Елімізде зейнетақы мөлшері өсті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда орташа зейнетақы мен базалық зейнетақы төлемі қоса есептегенде 105 мың теңгеден асты, деп хабарлады.
Министрлік дерегінше, жыл басынан бері жалпы 1,2 трлн теңгеден астам зейнетақы төленген. Биылғы мамырда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 235,4 млрд теңгеден аса, оның ішінде базалық зейнетақыға – 71,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға 163,2 млрд теңге бөлініпті.
“1 маусымдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 246 мыңнан асты. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін қоса есептегенде) 105 189 теңге болды”, - делінген хабарламада.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады. Ал егер еңбек өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, 30 жыл болса, 94 пайызын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.
Abai.kz