Рақым Айыпұлы. Ақсақал ма, адастырушы ма?
Ақылды адамдар жасы кіші адамның ағалар арасындағы әңгімеге араласпағаны жөн деп жатады. Мүмкін, мен тым ақылды да емес шығармын. Бірақ қиянат пікірді оқып, қисынсыз әңгіме естісем, қаным басыма шапшып, тілімнің қышып кететіні бар. Сол мінезім бойынша, «Қазақ Әдебиеті» гәзетінде (3-9 тамыз, жұма, 2012ж, 32-сан) жарияланған Ырысбек Дәбей мен Зейнолла Сәніктің «Керегеге қош айтқан, бес уықты шошайтқан» атты сұхбатын оқыған соң, өз пікірімді айтуға бел будым. Мұнда сұхбат беруші Зейнолла Сәнік те, ол кісінің кәріне іліккен тарихшы Әлімғазы Дәулетхан да маған жақсы таныс ағаларым. Бірақ, сонда да үнсіз қалуға болмайды екен. Себебі, Ырысбек бауырым жалаулатқандай: «...қастерлі де қасіретті шежіресін ішіне бүккен, ана заманның арты, мына заманның қарты» Зекеңнің әңгімесі «Көненің көзі, ескінің сөзі» емес, дәл «Керегеге қош айтқан, бес уықты шошайтқан» өсек-аяңға толы, ұлтты адастыратын кесірлі әңгіме екен.
Енді Зекең әңгімесінің шындығына зер салып көрелік.
Ақылды адамдар жасы кіші адамның ағалар арасындағы әңгімеге араласпағаны жөн деп жатады. Мүмкін, мен тым ақылды да емес шығармын. Бірақ қиянат пікірді оқып, қисынсыз әңгіме естісем, қаным басыма шапшып, тілімнің қышып кететіні бар. Сол мінезім бойынша, «Қазақ Әдебиеті» гәзетінде (3-9 тамыз, жұма, 2012ж, 32-сан) жарияланған Ырысбек Дәбей мен Зейнолла Сәніктің «Керегеге қош айтқан, бес уықты шошайтқан» атты сұхбатын оқыған соң, өз пікірімді айтуға бел будым. Мұнда сұхбат беруші Зейнолла Сәнік те, ол кісінің кәріне іліккен тарихшы Әлімғазы Дәулетхан да маған жақсы таныс ағаларым. Бірақ, сонда да үнсіз қалуға болмайды екен. Себебі, Ырысбек бауырым жалаулатқандай: «...қастерлі де қасіретті шежіресін ішіне бүккен, ана заманның арты, мына заманның қарты» Зекеңнің әңгімесі «Көненің көзі, ескінің сөзі» емес, дәл «Керегеге қош айтқан, бес уықты шошайтқан» өсек-аяңға толы, ұлтты адастыратын кесірлі әңгіме екен.
Енді Зекең әңгімесінің шындығына зер салып көрелік.
Ақсақалымыз өзі туралы: «Кешегі Қытайдағы «Мәдениет зор төңкерісі» кезінде «Халық жауы» саналып, мойнымызға тақтай асылып, жиырма жылдай соның азабын тарттық». «...Мен халық жауы атанып, 20 жыл айдауда жүріп, қайтып келгенде ауылда көп адам қалмапты. Шегера асқаны бар, о дүниелік болғаны бар, қара орман бауыр сиреп кетіпті. Жалғыз қарындасым бар еді тас қып құшақтап, ұзақ жылады...». «Осының бәрін ой елегінен өткізіп отырсам, басымнан не бір тарихи дәуір аунапты» деп мұң шағады. Зекеңнің осы сұхбатын оқыған оқырман: «Ойпырай, бұл кісінің тағдыры да Қажықұмар Шабданұлының тағдырына қатты ұқсайды екен ғой!» деп таңдай қағары сөзсіз.
Ал, шынында солай ма? Қытайда жарық көрген жоғары оқу орындарына арналған «Жұңго осы заман қазақ әдебиеті» (Қаусылқан Қамажанов. Шыңжаң халық баспасы. 2006ж, наурыз) оқулығында: «Зейнолла Сәнікұлы 1935-жылы 4-айдың 14-күні Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданы, Барлық тауының батыс сілеміндегі Жалғызқоныс деген жерінде дүниеге келген. Семиясында әкесі мен ағасының көмегімен сауатын ашады. 1945-жылдан 1948-жылға дейін Тасбастау бастауыш мектебінде, 1950-жылдан 1953-жылға дейін орталау мектепте оқиды. 1953-жылдан 1955-жылға дейін ілгерінді-кейінді Шағантоғай ауданы, 3-район, артынын 2-районда жастар одағы комитетінің шужиі болып істейді. 1955-жылдан 1956-жылға дейін Бежіңдегі Орталық Жастар одағы мектебінде оқиды. 1956-жылдан 1970-жылдар аралығында Шыңжаң Жастар баспасы, Қазақ редакциясы группасының орынбасары болып істейді. 1970-жылдан 1978-жылға дейін Жың ауданы Дахияңзы гүңшесінде еңбекпен өзгертуге түсірілген. Кейін ақталып, қайтадан жылы орны Үрімжіге оралып, 1978-жылдан 1991-жылға дейін Шыңжаң Халық баспасы, балалар бөлімінің меңгерушісі болып істейді. 1991-жылдан 1995-жылға дейін Шыңжаң Жастар-өрендер баспасында істеп, демалысқа шығады» (369-бет) деп жазылған.
Ал, ағамыздың ресми өмірбаяны мен өз әңгімесінің қисынына сенсек, жас комсомол 1955-жылы Бежіңдегі Орталық Жастар одағы мектебіне оқуға аттанғаннан кейін, мәнсап қызығымен күншілік жердегі туған ауылына да ат ізін салмағанға ұқсайды. Тіпті, артынан ерген жалғыз қарындасын көруге де асықпаған. Әрине, Қытай жерінде елім деп еңіреген ұлт зиялылары атып-асу мен қуғын-сүргіннен кенде болған жоқ. Бірақ, бұл қатарға Зейнолла Сәнікұлын қоса алмаймыз. Ресми тасқа басылған өмірбаяны ол кісінің «Халық жауы» болып, «жиырма жылдай соның азабын да тартқандығын», «20 жыл айдауда жүргендігін» емес, «1970-жылдан 1978-жылға дейін Жың ауданы Дахияңзы гүңшесіне еңбекпен өзгертуге түсірілгендігін» айтып тұр. Бұл жерде оқырман Зекең ағамызды ұлты үшін отқа күйіп, «еңбекпен өзгертуге түсірілген» екен ғой деп ойлап қалмасын. Ол кісінің жазықты болуы, дәл осы сұхбатында Әлімғазы Дәулетханға жаққан күйесі сияқты, өзінің жалақорлығынан тартқан жазасы. Бұл Зекеңнің замандастары мен сол дәуірдегі қазақ оқығандары тегіс білетін анекдотқа бергісіз әңгіме. «Мәдениет төңкерісінің» көрігі қызып тұрған кез. Ұлт зиялылары түгелдей қуғын-сүргінге түсіп, Зекеңнің қырына ілігетін ешкім қалмаса керек! Сонымен ағамыз қытай ұлтынан шыққан қызметтестеріне ауыз сала бастайды ғой. Онда да тірегі мықты Лию памилиялы жолдасына «баласына «Төраға Мауды құлатайық!» деген ұранды үйретіп жатқандығын өз құлағыммен естідім» деп бас кететін аса ауыр айып тағады. Белсенділер соңынан тексере келе, Лиюдың ұлы болғанымен, оның екі жастан енді ғана асқан, бірақ әлі тілі жөнді шығып үлгірмеген сәби екендігіне көз жеткізеді. Енді басқаның аузына сөз салып, «Күн көсемді» «құлатқысы келіп» жүрген ағамыздың өзі жазықты болып шығады. Көкеміздің «басынан аунаған не бір тарихи дәуірдің» сиқы осы ғана.
Бұл Зекеңнің өзі туралы шындық. Енді ағамыздың Қытай ақыны Ли Бай туралы «шындығына» көшелік. Ол кісі Мың Швидың кітабына сілтеме жасай отырып: «Тарихи кітаптардағы суреттеулерге қарағанда, оның сыртқы тұлғасынан түркі текті екендігі менмұндалап тұрады. Оның Сояф шаһарында дүниеге келгендігін Гоморо да дәлелдеп, Либайдың ат жалында өскен халықтың перзенті екендігін айтқан...» Бұндай дәлел мен дәйек бұл кітапта жетерлік»-деп көсіледі. Одан арыға қарай, Америкалық ғалым, көп тіл меңгерген-Шефидің «Таң дәуіріндегі шеттен келген мәдениет» деген кітабын ауызға алып: «Бұл кітапты парақтасаңыз да түкілердің мәдениетін қытайларға апарған жалғыз Либай еместігіне көзіңіз жетеді. Либайды қойып, Конфуцийдің өзін қытай ғалымдарында «түркілердің ұрпағы» деушілер кездесіп жатады» - дейді еш қымсынбастан. Біріншіден, ғалым Мың Швидың кітабындағы соншама көп «дәлел мен дәйектен» іске жарары «оның сыртқы тұлғасынан түркі текті екендігі менмұндалап тұрады» болса, оның шын мәніндегі ғалым екендігі күман тудырады. Себебі, әлемде бір де бір ғалым кісінің «сыртқы тұлғасынан» оның шыққан тегі туралы қортынды жасамайды. Екіншіден, Гоморо ешқашан да «Либайдың ат жалында өскен халықтың перзенті екендігін айтқан» емес. Гомороны қойып, ең ұшқары деген қытай ғалымдары да оның Ли фамилялы әулеттен тарайтын таза қытай текті екендігіне шүбә келтірген емес. Тек ақынның туылған жеріне байланысты әңгіме ғана қытай ғалымдары арасында үлкен талас-тартыс тудырумен келеді. Үшіншіден, Таң дәуіріндегі қытай әдебиетінде түркілік сарынның өте күшті болғандығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Қытайлар түркілік мәдениетті аса жоғары бағалады. Тіпті, түріктің музыкалық аспаптары Таң патшалығының орда аспаптарының қатарына қосылды. Осындай мәдени ауыс-күйістерді іргелес отырған халықтардың бір-біріне табиғи әсері деп қабылдау керек. Мұны Ли Бай қатарлы түрік текті біреулер апарды деу мүлде жаңсақ ұғым. Ли Бай түркі, тіпті оның ішінде дулат болып, жұрт айтып жүргендей Шу өзенінің бойында туды дегеннің өзінде бес жастағы бала бір ұлттың мәдениетін көшіріп барды дегенге кім сенеді?! Төртіншіден, Зекеңнің Ли Байдан түркі жасауға тыраштанғаны аздай, Конфуцийдің өзіне ауыз салғаны ұят-ақ болған. Себебі, ұлы ғұламаның ата-баба, шыққан тегі туралы қытай ғалымдары ғана емес, әлем ғалымдары да бұл мәселеге май шаммен қараған болатын. Конфуцийдің миләдиге дейінгі 551жылы Қытайдың ежелгі ақсүйек отбасында дүниеге келіп, м.д. 479 жылы қайтыс болғандығын, арғы атасы, м.д. IX ғасырда жасаған Фуфу Хі - Сұң ұлысының тақ мұрагері болғандығын тарихтан әліппелік сауаты бар адамның бәрі біледі. Ал, түріктер туралы дерек Конфуцийдің өзі өмірден өткеннен кейін тура мың жылдан соң миләди, 542 жылдан бастап Қытайдың жазба деректерінде кездесе бастайды.
Қазақта «өтіріктің өзіне сенбе қисынына сен» деген аталы сөз бар еді. Зекең сияқы кісілер қисыныңды да қыстырмайды екен. Өтірікті өзінің жеке пікірі емес, Гоморо айтыпты-мыс деп тықпалайды. Сұхбатта Либай туралы өз айтқандарына оқырмандардың күдік- күманын сейілту үшін: «Бұл мәселе 1964 жылы Шаңхайда шығатын «Він Хуй Бау» әдеби газетінде жаряланған. Осыған байланысты сол кезде бірқыдыру мақалалар жаряланып, ең соңында жоғарыдағы тұжырым үстем орынға шығады. Өздерінің поэзия алыбынан айырылатын болған соң, сол кездегі Қытай үкіметі Гомороның пікір білдіруін өтінген. Сол кезде Гоморо ортаға шығып: «Егер біз Либайдан айрылсақ, онда бүкіл қытай әдебиетінен айрыламыз»,-деген соң ғана, бұл айтыс тоқтатылған» дейді.
Бұл жерде «бүкіл қытай әдебиеті» деген ұғымның басын ашып алайық. Әйтпесе, Гоморо айтыпты-мыс деген әңгімеден кейін, оқырмандарымыз егер «біздің Либайымыз» болмағанда, бүкіл қытай әдебиетсіз қалып, тақырға отырады екен-ау деп ойлап қалуы ғажап емес.
Шынын қуғанда қытай жазба әдебиетінің тарихы екі жарым мың жылдан асады. Миләдиге дейінгі 6 ғасырдың өзінде өзінен бұрынғы бес ғасырдың өлең-жырларын топтастырған «Жыр кітабы» атты жинақ құрастырылып, алғаш қағазға түсірген болатын. Содан Гомороның өзіне дейінгі ұшан-теңіз әдебиет қазынасы қытай ұлтын ешбір елдің алдында жер шұқытпайды. Тіпті, бір ғана Таң патшалығының 289 жылдық тарихында екі мың үш жүзге тарта ақын қалам тербеп, оның алпысқа жуығы қытай әдебиетінің классиктеріне айналды. Олар жазған өлең-жырлар түгелге жуық сақтаулы. Ал, Гомороның өзі қытай мәдениетін сауыт-сүйек жазуынан бастап терең зерттеген әйгілі ғұлама. Және жаңа мәдениет қозғалысынан кейін қытай әдебиетін шырқау биікке көтерген классик жазушы. Таң дәуіріндегі шайырларға қатысты «Ли Бай мен Ду Фу» атты монографиялық зерттеу еңбегі тағы бар. Осындай деңгейге көтерілген алып тұлға бірден Мұқтархан Оразбай, немесе Зейнолла Сәніктің деңгейіне дейін құлдырап, бүкіл қытай әдебиетін бір ғана Либайдың қанжығасына байлап беретіндей жауапсыз пікір айтуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес! Тіпті, Гоморо: «Егер біз Либайдан айрылсақ,»-деп таусылатындай, өзге тілде бір шумақ өлең жазбаған ақын, қытайдан айрылып қайда барады?! Егер Гоморо ғайыптан жаңылып аталған жаңсақ пікірді айтқан күннің өзінде, қытай ғалымдары да түп-түгел «ләппай, тақсыр!» - дей қоймайды. Олардың арасынан да талай-талай Әлімғазылардың шығатындығы шүбасыз. Қытай тарихшыларының арасында Ли Байдың туылған жері туралы талас-тартыстың толастамауы да осының дәлелі.
Енді ел ішінде күні бүгінге дейін шұрқан болып шауып жүрген «Ли Бай-Ли Бо-Елдібай» деген әпсанаға кезек берелік. Бұл әңгіме алғаш 2007 жылы «Қазақ әдебиетінде» жариялады. Сол жылдың тамыз айында Сауытбек Абдрахманның алғысөзімен «Егемен Қазақстан» сүйіншілеп қайта басты. Жеке кітап шықты.Зиялы, ел ағалары аталып жүргендердің біразы айғайға аттан қосып, дүрмекке ілесті. Содан қызды-қыздымен Ли Байды Елдібай қылып, оған Шу бойынан ескерткіш музей ашатын болып, Ли Байтану орталығын құратын (Ли Бай Қытайда танылмай жатқандай-ақ) және Қытайда Ли Бай жөнінде жазылған 38 сериялы фильмнің 5 сериясын Шу бойында түсіретін болып пәтуаласты.
Мұндай масқараны көре отырып, не күлеріңді, не жыларыңды білмей қарадай күйзеледі екенсің. Абырой болғанда, дер кезінде досқа таба, дұшпанға күлкі болатын мұндай даңғазаға бірінші болып ұлтымыздың және Қытайдың орта ғасырдағы тарихын терең білетін Әлімғазы Дәулетхан ағамыз қарсы шықты. Қарсы шықты дегеніміз жәй сөз. «Мұхтархан Оразбайдың 14 өтірігі» және «Сенатор Өмірбек Байгелдіге хат»-деген мақалаларындағы салмақты пайымдаулар мен соны айғақ, бұлтартпас дәлелдер арқылы елдібайшылардың елді адастырған ертегісінің күлін көкке ұшырды.
Осындай келеңсіздіктерге байланысты дәл осы арада айтпай кетуге болмайтын мәселе - тәуелсіздіктен кейінгі еліміздің Қытайтанудағы бейберекет, жүйесіз тірлігі. Ашығын айтар болсақ, Қытайдан келген, қытай тілін білетіндердің біразы өздерін «Қытайтанушылар» есебінде дәріптеп, аңқау елге арамза молда болып жүр. Содан барып өмірде болмаған қайдағы бір ақын оқулыққа еніп кетеді. Қытай ақыны ғайыптан тайып қазаққа айналады. Әуесқой журналистер мен жазушысымақтардың «тарихи зерттеулері» ешбір сараптаудан өткізілместен том-том болып баспадан шығып жатады. Осындайда оқырманды, әсіресе, оң-солын танып үлгірмеген жас ұрпақты аяйды екенсің.
Құдайға шүкір, елге танылған қытайтанушы ғалымдарымыздың қатары аз емес. Бірақ, неге екені белгісіз, біздегі басылымдар да, мемлекеттік мекемелер де Қытайға байланысты мәселелерді қытайтанушы ғалымдарымыздың басын қосып талқылауға құлықты емес.
Осы арада мені тағы мына бір сұрақ мазалай береді. Мемлекеттік саясаттың мінбері, ұлттық сананың ұйтқысы болуға тиісті «Егемен Қазақстан» мен қазақ руханиятының қара шаңырағы «Қазақ әдебиеті» газеттері соңғы жылдарда ұлттық сананың өзегіне құрт түсіретін, дәлел-дәйексіз өсек-аяңдар мен ұлттық тұтастыққа кесірін тигізетін кенеусіз әңгімелерге не себепті үйір болып алғандығын түсіне алмай-ақ қойдым. Талас-тартысқа тамызық болатын әңгімені қоздатқан екенсің, енді қарсы пікірге де орын беруге міндеттісің. Басқаша уәж айтатындарға өз газеттерінен орын бермесе, ащы шындықтың сол беті ашылмай қалмайтындығын аталған басылымдарға басшы болып жүрген азаматтардың ескергені жөн. Тіпті, өздері басқаратын басылымның қамы үшін болсада!
Cөзіміздің соңында Зейнолла Сәніктің Әлімғазы Дәулетханға байланысты пікірінің де шын-өтірігін таразылап көрелік. Зекең өз сұхбатында Әлімғазы Дәулетханды «әлжуаз тарихшылардың бірі», «көп нәрседен хабары жоқ» «кезінде «қызыл батырлар» - «Хонибиң» аталған» деп күстаналайды. Одан ары ескі әдетіне басып: «Арғы беттегі керемет ақын Омарғазы Айтанұлы, Рахметолла Әпшеұлы секілді жазушының қол-аяғын байлап түрмеге тоғытқандар да осылар екендігі кейін анықталды» деп ауыр айып тағады. Осыны естіп отырған Ырысбек бауырым, «кейін қалай анықталды, мына сөзіңізді немен дәлелдейсіз?» - деп сұрамапты. Ырысбек Дәбей өзі абыз санаған ақсақалға имандай сенді делік, ал газет редакторы ел не айтса, соған ойланбастан сене беретін сары ауыз балапан емес қой! Беделді басылымның не ойлағаны бар, cонда?!
Құдайға тауба! Ақиқатын ашық айтатын азаматар, сол заманның ащы дәмін Әлекеңмен бірге татқан ағаларымыз арамызда жүр екен. Сөзді соларға берелік. Белгілі қаламгер Ибраһим Қошқари : «Шетелдіктер Қытайда болған мәдени революцияны түсіне бермейді. Сондықтан, «Хұңуыйбиң» десе өңшең қанышер, бұзақы жастар деп түсінеді. Хұңуыйбиң деген (Мау Дзыдұңды қорғаушы) қызыл гвардия деген сөз. Ол тұста әпербақан хұңуыйбиңдердің болғаны рас. Бірақ онда хұңуыйбиң болу үшін буржуазия идеясын жұқтырмаған нақ кедейдің немесе төңкерісшілер мен төңкеріс құрбандарының баласы болуың керек еді..... Бақытқа қарсы (шынында бақытқа жарай) оған Әлімғазы екеуіміздің шартымыз толмайтын..... Ал бірер жылдан соң, есі дұрыс адамның бәрі Хұңуыйбиң болды» деп сол кездегі қоғамдық ахуалды ешбүкпесіз талдайды. Және сол кезде ұлттық кадырлар мен зиялыларға бір мезгіл қорғаушы-қамқоршы болған, кезінде өзі басқарған «Ұшқыннан жалын лаулайды» бригадасының қарулы №3 қызыл ротасының (қытайша хұң сан лян) қалай құрылғандығын баяндай келіп: «1968жылы көктемде мен кеткен соң 3 ротаны Әлімғазы, Айтандар (Айтан Нүсіпхан) басқарды. Олар содан кейінгі жерде Ұлы қытай шовинизмін әшкерелеп, Шинжяңдағы ұлттық саясаттың қателіктерін әшкерелеген бірнеше мақала жариялады. Тіпті, наразылық ереуілін ұйымдастыруға дейін барды. Зейнолла Сәнік Әлімғазы ұстап берді деген Омарғазы Айтанұлы мен Рахметолла Әпшеұлы Әлімғазылардың ең сенімді қолдаушылары еді. Оларды ұстап бермейтін бір адам болса, сол адам Әлімғазы болатын. Демек, Зейнолла Сәнік оқты терегі де жоқ, бұтағы да жоқ айдалаға атып отыр. Енді екі пақырды кім ұстап берді дегенге келейік...» («qamshy» порталы,1 қазан, 2012 жыл) деп ардақты азаматтарды түрмеге тоғытқан, арғы бетте күні бүгінге дейін лауазымды қызметтерде жүрген адамдардың атын атап, түсін түстеп береді.
Зейнолла Сәнік ағамызға осынша жасқа келгенде біреуді нақақтан ғайбаттап, қиянат сөз тарату неге керек болды екен?! Алжып қалды деуге де ауыз бармайды. Бұл сұраққа жауап табу үшін, ол кісінің өткеніне үңілсек, бәрі де алақандағыдай айқындала кетеді екен. Ол кісі қай жақта жүрсе де билікке, не болмаса, билікке жақын жүргендерге жағынуды өз өмірінің ең басты қағидасына айналдырған. Осы жолда ешкімді де аямайды.
Осыдан біраз жыл бұрын біреулер Қаракерей Қабанбай батырдың моласы Астана маңынан табылыпты деп алашапқын болып, арты үлкен дауға ұласқанда, осы Зекең «бұқаның мұрнын жұдырықпен тесіп», батырға аталған аумақтан кесене тұрғызған биліктегі бір кісіге жағыну үшін, халық жазушысы Қабдеш Жүмаділовке тасадан тас атқанын көзқарақты оқырман ұмыта қоймаған болар. Ал, одан кейінде , «Егемен Қазақстанның» 2009 жылы 18 қараша күнгі нөмірінде Зейнолла Сәніктің сенатор Өмірбек Бәйгелдіге арнаған хаты жарық көрді. Оған хат мәтінінен алынған: «Кім қанға қызбайды» деген тақырып қойылыпты. Егер жағымпаздықтан бәйге жариялау керек болса, осы хаттың сөз жоқ бас бәйгені шаппай аларына бәс тігер едім.
Ол кісінің халық жазушысы Қабдеш Жүмаділов пен тарихшы Әлімғазы Дәулетханға кәрін төгуінің біз байқамаған тағы бір сыры бар екен. Бұл екі ағамыз да ұлтшыл, айтқанынан айнымайтын бірбеткейлер. Және Қытайдан елді бастап шегара бұзып өткеніне байланысты, ол жақта қара тізімнің басында тұрған тұлғалар. Сол себепті де Зекең өзі зейнетақы алатын елдің билігіне «көрдіңдер ме, мен ол жақта да ұлтшылдармен аяусыз күресудемін» дегенді ишаралағысы келеді. Екі жеп биге шығу деп, ептілік деп осындайды айтатын шығар.
Әлімғазы Дәулетхан туралы Зейнолла Сәніктің сұхбатына байланысты бүгін ғана сөз етіп отырған жоқпыз. Ағалар жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деп бұдан бұрын да қалам тербегенбіз. Енді сол жазғандарымнан бір-екі үзіндімен айтарымды тамамдайын.
«Қазақстан ZАМАN» газетінің 2003 жылдың 28 ақпанындағы «Тағдыры талқыға түскен тарихшы» деген мақаламда: «Біз бұл мақаламызда екі бірдей алып империяға басы зорға сыйған, тағдыры аңыз тарихшы Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН туралы сыр шертпекпіз»- деп бастап тарихшының тауқыметті тағдыры туралы: «Өз елінің азаматы атану Әлекең үшін қиынның қиыны болды. Айтқанға көніп, айдауға жүрмейтін, ой-өресі өзгеше, жүрек қалауы басқаша адамды ерекше иісшілдікпен сезіп білетін және оны қалай азаптауды да жетік меңгерген «Кеңестік үш әріп» өз ұлтын шексіз сүйген азаматты азаматтығы жоқ босқын, бас еркі жоқ тұтқын сияқты Мырзашөлдің даласында әлденеше жыл құрықтап ұстап, жіпсіз байлады» деп жазыппын.
«Түркістан» газетінің 2008 жылы 6 наурыз күнгі санындағы Айтан Нүсіпханұлы жәйлі эсемде: «Менiң бала кезiмде Қытай жерiнде "Мәдениет зор төңкерiсi" деп аталатын алапат апатты заман болған. Бiр елi ауызға екi елi қақпақ қойып, әрбiр сөзiңдi сүзiп сөйлейтiн сол бiр зобалаң жылдарда күштiк құрылымдардың қанша жерден тиым салғанына қарамастан, Айтан, Әлiмғазы (қытай қазақтары фамилиясын қосақтап айтуды әдетке айналдырмаған) есiмдерi аңыз болып тарап, сол бiр зұлматтан күндердiң күнiнде осы ерлер құтқарып алатындай елестетуші едік...»
«Айтан аға да, оның досы Әлiмғазы Дәулетхан да өз ұлтын шексiз сүйетiн, ұлт мүддесi мен ұлттық құндылықтарды қорғауды өмiрлiк мұрат тұтқан және сол жолда қалай күресудi бiлетiн тұлғалар екендiгiне ол кiсiлермен жақын жылдары толық көз жеткiздiм.
Тағдыры тарих ағаларымды ешқандай аяушылықты бiлмейтiн, бет келгендi күлталқан етiп күйретуге дағдыланған "мәдениет зор төңкерiсiнiң" дүлей тасқынына қасқайып қарсы тұрғызған да осы ұлтқа деген ұлы сезiм екендiгi күмәнсiз едi»-деп жазыппын.
Әманда өз ұлтын ұлықтағандардың мерейі үстем болғай деп тілейік!
«Abai.kz»