Сенбі, 25 Маусым 2022
659 0 пікір 21 Маусым, 2022 сағат 13:39

Прокуратура: "Дикий Арман" тапанша таратқан

Қазақстан бас прокуратурасы елдің әр аймағынан 27 адамды Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы деп санайды. Бұл туралы 20 маусымдағы брифингте бас прокуратураның қылмыстық тергеу қызметінің басшысы Серік Шалабаев мәлімдеді.

Бас прокуратура өкілі "ұйымдастырушылардың" атын атамады, бірақ жұрт арасында "Дикий Арман" деген лақап атпен белгілі "криминалитет" Арман Жұмагелдиевке кеңірек тоқталды.

Бас прокуратураның ақпаратынша, Жұмагелдиев пен оның жанындағылар 6 қаңтарда Алматыдағы "Қазақстан" қонақ үйінде "қылмыскерлерге" "Глок" және Макаров тапаншасын таратқан.

"Қолдарына қару тиген қылмыскерлер ұйымдастырушы мен оның жанындағылардан нақты тапсырма алған. Қылмыскерлер он-он топқа бөлінген. Топта "басшылар" тағайындалып, оларға бронжилет, басты қорғайтын каска, қару және 200 мың теңге берілген" деді прокуратура өкілі.

Шалабаевтың айтуынша, Жұмағалиевтің тобы адамдарға суық қарулар мен шоқпарлар беріпген. Сондай-ақ "өздерінің адамы" екенін білдіретін белгі ретінде қолдарына ақ мата байлап алуды тапсырған.

"Қаланың әр бұрышынан келген қарулы қылмыскерлер тобы 24 адамды ұрлап әкетіп, Ritz Carlton және "Қазақстан" қонақ үйінің паркингінде ұстап, соққан. Кейін адамдарды қаланың шетіне апарып, металл контейнерге кіргізген де, қарулы күзет қойған. Соққыдан бір адам қаза болған" дейді спикер.

Бас прокуратура өкілі адам ұрлау фактісі бойынша 40 күдікті ұсталғанын, басқа адамдардың бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, Қаңтар оқиғасы бойынша қазір бес мыңнан аса қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Жұмагелдиев Қаңтар оқиғасынан соң жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, қаруды заңсыз сақтау және адамды заңсыз түрде бостандығынан айыру күдігімен қамауға алынған. Бас прокуратура ақпанда "Дикий Арман" қасындағы серіктестерімен бірге көшеде жүрген 24 адамды ұрлап әкетіп, полицейлерге шабуыл жасады деп мәлімдеген.

Abai.kz

0 пікір