Сәрсенбі, 17 Тамыз 2022
Көршінің көлеңкесі 1907 4 пікір 2 Тамыз, 2022 сағат 11:49

Ресей тарихи апаттың алдында тұр

Ресейге қатысты бәріміз сенген 9 аңыз жоққа шығарылды

Украинадағы соғыстың басталғанына 5 ай болды. Осы кезеңде Ресейге адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған алапат санкциялар салынды. Алайда РФ жайрап қалған жоқ, соғысты да тоқтатпады, керісінше алда «соғыс географиясын кеңейтетінін» жариялады. Сонда еш әсері болмағаны ма?

Ресейге қатысты бәріміз сенген 9 аңыз жоққа шығарылды

Қазіргі кезде Ресей пропагандасы түгіл, батыстық сарапшылардың өзі РФ экономикасына санкция еш залал әкелмегенін, ол өзін жақсы сезінетінін айта бастады. Мұндай байламдар Йель университетінің менеджмент профессоры Джеффри Зонненфельдті қайран қалдырыпты. Содан ол әріптесі, Йель университетінің зерттеу жөніндегі директоры Стивен Тианмен бірігіп, осы тақырыпты тереңірек зерттеп шығады. Қорытындысында «санкциялар РФ экономикасына орасан зор нұқсан келтіруде» деген үзілді-кесілді тоқтамға келді.

Америкалық ғалымдар ресейлік пропаганданың ықпалымен туындаған, бірақ шынында жалған болып табылатын 9 аңызды анықтады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ресейлік үлесі бар, атап айтқанда «Мир» сияқты телеарналардың бағдарламалары бюджеттен қаржыландырылып, елімізде міндетті телеарналар топтамасына кірді. Сондықтан бұл аңыздарға қазақстандықтардың үлкен бөлігі риясыз сенеді. Ендеше олар туралы біле жүрген пайдалы болса керек.

№ 1 аңыз. «Батыс әлемі және оның серіктестері бас тартып жатқан бүкіл газды Қытай қуана-қуана сатып алуда».

Джеффри Зонненфельдтің байламынша, шынында олай емес: «Солтүстік ағын-1», «Ямал-Еуропа», Украина арқылы өтетін газ желісі сияқты магистральдар әу бастан көгілдір отынды Еуропаға сату үшін жобаланып салынған. Ал РФ Қытайға газды сонша көп сатпайды және оның көлемі Еуроодаққа жеткізілімдердің 10 пайыздайын ғана құрайды. Әрине, қазіргі кезде ҚХР-ға бағытталған «Сібір қуаты» газ құбыры шамадан тыс жүктелген. Шың елі дамыған елдер теріс айналған РФ-ның өзіне тәуелді екенін түсініп, газды үлкен жеңілдікпен алуда. Бұған қоса, Еуропаға газ жөнелтілетін кен орындардың жұңғо елі үшін көгілдір отын өндіретін кенорындарына қатысы жоқ. Яғни Еуропадағы нарығынан айырылған газ орындарының шикізатын Қытайға бағыттау физикалық тұрғыдан мүмкін емес.

Осының дәлеліндей, «Газпром» тек осы айда ғана газ өндірісі 35%-ға құлдырағанын хабарлады. Осыдан кейін Мәскеу оған газ өндірісіне қатысты деректерді ашық жариялауына тыйым салып тастады.

№ 2 аңыз: «Батыс әлемі және оның серіктестері бас тартып жатқан бүкіл мұнайды Үндістан мен Қытай қуана-қуана сатып алуда».

Америкалық ғалымдар анықтағанындай, соғысқа дейінгі заманда да орыс мұнайының экспорты жыл сайын құлдыраумен болған.

РФ Федералдық кеден қызметінің дерегінше, Ресей 2020 жылы 238 млн 607 мың, ал 2021 жылы 229 млн 998 мың тоннасын сата алған. Алайда қара алтын бағасының қымбаттауы арқасында табысы артты: 2020 жылы – 72,4 млрд, ал 2021 жылы 110,1 млрд долларды құрады. Биыл бағаның шарықтауы арқасында 150 миллиардқа жуық түсім түседі деп болжанған. Бірақ клиенттерін жоғалтып жатыр.

2017 жылдан бері ресейлік мұнайдың ең ірі сатып алушысы Қытай саналады. Былтыр ҚХР одан 70,1 млн тоннасын немесе жалпы көлемнің 30,6%-ын 34,9 млрд долларға алды. Екінші орында болған Нидерланды 37,4 млн тоннасын 17,3 млрд долларға, үштікке кірген Германия 19,2 млн тоннасын 9,3 млрд-қа сатып алған. Ірі клиенттер арасында Польша (11,2 млн тонна, $5,4 млрд), Италия (8,9 млн тонна, $4,2 млрд), АҚШ (7,4 млн тонна, $3,7 млрд), Финляндия (6,3 млн тонна, $3 млрд) және Словакия (5,3 млн тонна, $2,5 млрд) бар. Осы батыстық мемлекеттер биылғы жыл соңына дейін орыс мұнайынан толық бас тартуы шарт. Эмбарго іске қосылуда. Алды бас тартып үлгерді. Осыдан-ақ Ресейді не күтіп тұрғанын ұғынуға болады.

Қалыптасқан жағдайды пайдаланған Қытай мен Үндістан Мәскеуді өзге тұтынушылар ат-тонын ала қашқан Urals маркалы мұнайын нарықтық бағасынан шамамен 30 пайыздай жеңілдікпен сатуға мәжбүрлеуде. Осылайша, Юралз маркасының дисконты 35 долларға жетті, бұрынғы жылдары демпинг жасағанның өзінде спред 5 доллардан аспайтын.

Оның үстіне осы екі ел де мұнай импортын азайта бастапты. Өйткені ресейлік мұнай танкерлері жолға ұзақ уақыт жоғалтады. Егер дауыл тұрмаса, орыс порттарынан Азия елдеріне жеткенше, орта есеппен 35 күн кетеді. Ал іргедегі Еуропаға сатқанда, 2-7 күнде жететін еді. Ендеше жол шығыны артты. Foreign Policy сарапшылары Ресей энергетикалық держава мәртебесін жоғалтуда деген тұжырым жасады.

№ 3 аңыз: «РФ нарығынан кеткен батыстық брендтерді қытайлық технологиялар оңай ауыстырады, олардың жоғалғаны байқалмайды да».

Бірақ ресми статистиканың өзі Қытайдың Ресей нарығын молықтыруға, жұтаған көршісін құтқаруға асықпай отырғанын аңғартты. Соғыс басталғалы ҚХР Ресейге жоғары технологиялы тауарлар импортын күрт – 2 есеге азайтты. Соның ішінде қытайлық смартфондар, ноутбуктер, компьютерлер, чиптер және басқасының импорты 80 пайызға дейін құлдыраған. Тапшылық туындағандықтан ресейліктер оның бәрін Қазақстаннан сатып әкетуде.

Қытай РФ үшін АҚШ және Еуропамен жүз шайысып, батыс нарығын жоғалтқысы келмейді. Ұжымдық ЕО-ны айтпағанда, Америка қытай тауарларын бүкіл Ресей тұтынатын көлемнен 7 есе көп сатып алады.

№ 4 аңыз: «Санкциялар қарапайым ресейліктердің өміріне еш ықпал етпеді» деп сарнайды күн сайын пропаганда.

Ал әлеуметтік желі қоқыс қопарып, оның ішіндегіге таласып жатқан ресейліктер бейнеленген видеоайғақтарға толы. Солтүстік көршіде ірі супермаркеттердің артында кедей адамдар қолданыс мерзімі өтіп кеткен ескі тауарлардың қоқысқа шығарылуын күзететін көрінеді.

Ресейлік «Ведомости» хабарлауынша, РФ халқының нақты табыстары 2022 жылы рекордтық 7-7,2%-ға құлайды деп бағаланып отыр. Бұл 1999 жылдан бергі ең үлкен көрсеткіш. Онда бұл көрсеткіш 12,3%-ға құлдырап, рубль бірнеше есеге құнсызданған. Санкциялар кесірінен РФ-дағы инфляция 20-23%-ға жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде кедейлік шегінен де төмен жағдайға жеткен ресейліктер саны 21 миллионнан асыпты. Жыл соңында қанша миллион болатыны белгісіз. РФ Орталық банкі әзірлеген шолуда 2022 жылы 70 миллион ресейліктің табысы XXI ғасырдағы рекордтық шамаға құлдырайтыны көрсетілген. Осынша қайыршыланған қалың нөпір азық іздеп, көрші елдерге лап қойса, не болмақ? Осы орайда таяуда РФ Үкіметі көптеген статистикалық мәліметтерді құпияландырып тастады, ел үрейленбесін дегені болса керек. Тіпті Росавиацияның өзі бұдан былай ұшақпен жолаушылар тасымалының статистикасын жарияламайтынын жария етті.

№ 5 аңыз: «Жаһандық бизнес шынында Ресейден кеткен жоқ, тауарын жасырын сатуда. Бизнестің, капиталдың және таланттардың Ресейден қашып жатқаны фейк».

Ресейлік сарапшылар РФ нарығында болған 1400-дей әлемдік брендтің жартысынан астамы кетіп қалғанын анықтады. Қалағандары не жұмысын уақытша доғарған, не ресейлік бизнесін сатуға қойды. Профессор Джеффри Зонненфельдтің дерегінше, жалпы алғанда, РФ ЖІӨ-сінің шамамен 40 пайызын құрайтын 1 мыңнан астам шетелдік компания елдегі қызметін доғарған. Салдарынан инвестиция ғаламат құлдырады. Олардағы жұмысшылар Ресейдің барлық жұмыс күшінің шамамен 12 пайызын немесе 5 млн адамды құрайды. Оның 500 мыңы шетелге кеткен. Мысалы, Қазақстанға ауған ресейліктердің саны 300 мыңға дейінгіні құрайды. Кейбір отандық сарапшы жыл соңына дейін олардың саны бірнеше миллионға жетуі мүмкін деп болжады.

Тіпті Мәскеу мэрі Собянин жұмыс күштері шетелге жаппай қоныс аударып жатқанын мойындады.

№ 6 аңыз: «Шикізат ресурстарының – бірінші кезекте газ бен мұнай бағасының шығандауы арқасында РФ бюджеті ортаймайды, профицитті болып қалады».

Шын мәнінде, қазірден РФ бюджетінде қаражат жетіспеуде, содан Үкімет біраз саланың шығынын кемітті.

Қаржы министрі Антон Силуановтың мәлімдеуінше, 2022 жылы Ресей бюджетінің тапшылығы 1,6 триллион рубльді құрайды. Шикізат бағасы жоғары болғанымен, санкциялар салдарынан РФ өз ресурстарын арзанға, жеңілдікпен сатуға және тым алысқа тасымалдауға мәжбүр. Мұның бәрі қып-қызыл шығын. Сонымен бірге Мәскеу басты экспорттық тауарларының ірі тұтынушыларынан айырылып жатыр. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, агер алда жаһандық қара базарда бағалар құлдыраса, РФ банкрот болуы ғажап емес көрінеді. Себебі Кремльдің әскери шығындары алапат қарқынмен ұлғаюда.

№ 7 аңыз: «Путин мырзаның жылдар бойы жиған жүздеген миллиардтық қоры бар, демек талай жыл күйзеліссіз тіршілік ете алады».

Америкалық ғалымдар бұл тұжырымды да шындық ауылынан алыс қонған деп санайды. Мәскеу мұнай-газдан түскен 600 миллиард доллардан астам табысты қорда жинады. Соғыс басталғанда, оның 300 миллиардын Батыс бұғаттап тастады. Бүгінде Украина соғыстан қираған қалаларын қалпыне келтіру үшін оның бәрін тәркілеп, өзіне беруді табанды түрде талап етуде.

Қалғанының 130 миллиардтан астамы алтында сақталған. Ал Еуропалық одақ әзірлеген санкциялардың жаңа 7-ші пакеті ресейлік алтынды сатуға және сатып алуға тыйым салмақ. Соғыс басталғалы РФ өз қорының 75 миллиардын шығындап үлгерген. Сонда қалған 100 миллиардтай ғана қор 85 өңірден, автономия мен республикалардан тұратын Ресейге бірнеше айға ғана жетеді.

№ 8 аңыз: «Ресей рублі – әлемдегі ең мықты валютаның бірі».

Америкалық зерттеушілер бұл – Путиннің ең сүйікті пропагандистік тезистерінің бірі екеніне назар аудартты. Шынында, рубль – іс жүзінде конвертацияланбайтын валютаға айналды. Рубльдің қымбаттауына – капиталдың ағымын жасанды тыю, импорттың алапат көлемде құлауы, шетелдің валюталар қолданысының шектелуі сияқты факторлар ықпал етті. Тиісінше, осы кедергілер жойылса, рубль бағамы қайтадан құлайды, ол 90-шы жылдардағыдай сабан ақшаға айналуы мүмкін. Осының көрінісіндей, Ресейде қара нарық пайда болды, онда доллар 200, 300 рубльге сатылады. Мықты валюталардың қара нарығы болмайды. Кеңес одағында солай болды. Мәскеу белгілеген бағам бойынша 1 доллар 60 копейкаға тең еді, алайда алыпсатарлар 1 долларды 4 рубльге – бірнеше есе қымбатқа сататын.

№ 9 аңыз: «Ресейге қарсы санкциялар әлеуетін тауысты, ауыр санкциялар қалмады, бизнестің қашуы тоқтады, әрі қарай экономикаға қысым болмайды».

Еуропалық одақ ең қуатты санкциясын енгізуден бойын аулақ салып отыр. Ол газ сатып алуын тоқтатқан жоқ. Салдарынан, ай сайын Еуропа көгілдір отын үшін Ресейге 700 миллион еуро аударады. Осылайша, жанама жолмен Кремльдің соғысын қаржыландыруда. Бірақ ұжымдық Еуропа таяу жылдары ресейлік газдан толық бас тартуды жоспарлады.

Джеффри Зонненфельд пен Стивен Тиан Батыс бұған дейін енгізген санкциялар да толық күшіне енбегенін еске салды. Олардың кейбірі бойынша бірнеше айлық өтпелі кезең берілген, бұл батыстық компаниялар контрагент ретінде Ресейден толық бас тартып, басқа серіктес, клиент не жеткізуші тауып үлгеруі үшен қажет.

Бизнестің кетуі де тыйылған жоқ. Мұны РФ экспортының ай сайын құлдырауы паш етеді.

«Мәскеу басқыншылық ниетінен бас тартпаса, одақтастар санкциялық қысымын сақтаса, онда РФ-ны Кеңес Одағы сияқты экономикалық күйреу күтіп тұр», – деп түйді Джеффри Зонненфельд.

Қорыта айтқанда, «ресейлік экономика қуатты», «бұрынғы күшін сақтады», немесе «қалпына келуде» деген байламдар шындыққа жанаспайды екен. Солтүстік көршіде «тар жол, тайғақ кешті» заман туып келеді. Алпауыт күйресе, айналасындағыларға да зақым келетіні сөзсіз. Олай болса, Қазақстанның ең пессимистік сценарийлер әзірлеп, бәріне де дайын болғаны артық емес.

Жанат Ардақ

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  2579
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 2102
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1774
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2866