Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2220 0 пікір 16 Қараша, 2012 сағат 08:24

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ЕКІНШІ БӨЛІМ

 

МӘРТЕБЕЛІ ҚАҢҒЫ

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

- Биға, - деп шын атымды аңдаусызда атап қалды мұртты орманшы. - Астағыпыралла! - деп қарқылдап күлді сонсоң. - Жақа, бүгінгі қонатын ауылымыз тым жақын, атты жай аяңдатып жүрсек те ерте жетеміз!

- Тым жақынға неге түсеміз, біраз мандыта жүріп, екінші қоналқалық аулымызға бір-ақ жетсек болмай ма!

- Екінші қонатын ауылымыз тым алыс, оған ертең де жете алмай, далаға түнеуіміз мүмкін.

Жатқанбайдың берген тізіміне қарағанда, мұншалық жақын ауылда танысарлық адамымыз жоқ еді. Тергеліп қалар ма екенмін деген күдікпен қынжыла қарағанымды орманшы сезе қойған сияқты. Мұрты жыбыр-жыбыр ете түсті де, құтылудың орайы барын жай ғана ескерте салды.

- Коммунаның бұл әтіретінде де сіз тексеретін мектеп бар. Өздері сіздің үлкен тергеуіңізге түссе, біздің кішкене жолды тергей қоймас!

Бұл сөзінде Гогольдің «ревизорынша»[1] тергеп, естерін шығарып жібер деген мағына барын түсініп күлімсіредім. Жол бастаушымның Жатқанбайдан да қуырақ екендігі байқалды.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

 

МӘРТЕБЕЛІ ҚАҢҒЫ

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

- Биға, - деп шын атымды аңдаусызда атап қалды мұртты орманшы. - Астағыпыралла! - деп қарқылдап күлді сонсоң. - Жақа, бүгінгі қонатын ауылымыз тым жақын, атты жай аяңдатып жүрсек те ерте жетеміз!

- Тым жақынға неге түсеміз, біраз мандыта жүріп, екінші қоналқалық аулымызға бір-ақ жетсек болмай ма!

- Екінші қонатын ауылымыз тым алыс, оған ертең де жете алмай, далаға түнеуіміз мүмкін.

Жатқанбайдың берген тізіміне қарағанда, мұншалық жақын ауылда танысарлық адамымыз жоқ еді. Тергеліп қалар ма екенмін деген күдікпен қынжыла қарағанымды орманшы сезе қойған сияқты. Мұрты жыбыр-жыбыр ете түсті де, құтылудың орайы барын жай ғана ескерте салды.

- Коммунаның бұл әтіретінде де сіз тексеретін мектеп бар. Өздері сіздің үлкен тергеуіңізге түссе, біздің кішкене жолды тергей қоймас!

Бұл сөзінде Гогольдің «ревизорынша»[1] тергеп, естерін шығарып жібер деген мағына барын түсініп күлімсіредім. Жол бастаушымның Жатқанбайдан да қуырақ екендігі байқалды.

Бұл ауыл, қалашықтан он бес шақырымдай ғана алыстықтағы қазақ қыстағы екен. Жай жүріп, күн сәл еңкейгенде жеттік.  Орманшы тұп-тура мектебіне бастады.

Мектептің ерсілі-қарсылы үш бөлмелі балшық үйі пулемотпен атқыланғандай, сыртындағы шұрқ-шұрқ тесігінен-ақ мәдениет топалаңының жын ойнағы болғандығын әйгілеп тұр. Алдындағы ат байланатын қада ағашына келіп түсе қалдық. Жондары қампиған бөрідей-бөрідей үш аттының «тым осал жау емес» екендігін тесік-тесік терезелерінен көріп, байқап отырған тәрізді, мақталы бешпет сыртынан сеңсең ішік жамыла қойқаңдаған көсе семізін алдыға салып, жас-жас үш-төрт қызметкер жүгіріп шықты. Мектептерде қайтадан оқу басталғалы қузауды аз көрмегендей, жүздері қуқыл тарта шықты. Қос қолдарын соза амандасып, атымызды байлап, алақандарын жая нұсқады есікті. Мен, сол қузаушы инспекторлардың ең жуаны болып көрінуге тырыстым. Сауапты іс істеп кеткім де келді. Мектеп сыртындағы көп қотырға тыржия қарап тұра қалдым.

- Әтіретіміздің қазіргі жұмысы тым қарбалас болып, мектеп ремонтын әлі істей алмай жатырмыз! - деп семіз көсе кешірім сұрай қарады маған.

- Енді қашан істелмек, қар екі рет жауып өтті! -деп салқын қабақпен қарадым жүзіне. - Қыс түсті деген сөз. Ендігі сылағыңыз тұра ма бұған! -Оқушылардың дабырынан бір бөлмесінің ғана сынып екендігін біліп, қарсыдағы оқытушылар бөлмесіне кірдім. Бұл үйдің іші тіпті тамтықсыз қотыр екен. Қақ төрдегі столдың сыртынан, арқалығы бар түзуірек орындықтың біреуі әрең көрінді. Іркіліссіз өрлеп барып, сол жалғыз «таққа» шалқалай сұладым. Шағылған ақсақ-тоқсақ, қиқы-шойқы орындықтарды қиқылдатып-шиқылдатып сүйреп әкеліп отырып, бәрі де менің алдыма жиналды. Семіз көседен басқасының бәрі жас, жаңа мұғалімсымақтар көрінеді. Малақайымды алып столға қоя қарадым. Аппақ бұйра шашты, кең шодыр маңдайлы басыма лайықты «мәртебені» орманшы да өзінше тауып таныстырды.

- Бұл кісі Санжы хұйзу[2] автономиялы облысының оқу-ағарту инспекторы. Жоғары жақтағы мектептерді тексеріп болып, енді осы жақтағы мектептерді көруге шықты! - деді. «Жоғары жақтан келеді» деуінен құйрығым қылп ете түссе де, ол жайымды мұндай мәртебеммен сездіре қояйын ба, алдымдағы «пенделеріме» бедірейе қарадым. Бұлар бастарын төмен салып, бүрісе түсті. Әсіресе осы мектептің барлық жауапкершілігі өзіне артылатындығын білетін семіз көсе тіпті жайсызданды. Астына әкеліп қойған дімкас орындық өз салмағынан мыжылып, қыңырая қалған екен де, «жауапкерім» маған сездірмеу үшін, қисайған жағынан балтырымен тіреп, орындыққа емес, өз аяқтарына мініп отыр екен. Бір тонна жүк өзін де мықшитып, жайсыздандыра бастағанына, қинала түссін деген оймен қарамай сөйлей бердім.

- Қазір үкіметіміз қала мектептерін қамдай алмай отырғанда мұндай өндіріс орындарындағы мектептерге ремонт шығынын шығара алмайтындығы белгілі ғой! Әтіреттеріңізде ағаш ұсталары бар шығар? Ал, мұндай мектеп тамын жөндеу, бәріңіздің де қолдарыңыздан келеді. Солай емес пе!

- Солай, солай! - деп мектеп бастығы изектегенде орындығы «құрттың, құрттың!» деп қалғандай болды. Онысының дауыс шығарған «аузын» да алақанымен баса сөйледі бастық. - Бірақ, инспектор жолдас, мен өзім, осы өндіріс әтіретінің ғана бастығы едім. - Бұл мектептің бұрынғы бастығы оңшыл болып, оның орнына сайланған мұғалім, «оңшылға бейім» болып төменге түсірілген. Ал, олардың қолшоқпарлары оқушыларды жат көзқарасқа ұйымдастыра берген соң пролетариат көзқарасындағылары оларға қарсы заупән[3] көтерумен болды. Заупәншылардың төңкерістік әрекетіне кім қарсы шыға алады. Бұл мектеп осылай ойрандалған...

- Заупәншыларымыз қиратып шаға берген деңізші! Ал, сол көзқарас соғысынан бері қанша уақыт өтті? Одан бері осы кішкентай мектепті жөндеуге мұрсаларыңыз жетпеді ме?

- Одан бері де талай бөгет болғанын айта алмай отырмын, инспектор жолдас! Заупәншыларымыздың төңкеріс жолымен күйреткен «көнелерін» қайта тұрғызуға кімнің батылы барсын. «Сасық зиялы болмаймыз!», «шужұңжуидің ұясын талқандайық!» деп көпшілік айқайлап тұрғанда түзейміз деп қарсы әрекет жүргізуге болмай қалды. Ал, онан соң әтіретіміздің өндірісі төмендеп, мүшелеріміздің барлығын қарыз басып, тұралап қалдық.

- Сіз маған мұндай сылтауларды айтпаңыз! -Қолымды бір-ақ сілтедім бастыққа. - Мұның барлығы көне қырманның сыпырылып тасталатын қоқыр-соқыры! Үкімет мектеп үйлерін көнелік демей, қайта ашуға бұйырған екен, мектеп ремонтын істейтін мүшелердің еңбегі де әтірет жұмысы қатарына қосылады деген сөз. Басқа міндеттегі мүшелермен бірдей еңбек күнге ие болып, бірге басқарылады. Бұл сізге ап-айқын іс! Мұншалық салақсуыңыз, тек мектепке әлі де сол «сасық зиялы», «шужұңжуидің ұясы» дейтін түнек қараңғы көзқарастың кесірі! Бүкіл ұрпағыңызды надан қалдыруға тырысқан, ең зұлым зиянкестен жұққан кежірлік! Сол аурудан құтыла алмай, идеяңыз әлі азат болмай жатыр, жиыңыз есіңізді!.. Мына тесік-тесік лашықта сеңсең ішігіңіз бар сіз ғана отыра аласыз. Ал, мұндай ішігі жоқ оқушылар қалай шыдап отырмақ!... Осы екі-үш күннен қалдырмай қайтсеңіз де жаматыңыз мына мектеп үйлерін! Әтірет бастығы да өзіңіз болған соң, үш бөлмені үш күнде бітіру деген жұмыс емес! Енді екі аптадан қалдырмай қыстық отынды да жиғызып болыңыз, ұқтыңыз ба?.. Қанша оқушыңыз бар? -деп сұрадым сонсоң.

- Қазір, сынып дәрежесі басқа-басқа отыз шақты ғана оқушы бар. Тізімдегеніміз түгел келсе сексен-тоқсан оқушы бар еді. Жиналмай жатыр.

- Демек, әлі де сабақ бастамай, ерте жиналған ең ынталы оқушыларды жазалап, суық үйге қамап қойып отырмыз деңіз! Бұлай бекер қамалып азаптануға қандай оқушы жиналмақ! Енділікте осыныңыздың өзі кері төңкеріс болатындығын ескеріңіз!

Нық-нық басып сыныпқа кіріп бардым. Соңымнан қауқалақтап бастық та, қызметкерлері де кірді. Оқушылар дүр көтеріліп қарсы алды. Бас изеп отырғызып, сөйлей жөнелдім. Мұнан соң «көзқарас соғысы», «заупән» дейтін әурешіліктерге мүлде қатынаспауларын, оқығандарды «сасық зиялы» атауға, мектепті «шужұңжуидің ұясы» деп атауға қорғанбай қарсы шығуларын тапсырып, бұл атаулардың әрқайсысына жеке-жеке түсінік бердім. Алдыңғы екеуінің жас жеткіншектерімізді сотқарлыққа, қиракезіктікке үйрететін, кейінгі екеуінің тұп-тура ғылымға, білім иелеріне қарсы надандыққа тәрбиелейтін көрсоқырлардың зиянкестік тәлімі  екендігін айқын дәлелмен сөйленді. «Көздеріңнің көрмей, су қараңғы болып қалуын жақсы көресіңдер ме?» деп сұрап едім, бәрі күлді. Мұғалімдері тіпті күлді. - «Әббәле, күліңдер балалар, күліңдер! Мұндай сұрау қоюдың өзі де ақымақтық шығар. Өз көзінің су қараңғы болып қалуын кім жақсы көрмек! Бірақ, оқып, білім алуға талпынбасаңдар, зиялы болуға қарсы тұрсаңдар, іс жүзінде «маған көздің қажеті жоқ» деген сөздің дәл өзі болып шығады. Қазіргі адамзат дүниесінде бұдан зор ақымақтық бар ма? Солшыл саяси әулекілерге көз жұма ілесушілер, өз көзін керексінбейтін сол зор ақымақтықтың жендетке айналған өкілі. Мына ана мектептеріңді бұзып-шағып, сендерді әліге дейін жауратып қойған солар! «доңызға ерген балшыққа аунайды» деген осы! Ондай көзсіздерге ілеспеңдер, лағынат айтыңдар, жол қоймаңдар оларға! Көздеріңе нұр құятын, аналарыңдай қамқор мектептеріңді «шужұңжуидің ұясы» деп атағандар мен оқығандарды «сасық зиялы» деушілердің өздері ең шіріген сасық, ең қаскүнем, ең заһарлы, ең қатерлі жау екендіктерін ұмытпаңдар!»

Бұл түсініктерімді оқуға келе алмай жүрген балалардың бәріне жеткізуді тапсырып, мына мектептерінің тез уақыт ішінде жөнделіп, жаңаланып, қамқорлық пен білімнің алтын бесігіне айналатындығын жарияладым сонсоң.  Жеткізген жаңалығымды оқушылар қызу шапалақпен қарсы алды. Ал, осы сөйлеген пікірімнің титтей бөгде қоспасыз, нағыз шындық екендігі ендігі екі жылда толық айқындалады. Одан бері көркөкірек солшыл әулекілер не десе дей берсін, былжырайды да қояды. Олар осы күздің жыланы тәрізді мағдырларынан айырылып, жиырыла бастады. Шаға алмайды, енді жөндеп ысқыра да алмайды, ұқтыңдар ма? Мойымай, алаң болмай, бар ынталарыңмен оқыңдар!» деп тоқтаттым сөзімді.

Аузын аңқита тыңдаған семіз бастық пен оқытушылар бір-біріне қарап шұлғыса қол шапалақтағанда оқушылар шатырлатып, ду көтере жөнелді.

Ең зор мәртебені осы ауыр жаралы мектеп пен осы азғантай ғана қожалақ-қожалақ еңбекші оқушылардан алып көңілденіп, зор мереймен шықтым сыртқа. Өйтетінім, халықты қазіргі титықтатып, жастарды аздырып тұрған жиырма жылдық апат пен індетке қарсы бірінші болып ашықтан-ашық оқ атып, оғының дәл-дәл қадала атылғандығын, тыңдаушыларымның ықыласты күлкімен сүйсіне мойындауларынан көріп шықтым.

Әтірет бастығы үшеумізді үйіне бастап, аттарымызды біреулерге жетектете қойқаңдады.

- Сіздің мына сөзіңіз, осы мектепті бас көтере алмастай етіп, басып жатқан барлық дертке шипа болды, инспектор жолдас, айтылған ендігі үш күніңізде бүтіндей жаңарып, жайнап тұра қалатындығына сеніңіз! - деп қаудырлады бастық. - Шынымды айтайын, менің мойнымдағы сайтанды да қағып тастадыңыз! Идеямның азат болмай, желкемнен тартып жатқаны ып-рас болатын. Дәл төбемнен түстіңіз! Заупаншілер қайта құрала қалып ұрандатып, мені де мектептің бұрынғы бастықтарының ізімен қуып тастар деп қорқып жүр едім... Бұл мектепте оқитын өзімнің де үш балам бар. Кім өз баласының соқыр болып қалуынан қам жемейді. Оқымай бекер жүрсе, бала деген бар қырсықты өз бойына жиып алатын пәле ғой. Темекі мен арақ - сол қырсықтардың ең үлкені екен. Мектеп жақсарып, тәртіп-ережесі заупаншылардың ықпалынан құтылса, ол қауіптен де азат болдым деген сөз!

- Мұнан соң заупаншылардың басшыларын мектеп түгіл басқа істеріңізге де араластырмауға құқықтысыз, қорықпаңыз! «оқушыларымыздың тыныш оқуы үшін осылай істеу жоғарғы жақтан белгіленді» дей саласыз. Ол кесапаттардың орнына жастардың еңбек белсенділері мен оқу белсенділерін өз маңыңызға тартыңыз! Осы қоғамды тұралатқан - құр айқайшылар - айқай ұранмен күн көрушілер екендігін жұртшылық көріп болды. Бірақ, оларды құтыртушылардың өздерін қылмыстыға шығарып салмаса, құйрығы желге толып алған бұл қоғам дерлік оңалмайды. Осы пікірді мықтап ұстап, әрқандай жерде айта беруден тартынбаңыз, жеңіс - сөзсіз халық жақта!

Әтірет бастығы осы сөзді өзіме жалтақтай қарап тыңдап келіп, мол киіз бен көрпе жайылған қонақ үйіне кіргізді. «Осы әтіретті өзіңіз де аз жемегенсіз-ау!» деген оймен мен де жымия қарап келіп отырдым төрге. Төменгі жағыма келіп отырған Азат пен орманшы қу, бірін-бірі нұқып қалып күліседі. Менің тым қабілетті «ревизор» болғандығыма күлетін сияқты. Бар тәтті-дәмдісі дастарқанға жайылып, шай құйыла бастағанда бір ұлы есіктен қой әкеліп, бата сұрады.

- Үлкен кісі, әтіретіңіздің шаруашылықтан тұралап тұрған шағында қой жемей-ақ қоялық, рахмет! Бізге көже-көмек те қонақасы бола береді, қоя бергізіңіз! - деп едім. Семіздің жауабы жеңіп, бойсұндырып әкетті:

- Бұл, әтіреттің малы емес, инспектор жолдас, мына оқушыңыздың өзі бағып өсірген төл малы. Сізден бата алғысы келіп, өзі әкеліп тұр, талабын қайтармаңыз!

- Олай болса, - деп кідіріп, оқушының өзіне зару бата құрай салдым. - Өмірлі бол, көңілді бол, төңіректі түгел көретін білімді бол! Аллауһу акбар.

- Бұл батаңыз да үлкен жаңалық сияқты, инспектор жолдас, өзіңізде өмірлі болыңыз! -деп күрсінді мектеп бастығы. - Оқушылар түгіл өзімізге де Маужушидан басқаға қарама, көрме деп зықынайтындар бар әлі де, төңірекке қарасақ-ақ шужұңжуишы боп кететін сияқтымыз!

- Негізгі надандығымыз осында! - деп мен де күрсіндім. -Басқа заттарға қарап салыстырмаса, оқушылар сол «жалғыз затының» да қандай зат екендігін айқын тани алмайды. Сол затыңыздың өзінде данокс мәселе болмаса, сіз де «шужұңжуишы» болып кетпейсіз. Төңірекке қорықпай қараңыз! - Бұл пікіріме тыңдаушыларымның бәрі күлді. Үстемелеп бір сөйлемді тағы да қосып жібердім. - Біртұтас әлемнің өзіме керекті бір нүктесін ғана білсем болды деп, басқасына қарамай, бір тесіктен ғана сығалап оқыған адамнан сауатты білім иесі шыққан емес. Ондайлардан сол «керекті нүктесінің» өзін де білмейтін соқыр ғана шығады екен! - Бар дауыстарымен күлді өз жолдастарым. Ауыз үйден тыңдаған оқушылар да күлді.

- Ойпырай, ойпырай! - деп мектеп бастығы еселеп-еселеп күлді. Осы бұзылған қоғамның ісіне қатынаспай, үйде ғана жасап келген ақ бөрте бәйбіше ғана жұқпалы соқырлықтан аман қалған сияқты.

- Несі «ойпырай» екен бұл сөздің! - деп деңгейлес семізіне жазғыра қарады. - Қонақ дұп-дұрыс айтып отыр. Кестесінің титтей бір өрнегіне күндіз-түні қарап отырып, қызымыздың да қыли болып қала жаздағанын көрмеп пе едің!

- Ә, міне жеңешем, өзі көрген тәжірибесімен-ақ мойындатты! - деп қана қойдым мен. Мектеп бастығы ақтала жауап қайырды.

- Жоқ, бәйбіше, мен бұл кісінің сөзіндегі жиырма жылдан бері өзім естімей келген өткір шындыққа таңданып күліп отырмын! Жә, әкелші қынжылтбасың даяр болса! - «Қынжылтпас» дегені, арақ басытқысы екен, кереует астынан бөтелке суырып алып, бәйбішесіне қосымша бұйрық айтып қалды. - Балаларды арғы бөлмеге шығарып жібер, енді сығаламасын!

- Міне, ең дұрыс пікіріңіз осы болды! - деп құптадым бұл тәрбиесін.

- Бұлар, бәрін көріп-біліп жүрген қулар, инспектор жолдас, мектептегі сөзіңізді естігеннен-ақ аса жоғары нарқыңызды байқап, бар ықыластарымен әуестенгендіктерін біліп қалдым. Енді арақ ішкенімізді көріп, сонымызға да әуестенбесін деймін.

Әтіреттің екі жақтылы қожасы мені қарсы алу сөзін ұшырта сөйлеп, бір-бір рюмка қағыстырған соң ғана сұрады өз жөнімді. Атымның «Жақып» екендігін, бірақ осы аудандағы Жақып емес екендігімді, бірнеше жылдан бері «Санжы хұйзу автономиялы облысының оқу-ағарту басқармасында» істеп келе жатқанымды айтып едім, жүзіме күле таңырқай қарады.

- Қазіргі кадрларымыздың сиқы белгілі ғой, - деп мырсылдады. - Жоғарысын да, төменін де көріп жүр едім. Сіз маған жыл құсындай көрініп таңдандырып отырсыз. Тұсаулы атша кібіртіктейтін, тымырайып қана отырып, ауыз аңдитын, сөйте келе қорқытар жерден ұстап, қоқилана қарайтын, сөзімді ұстатып алам ба деп сипалақтап, сырғанай сөйлейтін... Бізге тағы-тағы сондай індет молынан тарап еді. Сізге соның бірі де жұқпаған көрінеді. Соған қарап сізді... өзіміздің байырғы, аз санды ғана өткір ойлы, адал білімді азаматтарымыздың біріне ұқсатып едім. Олар осы сіз сияқты қалтқысыз ашық сөйлейтін ғой!

- Ондай адам бұл заманнан шықпайды дейсіз бе? -деп күлдім мен. - «Жетім қозы түртіншек, түңілер де отығар» дегендейді де білмейсіз бе? Осы алаяқ заманымыздың кейінгі кезінде не шығып жатқаннан көз жазып қалыпсыз!

- Инспектор жолдас, «заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді мен де недәуір игеріп қалған сияқты едім. Ха-ха-ха-һа-һа.., өзім де бір мақтанып алайын. Ал, сіздің бүгінгі сөзіңізде түлкінің ізі түспеген жерде де көктен түскен қырандай төтесінен атылып келіп, дәл басып таңдандырдыңыз!

- Ақсақал, мұныңыз маған мүлде артық баға. Қоғамға, заман өзгерістеріне ұзақ төне үңілсеңіз, сіз де дәл басып сөйлейтін боласыз. Ал, сіздің недәуір артта қалғандығыңызға бағанағы бір сөзіңіз де куә: заупаншылар желкеңізден әлі төніп тұрғандай көрініп, мектеп ісіне кірісуден әліге дейін қорқып отырыпсыз ғой!... Соған қарағанда партиямыздың қазіргі басшысы болып, Маужушидің орнына отырған Хуагопыңның өзінің өзгерісін де білмей қалыпсыз. Осы мемлекеттегі заупаншылардың ең зор бастығы - ішкі істер министрі сол кісі еді ғой. Өзі шығарған заупандерінен сол кісінің енді өзі безіп отырғанда мұндағы шолаң-шошырақтары не бітірмек!

- Ойпыр-ау, төбемнен тағы да қойып қалдыңыз-ау! - Ду күлдік бұл мойындауына. - Енді күмәнім қалмады! Қане, мені бүгін балшықша домалатып жеңгендігіңіз үшін бір ішелікші! Тездетіп ремонттатпасам, осы мектептің тесіктерінен өзімді тығындамай қоймайтындығыңызға да күмәнім қалмады!

Талай сары құстың тұяғынан өз жырындылығымен құтылып семірген бұл сұмның мені шырамытуынан осылай құтылып, ертеңіне ерте жүріп кеттік. «Мектеп ісін қалай бітіргеніңізді екі-үш күнне қалмай қайтып келіп көремін!» деп шегелеп кеттім сонда да.

Тағы да солтүстікке тура тарттық.

- Қиын жолға бүгін шықтық, - деді жол бастаушым. - Құм жиегіне бұғы аралға  барамыз. Қиын дейтінім, ұзақтығы ғана емес, беңтуанды[4] аралап өтеміз. Арсылдап тұрған қалың күзетші иттің арасымен өтеміз деген сөз. Олардың бәрі тергеуші. Жоңғар құмына баратын жолаушының жолхатын тексеру осылардың міндетінде. Түгел ханзу. Құм аралап, шекарадағы Жеменей, Қобық аудандарына өтіп, одан Совет одағына зытып кетеді деп, ары-бері өткен жерлік халықты қатты тексереді!

- Бұл майданның ар жағында өз халқымыз болған соң оларды өзіміз тергеп-тексеруге бара жатпаймыз ба! Мұндай жолдың тексерушісінен бұл үшеуміздің қорқуымыз ұят болар! - деп күлсем де жүрексіне күлдім. -Бұлай қорқытқанша тек, барлық бетбақтығымызды осы жолда көрсетелік десеңші!

- Дәл таптыңыз! - деп жымиды жол бастаушы. -Егер өткізбейміз десе, үшеуміз үш кәсіптің үлкен дауын бір-ақ көтерелік! Мен орманның қырқылуынан бастаймын бәлені!..

Мұнан соң орманшы Бұғаралдың жаратылыстық жайын сөйлей қузады атын.

Құм жиегіне жете Санжы, Құтыби, Манас өзендері жер қыртысының астынан да үстінен де тұтасып, үлкен арна құрайды екен. Бұл арна күнбатысқа қарай созылып, осы жиекке Сауан тұсына дейін ұзыннан-ұзақ жалғасқан қарағаш пен жиденің орман белдеуін жасапты. Тегінде бұғы қыстайтын сияқты. «Бұғарал» деп сондықтан аталса керек. Арғы жағы құм, бергі жағы дала болғандықтан орманның үлкен бір аралы болғаны ғой. Қазір беңтуан қоныстанып иелеп алыпты да маңайын түгел әскери егіншілік майданына айналдырыпты. Еренқабырғаның үш ауданынан өткен өзен суларын түгел жиып қамап, зор-зор су қоймаларын жасап алған соң бұл кең өңірдің тіпті шексіз құқықты иесі болып алып, жергілікті халыққа ауыз суын да бермейді екен. Бұрынғы суатына мал келсе құйрығын кесіп, байырғы жеріне адам келсе басын жарып қуалайтын болыпты. Осыны айта келіп:

- Енді жолаушы өткізбейтін құқық алған соң не оңдырмақ! - деп күрсінді орманшы. - Орман сиреп, аңы үркіп жоғалды!

Желе жортып кешке жақын сол қорқынышты беңтуанға таядық та, құмға көшіп бара жатқан бір малшының қосына түстік. Қонған болып, көже-көлмегінен бірге ішсек те далаға атымызды маңайлап жаттық та, қостан таңертең бір шай ішіп алып тағы жорттық. Беңтуаннан айланып өтетін шет тым алыс екен. Рота әтіреттерінің арасындағы жолсыз, ашығырақ алаңқыдан өткен адамды аса қатты тексеретіндігін орманшы айтты.

- Олай болса, әрқайсысын арсылдата бергенше осындағы ең үлкен штабына тура барып сөйлеселік! - дедім мен. - Азат өзін таныстырып, «адам өлтіріп қашқан екі қашқын осы майдан жаққа өтіпті. Рота әтіреттеріңізден сондай бейсауат адам көрген-көрмегендігін телефон арқылы сұрап беріңіз! - деп өтінсін. Біз екеуміз өзді-өз жұмысымыздың асығыстығын айтып, «қашқын ұстасуға ғана көмектесуге келдік» делік.

Осыған келісіп, батальон штабына қарай бұрылдық. Бойымызды тінте қалса, маған меншікті болған бір алтыатардан басқа жасыратын ештеңеміз жоқ еді. Оны орманшының іштен асына тұруына қисыны табыла кетті.

Батальон штабынан біреу шығып, жолқағаздарымызға ұзақ-ұзағынан үңілді де өте беруімізге рұқсат еткендей иегін көтере салды. Азат жаңағы талабын қойып еді. Тексеруші офицер, ондай қашқын келмегендігін айтып, бұрыла жөнелді.

- Жолдас, біз енді осы маңнан ол екеуі жасырынатын далда жер қалдырмай іздейміз. Қол астыңыздағы адамдар бізден қауіптеніп тексеріп уақытымызды алмайтын болсын, штаб атынан қағаз жазып берсеңіз! -деп Азат қайталап өтінді. Офицер қынжыла қарап алып, бөлмесіне қайта кірді де тілдей қағазға сүйрете жазып қол қойып әкеліп бере сала жөнелді. Өзі де асығыс көрінеді.

Беңтуан майданынан өткенімізше Азаттың кінешкесі мен сол қағазды ғана көрсетіп, шапқылай бердік. Құрыған өзен арнасынан өтісімізбен орман аяқталды. Құмның жалаңаш жиегіне шықтық. Бұрын мұндай жалаңаш емес, жыңғыл мен сексеуіл қалың өскен қыстаулық жиек екен. Беңтуан томармен қопарып тасып тақырлап, бір қанша жылдық отын қып жиып алыпты. Қалдық тамырларынан шанжау-шанжау сарбалақ пен балапан жыңғыл өніп, құмды сортаңға қайтадан жан бітіре бастаған көрінеді. Сөйтсе де жел мен суыққа далда боларлық паналығы қалмай, мал қыстатуға жарамай, бүтіндей иенге айналып қалыпты. Малшылар құмға ішкерілеп кіріп қыстап, ойпаң қойнау шұңқырларынан құдық қазып күнелтіп жүр екен.

Орманшы, даланың осы мұңын бозторғайша шертіп, атын дуадақша бүкілдете берді. Көштің сүрдек жолымен құмға кіре, батыс-солтүстікке қиыстай аяңдадық. Бір дөңес құм үстінен обадай қарауытып жалғыз мола көрінгенде «жетіп қалдық» деді жол бастаушымыз. - Анау моланың бауырында ғана бір жетім мектеп бар.

Жолдың ауырлығынан жолдастарымның аттары нараулап қалыпты. Мен мінген қарақасқа әлі тың, тебіндірер емес. Бұғаралдағы «қашқын іздеген» шабысымыздан оншалық терлемепті де. «Кесел-қырсықтан аман болсақ қайыспай-ақ жеткізерсің, жануарым!» деп сыладым мойнынан.

Моланың күнбатыс жақ бауырындағы мектепсымаққа екі-үш құм белден асып, күн бата жеттік. Жыңғылдан тоқып, балшықпен сылай салған жалғыз бөлмелі лашық екен. Жыртық-жыртық темір пеш дәл ортада. Столы да, орындықтары да тұтас-тұтас тораңғы дөңбектерден құралыпты. Сонда да қала маңындағы алдыңғы күні көрген тұрақты мектептен көшпелі мектептің бұл тіршілігі әлдеқайда жақсы көрінді. Қаншалық қиыннан құралса да оқуды уақытында бастаған оқытушының мықтылығын байқатты. Оқу ісіне күйіне білетін кәсіптік ағартушы сияқты.

Мектептің сырт жағындағы тұйықтан үш-төрт қана киіз үйлі ауыл көрініп еді. Солай беттей бергенімізде ауылдан атты екі адам шығып, бізге қарсы жүрді. Күнсала қарап келіп сәлемдесіп, ауылына бастады бізді. Жөн сұрап таныса келе менің «инспектор» екендігімді білген соң, өздерін де таныстырды: бірі осындағы малшылар әтіретінің бастығы екен де, бірі мұғалім екен. Алыстан келе жатқанымызды да, аттан түсіп, мектепке кіріп шыққанымыздан «осы кәсіптің адамы» екендігімізді де байқап шығыпты екеуі. Аты-жөндерінен Жатқанбай берген тізімде бар адамдар екендігін біліп, мен қуандым.

Бізді әтірет бастығы өз үйіне бастады да мұғалім бөлініп, шеттегі өз үйіне түсіп қалды. Азатқа бұл екеуінің ашық таныса беруге тиісті адамдарымыз екендігін күбірлей келіп түстім аттан.

Жүзін әжім айғыздаған жуан бурыл басты мұғалім бұл үйге біраз уақыт өткенде келіп кіріп, төменгі жағымызға отырды. Менің ақ бұйра шашты басыма қарай берді.

- Мына мектептеріңізде мұғалім нешеу? - деп сұрадым одан. Мырс ете түсіп, баяу ғана жауап берді.

- Мен, жалғызбын. Алғашында осы кіші әтіретіміздің алты-жеті баласы ғана оқиды ғой деп шарбағымызды тым тар жасап қойыппыз. Маңайымыздағы басқа аудан малшыларының балалары да келіп, қазір жиырмадан асып қалды.

- Неше сыныпқа айырдыңыз?

- Осы жиырма үш оқушының өзі алты класқа айырылды ғой!

- Япыр-ау, бір оқытушы алты сыныпқа, бір уақытта сабақ өтейсіз бе? Қалай жетіспексіз? -Таңдана сұрағаныма мұғалім мен әтірет бастығы бір-біріне қарасып алып күлді. - Әр сыныпқа арнаулы оқу құралыңыз бар ма?

- Соның өзімде толық болғандығына ғана сүйеніп келемін ғой. Үшінші сыныптан бастап жоғарырақ сыныптағыларының өздеріне көшіртемін де, әр күні оқитын тақырыптарына қысқа-қысқа ғана түсінік беріп өтемін. Көп уақытымды бірінші-екінші сынып алады...

- Бұл кісінің қазір штаттық айлығы да жоқ! -деп әтірет бастығы қалың қырма сақалды иегін қаси күрсінді. - Төрт баласы мен әйелі бар. Біздің әтіретке «төменге түскен» ауданның атақты мұғалімінің бірі еді. Сол атағының себебімен бұдан оқуды талап етушілер де көбейіп барады!

- Еңбекақысы қалай төленеді?

- Бұрын еңбеккүн ғана жазып, там-тұм ғана қамдап келіп едік. Қазір оқушылардың өзді-өз кіші әтіреттерінен үлес қосып төлеуге келістік.

Әтірет бастығы осы жайды айтса да, «кері төңкерісшіге іш тартқаным үшін идеямнан ұстай алар ма екен» дегендей күдікпен жалтақтай қарады бізге.

- Жақсы! - дедім мен іркілмей. - Әтіреттер ара ынтымақпен келіссеңіздер бұл істеріңіз шужұңжуишылыққа қосыла қоймас! - Қарқылдап күлді тыңдаушылар. - Жақсы іс! - деп нығай қайталадым. -Жетіспей жатқанда оқу-ағарту жұмысындағы береке осылай болуға тиісті!.. Мұны жоғары жаққа қазірше дабыра қылмай ғана «еңбеккүн» атымен жүргізе тұрсаңыздар, жақын уақытта үкіметтің өзі де осы ақылға келіп қалар!

Шайға дастарқан жайылар алдында орманшыны ымдап ілестіріп дәретке шықтым. Есік жақта отырған мұғалім есік ашып шығарды да үйге қайта кірді. «Осы кісі, менің бұрын көріп жүрген кісім сияқты» деп күбірлегенін ести өттім үй сыртынан. Азаттың оларға мені енді ашық таныстыратындығы белгілі еді. Дәреттен қайтып кеп кіргенімде мұғалім қос қол созып, күле амандасты да, құшақтай алып, солқ-солқ ете түсті. Әтірет бастығы да жетіп келіп, қазақша құшақ айқастырып, төс тақаса, алақан қағысып амандасты. Денсаулық жай-күйімді екеулеп дағдап-дағдап сұрады сонсоң.

Мұғалімнің аты Төлеуқан екендігін бұрын естігеніммен қай Төлеуқан екендігін ескермеппін. Қапас, Құмарлардың институтта бірге оқыған сабақтасы Төлеуқан екен. Олар күреске түскенде бұдан ілінерлік мәселе табылмай, «ұлтшыл бұзықтармен итаяқтас» болып оқығандығы ғана ескеріліп, Іледегі өз жеріне қайтарылмапты да, Құтыби ауданына оқытушылыққа бөлініпті. Сол «итаяқтастығын» социалистік тәрбие кадрлары соққылап отырып қайта қарап, «ұлтшылға бейім» дейтін қалпақ кигізіп, әрең қалдырып кеткен екен. «Мәдениет төңкерісі» қыза келе төменге түсіріп, мал бақтырып қойыпты.

Шай жасалып, қой сойылып, жаңа түске ене қалды құрметім. Кебежеде көп жатқан көк мойын бөтелкелер де шықты. Әтірет бастығы мен Төлеуқан осы кезеңде ымдаса қалып еді, тізелес отырған үй иесі екі жолдасымның жөнін менен енді күбірлеп сұрады. Сенуге болатын жігіттер ме деп сұрағаны екендігін түсіндім де, «Құдай қосқан ең сенімді қорғаушыларым!» дей салдым. Құлақ түріп отырған мұғалім шыға жөнелді сыртқа.

Қаптал шапан жамылып, қазақша түлкі тымағын шекесіне қондырған, саптама етікті, ұзын бойлы, сұлу қара торы біреу сәлемін соза беріп кіріп келді. Аңыра қарап қалыппын. Қатарымда отырғандар түрегеліп, менің қасымнан орын нұсқады.

- Қапаспысың, үй! - орнымнан мен де түрегеліп қол алыстым. - Қайдан, қалай келіп қалдың?

- Сіз шыққан жерден шыға келетін әдетім барын білмейсіз бе?

- Мен ғой талай алдырып, талай шалдырып, талай торға түсіп, талай орға түсіп осында әрең жетіп отырмын. Сенің сығалай салып кіріп келетініңді қайдан білейін!..

Тыңдаушыларды таңдандырып күлдіре отырып, арақ қағыстырған соң оның мұнда қалай жеткен жайын сұрамай қоя салып едім. Қорғаушым мен жолбастаушымның жөнін сұрап біліп алған соң өзі қысқаша баяндай салды.

- Сіз, Үрімжідегі дүрбелеңнің соңғы кезінде оқу-ағарту меңгермесіне келіп өз орныңызға қайта отырды деген кезде мен де әр көшеден сығалап жүргенмін. Тағы да зым-зия ғайып болып кеткеніңізде, мен де зытайын деп ыңғайын таба алмай қаңғи бердім. Бұрынғы сабақтастарымды әркімнен сұрастырып жүріп, мына Төлеуқанның әдірісін таптым. Бұл, менің ең жақын жерлес сабақтасым ғой. Жаяулап тарта бердім Құтыбиға қарай. Санжыдан тағы бір сабақтасым табылып... атын айтпай-ақ қояйын, осындай қазақы киім кигізді де, атпен өзі әкеліп салды. Мына әтірет бастығымыз, Құдай тілеуін қабыл еткір кісі екен. Жолдас беңтуаннан осы кісілермен бірге мал айдап өттім. Келе салып, жаңағы өзіңіз көрген мектепті жасастым. Ал, сіздің баяғыда жасаған оқу құралдарыңызды Төлеуқан толық жиып сақтап келген екен. Құрама көп сыныпты сонымен қиналмай-ақ оқытып, үлкен үлгі көрсетіп жатыр. Жетік түсінікті оқу құралы мұғалімге де, оқушыға да қанат бітіретіндігін осы құмда көріп, авторын жиы ескеріп жүргенімізде салаң етіп бүгін өзің жетіп келдің. Қасыңыздағы мына кісілерден қорқып, алдыңыздан шыға алмай, содан бері шиыршық атып, жабықтан сығаладым да тұрдым. Мені «сығалай қарап кіріп келдің» деп кінәламаңыз, аз сығалағаным жоқ! Ха-ха-һа-һа..а...

- Ал ендігі жол бағдарыңды белгіледің бе?

- Сіз келудің алдындағы бағдарымды Төлеуқан екеуміз белгілеп едік, ол қиындау, әрі ғайыптың ісіне айланып тұр еді....

- «Ғайыбың» қалай?

- Мына Төлеуқанның басы екі жерден байлаулы ғой, серік болу түгіл шығарып та сала алмайтын жағдайда. Сондықтан құмның арғы шетіне дейін жолдас болып бастап апаратын біреу ғайыптан пайда болар ма екен деп күтіп тұрғанмын. Көктен түскен сол ғайыбым енді сіз бола қалғандайсыз! Мұнда келе қалатыныңызды мүлде ойламаппын, қазір түс көргендей болып отырмын!

- Қапиядан хабар таптың ба?

- Табылғанда қандай, бұл жөнінде Төлеуқанға қарап екі ракат намаз оқиын десем, өзі көнбей жүр. Мен Маузыдұң емеспін дейді. Осы былтыр ғана Қапияның бұрынғы әдірісіне хат жазған екен. Бір ай өткенде жауабы оның өз қолымен жазылып, жазылғанда да жопшенгі бір повестей болып жазылып, осы құмға жетіп келіпті. Оны кейін оқырсыз. Төлеуқан осы жақында менің келгенімді хабарлап сүйінші сұрап бір хат жазып жөнелтті оған!.. Қане, Биға, осы жиырма жыл бойына ұмытпай қолдап келіп, бізді осында кездестіріп, өлген жанымызды осыншалық үмітке бөлеп тірілтіп отырған осы бауырлардың, шынайы қазағымыздың амандығы, денсаулықтары, келешек бақыттары үшін бір тост көтеріп жіберелікші!

Сөйтіп, қуанушы тост, құттықтаушы, қуаттаушы, қарсы алушы тосттар көбейе түсті. Құмдағы арақты құмша сіңіріп жұта бердік. Қапияның хатын оқуыма мұрсат болмады. Тамақтан соң төрт қонақ жатып алып ақылдастық. Бірге келген қорғаушым мен жол бастаушымның негізгі міндеті зор табыспен орындалып болғаны белгілі болды. Үш реттен рахмет айттым. Таңертең құм жиектің Санжы тұсындағы құдасын «жоқтап», сол жақтан қайтуға Азат қоштасты да, Құтыби өзені бойындағы қырқылған тоғайларын жоқтап, дауласа қайтуға орманшы қоштасты. Мәртебелі қаңғы мен қара санақ қаңғы ендігі ұзақ сапарларын, бірер күн еру болып дайындықпен жалғастыруға келісті.

Қапияның Төлеуқанға жазған хаты, өз үйіне қайтып барғаннан төрт-бес ай кейінгі жеңгесінің айтып түсіндірген оқиғаларынан басталыпты. 59-60-шы жылдарда Шыңжан институтындағы күрес пен жазадан құтқарған жүйке ауруын өзі білмейді екен. Мақпалдың маған жазған хатындағы киімін сыпырып тастап тыржалаңаш көше кезгені, Қапасын іздеп айқайлап, талай көшені аралағаны, тіпті, өз үйіне қалай қайтып барғаны жөнінде де еш нәрсе жазылмапты. Ол жайттарын Төлеуқанның сол кездегі көргенінен оңашада сұрап анықтадым. Ал, осы хатты жазған шақта да өзінің ақыл-есі дұрыстала қоймағаны байқалады.

 

*           *         *

«Менің өз күйеуім тұрғанда басқа біреуге неге тиеді екенмін! Әркімге бір тиетін жезөкше ме едім мен, көзімді ашып көргенім, аузымды ашып сүйгенім Қапас қана, ол өлді деген ешқандай хабар жоқ, тірі! Оны тастап кімге тимекпін, оншалық жынды ма едім мен, ақымақпын ба Қапасымды ұмытатын! Одан басқа күйеу дейтін немелеріңді көрсетпе маған, адыра қалсын!» деп әке-шешеме түп-түзу жауап қайырып едім, ертеңіне-ақ жатқан үйіме сонысының өзі кіріп келді. «Сұқсимай жоғал ары!» десем, ыржың-ыржың күледі. От басынан «көсеуді» ала қуып едім. Одан соңғысын білмей қалыппын. Жеңгемнің кейін айтуына қарағанда қолыма алғаным лом темір екен, күйеу болмыстың басын жарып, ұрып жығыппын. Бұл, маған өз үйіме қайтып келгенімнен кейінгі сөз салған жігіт. Әке-шешемнің үш ай молдаға оқытып, қырық күн бақсы ойнатып, ес жиып жазылып қалды деген алданыспен тапқан «күйеу баласы». Мені күйеуге беруге асығып жүрген себептері, тұрмысқа шықса Қапасты ұмытып, тез жазылады деген далбасалары екен.

Тапқан бұл «емшісін» ұрып жыққанымнан соң молдаға мені қайта оқытты. Молданың бұл реткі оқығанының барлығы жады қайтару дұғасы екен. «Еркем, Қапас сені өзіне жадылап көндірген. Оның сиқыр дұғасын қайтармаса, сен жынданып өлесің. Сондықтан молда үшкіргенде «әмин-әмин» деп Құдайға жалбарына бер!» дейді жеңгем.

«Мінеки, осы дұғаны оқығаннан бері тәуір болып қалдың!» деді бір күні. Дәл сол күні «тәуір болып қалғандығымды» молданың өзіне бір көрсеткім келді. Бірдемесін былдырлап-былдырлап алып бір үшкіргенде «әмин!» деп едім. Молда өршелене былдырлап жіберіп екінші үшкүргенде «әмин-әмин!» деп әдейі мен де өршелене дауыстадым. Молда қолындағы дұғалық кітабымен бетімді, ернімді, алқымымды, омырауымды сипап-сипап жіберді де сол кітабымен желкемнен салып кеп қалды. Кітабымен сипаған жерлері Қапастың ерні мен қолы көп тиген жерлерім екендігін есіме алып отырғанымда желкемнен періп жібергені, сол сүйікті жанды сана-сезімімнен мүлде қуып шығармақ болғаны екендігін түсіне қойдым да, «Әмин! Әмин! Әмин!» деп үш рет айқайлап жіберіп, дұға оқып отырған аузына шапалақпен салып қалдым. Молдекем шалқасынан түсті. «Менен оны үкіметтің зорлап айырып отырғанын місе тұтпай, санамнан мүлде шығарып жібермексің, ә, сен!» деп кеудесіне міне түсіп едім. Онан соң не істегенімді тағы да білмей қалыппын, есімнен мүлде ауысқан екенмін. Молданың кеудесіне міне түсіп, тұп-тура аузына симек болыппын. Кейін жеңгемнен соны естіп, қатты ұялдым.

Төлеуқан, мен ежелгі қойшының қызы екендігімді, сахарадан басқа жерді де елді де көрмеген, ең мешеу ауылдың қызы екендігімді сендерге әлденеше рет айтқан болсам керек. Жазда сауырды бір-екі ай ғана жайлап, қалған он ай бойына ыңғай иенде, қыста тіпті, киік те жорытпайтын құмда болатынбыз. Қазір де сондай, менің жабайы сахарада жүріп сауат ашып, аудандық мектепке түскенімнен соң ыңғай алда, аса озат оқығанымды естіген-көрген құрбы жігіттердің маған сөз салмағаны аз еді. Институтқа емтихан беріп өтіп, бәрін де дәт дегізіп кеткемін ғой. Осы аудан жігіттеріне мен әлі де сондаймын. Алыстағы арманындай көрінетін сияқтымын. Осы ауылға келіп, сыртқа шыққанымда бәрі де үйлерді далдаланып баспалап, бірнешеуі жабықтан сығалап тұрады.

Ел мені жынданды десе де, мен өзімнің сап-сау екендігіме сенемін. Қанша уақыт өткенін білмеймін, молдаға әлгі істеген тентектігімді жеңгемнен естіген соң қатты ұялатын болдым. Басқа адамдардың алдынан бетімді басып алып өтіп жүрдім.

Бір күні дәретке кетіп бара жатқанымда, арт жағымнан келе жатқандар сыбдыр естілісімен бетімді екі алақаныммен басып алып едім. Сол сыбдыр арқамнан қалмаған соң қолымды бетімнен алмай жүре беріппін-жүре беріппін. Шаршап қалдым. Қапастың қалыңдығын басынып, соңына соншалық түскен кім бұл деген оймен ашуым тағы келді. Шапалақпен мұны да бір соғып жіберейін деп арқама жалт қарасам, молда да, бақсы да, мені айландырған жігіт те емес, өз үйімнің қарала қаншығы!... Менің тағы да қатты ызаланғанымды біліп тұра қашты, тұра қудым. Жеткізбейтін болған соң іш көйлегімнен басқа киімімді сыпырып-сыпырып тастап, жеңілдеп алып қуып едім. Құйрығынан сонда да ілдірмеген соң іш көйлекті де тастап қудым. Қарала қаншық ауылды айлана қашты. Бір шапалақ ұра алмағаныма тіпті ызаланып, соңынан қалмай жүргенімде жеңгем атпен қуып жетіп домалап түсті де, құшақтай алды.

- Еркем-ау, мұның не? Жынданып қалғаныңды осыныңнан да түсінбеймісің, қарашы өзің, шолақ штаннан басқа, денеңді жасырар ештеңең қалмапты, ұялмаймысың? -дейді. Жалаңаш денеме қарап-қарап алып бетімді басқаныммен, басқа ұятты жерлерімді жаба алмайтын болған соң екпетімнен түстім. Жынды жеңгем онан сайын ұялтты: менің жалаңаш денемді көруден ұялып, ауыл адамдары түгел үйлеріне кіріп алғанын айтты. Саусақтарымның арасынан сығалап қарасам, рас екен, ауылда адам қалмай жасырыныпты менен. Ұятсыз иттер ғана шу көтеріп, шәбеленіп тұр. Сонда да әлгі қара жүз қарала қаншық жоқ!...

«Еркем, басыңды көтер, киімің келді, киіп ала ғой!» - деді жеңгем. Іш көйлегімді кигізді. Белдемшем мен сырт көйлегімді өзім кидім. Етігімді қоңылтаяқ сұға салдым.

Япырай сол күнгі ұялғанымды сұрама, Төлеуқан. Үйге жер үстімен бардым ба, жер астымен бардым ба, білмеймін. Екпетімнен жатып алып шақырдым Қапасты. «Осы ауылға енді көрінбей кетіп қалайық!» деймін. Атын атап шақыра беріппін.

«Шақырма, ол әлдеқашан марқұм болыпты!» деді үй сыртынан біреу. Жүгіріп шықтым сыртқа. Әкемнің қасында тұрған молда мен бақсыға кезек қарап ұмтылдым.

«Қане, Қапасты өлді дегенің қайсысың?!»

Әкем мен шешем алдымнан тосып құшақтап алып жібермей қойды.

«Қапас атты оңшы бұзықтың өлгеніне он жылдан асыпты, балам, қой енді!»

«Не болған, Қапияш-ау, саған, ақылың бар еді ғой, есіңді жи!» - деседі. Онан соң не істегенімді тағы да білмей қалыппын.

Қанша уақыт, тіпті, қанша жыл өткенін де білмеймін. Әйтеуір күз маусымының бір кеші екенін күннің салқындығынан сездім. Көп заманнан бері ыстық-суықты да сезгенім осы сияқты. Тоқыған ши қоршау ішінде бір діңгекке тыржалаңаш байланып тұр екенмін. Ши сыртынан сумен ұрып, ұшықтап тұр екен бір-екеуі. Бірі шелекпен ыстық су, бірі суық су ұрып тұрғанын сездім.

Ши ішіне жеңгем көйлегімді әкеліп кигізді де, қолтығымнан сүйемелдеп өз отауына апарып жатқызды. Қатты ұйықтаппын. Үй сыртында бірнеше баланың шуылдап ойнап жүргенін естіп оянып, басымды көтердім. Күн түс уақыты болыпты. Қарай бердім жан-жағыма. Әке-шешем мен үлкен аға телміре қарайды маған. Өздері недәуір қартайып кетіпті. Бір кездегі жап-жас жеңгем де алжа-алжа. Әсіресе сол бейшараға көп қараппын.

«Еркем, таныдың ба мені?» - дегенінде басымды изедім. - «Анау апаң!» - бұл таныстыруына да бас изедім де сақал-мұрты аппақ болып кеткен әкеме өзім қарап изектедім. Солқылдап жылап жібердім изектеп алып. Олар  түгел тұқырып, төмен қарады. Үн жоқ. Жасырып жыласып отыр ма, мырсылдап күлісіп отыр ма, айыра алмай, тесірейе қарадым әрқайсысына. Әйтеуір бәрінің де езулері дұрыс емес, қисайып қалған тәрізді. Көзімнің тағы да бұзылып бара жатқанын байқады ма екен, бір-біріне ым қағысып, жеңгемнен басқасы сыртқа шығып кетті. «Ес жиып қалды, жазылады, жазылады» десіп, бір-біріне медеу айтып бара жатқанын естіп, аңырып отырып қалыппын.

- Еркем, анау бір жылы қарала қаншықты жалаңаштанып алып қуалағаның есіңде бар ма? - деп сұрады жеңгем. Есіме түсіре алмай, бас шайқай салсам да сол қаншық күшік кезінен есімде қалған екен.

- Айтпақтайын, сол қарала, жақсы ит болған сияқты еді ғой, ол қайда?

- Ол қартайып алжып өлген. Қазір оның ең кенже күшіктері де қартайып кетті. Сол қарала қаншықты тыржалаңаш қуып жүргеніңде мен сені атпен қуып жетіп, үйге әкеліп едім ғой. Сонда ұзын құлақ біреудің Қапасты өліпті дегені бойынша енді одан күдерін үзсін деген оймен саған естіртіп қойғанбыз. Содан бастап тіпті қатты құтырдың. Ұдайы сегіз жыл бойына есіңді бір жия алмап едің. Бүгін, міне, Құдайға шүкір, бетің бері қарады. Енді ашуланба. Басқа ештеңені ойлама! Бәрі де тағдырдың ісі ғой. Сауықсаң, әлі де ешкімнен кем болмайсың, саған бәрі де табылады!

- Қапастың өлгені рас па екен? - деп сөзін бөліп сұрай қалып едім. Жеңгем біраз ойланып алып жауап қатты.

- Сондағы саған үлкендердің айтқаны өтірік болатын. Айттым ғой, күдер үзсін дегенбіз. Өлді деген ешқандай жаман хабар әлі де жоқ. Сонда да былай ойлауың керек, Еркем, өлген адамның соңынан өлудің жөні жоқ. Үйленбей-некеленбей айырылған бір жігіт үшін жындану деген сендей үлкен оқыған сұлу қыз үшін тіпті ұят. Зәулі ғалам сол, алғаш сүйген жігітің өлген болса да... ол қандай қастықтан өлді, соның кегі үшін жасауың керек қой!»

- Жоқ-жоқ, өлді демеші, өлмейді ол! Маған айтқан, мен де айтқанмын, өлмейміз, басқа ешкімді алмаймыз деп!

- Бірақ, Еркем-ау,өзің ойлашы, мынадай ұзақ жынданғаның өлгеннен де қиын ғой, сондағы айтысқан уәдеңде тұрғаның осы ма!

- Солай болдым ба?... Рас жындандым ба мен?!

- Бәле, Үрімжіден қайтып келгеніңнен бері не істемедің, қаншалық қиналдың! Бірақ, оныңды әбден сауыққаныңда айтайын. Мұнан соң өзіңді-өзің мықтап ұстасаң тез жазыласың!

- Мақұл, мақұл!... Оған айтқан уәдемді бұзғаным жоқ, бұзбаймын да! Бірақ мұнан соң маған басқа күйеу дегенді айтпаңдаршы!... Рас жындандым ба, енді жынданбаймын да!

- Еркем, мақұл, осы айтқаның уәде болсын! Бірақ, қырық жасқа келіп қалғаныңды да ұмытпай, киіміңді түзу киініп, жақсы жүр! Енді желігіп-жынданып бара жатқаныңды сезсем, бетіңе түкірейін. Содан түсініп, өзіңді-өзің бекіте қой! Сөйтейік пе?

- Түкір, түкір! Түффа-түффа, туф-туф...

Сөйтіп, жеңгемнің бетіне өзім түкіріп-түкіріп жіберіп едім, қарқылдап күлді:

- Үйбай-ау, Еркем-ау,мұның не, мен жынданған жоқ едім ғой?

- Мені жынды дегеннің өзі жынды!

Содан бастап екпетімнен жатып ап, жерге түкіре беретін болдым, Төлеуқан, бұл қылығым әлі де сақталып келеді. «Мен жынды емеспін, өздерің жынды болыңдар!» дегенім екенін есіме осылай сақтайтын болғанмын. Содан бері желігуді қойған сияқтымын. Жалғыз-ақ, кей уақытта «Қапас, Қапас!» деп айқайлап жіберетінім бар. Ондайда жеңгем сиыр сауып жатса да жүгіріп келіп, жерге түкіріп-түкіріп жібереді. Жым бола қаламын.

Ол, жындылығымды бетіме солай баса берген соң ауылдан алыстап шығып алып айқайлайтын болдым. Сонда да кейде Қапастың соншалық жоғалуы ішіме симай кетеді де,түн болса да айқайлап-айқайлап жіберемін. Ең жақсысы, үйдегілер бақсы мен молда шақырмай, үлкен отаудағы жеңгемді шақырады. Қоя қоямын да өзіне қарсы түкіремін, күліп жібереді...

Төлеуқан, сен маған хат жазып, амандығымды сұрапсың, рахмет! Бірақ... бірақ, Қапастың хабарын сенің де білмейтінің... маған тіпті қиын тиетін сияқты. Қалай да шыдауға тырысамын. Жеңгеме түкірте бермей өлсем екен! Қапасты сен, хатың жететін жердің бәрінен сұрап, іздестірсеңші, туысың ғой! Егер бір жерден тірілік дерегін тапсаң, маған дереу хабарларсың деп қатты өтінемін!... Менің қыста тұратын құмымды сен де қыстайды екенсің. Осы құмның Қобық жақ шетіндемін... Саған осы хатымды аңшылардан жіберемін. Сен де сондайларды тауып, менше жалынып өтінсең, хатыңды жеткізіп береді...»

Қапия осы хатының соңына жазғытұрым, жазда, күзде қоныстайтын жерлерін де түгел тәптіштеп, қайталап-қайталап жаза беріпті. Әдірісін, тіпті төте апаратын жолдарына дейін түсіндіріп жазыпты. Тегі, бірнеше аңшыдан сұрап, әрқайсысының айтқан жолын қалдырмай жаза берген көрінеді.

«Егер осы жолдардың бірімен Қапасым жүре қалса, сақ болсын! Жолаушы жалғыз болса да алдырмайды дейді» деген сақтандыру сөздерін тіпті әдемілеп-айқындап, бар зейінімен жазыпты.

 

Мен хатты оқып болып ойланып қалдым. Қапия әлі жазыла қоймаған, қалыптасып қалған жүйке ауруы. Ашуы келе қалғанда құтыра береді. Ал, бірақ, мұның екінші жағында өле-құша сүйетін аса жоғары махаббаты бар. Қапас бара қалғанда, бұл ем қонып, ада-күде жазылып кететіндігінің кепілі, шипалы қасиеті. Қапасты сынап көру үшін мен әлгі жаман жағдайын сәл әсірелей сөйлеп беріп, сұрау қойдым:

- Қапас, сен осы хатты әлденеше рет оқыдың ғой. Қазір Қапия, бір жағынан мәңгүрт-есалаң жарымес. Тіпті қалыптасып қалған «монтаны жынды» деуге де болады. Екінші жағынан, мінезіне сәл қайшы келе қалсаң құтырады. Бір құтырса, ұзақ құтырып, көшеге жалаңаш шығып кетуі де, әлгі өзің оқыған молдасына істегенін істеп... аузыңа сиіп кетуі де, әлгі өзімен үйленгісі келген жігітке істегенін істеп, қолына не түссе сонымен періп қалып, өзіңді оқыс қып кетуі де кәдік. Үшіншіден, жас шамасы қырыққа келді. Балалы болуларың екіталай. Осы жайттерін ойландың ба?... Осыған енді қайтып көрінбей-ақ қойсаң қалай?

- Осыны айтып отырған өзіңізге бірдеңенің шалығы тигеннен сау ма? - деп ызалана жымиды Қапас. - Сіз, маған ғана емес, қазір бүкіл махаббат атаулымен жауласып отырғаныңызды түсінемісіз? - Бірбеткей өскен кексе бойдақтың бұл сұрауы мен сөгісіне күлмей, зорланып томсара түстім. -Осы жындының жүрегінде көп адамға бітпейтін, аса зор махаббат жатқанын білдіңіз бе, өлімді жеңіп жатқан сол махаббат, мені көргенде сол жындарын ада-күде жеңе алмайды деп ойлайсыз ба?

- Құштарлық қызуы басылғанша жындарын жеңер-ақ, қосылысқан соң-басылысқаннан соң, ондай адамның бұрын қалыптасқан мінезіне қайта оралатындығын ескеру жөн шығар?

- Биға, маған ақыл қоспақ болғаныңызға рахмет, енді осы сөзді қоялық! Қысқасын айтқанда осы жынды мен жеткенше аман тұрса, өмір бойы өзімен бірге жынданып, онымен бірге жалаңаштанып көшеге шығып кетсем де қол ұстасып өтсем, арманым жоқ. Иә оны құтқарамын, иә, бірге құримын!

- Жарайсың, Қабыкен! - деп арқасынан қаға күлдім, аңыра қарады маған. - «Жаман айтпай жақсы жоқ» деп, әдейі сынау үшін айтып отырғаным ғой. Азамат,міне,дәл осылай баспайлауға тиісті! Ол сен үшін ғана жынданған. Тағы да сен үшін ада-күде жазылады. Сенің зарың сүйегіне сіңіп, тереңдей өтіпті. Сен үшін әрқандай кемістіктен де арылады. Бұл сөзімде ештеңенің «шалығы» жоқ шығар? - Екеуміз қатар қарқылдаса күлдік. - Аман жетсең, бұрынғы Қапия сияқты емес, жалба-жұлба жынды қатын сияқты көрініп, көңілсізденіп қалар ма екен деген күдіктен енді арылдым бауырым!

- Ат дайын болды! - деді Қапас. - Төлеуқан өз үйіне жібермек болған бір жақсы атын менің міне кетуімді бұрын айтып жүрген. - Жылқыдан әкеліп, жем іліп қойдық. Тәуекел айтып, таңертең ерте жүріп кетелік!

Әділетті тергеушім, өздеріңіз ашқан жоғары мектепті жоғары дәрежемен бітірген, ақылы толық, осы дарынды қызды жындандырған, өзіңіздің құтырық үкіметіңіз болғандығына талас жоқ шығар. Сондықтан, тыржалаңаш құтырып жүріп, «мен жынды емес, өздерің жынды» дейтін осы құтырған қызша сандырақтамай ғана өз бойыңызға бір үңілсеңіз деймін! Мұндай аурудың емделіп жазылуы үшін бір ғана шарт бар екендігін осы тараудан байқадыңыз. Ол шарт, өзіңіздің не боп кеткендігіңізді айқындап тану ғана екен ғой. Құдай шипа берсін, сіздің өзіңіз құтырғалы қашан! Кеудеңізді бұрыннан кернеп жүрген бір желік бары белгілі болса да шарапатты коммунизм желігі шығар деп халық жағы кешіре беріпті. Қып-қызыл жалаңаш, шатыңызды керіп салып, «сара жол міне, ал кіріңдер!» деп айқай салғаныңыздан-ақ құтырғандығыңыз байқалған. Сол жыныңыздың түрткісімен көзіңізге «қарала қаншық» қаптап көрініп, бажылдай бердіңіз. Шапалағыңыздың қаттылығынан өзіңізді рас Құдай болған екенмін деп танып, онан сайын құтырдыңыз. «Құдай» шапалағы пендесіне жеңіл тие ме. «Қарала қаншық» болып көрінбеген надан бейуаздардың өзінен де неше миллион адам қырылды. Қаншасы шошынып жынданды. Қаншасы сізден безініп қашып жоғалды. Қаша алмағаны сырт қарап қалшылдап отыр. Нанбасаңыз, санақ мекемелерінен тізімін жиып алып көріңізші, Құдай шипа берсін, салған шығыныңызға сан жетпейді! Жыныңыздың құдіреттілігінен ол тізімдерге де қарай алмасаңыз, құмдағы жел қопарған қу томардай жалғыз тотиған өз мүрдеңізге қараңызшы!...

Сіздің жыныңыз, әлдеқандай бір жындыдан қорыққандықтан қонған жын емес, миллиардты қорқытып қоқиланудан қонған, құтырған қасқырдай есірік қомағай жын. Олай болмасаңыз Қапастар сізден құтылу үшін жынды Қапияға тығылуға соншалық асығар ма! Бұл айтқан ақиқатыма қарап, мені қылмысқа тағы да таңа көрмеңіз, ахуалыңызды өзіңізге айқын таныту үшін - сауап үшін «бетіңізге түкіре» айтып отырмын. Сізге Құдай шипа берсін, әділеттім! Туфит! Туфит!

(жалғасы бар)

«Abai.kz»



[1] Ревизор - үкіметтің тексеріп-жазалауға шығарған құқықты тексерушісі. Гогольдің «Ревизор» атты комедиясындағы өтірік ревизор, шет аймақтың бір әкімін қорқытып, қызын иеленеді.

[2] Хұйзу - дүнген.

[3] Заупән (ханзуша) - көтеріліс. (Нақ мағынасы - іздеп барып соққы беру).

[4] Беңтуан (қытайша) - жасақ полкі. (Егіншілік міндетіндегі запас әскер)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445