үн-түнсіз өткізе салады» деп үміттенгенге ұқсайды, бірақ үлкен қарсылыққа кезікті.
Жақында қос шатырлы Парламенттің Төменгі палатасы «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын осы заңның жобасын бірінші оқылымда (яғни тұжырымдамасын) мақұлдады.
Бүгінде Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті бұл құжатты екінші оқылымға әзірлеуде. Кеше осыған орай палатада құрылған жұмыс тобы құжатты тағы бір пысықтады. Ал алдағы бейсенбі күні Үкімет өкілдері осы жаңа заң жобаның Сенатта таныстырылымын өткізеді деп күтілуде. Жалпы, Жоғары палатаға жеткенше, Мәжілістегі талқылаулар барысында бұл жоба ендігі қаптаған жаңа баптармен толығып үлгерді.
Оның біразы әлеуметтік сипатта. Мәселен, депутаттар Н.Логутов пен Н.Нестерова жаңа заң жобасының 1-бабына жаңа 3-тармақ ұсынды, оған сәйкес, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 18 жасқа толғанға дейін жер салығын және басқа да төлемдерді төлеуден босатылуға тиіс. Қазіргі кезде бұл
бап пысықталуда.
Ал «Нұр Отан» партиясы «жалған кәсіпкер» деген күдікке ұшырап, қудалауға түскен бизнесмендерге көмекке келуде: билеуші партия заң жобасына өзгерту енгізіп, ол арқылы қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 192-бабының («жалған кәсіпкерлік») күшін жоймақ ниетте. Егер «Нұр
Отан» осыған қол жеткізсе, Үкіметті көндіре алса, «жалған кәсіпкерлік» қылмыстық бабы, посткеңестік кеңістікте ең соңғы болып, Қазақстанда да жойылмақ. Оның орнын заңсыз қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруға және жылыстатуға («отмывание») қарсы күресетін нормалар баспақ.
Ол - ол ма, халықтық демократиялық партия осыған қатысты қолданыстағы жазаны да жеңілдетуді ұсынуда: қазіргі кезде кез келген кәсіпкер «жалған кәсіпкерлікке» ғана «жарасатын» әрекеттер жасаса, бірден темір тордың ар жағынан шығатыны жасырын емес. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнама (1997 жылғы Қылмыстық Кодекстің 192-1-бабы) бойынша егер жеке кәсіпкерлік субъектісі «іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп жібермей», «құқыққа қарсы мақсаттарды көздеген және азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірген мәміле жасаса», «екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан» айырылады. Бұл ретте, біріншіден, «нұротандық» қалаулылар ескерту-меже белгілеп отыр: егер қандай да бір кәсіпкер әлгі аталған нақтылы іс-қимылдардың ешқайсысын жасауды көздемейтін, нақтылап айтқанда, бар ісі тек қағаз жүзінде ғана жүретін 1000 айлық есептік көрсеткіштен астам (1 миллион 600 мың теңгеден артық) қаржының мәмілесін жасаса, оған, 650-ден 2000 мың АЕК, яғни, екі есе көлемде айыппұл салынуға тиісті. Ал егер осыдан кейін де ол, еш сабақ алмай, осындай күдікті әрекеттерді «бірнеше рет», «адамдар тобымен алдын ала сөз байласып», 10 мың АЕК-тен астам сомаға жасаса, оған енді 2 мыңнан 5 мыңға дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, не 3 жылға дейінгі мерзімге сотталады.
Бір айта кетер жайт, әдетте барлық жұмысты тек қағаз жүзінде ғана орындайтын мұндай «жалған фирмалар» тендерлер кезінде, миллиардтаған ел қаржысын заңсыз игеру үшін құрылады. Сондықтан «нұротандық» депутаттар қаралып жатқан заң жобасына қолданыстағы заңнамада жоқ жаңа бап қосып отыр, 192-2-бап мұндай компанияны заңсыз ұйымдастырған шенеунікті жазалайды: «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адам не оған теңестірілген адам, егер оларды өзінің қызмет бабын пайдаланумен қатар жасаса» ол шендіге 2 мыңнан 5 мың АЕК-ке (3,2 млн-нан 8 миллионға) дейінгі айыппұл салынады, не ол 2 жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына жіберіледі, немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Депутаттардың бұл түзетулерінің барлығын Үкімет қазір қарауда, жақын күндері шешім толық қабылданады.
Ал темекі бұйымдарын алымнан босату бабы заң шығарушы және атқару билік арасында біраз айтыстар тудыруда. Депутаттар Сейітсұлтан Әйімбетов, Жамбыл Ахметбеков, Ерген Дошаев, Гүлмира Исімбаева, Ромин Мәдинов, Тұрсынбек Өмірзақов, Виктор Рогалев, Нұртай Сабильянов, Гүлнәр Сейітмағанбетова, Қуаныш Сұлтанов, Елена Тарасенко, Мұхтар Тінікеев, Шавхат Өтемісов Үкіметтің «темекі барондарына» шетелге тауар экспорттауы кезінде үлкен жеңілдік жасауға үзілді-кесілді қарсы шықты (бұлардың қатарында экс-депутат Мұрат Әбенов те болған, кеше ол Білім және ғылым вице-министрі болып кетті).
- Ұсынылып отырған бұл өзгеріс - экспортқа арналған темекі бұйымдарын акцизден босату, бюджетке түсетін түсімдердің азаюына алып келеді, - дейді өздерінің түсіндірмесінде қалаулылар. - Оның үстіне бұл өзгеріс темекі бұйымдарының заңсыз саудасына, адал емес бәсекелестікке ықпал етеді, сондай-ақ Қазақстан ратификациялаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясына қайшы. Бұған қоса, әлемде темекі компанияларына арналған преференциялық режимнің мұндай тәсілі практикада жоқ.
Бұл жерде қалаулылар біздің Үкімет үлгі ететін Еуроодақ елдерін мысалға келтіреді, «оларда жыл сайын қосымша құн салығын да, сондай-ақ акциздік салықтың да мөлшерін арттырып отырады, бұлар бір қорап сигареттің құнының 80%-ына дейін құрайды» екен.
Депутаттар алдан тартып отырған тағы бір дәйектеме: темекі алпауыттары өздері лоббилап отырған бұл бапты, өз өнімін қағаз жүзінде ғана «экспортқа шығарып», ал шын мәнінде, онысын салық төлемей, өз ішімізде сатуға пайдаланады деген қауіп бар және бұл негізсіз емес: «қазіргі кезде экспортқа арналған тауарларды, олар орнын ауыстырған кезінде, сапалы қадағалаудың қандай да бір инфрақұрылымы жоқ, - дейді қарсы шыққан қалаулылар. - Бұл тауарды қадағалау іс жүзінде мүмкін емес. Демек, Қазақстан «экспорттық» деген тауар өз елімізде еркін сатылатын жағдаймен бетпе-бет келуі мүмкін».
Бұл текетіресте қай жақ үстем шығады, алдағы күндері мәлім болмақ.
"Абай-ақпарат"