Төрт жастағы Айкөркем Мелдеханға Алматыда автокөлікпен азық-түлік сатып алуға бара жатқан уақытта оқ тиді. Оның 16 жастағы әпкесі де жараланды. Автокөлікке кім оқ атқанын билік айтпай отыр.
Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан отбасын қайда көшіргенін айтпай отыр. Ол қысымнан қауіптенеді. Айдостың айтуынша, оған ҰҚК қызметкерлері бірнеше мәрте келген: арнайы қызмет Айдостың белсенді әрекетіне, журналистерге сұхбат бергеніне, мәлімдеме жасағанына наразы болған.
Үшінші маусымда Мелдеханды полицияға тергеуге шақырғаны мәлім болды. Ол Азаттық радиосына белгісіз біреу соңынан еріп жүргенін айтты. Мелдехан соңына түскен адаммен сөйлесуге талпынған уақытта, ол жанжал шығарып, кейін үстінен шағым түсірген. "Мені жолдан алып тастауға талпынып жатыр", – дейді Айкөркемнің әкесі.
Айкөркем Мелдехан отбасының автокөлігіне 7 қаңтарда Алматыда қалалық әкімдікке жақын маңда оқ атты. Оқ Айкөркемнің басына тиді, төрт жастағы қыз сол жерде жан тапсырды. Автокөлікті оның ағасы мен әпкесі болған. Әпкесіне де оқ тиген. Айдос Мелдехан автокөлікте 20 оқтың ізі қалғанын айтты. Баллистикалық сараптама оқты әскерилер атқанын растады, дейді Мелдехан.
Оның 15 жастағы қызының денесінде сегіз жарықшақ қалған, әзірге оларды алып тастау мүмкін емес. Жаралы қыз үйден шықпайды, әрең жүреді, мектепті онлайн бітірді. Кенже ұл қатты шошып қалған.
7 қаңтарда, Айкөркем қаза болғаны күні, президент Қасым-Жомарт Тоқаев армия мен полицияға ескертусіз оқ атуға рұқсат берді. Бас прокуратура мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қайтыс болды, солардың жиырмасына "оқ абайсызда тиген". Қазақстан билігі қаңтарда қаза болғандардың тізімін жарияламай отыр.
Азаттық радиосы Қанды қаңтарда қаза болған 188 адамның тізімін жариялады. Журналистер дайындаған тізімде кәмелет жасқа толмаған алты адам бар. Кейін басылым қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған жеті шымкенттіктің есімін тізімге қосты.
Abai.kz