Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2426 0 пікір 13 Қараша, 2012 сағат 13:35

Жаралы жылдардың шындығы

«Биыл 1932 жылғы алапат аштыққа, халықтың тең жарымын қырып салған, есеңгіретіп кеткен зұлматқа сексен жыл. Арғы-бергі қазақтың алыс-жақын тарихында бұрын-соңды дәл осындай нәубат болған емес. Көрген қорлық, шеккен бейнет, азынаған азаптың ащылығы мен құрбандығының көптігі жағынан атышулы «Ақтабан - шұбырындыдан» асып түскен апат бұл.

Осы жойқын қатыгездік халықты қан қақсатты. Оның алдында түп-тұқиянымен жойылып кету қатері тұрды. Кейбір коммунист көсемсымақтар соны мақсат етті. Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқаев «Туркестан под властью Советов» деген еңбегінде Жетісу қазақтарының аштан қырыла бастағанын, большевиктердің оларға қол ұшын берудің орнына солай болғанын қалағанын айта келіп, қызылдар басшыларының бірі - Тоболин дегеннің сөзін келтіреді. Ол ашықтан-ашық былай дейді: «Киргизы (казахи), как экономические слабые ...все равно должны будут вымереть. Поэтому для революции важнее тратить средства не на борьбу с голодом, а лучше на поддержку фронтов».
Бұдан өткен нендей жауыздық болуы мүмкін. Осыдан соң 1918-1919, 1921-1922, 1932-жылдардағы ашаршылықта большевиктердің идеологиясы қандай болғанын білу қиын емес.

«Биыл 1932 жылғы алапат аштыққа, халықтың тең жарымын қырып салған, есеңгіретіп кеткен зұлматқа сексен жыл. Арғы-бергі қазақтың алыс-жақын тарихында бұрын-соңды дәл осындай нәубат болған емес. Көрген қорлық, шеккен бейнет, азынаған азаптың ащылығы мен құрбандығының көптігі жағынан атышулы «Ақтабан - шұбырындыдан» асып түскен апат бұл.

Осы жойқын қатыгездік халықты қан қақсатты. Оның алдында түп-тұқиянымен жойылып кету қатері тұрды. Кейбір коммунист көсемсымақтар соны мақсат етті. Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқаев «Туркестан под властью Советов» деген еңбегінде Жетісу қазақтарының аштан қырыла бастағанын, большевиктердің оларға қол ұшын берудің орнына солай болғанын қалағанын айта келіп, қызылдар басшыларының бірі - Тоболин дегеннің сөзін келтіреді. Ол ашықтан-ашық былай дейді: «Киргизы (казахи), как экономические слабые ...все равно должны будут вымереть. Поэтому для революции важнее тратить средства не на борьбу с голодом, а лучше на поддержку фронтов».
Бұдан өткен нендей жауыздық болуы мүмкін. Осыдан соң 1918-1919, 1921-1922, 1932-жылдардағы ашаршылықта большевиктердің идеологиясы қандай болғанын білу қиын емес.
Канада тарихшысы Р.Пирс «1867-1917-жылдардағы Орта Азиядағы отаршылдық саясаты» еңбегінде аштықтан қаза тапқандардың санын келтіреді. «1917 жылға дейін басталған кейбір «прогресшіл тенденцияларды» күштеп жылдамдату көптеген адам құрбандығына ұшыратты. Мысалы, коллективтендіру барысында қолданылған зорлық пен отырықшыландыру ашаршылыққа әкеліп, бір миллионнан астам қазақтар қырылды», - дейді.
Біздің ойымызша, Р.Пирс 1921-1922 жылдардағы ашаршылық туралы айтып отыр. Бір миллионнан астам боздақ осы кезеңдегі зұлматтың құрбандары. Ал бұл тұстағы қырғын жайлы мәлімет бізде әлі күнге тапшы. «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының өзінде жүгірте айтылады. Онда: «Республикада 1920 және 1923 жылдары жүргізілген ауыл шаруашылығы санақтарының және Қазақстандағы жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.П.Швецовтың мәліметтері бойынша 1921 жылы ашаршылықта Қазақстан халқы 30 пайызға дейін азайған, - делінеді. - Кейбір елді мекендерде нәубет халықтың 100 пайызын қамтып, олар түгелдей дерлік босап, жолда, біразы атамекенінде қырылып қалды».
С.П.Швецовтың дерегіндегі 30 пайыз адам санына шаққанда қанша болатынын 1917 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша болжап қана көрсете аламыз. Санақ қорытындысы «Количество киргиз-казахов на 1917 год. По родам и уездам» деген атпен басылып шығарылған.
Ұлы жүз - 1 миллион 170 мың.
Орта жүз - 2 миллион 080 мың.
Кіші жүз - 1 миллион 790 мың. Үш жүзді қосқанда - 4 миллион 980 мың.
Егер қазақтардың балаларды санақтан жасырып қалуға тырысатынын және елдің есебін алушылар жердің шалғайлығынан кейбір алыс ауылдарға бармай қалуы әбден мүмкін екендігін ескерсек, 1917 жылы атамекенінде кемінде 5 миллион қазақ болды, - деп айта алатын секілдіміз. Оның 30 пайызы - 1 миллион 500 мың адам. Осынша жан 1921-1922 жылдардағы аштықта көз жұмған.
Біз сүйеніп отырған санақ қорытындысында КСРО-дағы қазақ саны - 5 миллион 180 мың деп көрсетілген. Оған Қытайдағы 450 мың, Бұхарадағы - 400 мың, Хорезмдегі - 100 мың, Ауғанстандағы - 100 мың ағайынды қосады. Сонда жалпы қазақ 6 миллион 230 мыңға жеткен. Ахмет Байтұрсыновтың «Иншалла, 6 миллион қазақпыз», - деуі осыдан.
Өткен ғасырдың әр мұрағаттан бір төбе көрсетіп қалатын деректеріне жүгінсек, ашаршылық алдымен Батыс Қазақстанды шарпыған. 1921 жылы Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей губерниялары мен Адай уезінде ел қырыла бастайды. Осындай жағдайда бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті Батыс Қазақстанға көмек берудің орнына аштық байқалған Астрахан, Царицын, Саратов, Самара, Сібір, Уфа губернияларына азық-түлік жөнелтуге мәжбүрлейді.
Мына деректерден аштықтың қасақана ұйымдастырылғанына илана түсесің. 1922 жылы Орынборда - 437776, Қостанайда - 252816, Ақтөбеде - 359326, Оралда - 277835, Бөкейде - 100 мың, Адай уезінде - 75 мың адам аштан бұратылды. Батыс Қазақстандағы халықтың 31,4 пайызы қырылды. Егер осы өлкедегі бес губернияда сол тұста 2 млн 653300 адам болса, оның 800 мыңға жуығы көз жұмған. Мүрделер өзен бойында, ауыл араларында, елді мекендердің көшелерінде тарыдай шашылып жатты. Бұл жантүршігетін құбыжық көрініс еді.
Гувер институтының аға ғылыми қызметкері Р.Конквест: «Ресейдегі тә­жіри­белер. 1931 жыл» еңбегінен алынып «Қазақтар шетел әдебиетінде» жинағында жарияланған үзіндіде: «1926 жылғы санақ бойынша Кеңес Одағында 3963300; 1939 жылғы санақ бойынша (асыра көрсетілген) 3100 400 қазақ болды. Сонда халықтың ұлттық өсімін ескерсек, ашаршылықтан, түрлі қуғын-сүргіннен қазақтар бір жарым миллион адамын жоғалтқан», - деп жазады. Оның бұл болжамының жаны бар. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, 1917 жылы елде 5 миллион қазақ болса, оның 1 миллион 500 мыңы 1921-1922 жылдардағы аштықта қырылған. Сонда тірі қалғаны - 3 миллион 500 мың. Яғни 1926 жылғы халық санағында 463300 адам ойдан қосылған болып шығады. Осыдан кейін 1939 жылғы санақ мәліметінің мүлде қисынсыз екенін дәлелдеу қиын емес. 1932 жылғы аштықта алғашқы зұлматтан әупіріммен сау қалған 3,5 миллион адамның тең жартысы апат болғаны дәлелденіп отыр. Ендеше 1939 жылы 1 миллион 750 мың қазақ қана жер басып жүрген.
Келтірілген көп деректерден соң аз-кем аялдап алып, әр жылдардағы аштықтың барлық құрбандарын есептеп көрейік. Иманың қасым болатын көрсеткішке тап келесің. Қазақ халқы 3 миллион 250 мың адамнан айырылған. Жанұшырған шындық осындай.
Осы жерде «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясындағы» аштық құрбандары туралы мәліметтерге де көз салайық. Энциклопедияда 1926, 1937-жылдардағы санақтарда олқы­лықтар жіберілгендігі, соның салдарынан ашаршы­лықтағы адам шығынын дәл анықтауға кедергі келтіріп, әртүрлі пікірлердің өрістеуіне себеп болғаны әділ ескертіледі. 1930-1933-жылдардағы аштық құрбандары 2 млн. 200 мың адамнан асып түсті делінеді. Осы 2 млн 200 мыңға 1921-1922 жылдардағы зұлматтың 1 млн 500 мың боздағын қоссаңыз, 3 млн 700 мың болып шығады. Сонымен жыртқыш жылдардың адам шығыны - 3 млн 200 мың немесе 3 млн 700 мың. Кейбір тарихшылар шетелдерге ауды деп есептейтін 1 миллион адамды осы көрсеткішке қоссақ та, одан аштықтың қасіреті азаймайды.
Аштық атты осы апаттардың авторы - сол тұста қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощекин. Сталин Ресейде қаһарланса, ол Қазақстанда бұрқ-сарқ етті. Сәкен Сейфуллин «жүнін жұлған құтырған бураға» теңеген осы жендеттің ел ішіндегі саясатын Л.Троцкий былай сипаттаған: «Голощекин орыс деревняларында әлеуметтік келісімді уағыздап, ал қазақ ауылдарында азаматтық соғысты қоздыруда». Сол тұста қазақ билігінің құрамында болған кейбір ұлт азаматтары Голощекиннің бұл қатыгездігіне қарсы шығады. Ашаршылық ол ұйымдастырған «Кіші октябрьдің» салдары екенін дәлелдеп Сталинге хат жолдайды. Нұрмақов пен Мырзағалиев Бүкілодақтық Атқару комитетінің Президиумында сөз сөйлеп, қатты сынайды. Қазақстанда тексеру жүргізуді өтінеді.
Бұл қатерлі еді. Іс насырға шауып бара жатқанын сезген Голощекин 1933 жылы Сталинге хат жазған. «Бк/б/п Орталық комитетінің хатшысы жолдас Сталинге» деп басталатын бұл хаттың негізгі мақсаты - ақталу, бар кінәні қазақ ұлтшылдары мен байларға, асыра сілтеуге жол берген белсенділерге аудару. Осы мұратына жету үшін, ол елдегі ауыр жағдайды ашық айтуға дейін барған. «Қазақстанда мал шаруашылығының дамуында екі түрлі қарама-қарсы процестер жүріп жатыр, - дейді ол Сталинге. - Алғашқысы жағымсыз, мал басының апатты құлдырауынан көрінуде. Егер соңғы үш жылды алар болсақ, мал басының кемуі төмендегідей болып шығады. 29 жылы - 36 млн бас, 30 жылы 20 млн және 31 жылы 8,2 млн бас мал».
Голощекиннің бұл дерегі анық екендігіне күмән жоқ. Үш жылдағы мал шығыны - 64,2 миллион. Біз әр жерден тапқан деректердегі көрсеткіштерден әлдеқайда артық. Хатта аштық жайында бір ауыз сөз жоқ. 64,2 миллион малдың құрып кетуі елдің ахуалына ешқандай әсер етпегендей. Егер 30-31-жылдары халық 12-15 процентке азайса, ол ауа көшудің салдары деп түсіндіреді. Ал ауа көшу «Кіші октябрьдің» емес, байлар мен бандалардың, ұжымдастыруға ырықсыз болған елдің кінәсі, - дейді Голощекин.
Қазақстандағы жағдайды осылай түсінген немесе осылай түсінгісі келген Мәскеу оған ауа көшуді тоқтату үшін қатаң шара қолдануды тапсырады. Керегі сол болған Голощекин өзін сынаған, ашаршылыққа жол бергені үшін айыптаған ұлт зиялылары мен қажыған елге қырғидай тиеді. Қудалау мен атып-шабу 37 жылғы репрессияға ұласады.
Егер миллиондарды жалмаған осы зұлматтар болмаса, біз ХХІ ғасырда кемінде 30 миллионға жететін едік. Көз алдымызға елестетейікші, қандай ғаламат күш?! Өкіндіреді, өзегіңді өртейді. Тарихтың сол бір үрейлі тұсындағы шындықты тап басып айтқан алыс-жақын елдер қайраткерлерінің әділ пікір-пайымдарына қынжылыспен үңілесің.Бұл түйінді, аштықтың қолдан жасалғаны туралы ойды Еуропа ғалымдары мен қайраткерлерінің ортақ пікірі дей аламыз. Араға ұзақ уақыт салып, 2010 жылы Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясы Кеңес одағы республикаларында 30-жылдары болған аштық құрбандарын еске алу туралы резолюция қабылдап, осы ой-тұжырымды жаңғыртты. Резолюцияда: «Белоруссия, Қазақстан, Молдавия, Ресей мен Украинаның жазықсыз миллиондаған адамы кеңес өкіметінің қасақана қатыгез саясаты жасаған жаппай ашаршылықтың салдары­­нан көз жұмды», - делінген. Қазақстандағы жағдайға айрықша мән беріліп, аштықты кеңес режимінің өз халқына қарсы жасаған қылмысы деп санайды.
Ақиқаты - осы. Жендет жылдардың шындығы - бұл. Солай десек те, ашар­шылыққа кінәлілерді тарихтың қат­ал жазалағанын ескере отырып, Кектенуден аулақпыз. Голощекин секіл­ділердің түбіне ұяласын қасқырша талаудан тайынбаған большевиктік режимнің өзі жетті. Талайы атылды, асылды, НКВД-ның түрмелерінде шірі­ді. Кеңес Одағы аталған, жаһанның жар­ты­сын уысында ұстаған империяны концлагерге айналдырған Сталиннің әулеті де оңған жоқ. Бірі - абақтыда азап шекті, бірі - қияндағы АҚШ-та қарттар үйінде дүниеден озды. Жетпіс жылға жуық ғұмырбаянының бастауын миллиондардың қанымен жазған тұрпайы державаның шаңырағы ортасына түсті. Ал қазақ халқы талай нәубеттен өтіп, мәңгілігін дәлелдеді. Қайсарлығымен және қуатты рухымен дәлелдеді. Заманның төріне көтерілді. Ол тәуелсіз және бақытты. Сол иманды да ибалы халық ірілігін танытып, көшелі-көргенді екенін паш етіп, тарихи сананың сабақтастығы үшін, мына тоқ ғасырда жүзі жарқын болуы үшін дүниеден күңір­еніп көшкен боздақтардың рухына тағзым етуде. Ілтипат-ниет қабыл болсын!

Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5452