Таңатар Табынұлы. Депутаттар неге даурығады?
Парламенттің төменгі палатасында Үкімет сағатын өткізу жақсы дәстүрге айналған. Халық қалаулылары кез-келген саланың басшысын шақырып, атқарып жатқан іс-шаралардың барысымен танысады. Толғағы жеткен мәселелерді талқылайды. Алайда, барлық Үкімет сағаттары осылай өтеді деу артықтау. Өйткені, кейбір байбаламшыл депутаттар Үкімет сағатын жекелеген министрлерді, агенттік басшыларын «сілкілейтін» спектакльге айналдырып алды. Оған мысал - Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың қатысуымен өткен кездесу. Тіпті, депутаттардың шектен шыққаны соншалық, сол күні министрді барлығы жарыса сынап, қызметінен кетуін талап етті.
«Соңғы екі жылда Ауыл шаруашылығы министрлігі жемқорлықтың ордасына айналды. Бас Прокуратураның құқықтық статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2011 жылы 35 қызметкер сотталып, тағы 45-іне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Жемқорлыққа ұрынған 80 адамға айып салынса, соның ішіндегі 25-і басшылықтағы адамдар... Сіздің министрліктегі мұндай жағдай қашанға дейін жалғасады?», - деген сауал қойды депутат Мұхтар Тінікеев 17-ші қазандағы Үкімет сағатында.
Парламенттің төменгі палатасында Үкімет сағатын өткізу жақсы дәстүрге айналған. Халық қалаулылары кез-келген саланың басшысын шақырып, атқарып жатқан іс-шаралардың барысымен танысады. Толғағы жеткен мәселелерді талқылайды. Алайда, барлық Үкімет сағаттары осылай өтеді деу артықтау. Өйткені, кейбір байбаламшыл депутаттар Үкімет сағатын жекелеген министрлерді, агенттік басшыларын «сілкілейтін» спектакльге айналдырып алды. Оған мысал - Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың қатысуымен өткен кездесу. Тіпті, депутаттардың шектен шыққаны соншалық, сол күні министрді барлығы жарыса сынап, қызметінен кетуін талап етті.
«Соңғы екі жылда Ауыл шаруашылығы министрлігі жемқорлықтың ордасына айналды. Бас Прокуратураның құқықтық статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2011 жылы 35 қызметкер сотталып, тағы 45-іне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Жемқорлыққа ұрынған 80 адамға айып салынса, соның ішіндегі 25-і басшылықтағы адамдар... Сіздің министрліктегі мұндай жағдай қашанға дейін жалғасады?», - деген сауал қойды депутат Мұхтар Тінікеев 17-ші қазандағы Үкімет сағатында.
Ал депутаттың аузынан шыққан ақпарат қаншалықты шындыққа жақын? Шын мәнісінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде (АШМ - ред) осындай жағдай орын алып отыр ма? Енді осыған нақты дәлел-дәйектер келтірейік. Біріншіден, министрліктің жалпы қызметкерлерінің санын басқа ведомстволармен салыстырып, заң бұзушылық іс-әрекеттер көбейді деп қорытынды жасау негізсіз. Егер министрліктің және оған бағынышты ұйым қызметкерлерінің санын, бақылау және рұқсат беру функцияларын ескерер болсақ, пайыздық өлшеммен алғанда АШМ-нің қызметкерлері басқа меморгандарға қарағанда жауапкершілікке аз тартылады. Сондай-ақ, қылмыстардың тергелуін және оның сотта қаралуын ескерсек, 2011 жылы сотталғандардың санының артуына себеп болған - заң бұзушылық іс-әрекеттер 2011 жылға дейін жасалған. Яғни, өткен жылы сотталған 35 адамның 8-і ғана Асылжан Мамытбековтың министрлікке басшы болып тағайындалғанынан кейін жауапкершілікке тартылған.
Екіншіден, соңғы екі жылда АШМ-дегі сыбайлас жемқорлықпен күрестегі көптеген көрсеткіштер жақсарды. Мысалға, 2011 жылы министрліктің 35 қызметкері сотталса, 2012 жылдың 9 айында бар-жоғы 13 адам сотталған. Егер 2010 жылы әкімшілік жауапкершілікке 11 адам тартылса, бұл көрсеткіш 2011 жылы - 6-ға, 2012 жылы - 2-ге кеміген. 2010 жылы тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны 256-ны құраса, ол 2011 жылы - 80-ге, 2012 жылы - 29-ға азайған. Асылжан Мамытбеков атап айтқандай, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың барын жасырмауымыз керек. Алайда, қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Күрес жүріп жатыр. Мәселен, министрлік рұқсат беру процедураларын жетілдіруде. 2011 жылдан бері 54 мемлекеттік қызмет түрлерінің 48-і бекітілді. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің алдынан шығатын әкімшілік кедергілер жойылуда. Мысалы, өткен жылдан бастап «Фитосанитария» РМК-ында бидайды экспертизадан өткізу алынып тасталды. Бұрын астық инспекторына бидай әкелген ұйымның сертификатын көрсету міндетті болатын. Оны алу үшін, 200-300 шақырым жол жүруге тура келетін. Қазір бұл тексерісті қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген инспекторлардың өздері жүргізеді. Тағы бір мысал - ағымдағы жылдың ақпанынан бері астықты экспортқа шығару үшін лицензиялау шарасы жойылды. Өнім өндірушілер бұрынғыдай лицензияға басын ауыртпай-ақ, өзге елдерге астық жөнелтуде тікелей келісім-шарттар жасай береді. Бұл үлкен жетістік емес пе?
«2011 жылы «ҚазАгроның» жарғылық капиталы 246 млрд-ты (бұл мемлекет бюджетінен бөлінген қаражат) құрады. «ҚазАгроның» бухгалтерлік теңгермесінде... 2010 жылы - 3,6 млрд теңге, 2011 жылы - 2,4 млрд. теңге - жабылмаған шығындар бар. Бұл не деген сөз? «ҚазАгроның» тиімсіз жұмысын көрсетпей ме?» - деді бір депутат. Егер шығыстар мен кірістер жөніндегі біріктірілген есепке үңілетін болсақ, 2010-2011 жылдары холдингтің құрамына кіретін компаниялар тобының 8,081 млрд. теңге таза табыс тапқанын көреміз. Ал шығындар қайдан келді? Біріншіден, бұл екі еншілес компания - «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ (4,9 млрд. теңге) мен «Аграрлық-несиелік корпорация» АҚ-ның (4,6 млрд. теңге) шығындары. Оған себеп болған жайт - 9,7 млрд. теңге көлемінде күмәнді қарыздар бойынша провизия жасалды. Соның ішінде, 8 млрд. теңгеден астамы - 2004-2008 жылдары бөлінген активтер. Екіншіден, шығынға себеп болғаны - міндеттемелерді орындауда шетелдік ақшамен есеп айырысудағы үлкен айырмашылық. Жоғарыдағы себептер болмаған жағдайда, 2009 жылдың қорытындылары бойынша холдинг 5,752 млрд. теңге деңгейінде үздік қаржылық көрсеткішке жетер еді. Бұдан байқағынымыз, депутаттар «ҚазАгроның» қаржылық қызметінің нақты нәтижелеріне үңілмейді. Дұрысы - қаржы саласына тістері батпайды.
Сонымен қатар, кейбір депутаттар «мал шаруашылығы саласын құлдыратты» десіп Асылжан Мамытбековты айыптады. «Мал шаруашылығын дамытуда неліктен мегажобаларға басымдық берілген?.. Қашанға дейін біз мемлекеттің қаржысын ірі супержобаларға жұмсай береміз? Сіз осыған тым құрыса бір рет ойланып көрдіңіз бе?»,- деп шүйлікті министрге тағы бір депутат. Байыптап қарасақ, сол депутаттың пікірінше, іс жүзінде кәсіпкерлердің қандай да бір жобаларға инвестиция тарту жөніндегі шешіміне әкімшілік ықпал жасалуы керек. Бұл нарықтық экономиканың принциптеріне түбірімен қарама-қайшы келеді. Атап айтарлығы, кәсіпкерлер қандай жобаға инвестиция салатынын өз еркімен таңдайды. Министрлік мал өсіретін жерде 3 мың, 4 мың және одан да көп бас мал болсын деп талап қоймайды. Тіпті, 400 бастан астам малы бар шаруашылықтар да субсидия ала алады. Бұл әкімшілік шығындардың үлестік салмағын төмендету мақсатымен жасалатын әрекет, әйтпесе, өндіріс пайда әкелмейді.
Жалпы алғанда, бізбен табиғи жағдайлары ұқсас АҚШ, Канада, Австралиядағы сияқты құрылымдарға ұмтылғанымыз абзал. Бұл елдерде аналық малдың басы ұсақ фермерлік шаруашылықтарда (шамамен 50-80 бас) шоғырландырылған. Олардың өнімі күзде ірі-ірі мал бордақылайтын жерлерге жіберіледі. Өйткені, ондай алаңқайлардың қысқы мерзімде малды бордақылауға айналымдық қаржысы бар. Түптеп келгенде, фермер малды қыста асыраймын деп шығынға батпайды, оның қолында белгілі бір мөлшерде аналық мал басы ғана қалады.
Депутаттардың алаңдаушылығын туғызған мәселенің бірі - шетелдерден ірі қара мал сатып алу. «Бұл мәселеге министрлік жеткілікті көңіл бөлмей отыр. Өткен жылдың мәліметтері бойынша, 13,5 мың бас ірі қара мал сатып алынған. Оның 3,6 мыңын кәсіпкерлер сатып алыпты. 10 мыңға жуығы министрліктікі. Және олардың құнын ешкім тексермейді. Қанша ақшаға сатып алынды? Бұл малдың тұқымы жақсы ма? Оның сертификаты бар ма? Бұған ешкім басын ауыртпайды. Бұл малдың көп бөлігі сатуға шығарылады. Ал егер ол қырылып қалса ше? Себебі, бұл малдарды әр 3 жыл сайын жаңартып отыру керек. Бұл жұмыс та жүргізілмейді...»,- деп кіналады министрді депутаттардың бірі.
Бұл - барып-тұрған дилетанттық! Өйткені, министрлік мал сатып алмайды. Малды сатып алатын - ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер. Бұл жерде қаржыландыру көздері ғана екіге бөлінеді: мысалы, 13,5 мың бас ірі қараның 3,6 мыңын кәсіпкерлердің өздері сатып алса, қалғанына (10 мың басқа жуығы) «ҚазАгроның» компанияларының несиелері тартылған. «ҚазАгроның» несиелік компаниялары сатып алатын малдың кепілдік құны артып кетпес үшін, арнайы мониторинг жүргізіледі. Егер кәсіпкер малды толығымен өз қаржысына сатып алатын болса, мұндай жағдайда министрліктің оның қызметіне араласуға құқығы жоқ. Сондай-ақ, құзырлы мемлекеттік органдар тұқымдық малдың арнайы сертификаттарын әкелген кезде және мемлекеттік жәрдемақша берілген кезде тексереді. Оған қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер шетелдерден әкелінген тұқымдық малды кем дегенде 2 жылға дейін пайдалануға міндеттеме алады. Сырттан әкелінген малдың барлығын 3 жыл сайын жаңартып отыру шарт емес. Бұл жерде тек өнім өндіруші бұқаларға ротация жасалады. Туыстық шағылысу болмас үшін, бұл жұмысты фермерлердің өздері жүзеге асырады. Сондай-ақ, тұқымдық мал өсіретін шаруашылықтарда аналық малдарды жасанды жолмен ұрықтандыру тәсілі кеңінен қолданылады.
- Тұқымдық мал басын көбейту үшін, аналықтарды өнім шығарушы бұқалармен толықтай қамтамасыз етуіміз керек,- деді Үкіметтегі селекторлық жиында сөйлеген сөзінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман. - «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ы арқылы «Сыбаға» бағдарламасына бүгінгі таңда 128 мың аналық бас мал тартылды. «30 сиырға - 1 бұқа» деген нормативке сүйенсек, жалпы алғанда өнім шығарушы бұқаларға қажеттілік 1,1 мың басты құрайды. Ал тұқымдық бұқалармен қамтамасыз етілген фермерлік шаруашылықтардың саны 82,8 мың аналыққа шаққанда 1159 бірлікті құрайды. «Сыбаға» бағдарламасына қатысушылар бұқалармен 65 пайыз қамтамасыз етілген. Алайда, тұқымдық бұқалар Оңтүстік Қазақстан (51 пайыз), Қостанай (53 пайыз), Қызылорда (54 пайыз) облыстарында жетіспейді. Евгений Аманның айтуынша, бұл бағыттағы іс-шаралардың ең маңыздысы - бағдарламаға қатысушылардың барлығы етті тұқымдағы өнім шығарушы бұқаларға қол жеткізген. Ал, осындай көрсеткіштер мен жетістіктер мал шаруашылығы саласының құлдырағанын білдіре ме, әлде, өркендегенін білдіре ме? «Домбырам не дейді, мен не деймін» дегендей, істің байыбына бармайтын депутаттар неге босқа даурығады? Әлде, әйтеуір сөйлеу керек болған соң, біреуді күстаналап, өзіне оңай жолмен ұпай жинағысы келе ме? Қалай болғанда да, халық қалаулыларының «Аққа Құдай жақ» дегенді ұмытпағандары абзал-ау.
«Abai.kz»