Қазақстандық қазақтар, олардың ақшасы мен байлығы және қызыл кәмпит
Қазақстандағы қазақтар
Құтты болсын! Мемлекет құрушы һәм Қазақстан Республикасының түп иесі болып табылатын, Қазақстандағы бірден-бір ұлт - қазақтың өсімі 65 пайызға жетті. Бұл туралы кеше Президенттің қабылдауында болған статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Бірақ бұл жаңалықты жеткізген «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңалықтар жүргізушісі: «Қазақстандағы қазақтардың саны 65 пайызға жетті» деп хабарлады. «Қазақстандағы қазақтардың» деген сөзге тіксініп қалдық. Сонда мемлекет құрушы халық Қазақстанды мекендейтін түрлі этностардың бірі болып қалған ба? Мәселен, Қазақстандағы орыстар, кәрістер, ұйғырлар, түріктер, татарлар деген сықылды. Бұл - журналистің қателігі болар деп өзімізді жұбатпақ едік, іле жаңалық сюжетінен Президенттің аузынан да «Қазақстандағы қазақтардың» деген сөзді тағы естідік. Амал кем.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының жетекшісі:
Қазақстандағы қазақтар
Құтты болсын! Мемлекет құрушы һәм Қазақстан Республикасының түп иесі болып табылатын, Қазақстандағы бірден-бір ұлт - қазақтың өсімі 65 пайызға жетті. Бұл туралы кеше Президенттің қабылдауында болған статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Бірақ бұл жаңалықты жеткізген «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңалықтар жүргізушісі: «Қазақстандағы қазақтардың саны 65 пайызға жетті» деп хабарлады. «Қазақстандағы қазақтардың» деген сөзге тіксініп қалдық. Сонда мемлекет құрушы халық Қазақстанды мекендейтін түрлі этностардың бірі болып қалған ба? Мәселен, Қазақстандағы орыстар, кәрістер, ұйғырлар, түріктер, татарлар деген сықылды. Бұл - журналистің қателігі болар деп өзімізді жұбатпақ едік, іле жаңалық сюжетінен Президенттің аузынан да «Қазақстандағы қазақтардың» деген сөзді тағы естідік. Амал кем.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының жетекшісі:
- Бұл кешегі Кеңестік кезеңнен қалған түсініктердің тоңы жібімей жатқанының дәлелі. Әлбетте, біз, ұлтшылдар «Қазақстандағы қазақтар» деген сөзге шамданамыз. Алайда оларға ренжудің қажеті жоқ. Сол совет өкіметінің тұсындағы ресми тіркестердің әлі де қолданыстан шықпағаны - жоғарғы лауазымды мемлекеттік қызметкерден бастап, шолақ шенеунікке дейін, тіпті қоғамның өзінде тәуелсіз, мемлекеттік сана әлі жоқ. Тәуелсіздік деген ұғымды толық әрі терең түсініп кетті деп айтуға ерте. «Қазақстандағы қазақтар» деген - сол азаттық ала алмай жатқан сананың суреті.
Қазақстандағы қазақтар ақшасы
Кеше, яғни 15 қараша күні Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгенің туған күні болды. Теңге - о баста ұлттық теңге болатын. Одан кейін ұлтаралық теңгеге айналды. Теңге о баста екі тілде, кейін тек қана мемлекеттік тілге өтсе, түсінікті болар еді. Бірақ Тәуелсіз ел өзінің төл теңгесінен мемлекеттің дербестігінің тарихын айғақтайтын ұлттық тарихи тұлғаларын жойып және теңгені ұлттық валюта мәртебесінен айырып, ұлтаралық деңгейге түсірді. Амал жоқ.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының жетекшісі:
- Біздің билік - орысшыл билік. Биліктің тілі, түсінігі орысша. Сондықтан олар әрдайым өз түсініктері мен тіліне тартып тұрады. Тереңдетіп, қаттырақ айтсақ, Ресейге бұрып тұрады. Мысалы, теңгенің бетінде Абай, Шоқан, Абылай секілді ұлттық тарихи ұлы тұлғалардың бейнеленуі ол - Тәуелсіздіктің, тәуелсіз сананың, ұлттық мақтаныштың, ұлттық тарихтың салтанат құрғанының белгісі. Мұндай нәрсе өзге де Тәуелсіз елдерде бар. Ал, жаңағы ұлттық тұлғалардың төл валютаның бетінен жойылып, оның орнына әлдебір құрылыстардың, ғимараттардың орын алуы да - биліктің орысшылдығынан туып отырған нәрсе. Құрылыс құлауы я қирауы мүмкін. Ал, Абай, Шоқан, Абылай - мәңгілік. Ұлттың өзі сияқты.
Кезінде теңге екі тілде шығатын уақытта біз бұған қарсылық көрсетіп, хат жазған болатынбыз. Бірақ оған қыңқ еткен билікті көрмедік.
Қазақстандағы қазақтардың байлығы
Қазақстандағы қазақтардың байлығы - қазба байлықтар болып табылады. Қазақтардың қазба байлықтан алатын ешқандай да үлесі жоқ. Ресми билік түрлі шетелдік компаниялармен бірлесіп игеріп жатқан қазба байлықтардан түскен қаражат ел бюджетін толықтырып жатқанын, бюджет жұрттың игілігіне жұмсалып отырғанын айтып жатады. Бұл - жай ғана сөз. Дәлелсіз сөз. Яғни қазба байлықтардың қанша пайызы игерілді, шетелдік компаниялармен жасалған келісім-шарттарда да қазақтардың, яғни мемлекеттің мүддесі ескерілген бе? Ол келісімдер неге ашық жария етілмейді? Қазба байлықтардан алатын шетелдік компанияның үлесі қандай? Болашаққа қандай қазба байлықтар қалдырылған? Осы секілді толып жатқан сауалдарға жауап жоқ.
Есесіне, қазба байлықтар шетелдік компаниялардың иелігіне өте бастағандай. Нақтырақ айтқанда, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның бас директоры болып қытай азаматы Сунь Синъюнь тағайындалыпты. ««Маңғыстаумұнайгаз» Mangistau Investments B.V-на тиесілі. Ал, бұл компания қазақ-қытай біріккен кәсіпорны. Қазақ пен Қытайдың мұнай компаниясындағы үлесі бірдей делінеді. Бірақ көрсетілген сан, дәлел, айғақ жоқ. Тек «үлесі бірдей» деген бір ауыз сөз бар.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының жетекшісі:
- Біздегі шетелдік компаниялармен жасалған келісім-шарттардың жария етілмейтіні өз алдына, ешкім халық, қоғам алдында қазба байлықтар мәселесінде есеп бермейді. Онда не болып жатқаны, келісім-шарттарда не қарастырылғаны белгісіз.
Меніңше, елдегі қазба байлықтарға иелік ететін компаниялардың жетекшілігіне шетел азаматтарының жайғасуының бұл бастамасы ғана. Алда бізді талай қызық күтіп тұрған болуы керек. Мысалы, Қазақстанға келіп әлемнің миллиардерлерінің қатарына қосылған шетелдіктер көп.
Парламент: Қандықол коммунистер таратқан қызыл кәмпит
7 қараша - коммунистер үшін мереке екен. Дәл қандай мереке екенін білмеймін. Осы күні Тәуелсіз Қазақстанның Парламентінде отырған коммунистер мереке құрметіне әріптестеріне қызыл кәмпит таратты. Депутаттар әлбетте ауыз тиген. Бұл кәмпитте қазақтың қаны бар. Туған халқының һәм сайлаушыларының ата-бабасын қырып-жойған коммунистердің қолынан тәуелсіз елдің депутаттары қалай дәті барып қызыл кәмпит жеді? Тамақтарынан қалай өтті? Олардың мерекелік дәмін татып, коммунистердің қазаққа жасаған тарихи қылмыстарына ортақ болғаны несі? Сұрақ көп. Ал, депутаттардың ешбірі әріптестерінің әрекетіне тойтарыс бермеді, тіпті, бір ауыз сөз айтуға жарамады.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының жетекшісі:
- Қызыл кәмпит таратудың астарында «Біз сендерді қырып-жойғанбыз, сөйтіп, қалғаныңды адам қылғанбыз. Міне, қазір де сендерді билеп-төстеп отырмыз» деп айбат шегу бар. Сосын депутаттардың оларға қарсылық көрсетпеуі де заңдылық. Өйткені тұтас депутаттар, биліктегі ірілі-ұсақты шенеуніктердің бәрі - кезіндегі коммунистер, комсомолдар. Олардың жүрегінде әлі күнге сол коммунистік шаққа деген сағыныш бар. Ана бір жылы комсомолдың бәленбей жылдығы дегенде осы күнгі биліктегі шенеуніктер, депутаттар, әкім-қаралар өлгені тірілгендей қуанып, Алматыдағы Республика сарайында дүрілдетіп той өткізді ғой. Демек, биліктегілердің коммунистік санасын тәуелсіз сана қаншама уақыт өтсе де алмастыра алмай жатыр.
P.S.
... Бәрі де құтты болсын, Қазақстандағы қазақтар!
Материалды дайындаған - Өміржан Әбдіхалықұлы
«Abai.kz»