Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 10292 0 пікір 30 Қазан, 2012 сағат 19:19

Бағдан Тоқтамысұлы: «Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім берумен айналысады»

2009 жылдан бері елімізде Назарбаев Зияткерлік мектептері ашылып жатыр. Елбасы тапсырмасы бойынша 2015 жылдың аяғына дейін еліміздің барлық өңірлерінде жиырма Назарбаев Зияткерлік мектебі бой көтеруі тиіс. Жалпы орта білім беретін мектептерге Зияткерлік мектептердің тәжірибесі қаншалықты әсер етіп жатыр? "ТВК-6" арнасының эфирінде өтетін газетіміздің арнайы жобасы - "Жүзбе-жүз" бағдарламасында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бағдан Тоқтамыс-ұлымен осы тақырып төңірегінде сөйлескен едік.

- Биыл қыркүйек айында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушыларды іріктеудің жаңа жүйесін тәжірибеден өткізу жайы сөз болған еді. Бұл жүйенің артықшылығы турасында айта кетсеңіз. Әңгімемізді осыдан бастасақ.

2009 жылдан бері елімізде Назарбаев Зияткерлік мектептері ашылып жатыр. Елбасы тапсырмасы бойынша 2015 жылдың аяғына дейін еліміздің барлық өңірлерінде жиырма Назарбаев Зияткерлік мектебі бой көтеруі тиіс. Жалпы орта білім беретін мектептерге Зияткерлік мектептердің тәжірибесі қаншалықты әсер етіп жатыр? "ТВК-6" арнасының эфирінде өтетін газетіміздің арнайы жобасы - "Жүзбе-жүз" бағдарламасында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бағдан Тоқтамыс-ұлымен осы тақырып төңірегінде сөйлескен едік.

- Биыл қыркүйек айында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқушыларды іріктеудің жаңа жүйесін тәжірибеден өткізу жайы сөз болған еді. Бұл жүйенің артықшылығы турасында айта кетсеңіз. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
- Қазіргі таңда елімізде алты Назарбаев Зияткерлік мектебі жұмыс жасауда. Биыл Орал қаласындағы жетінші мектеп қосылып отыр. Павлодар және Қарағанды қалаларында жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ары қарай енді жоспар бойынша жиырма мектепке толтыру керек. Жалпы, зияткерлік мектепке іріктеу жүргізу үлкен жұмыс. Іріктеуде ең бірінші материалға ден қою керек, сондай-ақ ұйымдастыру жұмысы жақсы жүргізілуі қажет. Біз алтыншы сыныпты бітіріп, жетінші сы- ныпқа көшкен балаларды қабылдаймыз. Онда қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қоса математика пәндерінен сынақ алынатын. Ол сынақ таза, әділ түрде өтетін. Бұған Семей халқының көздері жетті. Өйткені, сынақтардан кейін шағым мен өтініш-арыздармен келген адамдар болған жоқ. Ең бірінші, балалар төрт пәннен компьютерлік тест тапсыратын. Оқушы қалай жауап берді, компьютер солай бекітеді. Сол тест тапсырмасының 40 пайызын орындаған балалар, екінші кезеңге өтеді. Бұл кезеңде олар математика пәнінен бақылау жұмысын орындайды. Ол бақылау жұмысын Астанадан келген комиссия тексереді. Шифрланған бақылауды тексеру ескі дәстүрмен жүргізілмейді, арнайы балл беріледі. 9 балл алған бала ары қарайғы конкурсқа жіберіледі. Жылына орыс, қазақ тілінде оқытатын үш-үш сынып болу керек, соған іріктеу барысында ең бірінші жоғары балл алған балалар қабылданады. Содан ары қарай төмендей береді. Кейде тоғыз балл жинап өтпей қалған балаларда тағы мүмкіндік болады. Резервте тұрған олар әртүрлі себептермен оқуын алып кете алмаған оқушылардың орнына қабылданады. Яғни, қабылдау грант беру арқылы жүргізіледі. Ұйымдастыруы осылай өрбиді. Биыл үлкен жаңалықтар болып жатыр. Бірінші, балаға берілетін тапсырма сенімді әрі баланың мүмкіндігіне сай болу керек. Сенімді дегеніміз тест тапсырмасын бала орындай алатындай болуы қажет. Екінші, тапсырма баладан нені, қандай нәтиже күтеміз, соған лайық болу керек. Және тапсырмалар математика пәнінен ғана емес, жалпы бала дарынын ашатындай құрылу керек. Оны біздің елдегі тәжірибе бола тұра, Голландиядағы СИТО мекемесінің тәжірибесіне сүйене отырып жүргіземіз. Жобаны біздің мұғалімдер мен голландиялық ғалымдар бірлесе дайындады. Қыркүйек айында алғашқы тексеріс өтті. Оған біздің мектептің балалары, сондай-ақ қаладағы өзге де орта білім беретін мектептерден 200-дей бала қатысты. Нәтижесі де белгілі болып қалар.
- "Назарбаев Зияткерлік мектептерінде" мұғалімдер еңбекақысына 30 пайыз үстеме алуға рұқсат беретін үшінші деңгейлі мұғалім сертификатын алу үшін біліктілік емтиханын тапсыруы тиіс. Семейдегі зияткерлік мектеп ұстаздарының бұл тұрғыда қандай жетістігі бар?
- Мұндай сынақ тек Назарбаев Зияткерлік мектебінде ғана емес, облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарында да жүргізілді. Әрбір Назарбаев Зияткерлік мектептерінің қасында осындай орталықтар ашылған. Министрдің тамыз конференциясында айтқанындай, мұғалімдер енді үш деңгейлі дайындықтан өтетін болады. Бұл үрдіс басталып та кетті. Алғашқы мұғалімдер үшінші деңгейден өтіп үлгерді. Күзден бастап олардың жалақысына 30 пайыз үстеме қосылып келеді. Біздің қалада Қарағандының мұғалімдері келіп оқыды. 30 мұғалім қазақ, 30 ұстаз орыс тілінде оқыды. Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері қарағандылық ұстаздарды оқытты. Өйткені, олар Кембридж университетінің мұғалімдерінен тәлім алған. Бізді былтырғы жылдан бастап дайындады. Бір ай бетпе-бет кездесіп, бір ай қашықтықпен оқыды. Келесі айда қайтадан бетпе-бет сабақ алдық. Содан кейін сол жаттықтырушылар Қарағандыдан келген мұғалімдерді оқытты. Олардың оқыту нәтижесіне сарапшылар сараптама жасайды. Осыдан кейін жаттықтырушылардың қолдарына халықаралық дәрежедегі сертификат беріледі. Ал біздің өзге мұғалімдерді басқа қалалардағы зияткерлік мектептерге барып оқыту ұйымдастырылмады. Бірақ мұғалімдерімізді ішкі курстарда оқыта береміз. Бұған жалақыға 30 пайыз қосу туралы сөз болмады.
- Назарбаев Зияткерлік мектебіне мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жауапты іс деп білеміз. Ұстаздардың білімі мен тәжірибесі қалай тексеріледі? Жас мамандардың бұл мектепке ұстаз болу мүмкіндігі қаншалықты?
- Дипломы бар кез-келген адам бізге жұмысқа орналасуға құқығы бар. Тек іріктеу негізінде қабылдаймыз. Оларға қойылатын талап өте жоғары. Іріктеу болғасын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үміткерлердің мерейі үстем болмақ. Біздің мұғалімдердің ел ішіндегі оқудан өткеннен кейін шетелге барып білім алуға мүмкіндіктері бар. Сондықтан олардың деңгейі өте жоғары. Жаңадан келген мұғалімдердің де осылайша біліктілігін арттырамыз. Іріктеу төмендегідей тәртіппен жүреді. Ең бірінші, бос орын бола қалса, конкурс жарияланады. Хабарландыру БАҚ арқылы беріледі. Бірақ менің байқағаным, неге екені белгісіз, мұғалімдер қауымы аса белсенділік таныта бермейді. Бір орынға орта есеппен 5-6 адам ғана үміткер. Алғашында үміткерден өз пәнінен жазба сынағы алынады. Содан кейін белгілі балды жинаған адам екінші кезеңге өтеді. Ол мұғалімнің шығармашылық қарымы тексеріледі. Яғни, эссе жазады. Эссеге де көп мән беру керек. Өйткені, соның өзінен сүрініп жатады көпшілік. Халықаралық білім беру саласында қабылданған тексеру жүйесі бар. Соған сүйенеміз. Адам эссе жазғанда ойын толықтай, тұшымды жеткізе білу керек. Жүйелі, логикалық түрде құрастырылған болса абзал. Үшіншісі кәдімгі әңгімелесу. Екі сынақтан өткен адаммен әңгімелесеміз. Жас мұғалімдер де бар. Бірақ айта кету керек, жылдан-жылға бос орындар азайып келеді. Дегенмен, жақсы мұғалімдермен толығып келеміз. Кез-келген мұғалім ештеңеден жасқанбай бізге келулеріне болады.
- Мемлекет басшысының есімін алған оқу ордалары ҚР Білім министрлігіне емес, тікелей Елбасына қарайды. Яғни, талап та жоғары. Жауапкершілік те басым. Оқушыларды жан-жақты етіп шығару үшін төгілер тер де аз болмасы анық. Өзге жалпы білім беретін мектептерден айырмашылығы да осында шығар?
- Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім берумен айналысады. Елімізде білім жүйесіне қатысты қабылданған бірнеше заңдар бар. Сол заңдар эксперименттік білім беруге кейде кедергі жасайды. Сондықтан, дербес білім беру жүйесі деп әдейі бөліп шығарған. Бұл Білім министрлігінен мүлде бөлек шығып кетті деген сөз емес. Еркіндік бар, бірақ осы елдің білім саласы болғандықтан кей кезде министрлік алдында есеп береміз. Оның артықшылығы, оқу үрдісіне енгізгің келген жаңалықты жалтақтамай батыл енгізесіз. Ал бізде жаңалықтар өте көп. Соның бірі - негізгі әріптесіміз Ұлыбританияның Кембридж университетінің ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Сингапур, Швеция, Германияның ғалымдарымен байланыстамыз. Қазір біз екі түрлі бағдарламамен жұмыс жасап жатырмыз. Бірі - өзіміздің отандық ғалымдар жасаған бағдарлама, екіншісі Кембриджбен бірлесе жасалған бағдарлама. Бұл әлемдік білім беру үрдісіне нақты кіру деген сөз. Сол бағдарлама бойынша 7-11 сыныптар арасында эксперименттік сабақтар жүргізілуде. Оның оқытуы, әдістемесі мүлде басқа. Ол үлкен әңгіме. Бұл жаңалықтардың барлығы болашақта 20 мектептің аясында қалып қоймайды, керісінше білім беру жүйесінің жемісі болып табылады. Біздің тәжірибеміз Қазақстандағы барлық мектептерге таратылатын болады. Үшінші деңгей бойынша білімін жетілдірген ұстаздарды екінші, бірінші деңгейлер күтіп тұр. Нәтиже де жоқ емес. Өзгерістер де болады.
- Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жүлдегерлері екенін білеміз. Жалпы ҰБТ-ға көзқарасыңыз қандай? Біз неден ұтып, неден ұтылып жатырмыз осы орайда?
- Бүгінде тестілеуден артық өлшеуіш бар дегенді мен естімедім. Бұл - бүкіл дүниежүзінде, әлемде мойындалған жүйе. Ұйымдастырылуына назар қою керек. Жылдан-жылға талап күшейіп келеді. Ол дұрыс деп ойлаймын. Ал Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылғанына көп болған жоқ. Алғашқы түлектеріміз басқа оқушылармен бірге ҰБТ-дан өтті. Семей аумағында біздің балалардың баллы жоғары болды. 112,2 ұпайды көрсеттік. Осы оқу жылында түлектеріміз екі бағыт бойынша ҰБТ не мектепішілік сынақ тапсыруға таңдау жасады. Оқушылардың көбі мектепішілік бақылауды таңдады. Мұның өзін біз өткізбейміз, арнайы бекітілген комиссия тексерді. Басқарушы компаниядан келді. Материалдың бәрі құпия түрде болды. Деңгейі өте ауыр. Тереңдетіліп оқылатын физика, математика, ағылшын тілдерінің тапсырмалары берілді. Мақсатты түрде дайындалған балаларымыз үмітімізді ақтады. Олардың орташа баллы 122,5 болды.
- Елбасы Білім беру саласында "Интеллектуалдық мектептер" секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болатынын айтуда. Жалпы қазақ мектептерінің деңгейін өсіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Жалпы білім беретін орта мектептер білім ережесіне бағынып, деңгейлері де көтеріліп келеді. Жақсы жұмыс істеуде. Біз балаларды Назарбаев университетіне түсуге дайындасақ, был-тырғы оқу жылында 17 оқушымыз университетке түсті. Оған Семейдегі жалпы білім беретін мектеп оқушылары да түсіп жатыр. Яғни, кей мектептер біздің деңгейіміздей білім беруде шәкірттеріне. Пәндерді тереңдетіп оқытады. Оларда бізде бар мүмкіндік болмай тұр. Кейін бәрі реттеледі деп ойлаймын. Бәсекелестікке қабілеттілік артады.
- Әңгімемізді қорытындыласақ...
- Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтіп жатқан тәжірибелер бір мектептің жүйесі үшін ғана жасалып жатқан жоқ. Бұл тәжірибелер еліміздегі барлық мектептерге тарайтын болады. Қазақстанда байлық өте көп. Бізге адами ресурсты дамыту керек. Технология жоқ, соны әкелу керек. Білім беру жүйесі дамыса, экономика да өрлемек.
Сұхбатты жүргізген Мерей МҰРАТХАНҚЫЗЫ

"Ертіс өңірі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036